Қарапайым тәрбиеші Айшат Инаеваның басынан өткен жағдай Рамзан Қадыровтың Шешенстанда қандай ахуал орнатқанын көрсетеді.
Шешенстанның Гвардейское селосында кәмелетке толмаған балаларды оңалту орталығында тәрбиеші болып жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер Айшат жақында аймақ басшысы Рамзан Қадыровқа ашынып арыз айтып, оның аудиожазбасын WhatsApp қосымшасы арқылы таратқан. Екі минуттық аудиожазбада Инаева жалақысынан мекеме басшысының үш мың рубльді ($42) келесі айдың коммуналдық төлемдері үшін ұстап қалғанын айтып, наразылық білдірген.
«Кавказский узел» сайтының хабарлауынша, жақында Рамзан Қадыров келесі жылдың қаңтар айының 17-сіне дейін Шешенстанда коммуналдық қызмет ақысының қарызы толық төленуі керек деп талап қойған.
«САҒАН БІЗДЕН НЕ КЕРЕК?»
Әлеуметтік желі арқылы елге тарап кеткен аудиожазбада Айшат Инаева елдегі әлеуметтік жағдайдың нашар болуына Шешенстан басшысын айыптайды.
Аудиожазбадағы дауыс Қадыровтан шешен тілінде «Саған бізден не керек? Сен тіпті жалақымызды үйімізге алып кетуге мұрсат бермейсің. Сен ғана тамақ жеуің керек пе? Сен ғана сусын ішуің керек пе? Сенің ғана өмір сүруге құқығың бар ма?» деп сұрайды.
Арада үш күн өткенде Шешенстанның «Грозный» мемлекеттік телеарнасы басы төмен салбыраған Айшаттың «Патшамен» (шешендер Р.Қадыровты осылай атайды – ред.) «ашық диалогқа» қатысып отырғаны туралы сюжет берді.
Қадыров Инаеваны «тәртіпке салған» сюжет:
Кабинеттегі диванда Инаеваның қасында оның ұнжырғасы түскен күйеуі қатар отырды. Бұған қоса «диалогқа» ол істейтін мекеменің басшысын, Шешенстан парламентінің спикері Магомед Даудовты, президент әкімшілігінің бастығы Ислам Қадыровты шақырған. Сюжет Рамзан Қадыровқа жала жапқан Инаеваның «жөнсіз қылығын» сынаудан басталады. Айшат Инаева Рамзан Қадыровқа қарата айтқан сөздерінің бәрін қайтып алатынын мәлімдейді.
«ТӘРТІПКЕ САЛУ»
Қастандықпен өлтірілген, шешендердің кремльшіл лидері, әкесі – Ахмад Кадыровтың бейнесі, мешіттің суреті және «Табысқа армандау, сыйыну және әрекет ету арқылы жетесің» деген орысша жазу жазылған жейде киген 39 жастағы Шешенстан президенті ұзақ-сонар әңгімесінде «ғайбат сөз айтқан әйелді тәртіпке салады». Қадыров сөз арасында анда-санда «экстремимз», «ваххабизм» туралы да айтып отырды.
Арасында аудиотаспаны қосып, «жалған сөздердің» барлығына жауап қайырып отырған Қадыровты Инаева мен оның күйеуі бас шұлғып үнсіз тыңдайды. Үш күн бұрын ғана Айшат Инаева шешен басшысын «мақтансүйгіш» деп кінәлаған еді.
«Біз аштан өлгелі жатырмыз. Ал сенің онда шаруаң жоқ, себебі жағдайың жақсы, құрылысың жүріп жатыр. Әншілерге пәтер, мәшине сыйлайсың... Қарапайым халыққа бірдеңе берсең болмай ма?» дейді Инаева аудиожазбада.
Мемлекеттік телеарна отырыстың емен-жарқын сұхбат күйінде өткенін дәлелдеуге тырысып баққан. Ал Қадыров болса өзінің кешірімшіл, мәрт адам екенін көрсеткісі келеді.
- Мен сізді жазалайын деп отырған жоқпын. Тек менің қандай көзбояушылықпен айналысқанымды халыққа және маған айтып беруіңізді сұраймын. Мен халықтың ақшасын қалай ұрладым? - дейді ол.
ШЕШЕНСТАНДАҒЫ ҮРЕЙЛІ АХУАЛ
Instagram әлеуметтік желісіндегі танымал аккаунтында Рамзан Қадыров жекпе-жекте қарсыластарын ұрып жатқан, әйгілі әртістерді, жоғары лауазымды тұлғаларды қабылдап жатқан, өзінің экзотикалық жануарлар коллекциясымен түскен суреттерін жиі жариялайды.
Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер Рамзан Қадыровты кісі ұрлау, ұрып-соғу, сотсыз жазалау әрекеттерін қолданып, Шешенстанда үрейлі ахуал қалыптастырды деп кінәлайды.
Сұхбат барысында Инаева үнемі жанарын төмен салып үнсіз отырды, ал өзіне сөз берілгенде оның даусы құмығып, әрең естілді. Қадыров пен оның көмекшілері бюджет қаржысының балалар орталықтарына, жол, электр желілерін, су құбырларын салуға жұмсалып жатқанын айтып, Инаеваға «дәріс» оқиды.
Телеарнаның тілшісі де Инаеваның әрекетін сынайды. «Шешенстан басшысының атына айтылған арызында ол «Қарапайым халық туралы неге ойламайсың?» дейді. Өз өтініші бойынша Рамзан Қадыров оның үйіне дейін бір километрлік газ құбырын тартып бергенін қалайша ұмытып кеткен?» дейді мәтінді оқыған мемлекеттік телеарна журналисі.
«ҚАЛАЙ АЙТҚАНЫМДЫ ӨЗІМ ДЕ БІЛМЕЙМІН»
Телесюжетте Инаеваның күйеуі Магомед Идигов та сөз алып, «әйеліне бас-көз болып, оның мұндай «жалған» сөзді таратпауын қадағаламағаны үшін» өзін кінәлап, кешірім сұрайды.
- Оны не [шайтан] түрткенін білмеймін. Шешенстанымызды және Патшамызды даттайтын шетелдіктерді тыңдағанның нәтижесі осындай болады, - дейді ол.
Бастығы Аза Джанхотова да Айшат Инаеваға «жалған сөйледі» деп кінә артады. Шешен басшыларымен болған ашық әңгімеден соң сұхбат берген Инаева өзінің әлгі аудионы не үшін жазғанын түсіндіріп бере алмады. Ол өзінің жұмысына да, Қадыровтың үкіметіне де дән риза екенін айтты.
- Соңғы жеті жылда менің де, жолдасымның да жалақысы бірде-бір рет кешіктірілген емес. Адам өмірде үлкен қателік көп жібермейді ғой, бірақ, менен үлкен ағаттық кетті. Алланың, халықтың, күйеуімнің және Патшаның алдында кінәлімін, - деді ол камераға берген сұхбатында.
Аудиожазба тарағаннан соң ел арасында «Инаева соққыға жығылып, ауруханада әл үстінде жатыр екен» деген ақпараттар тараған. Азаттықтың Солтүстік Кавказ бюросының хабарлауынша, арыз айтқан әйел бұрынғы жұмысын істеп жатыр.
- Оның жағдайы жақсы. Оны ешкім қудалаған жоқ, бізде жұмысын жалғастырып жатыр. Оны жұмыстан шығаруды әлі ойластырған жоқпын, - деді бастығы Ааза Джанхотова «Кавказский узел» сайтына берген сұхбатында.
Анна Шамансканың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.