Кремль құрған ұйымдардың Батыстағы насихаты

АҚШ-тағы украиндар Франциядан Ресейге қару-жарақ емес, ірімшік сатуды сұрап тұр.

Украинадағы дағдарыстан соң Мәскеу өзі қаржыландыратын ұйымдар арқылы Еуропадағы үгіт-насихатын күшейтті. Франция Ресейдің негізгі нысанасына айналғанға ұқсайды.

Украинаға қарсы жасаған әрекеттері үшін қатты сыналатын Мәскеу Еуропадағы өз бейнесін жақсарту үшін және өз пікірін естірту үшін Кремль қаржыландыратын қоғамдық ұйымдар мен БАҚ арқылы өз дауысын еуропалықтардың үнінен асыруға барынша тырысып жатыр.

Ресейдің "софт-пауері" (ақпараттық-идеологиялық технологиясы) Францияда ерекше байқалады. Бұл елде орыс мәдениетінен бастап, үкіметіне дейінгі аралықты насихаттаушы ұйымдар өте көп. Олардың көпшілігін Ресей қаржыландырып отыр деп айтылады.

Сесиль Вэсье ханым - Францияның Ренн университетінде орыс филологиясының профессоры. "Ол ұйымдардың артында тұрған - Ресей, өйткені ол шетелде өз көзқарасын жайғысы келеді. Мұндай саяси коммуникацияны қаржыландырғысы келетін адамдар табылады ғой" дейді ол.

Вэсьенің сөзінше, 2008 жылы Парижде құрылған Демократия мен ынтымақтастық институты президент Владимир Путиннің үкіметімен ресми байланыс орнатпаса да, бас-көзге қарамай ресейшіл бағыт ұстанып отыр.

Институт вебсайтында: "Шығыс пен Батыс қарым-қатынастарына, Ресейдің Еуропадағы орнына назар аударатынын" және "жеке демеушілердің қаржысына сүйенетінін" жазады.

Ұйымның басшысы Наталья Нарочницкая - бұрынғы Дума депутаты, кезінде Нью-Йоркте совет дипломаты ретінде жұмыс та істеген. Думада халықаралық қатынастар комитеті жетекшісінің орынбасары да болған.

"Нарочницкая жазған постарда оның көзқарасы анық байқалып тұрады. Институттың қайдан қаржыландырылатынын бір де бір журналист біле алмады" дейді Вэсье.

"БАЛАМА КӨЗҚАРАС ЖЕТКІЗУ"

Институттың зерттеу директоры Джон Локлэнд - ұлыбританиялық Еуропа Одағының сыншысы. Оның көзқарасы Кремльдің саясатымен үндесіп жатады, тіпті Украина дағдарысы бойынша да сәйкес келеді.

Өткен желтоқсанда ресейлік телеарнаға сұхбат берген Локлэнд Киевтегі еуропашыл шерулер туралы сөйлеп отырып, әсіре ұлтшыл "Свобода" партиясының рөлін сөкті. Оның Батыс БАҚ-тарын "пропагандамен айналысады" деп айыптауы Мәскеудің мәлімдемелерімен ұқсас болып шықты.

Джон Локлэнд, Ресей қаржыландыратын Париждегі Демократия мен ынтымақтастық институтының зерттеу ісі бойынша директоры

2004 жылы Украинадағы "қызғылт-сары төңкеріс" қызып тұрған кезде Локлэнд демонстранттарды "Львовтан келген нашақор скинхедтер" деп сипаттап, батысшыл президенттік кандидат Виктор Ющенко мен жақтастарын "нео-нацистер" деп атаған.

Институтының демеушілері туралы сұраққа жауап бергенде ол қаржыны "Мәскеудің тарихи бейнесі" қорының беретінін айтты. Бұл қордың өз демеушілері белгісіз болып шықты, бірақ Нарочницкая басқаратыны анықталды. Локлэнд "ресейлік қонақтарды" дөңгелек үстелдері мен симпозиумдарына жиі шақырып тұратынын, институттың Мәскеудің жаршысы емес екенін айтады.

"Біз ресейлік институт болсақ та, Ресей туралы аз айтамыз. Ресейдің бейнесін таныту біздің іс-шараларымыз кезінде ырқымыздан тыс туған нәтиже" дейді ол. Оның сөзінше, институттың миссиясы - "қазіргі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы балама көзқарас ұсыну".

