Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі тілдер неліктен жойылып жатқанын, халықтар оларды сақтап қалу үшін қандай амалдарға жүгінетінін, тіл сақтап қалу үшін мемлекеттік саясат қандай болуы тиіс деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
"Қызыл кітаптың" 2010 жылы жарияланған соңғы редакциясында Ресейде 23 тіл мүшкіл халде деп көрсетілген. ЮНЕСКО-ның пайымдауынша, "мүшкіл халдегі тіл" деген ұғым тілдің ең жас қолданушылары - қарт адамдар, тіпті олардың өздері де ана тілінде ішінара ғана әрі сирек сөйлеседі. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) бұл тізімге Командор аралдарының халқы сөйлейтін алеут тілін, Коль түбегінің солтүстігінде бар-жоғы он адам сөйлейтін тер-саам тілін енгізген. Тізімде ительмен (бұл тілде сөйлейтіндер саны 100-ге жетпейді), вод (15 адамнан аспайды), орок (60-тан аспайды), ульчи (700-дей адам қолданады) тілдері де бар.
Бір тілдің мәртебесі заң жүзінде бекітілген кез-келген елде (Ресейдегі орыс тілі сияқты) азшылық ұлттардың тіліне қатер төнеді
Головконың пікірін РҒА-ның социологиялық институты қызметкері Андриан Валахов та құптайды. Ол "бір тілдің мәртебесі заң жүзінде бекітілген кез-келген елде (Ресейдегі орыс тілі сияқты) азшылық ұлттардың тіліне қатер төнеді" дейді.
Головконың пайымынша, тілдің жойылу процесін тоқтату үшін адамдарды оны қолдануға ынталандыру, өз тілінде сөйлеу қажет деген ойға иландыру керек.
"Бірақ егер мемлекет тіпті мұндай шараларды қарастырып әрі оларды іске асырған күннің өзінде тілдің сақталатына кепілдік жоқ. Тілдің мәдени құндылығын және халықтың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттаған кезде ғана сақталуы мүмкін. Тілдерді менсінбеу сияқты әрекеттерге, ешкімге қажеті жоқ деген пікірлерге жол беруге болмайды" дейді ол.
Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің ректоры Николай Вахтиннің ойынша, жас ұрпаққа тілді оқытуға көңіл бөліп, ана тілін үйрену неліктен қажет екенін балаларға түсіндіру маңызды.
Головконың пікірінше, қазіргі әлемде халықтардың тілдері мен дәстүрлерін насихаттауға интернет көмектеседі. 2016 жылдың аяғында блогер Ирина Смелая Tatarka деген лақап есіммен "Алтын" әніне клип шығарған. Татар тіліндегі клауд-рэптің видеосы YouTube желісінде 30 миллион рет қаралған. Татарстандық тағы бір әнші Айгел Гасина (Аигел) да кей әндерін татар тілінде айтып жүр.
"Қазір өзінің ұлттық тілінде ән айтатын музыкалық топтар немесе кіші халықтар өздері тұратын облыстарында фестивальдер, концерттен өткізіп, жаңа формалар енгізе бастады. Бұл тілдердің дамуына, жойылып кетпеуіне септеседі. Ал мемлекеттік саясат жергілікті ұлттардың өз-өзіне дамытуына көмектесіп, мүмкіндік беруі керек" дейді Головко.
Кей халықтар тілін өздері сақтап қалуға тырысады. Академик Головконың айтуынша, Камчатка түбегіне жақын Командор аралдарында тұратын алеуттер бір-бірімен сөйлесу үшін ұлттық тілді мүлде пайдаланбайды деуге болады. Бірақ тілдің мүмкіндіктерін жаңғырту қозғалысын қолдайтындар алеут тілінде әндер, тақпақтар құрастыруға тырысады. Аралда әлгі әндердің музыкасын жазатын композитор тұрады.
Оқи отырыңыз: Ресейдегі шор халқының тілі жойылып барады
Вахтин «саны аз халықтар ана тілін күнделікті тұрмыста қолдануға тырысады» дейді. Профессор бұған нанай, эвенкі және коряк тілдерін мысалға келтіреді. Бұл халықтарда ана тілін қолдау үшін қабылданған арнайы бағдарламалар бар. Сондықтан бұл тілдерге жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ.
