Келер жылдың болжамы: АҚШ-та күн ашық, Ресейде бұлтты

Аяз Ата кетіп барады. Кострома облысы,16 желтоқсан 2014 жыл.

Қазір - әлемдегі саяси-экономикалық жағдайдың 2015 жылы қандай болатынын болжайтын сәт. Батыс сарапшылары АҚШ-та экономикалық жағдай жақсарып, Ресей экономикасы тоқырайды дейді.

Желтоқсанның 26-сы күні Washington Post газетінде жарияланған «2014 жыл, құттықтаймын. Бұдан да жайсыз болсаң, қайтер едік» деген мақаласында халықаралық саясат университеті профессоры Тафтс Дэниел Дрезнер «жұрттың көбі жағымсыз оқиғаларға толы болған 2014 жыл тезірек бітсе екен деп асықты» деп жазады.

Дэниел Дрезнердің жазуынша, АҚШ-та саяси тартыс пен нәсілшілдік сипаттағы қайшылық күшейе түскен. Ресей Қырымды аннексиялап, шығыс Украинаға әскерін жіберді. Таяу Шығыста «Ислам мемлекеті» ұйымы «аймақтағы зұлым» ретінде «Әл-Қаиданың» орнын басты.

Келесі жылдың болжамдары биылғы жылдағы осындай негізгі оқиғалармен байланысты жасалған.

АМЕРИКА

Желтоқсанның 22-сі күні Американың Reason журналы 2015 жылға жасаған саяси болжамдарын жариялады. Журналдың болжауынша, Батыс санкциясының соққысы мен мұнай бағасы арзандауынан құты қашқан Ресей тағы бір көрші елге агрессиялық басқыншылық жасауға әрекеттенеді. «Тағы бір көрші елдің» қай ел екені айтылмайды.

Экстремистік «Ислам мемлекеті» ұйымы Сирия мен Иракка көршілес елдерге ықпалын күшейтуге тырысады. Ал Sony компаниясына жасаған сәтті кибершабуылынан кейін дәндеп қалған Солтүстік Корея батыс елдері үкіметтерінің бірінің желісін бұзады. Журнал осындай болжамдар жасайды.

АҚШ президенті Барак Обама (ортада) Рождество мейрамында билеп жүр. 17 желтоқсан 2014 жыл.

Американың Мsnbc арнасы желтоқсанның 22-сі күні жариялаған «2015 жылға арналған экономикалық болжам: күн ашық» деген мақаласында 2015 жылы қарапайым америкалықтар экономикалық өсімнің игілігін сезіне бастайды деп жазады.

Bank of America Merrill Lynch банкінің Солтүстік Америка экономикасы бөлімі басшысы Итан Гаррис «Жақсы жыл болатыны қазірден білініп тұр. 2015 жылы алғаш рет жалақы аздап өседі» дейді.

Мsnbc арнасы ғаламдық экономиканың өсімі баяулайтынын да болжайды. Сарапшылар Ресейдегі дағдарыстың әлемдік экономикаға әсеріне қатысты алаңдайды.Экономикасы қайта құлдырай бастаған Жапония мен бұрынғы өсу қарқынынан айырылған Қытай экономикасы баяулауы мүмкін деген болжам жасалған.

РЕСЕЙ

Reuters агенттігі кейбір белгілі экономистер арасында Ресей экономикасына қатысты жүргізген сауалнама нәтижелерін желтоқсанның 22-сі күні шыққан «Reuters сауалнамасы: 2015 жылы Ресей тоқырауда болады, рубльге қысым азаймайды» деген мақаласында жариялаған. Мақалада Ресей экономикасы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін алғаш рет рецессияға кіреді, ал мұнай бағасының арзандауы мен Батыс санкциялары салдарынан инфляция деңгейі екі таңбалы санмен көрсетілетін болады» деп болжайды.

Ресей президенті Владимир Путин Сергий Радонежский атындағы шіркеуде шырақ жағып тұр. Царское селосы, 8 желтоқсан 2014 жыл.

11 экономистің болжамынша, 2015 жылы бұл елдің ішкі жалпы өнімі 3,6 пайызға кемиді. Агенттіктің жазуынша, «Ресей қиындықты еңсереді» деп уәде берген президент Владимир Путинді рецессия (тоқырау) жаңа проблемаларға ұрындырады.

Экономистердің болжамынша, бір доллардың құны 60 рубльге дейін жетіп, 2015 жылдың аяғына қарай 50 рубль деңгейінде тұрақтайды.

Санкт-Петербург банкі экономисі Ольга Лапшинаның Reuters агенттігіне айтуынша, 2015 жылдың бірінші тоқсанында Ресей компанияларының үлкен қарыздарын төлеуіне байланысты рубль одан әрі әлсірей беруі, бірақ кейінірек нығаюы мүмкін. Ресми дерекке сәйкес, Ресей банктері мен компаниялары келесі жылы 120 миллиард доллар шамасында қарыз төлеуі тиіс.

«МЫСЫҒЫҢЫЗ БІЛЕДІ»

Желтоқсанның 26-сы күні Ұлыбританияның Guardian газеті «Жаңа жыл қандай жаңалық әкелетінін кім біледі? Ешкім білмейді» деген мақаласында нақты сеніммен жариялауға болатын екі болжам барын жазады.

Біріншісі – кейбір жайттар болмаса, 2015 жыл 2014 жыл сияқты болады. Екіншіден, мұны нақты білгіңіз келсе, мысығыңыздан сұраңыз. Мысық біледі.