«Сирияда соғысқан» шешен түрмеден босатылды

Сириядағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) содырлары. (Көрнекі сурет)

«Сирияда экстремистермен бірге соғысты» деп сотталған шешен азаматы жуықта бостандыққа шықты. Шешенстан жоғарғы соты оны әуелі екі жылға соттап, кейін бұл мерзімді сегіз айға қысқартқан.

«Экстремистер жағында соғысқан содырдың» екі жылға бас бостандығынан айырылған алғашқы үкімінің сегіз айға қысқаруы және түрмеден босатылуы – тосын оқиға.

22 жастағы Саид Мажаевты Шешенстан астанасы Грозный қаласының Заводский ауданы соты былтыр қарашаның 10-ы күні екі жылға соттап, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге үкім шығарған.

Мажаев 2013 жылдың қарашасынан 2014 жылдың қаңтарына дейін Сирияда болғанын мойындаса да, өзі және отбасы екі жылға бос бостандығынан айыру туралы сот үкімін «тым қатал» деп санап, наразылық танытқан.

«АЙЫБЫН ӨЗІ МОЙЫНДАДЫ»

Саид Мажаев тұтқындалған соң теледидар арқылы шешен жастарына «Сирияда оларды шын мәнінде не күтіп тұрғанын» баяндады. Ол осы үндеуінен кейін сот үкіміне қарсы шағым түсірген. Шешенстанның жоғарғы соты қаңтардың 10-ы күні Мажаевтың ісін қайта қарап, екі жылдық үкімді сегіз айға қысқартты. Мажаев бұл мерзімді уақытша қамауда отырған кезінде өтеп қойған. Бірақ оны ақпанның 20-сына дейін абақтыдан шығармады.

Мажаевтың бір туысқаны «Кавказский узел» сайтына оның тағы бір жыл жазасын шартты түрде өтейтінін айтты. Туысы «Істі қайта қараған сот Мажаевтың өз еркімен келгенін және бұрынғы Заводский соты ескермеген басқа да мәселелерді ескергенін» хабарлаған. Мажаевтың жазасын жеңілдетуге асырауында екі кішкентай баласы бар екені де әсер етсе керек.

Туыстары «Саид Мажаев елге оралған бетте билікке өзі берілгені үшін босатуы керек» деп мәлімдеді. Олар осыны айта отырып, «Мажаевтың шын мәнінде Сириядағы содырлармен бірге соғысқанын растайтын дәлел жоқ» десті. Ал тергеушілер Саид Мажаев «соғыста аяғынан жараланғанын, емделу үшін Түркияға жіберілгенін» айтады.

Сириядағы ИМ содырлары тауға бекініп жатыр. Кобани, 6 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мажаевтың өзі «Сириядағы «жиһадтан» көңілі қалып, Шешенстанға қайтқанын» мәлімдеген. Ол «Сирияға Башар Асад (Сирия президенті – ред.) үкіметінен жәбір көрген мұсылмандарды қорғауға барған едім» дейді.

Саид Мажаевтың қандай топ құрамында соғысқаны белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол «Еркін Сирия армиясы» (FSA) жағында соғысқан. Бірақ оған сену қиын. Себебі Солтүстік Кавказ тұрғындарының FSA-мен байланысы бар жасақтар құрамында соғысқаны туралы дерек жоқ.

Саид Мажаевтың «Кавказский узел» сайтына сұхбат берген туысының айтуынша, түрмеден шыққан жігіт Сирияға кетерінде оқыған колледжіне қайта барып, оқуын жалғастырмақ.

«НАСИХАТҚА АЛДАНУ»

Егер Саид Мажаевтың «Сириядағы соғыстан көңілі қалғаны», Шешенстан жоғарғы соты оның бұл уәжіне сенгені рас болса, онда шешен жастарының Сирияға қалай аттанатыны жөнінде басқаша қорытынды жасауға болады. «Кавказский узел» сайтына сұхбат берген, аты-жөнін айтуды қаламаған бір үкіметтік емес ұйым жетекшісі «жастардың интернеттегі үгіт-насихатқа алданып қалатынын» айтады.

Ресейлік БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, Сириядан оралған басқа шешен азаматтары да осылай деген. Сұраққа жауап бергендер «интернеттен Сирия үкіметінің сүннит мұсылмандардың әйелдері мен балаларын өлтіргені туралы жалған видеолар көргенін» айтқан.

ИМ содырлары Сириядағы Башар Асад режиміне қарсы көтерілісшілерді өлім жазасына кесіп, үкімді орындағалы тұр. Видеодан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

Бірақ бұл дерекке сақтықпен қараған жөн, себебі олар кремльшіл басылымдарда жарияланды және бұл материалдардың саяси астары да байқалды (олар АҚШ-қа қарсы ойларын да айтқан). Алайда содырлардың орыстілді әлеуметтік желілерде «бейбіт сүнниттер Башар Асад үкіметінен қорлық көріп жатыр» деп, жұртты Сириядағы қарулы жасақтарға қосылуға шақыратыны рас.

Шешенстандағы кейбір қоғамдық жетекшілер үкіметтің Саид Мажаев сияқты елге өз еркімен оралған азаматтарды соттауын сынайды. Олардың пікірінше, «қайтып келгендерді соттай берсе, оралатындар азаяды». «Көптеген жас жігіттер «жиһадқа» қатысу үшін Сирияға барады, онда барған соң қателескендерін түсінеді, бірақ сотталатынын біліп, отанына қайта алмай жүреді» дейді үкіметтік емес ұйымдардың бірінің жетекшісі.

Постсоветтік елдер Сирия немесе Иракқа барып, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылған жауынгерлерді қайтып келген соң соттап жатыр. Осы айда Қырғызстан да Сириядан оралғандарды «жалдамалы әскер» ретінде жауапқа тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).