Ал Вэсье сияқты бақылаушылар үшін өз ішіндегі шетелдік ұйымдарды "агентке" теңеп, олардың қызметіне қатаң тыйым салған Ресейдің Батыста бұлай еркін қимылдауы алаңдататын жайт.

РЕСЕЙШІЛ БАҚ

Бірқатар ресейлік БАҚ та Кремльдің позициясын француз аудиториясына жеткізу үшін барын салып жатыр. RIA Novosti сияқты ақпарат құралдарының көпшілігі французша хабар таратады.

"La Russie d'Aujourdhui" ("Бүгінгі Ресей") атты ай сайын консервативтік "Le Figaro" газетінің қасынан шығатын қосымша - бір төбе. Оның атауы да ағылшын тілінде хабар тарататын ресейлік ресми RT телеарнасымен үндесіп жатыр. Жетекші журналистерінің бірі Дмитрий Кошко Кремльдің жақтасы деп сипатталады.

Бұлардың ішінде Кремль саясатын ең қатты насихаттаған - Prorussia TV атты телеарна. Бұл арна бір жыл бұрын пайда болып, биыл сәуірде өзі құрамына кіретін "Голос России" ұйымы қайта құрылған кезде жабылып қалды.

Марин Ле Пен, франциялық ультра-оңшыл "Ұлттық майдан" партиясының жетекшісі.

"Телеарнаның Ресей мен Франция туралы қозғайтын тақырыптары саясиланған, ультра-оңшыл сипатты еді. Бұл тақырыптарды Демократия мен Ынтымақтастық институты қағып алып, іліп әкетіп отыратын. Араларында терең идеологиялық әріптестік бар екені байқалатын" дейді Вэсье.

Өзін француз аудиториясына арналған орыс телеарнасы ретінде таныстырған Prorussia TV арнасын көрермендерін алдады деп те айыптайды. Весиенің сөзінше, журналистер стэнд-ап жасаған кезде Қызыл алаң мен Кремльдің суреттерін фон ретінде пайдаланған, ал арна басшылығы Францияның ультра-ұлтшыл "Ұлттық майдан" партиясымен тығыз араласқан. Франция үкіметін қатты сынайтын партия жетекшілері арнаның жаңалықтарынан түспеген.

"Бұл - Ресей салық төлеушілерінің ақшасына жасалған манипуляция құралы еді" дейді Вэсье.

ӘСІРЕ ҰЛТШЫЛДАРМЕН ЫМЫРАЛАСУ

Демократия мен ынтымақтастық институты да "Ұлттық майданмен" іс-шараларын үйлестіріп отырады деген сыбыс тараған. Оны институт жоққа шығарады.

Локлэнд Францияның ультра-оңшылдары Кремльді қолдайтынын айтады. "Ұлттық майдан" жетекшісі Марин Ле Пен биыл Мәскеуде болып Дума және үкімет басшыларымен кездескен.

""Ұлттық майданмен достық қарым-қатынастамыз" дейді Локлэнд.

Ресейдің "софт-пауері" бизнес жобалармен емес, үгіт-насихатпен бірге өрілген. Ресейден алып отырғанымыз - газ бен арақ қана.
Сесиль Вэсье

Сарапшылардың айтуынша, Путиннің режимі мен Францияның ультра-оңшылдары АҚШ пен Еуропа Одағына деген жеккөрінішке негізделген ұқсас идеология ұстанады.

Қырымды аннексиялаған соң Ресей Батыстың қатты сынына ұшыраған кезде Еуропаның бірқатар ультра-оңшыл партиялары Кремльді қолдап шығып, түбекте өткен референдумға бақылаушыларын жіберісті.

Бірақ мұндай ишара-әрекеттер жалпы еуропалықтардың жүрегін жаулап алуға жетімсіз болып шықты.

Сарапшылар "софт-пауердің" көбіне эконмикалық экспансиямен қатар жүретінін, ал Ресейдікі сияқты тек жоғарыдан төменге таңылған, үкімет қаржыландыратын кампания болса, одан көп нәтиже шықпайтынын айтады.

"Америкалық "софт-пауер" Coca-Cola мен McDonalds сияқты компаниялар арқылы әр көшеге, әр қалтарысқа тарап жатыр. Оны АҚШ үкіметі басқарып отырған жоқ. Ресейдің "софт-пауері" бизнес жобалармен емес, үгіт-насихатпен бірге өрілген. Ресейден алып отырғанымыз - газ бен арақ қана" дейді Вэсье.

Наталья Каневскаяның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.