Ресей интернетті шектеудің қай тәсілін таңдайды?

Ресей президенті Владимир Путин елде интернетті шектеуді ұсынады.

Ресей билігі жақында өздерінің «тәуелсіз интернет жүйесін жасайтынын» мәлімдеді. Кремль бұл жобаны іске асырғанда қай елден үлгі алуы мүмкін?
Азаттық радиосы интернетке цензура қойған елдердің тәжірибесіне шолу жасап, «Ресей қайсы елдің тәжірибесін пайдалануы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеді.

РЕСЕЙДІҢ «ЧЕБУРАШКАСЫ»

1966 жылы Совет Одағында шыққан әйгілі кітап пен мультфильм кейіпкері – қалқанқұлақ Чебурашка Кремльдің ішкі интернетті бақылау амбициясының символына айналып шыға келді.

Сәуір айының соңында Ресей парламенті жоғарғы палатасының депутаты Максим Кавджарадзе Кеден Одағына мүше елдерден басқа мемлекеттер кіре алмайтын «отандық» интернет жүйесін құрып, оны «Чебурашка» деп атауды ұсынды. Осыған дейін интернеті еркін болып келген Ресей жұртшылығы бұл идеяға не айтарын білмей аңтарылып қалды. Кейін ол «бұл ұсынысым тек ғылыми ақпаратқа қатысты айтылған еді» деп ақталды.

Сәуір айында Ресей думасы шетелдік техникалық компанияларды барлық интернет пайдаланушылар жариялаған ақпараттарды алты айға дейін Ресей аумағында сақтауға міндеттейтін заң қабылдады. «Коммерсантъ» газетінің жазуына қарағанда, президент Владимир Путин құрған комиссия Ресей серверлеріндегі барлық ақпаратты сүзгіден өткізетін жүйе құруды ұсынған.

Google, Facebook сияқты интернет алпауыттары Ресей аумағында ақпарат сақтау орталықтарын ашу сияқты шығыны көп процедураны бастауға құлықты ма, жоқ па - бұл жағы белгісіз. Ресей заңдарын орындамаған жағдайда Мәскеу бұл сайттарға тосқауыл қоюы мүмкін бе - әзірге бұл мәселе де анық емес.

Владимир Путин өзінің ресми сайтын тексеріп отыр. Мәскеу, 31 қазан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Қалай болса да Путин шет-шегі жоқ интернет кеңістігін бақылауға алу керек деп санайтындардың көшін бастап тұр. Интернеттегі еркіндік дәмін татып қалған халыққа қайта шектеу салу оңай болмайтыны да түсінікті.

Азаттық интернетті шектеудің бірнеше үлгісін салыстырып көрді. Олардың арасында басқалармен мүлде қатысы жоқ «дербес» интернет жүйесін құрған немесе интернет еркіндігін шектеудің түрлі әдістерін тапқан елдердің тәжірибесі бар.

Бұл цензуралық режимдердің барлығында үкіметке, қоғамға қарсы пікір жазғандарды жазалау шаралары бар. Сондықтан, ішкі цензура күшті. Интернет қолданушылар мен компаниялар мұндағы әрекеттерінің бақыланатынын жақсы біледі, сондықтан аяқтарын аңдап басады.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ «НҰР» ЖҮЙЕСІ

Ел аумағында ғана жұмыс істейтін интранет жүйесі толық тәуелсіз желі саналады және оған тек Солтүстік Кореядан ғана кіре аласыз. Нағыз цензуралық ел саналатын Солтүстік Кореядағы бұл жүйенің бір үлкен «жетістігі» – Kwangmyong («Нұр») желісі. Бұл желі туралы ақпарат аз, себебі оған елден тысқары жерден кіру мүмкін емес. AP агенттігі ақпаратына қарағанда, бұл жүйеде 5 мың 500-дей веб-сайт бар, олардың көбі университеттер мен мемлекеттік мекемелерге тиесілі.

Желінің мұндай түрін сырттан келетін ақпаратқа толықтай тыйым салатын Солтүстік Корея, Куба сияқты жабық елдерде ғана пайдалануға болады.
Интернеттегі еркіндікті сезініп үлгермеген елдерде ішкі интранет жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік зор.

ҚЫТАЙДЫҢ «АЛТЫН ҚАЛҚАНЫ»

Қытайдың «Алтын қалқан» жобасы бойынша Коммунистік партия «зиян» деп таныған контенттің бәрі сүзгіден өтіп отырады. Бұл жүйенің сәтті болған себебі – Қытай интернетті реттеуді ерте бастан қолға алды.