ЮНЕСКО болжамынша, алеут тілі "мүшкіл халде" болғанымен, көп ұзамай жойылады дегенді білдірмейді. Андриан Валаховтың түсіндіруінше, "жойылып бара жатқан тіл" деген түсініктің өзі салыстырмалы ұғым.
"Ұзақ уақыттан бері онша көп адам қолданбай жүрген, яғни ондаған, кейде жүздеген ғана адам сөйлесетін тілдер бар. Бірақ бұл әлгі тіл жойылып барады деген сөз емес. Егер аға ұрпақ өзінен кейінгі ұрпаққа оны табиғи жолмен қалдырып отырса, ондай тіл ғасырлар бойы тіршілік ете беруі мүмкін" дейді ол.
Сарапшы Солтүстік-Шығыс Сібір тұрғындары сөйлеген юкагир тілін мысал ретінде келтіреді. Зерттеушілер бұл тіл көп ұзамай жойылады деп XVIII ғасырдың аяғында мәлімдегенімен, ол әлі күнге дейін "тірі".
Вахтин “Ресейде жойылып бара жатқан тілдің қайта дамығаны туралы естімеген, бірақ әлемдік тарихта ондай оқиғалар болған”. Уэльс территориясында тұратын адамдар бірнеше ғасыр бойы валли тілінде сөйлеп келген. Бірақ өнеркәсіп революциясы дамыған 19 ғасырдың басында Уэльске ағылшын жұмысшылары көптеп ағылып, бұл процесс валли халқының біртіндеп шашырап кетуіне және қос тілділіктің қалыптасуына ұласқан. 20 ғасырдың басына қарай валли тілінде сөйлесетіндер саны азайғаны соншалық, ол бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін жойылады деп жорамалданған. Бірақ 1920-30 жылдары Уэльс партиясы тілді пайдалану аясын кеңейтуді қолдаған. Елде валли тілінде хабар тарататын радио іске қосылып, белсенділер сот процестерін ана тілі және ағылшын тілінде жүргізу талабына қол жеткізген. Ағылшын тілінің ықпалы кеміген жоқ, бірақ 2011 жылғы санақ деректеріне сәйкес, Уэльс тұрғындарының 20 пайызы валли тілінде сөйлейді.
Шағын халықтарда ана тілін балаларымыз да, өзіміз де білеміз, сол жеткілікті. Ал өмірде табысқа жету үшін орыс тілі керек болады деген деген иллюзия болды.
Вахтиннің пікірінше, ЮНЕСКО-ның кіші халықтардың тілдерінің дамытуға қатысты жайсыз болжамдары - 1970-1980 жылдары совет үкіметі жүргізген жөнсіз мемлекеттік саясаттың салдары. Бұған қоса, кей шағын халықтар ана тілін пайдаланудан ерікті түрде бас тартып жатыр.
"Шағын халықтарда ана тілін балаларымыз да, өзіміз де білеміз, сол жеткілікті. Ал өмірде табысқа жету үшін орыс тілі керек болады деген деген иллюзия болды. Сондықтан тілді сақтауға тиісті көңіл бөлген жоқ. Ал бір ұрпақ ауысқан кезде балалар өз ана тілін білмейтін болып шықты" дейді профессор.
Валахов жергілікті билік саясатының "тілдерге айтарлықтай жағымсыз әсері жоқ" екеніне сенімді. Оның пікірінше, тілдердің жойылуына қала халқының көбеюі, жаһандану процесі, орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру негізгі себеп. Головко енді билік кіші халықтардың тілдерін дамытуды қолдау, ана тілінде оқыту, ана тілін күнделікті тұрмыста пайдалануға ынталандыру сияқты міндеттерді шешуі тиіс деп санайды.
Ал Николай Вахтин, керісінше, бұл мемлекеттің емес, жергілікті кіші халық өкілдері мен жергілікті биліктің шаруасы деп санайды. Оның пікірінше, “тілдерді дамытуға бюджеттен қосымша ақша бөлу жағдайды түзете алмайды. бұған мемлекеттік, мәдени мекемелер жұмылып күш салуы тиіс, бірақ ең бастысы – тілдің ізгі дүние екеніне, оны сақтап, дамыту керек екеніне адамдардың өздері сенуі тиіс".
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Кондрашованың мақаласы орысшадан аударылды).