Интернет-кафеде отырған Қытай азаматтары. (Көрнекі сурет)

Интернет қарыштап дамыған сәтте ішкі сайттар биліктің цензура ережелерін ың-шыңсыз толық мойындап, жарияланатын материалдардың мазмұнына тиісті шектеу қойып отыратын дәрежеге жетіп үлгерді. Батыс компаниялары бұл ережелермен біресе күресіп, біресе соларға бейімделеміз деп жүргенде Baidu іздеу жүйесі сияқты ішкі компаниялар өсіп жетілді.

Бұғауланған сайттарды ашып оқығысы келген қытайлар прокси-серверлер арқылы цензураны айналып өте алады. Бірақ Қытайдағы интернет контент халықтың қажеттілігін қанағаттандырып отырғандықтан, оларға анонимді серверлерді пайдаланудың қажеті шамалы.

ИРАННЫҢ «ХАЛАЛ» ИНТЕРНЕТІ

Иранда 2009 жылы сайлаудан дау шығып, Тегеран көшелерінде ірі шерулер өтті. Ақырында бұл елде интернетке цензура қойылды. Twitter, Facebook, YouTube сияқты Батыстың әлеуметтік желілеріне тыйым салынды, ал билік 2011 жылдан бастап Иранның өз ішінен ғана кіретін «Халал» желісін әзірлеуге кірісті. Иран үкіметі өкілінің айтуынша, бұл желіде тек өз елінің «этикалық және моральдық дәстүріне сай» материалдарды ашып көруге мүмкіндік болады.

Иранда ішкі интранет жүйесі әзірленіп жатқалы үш жыл болды. Әзірге бұл ел «қара тізім» жасап, Ислам Республикасына қауіп төндіретін веб-сайттарға сүзгі қоятын цензорларға арқа сүйеп отыр. Қытайдағы сияқты жаңа жүйе жасап шығу өте қиын, оған Иранда инфрақұрылым жоқ. Ал көп халық әлі күнге дейін прокси-серверлер арқылы Батыстың әлеуметтік желілеріне кіріп жүр.

ЕНДІ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ТҮРКИЯ МОДЕЛІ

Түркияда 2013 жылдың маусым айынан бері үкіметке қарсы көтерілістер толастамай тұр. Премьер-министр Режеп Тайып Ердоған «қара ниеттілер интернет арқылы әрекет етіп жатыр» дейді. Интернетке «Ердоған отбасының да жемқорлыққа қатысы бар екенін әшкерелейтін» жазбалар жарияланғалы бері Ердоған интернетке мықтап шүйлікті.

Сайлау науқаны кезінде сайлаушылармен кездесуде сөйлеп тұрған Режеп Тайып Ердоған. Стамбул, 23 наурыз 2014 жыл.

Үкімет Twitter және YouTube сайттарын жабу туралы жарлық шығарды. Сот Ердоғанның бұл жарлығының күшін жойғанымен, YouTube Түркияда әлі ашылмай тұр.

Түркияда жақында жергілікті билік сайлауы өтті. Онда премьер партиясы басым түсті. Енді Ердоғанның бұдан ары да интернетке шектеу қоя беретін түрі бар. Түркияның тыңшылық мекемесі интернет қолданушылардың және провайдерлердің барлық мағлұматтарын ала алады. Олар да Қытайдағыдай онлайндағы әрекеттерді бақылап, сүзгіден өткізіп отыратын жүйені қолдана бастады.

РЕСЕЙ ҚАЙ ҮЛГІНІ ТАҢДАЙДЫ?

Бір қарағанда Ресейге Қытайдың «Алтын қалқан» әдісі қолайлы көрінеді. Ресейдің «Яндекс» тәрізді іздеу жүйесі, «ВКонтакте» сияқты әлеуметтік желісі өз аумағында Батыстағы бәсекелестеріне қарағанда анағұрлым танымал. Дегенмен бұл компаниялар Батыстың тәжірибесі мен инвестициясының арқасында дамып отыр.

«Яндекс» Нидерландта тіркелген және оның акциялары Нью-Йорктегі NASDAQ биржасында сатылады. Ал «ВКонтактенің» бұрынғы бас директоры Павел Дуров «компаниядағы акцияларыңды Кремльге жақын адамдарға өткіз» деген қысымға шыдамай биыл сәуірде елден кетіп қалды. Екі компания басшылары да «елдің интернет туралы жаңа заңы бизнестеріне үлкен қатер төндіргенін» айтып, дабыл қақты.

Бұған дейін Кремль жекелеген веб-сайттар мен Навальный сияқты блогерлерді нысанаға алып, сайттарын жауып, өздерін жазалап келген. Енді Ресей үкіметі бұдан да батыл қадамдарға баратын сияқты.

Дербес интернет Кремльдің арманы болып қала бергенімен, Ресейдің Түркиядағыдай желідегі бостандықты сатылап шектеу әдісін қолданатын түрі бар.

(Глэн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)