Freedom House: Демократия дамымауына Ресейдің әсері мол

Мәскеуде шеруге шыққан наразы азаматты полиция әкетіп барады. (Көрнекі сурет)

Ұйым жуықта жариялаған есебінде бұрынғы коммунистік лагерь елдеріндегі демократиялық ахуалға Ресей себепші болып отырғанын мәлімдеді.
АҚШ-та орналасқан адам құқықтарын қорғайтын бұл ұйым маусымның 12-сі күні бұрынғы СССР, Балқан мен Орталық Еуропаның 29 мемлекетінде жүргізген мониторинг нәтижесін жариялады.

«Өтпелі кезең елдері 2014: Еуразияның демократиядан алшақтауы» аталған жылдық есеп авторларының айтуынша, өткен жылы Ресей аймақтағы елдерде де репрессияның күшеюіне ықпал еткен.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ЖАУ РЕТІНДЕ ҚАРАУ

Freedom House ұйымындағы «Өтпелі кезең елдері» жобасының жетекшісі Сильвана Хабданк-Колачковсканың айтуынша, сауалнама нәтижелері бойынша, Ресейдегі демократияның индикаторы «құлдырап кеткен» және ол көршілес елдердің де «демократия жолынан ауытқуына әсер еткен».

Аталған есептегі мәліметтерге қарағанда, демократиясы кейінгі 10 жыл бойы құлдыраумен келе жатқан бұл елдерде өткен жылы жағдай тіпті нашарлаған. Тізімдегі елдердің 16-сында демократиялық ахуал нашарласа, тек 5 мемлекетте ғана ілгерілеу байқалған, ал қалған 8 елде өзгеріс болмаған.

Аймақ елдерінің барлығына жуығында коррупция көлемі ұлғайған, тек тізімдегі Еуропа Одағына (ЕО) қабылданған 10 елдің бесеуінде ғана бұл көрсеткіш төмендеген.

Бұрын Совет Одағының құрамында болған, ЕО-ға кірмейтін 12 елде соңғы 10 жылда демократия «тұңғиыққа батып кеткен». Freedom House ұйымының сипаттауынша, бұл аймақтағы халықтың 80 пайызы «біртұтас авторитарлық режимдерде» ғұмыр кешіп жатыр. Халықаралық ұйым бұл санатқа Ресей, Тәжікстан, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Түркіменстан және Өзбекстанды қосқан.

Freedom House ұйымының мәліметі бойынша, Ресейде, Әзербайжан мен Қазақстанда билік азаматтық қоғамға жау ретінде қарайды.

РЕСЕЙДІҢ «ӨНЕГЕСІ»

Жылдық есептің деректеріне сүйенсек, Кремль жыныстық азшылық өкілдерін қудалайтын, азаматтық қоғамды тұншықтыратын, баспасөз бен интернетке мемлекеттің бақылауын күшейтетін заңдар қабылдау арқылы «репрессиялық саясатын белсенді түрде жүргізе бастаған».

Полиция наразы азаматтарды ұстап жатыр. Қазақстан, Астана, 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәуелсіз қоғамдық ұйымдарға қысым жасау жағынан Ресей Еуразия құрлығындағы басқа елдерге "үлгі" болған.

Ресейдегідей «гомосекуализмді насихаттауға», үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруға қарсы заңдар талқыланып, парламентке ұсынылып не қабылданып жатқан елдер тізімінде Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Молдова, Түркіменстан, Украина және тіпті ЕО мүшесі Латвия да аталады.

«Азаматтық қоғам белсенділігі» рейтингісінде осымен төртінші жыл Қазақстанның дәрежесі төмендеп келеді. 2011 жылы бұл елде діни бостандықты шектейтін қатаң заң қабылданды. Содан бері Қазақстанның бұл саладағы беделі құлдырап барады.

Хабданк-Колачковсканың айтуынша, осы заңның кесірінен 2013 жылы Қазақстанда «көп кісі тұтқындалып, талай адамға айып тағылып, талай мекемеге рейд жүргізілген, көп діни материалдар тәркіленген».

Халықаралық ұйым өкілінің айтуынша, 2013 жылы қазан айында өткен президент сайлауының қарсаңында Әзербайжан үкіметі азаматтық қоғам белсенділерін, саяси қарсыластары мен БАҚ-ты барынша тұншықтырған.

Есепте «Беларусьте Александр Лукашенконың үкіметі «азаматтық қоғамға ұзақ уақыттан бері қысым жасап келе жатқаны» айтылған.

Азаматтық қоғамның дамуы жөнінен ең артта қалған елдер тізімінде Өзбекстан мен Түркіменстан тұр. Азаматтық қоғамның еркіндігін 1-ден 7-ге дейінгі ұпаймен бағалаған сарапшылар бұл елдерге ең нашар 7 деген баға қойған. Басқа индикаторлар бойынша да бұл екі елдің көрсеткіштері нашар.

ҮЗДІКТЕР

Тізімге кірген елдердің ішінде Украина мен Қырғызстанда азаматтық қоғам белсенділігі артқаны байқалады.

Хабданк-Колачковсканың айтуынша, Украинаның «еті тірі» азаматтық қоғамының бір көрсеткіші – олар 2013 жылдың қарашасында жаппай наразылық шеруіне шығып, мұның соңы президент Виктор Януковичтің биліктен кетуіне ұласты.

Босния мен Герцеговинаның Тузла қаласында шеруге шыққан наразы азамат. 7 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)



Бұрынғы Совет Одағы елдерінің арасында соңғы жылдары демократия көрсеткіштері біраз ілгерілеген елдер қатарында Қырғызстан мен Грузия аталады. Бұл мемлекеттерде плюрализм дамып, 2012 және 2013 жылдары салыстырмалы түрде еркін әрі әділ сайлаулар өткен.

2013 жылы Балқан елдерінде де біраз оң өзгерістер болған. Соның ішінде ЕО ара ағайындығымен Приштина мен Белград арасында Косоводағы сербтер тұратын аймақтарға қатысты келіссөздердің жемісті болғаны айтылады.
Есепте «Алайда аймақ елдеріндегі «қабілетсіз» үкіметтердің кесірінен демократия дамымай жатыр» деп жазылған.

Македонияда еркін баспасөздің «тынысы» тарылып кеткен, соның кесірінен бұл ел «өтпелі кезең режимі» категориясына қосылған. Ал Босния мен Герцеговинада ұзаққа созылған саяси кикілжің кесірінен орталық үкіметтің жұмысы жүрмей тұр. Freedom House өкілінің пікірінше, Босния мен Герцеговина үкіметі «әлжуаз елдің үлгісін көрсетті».

(Азаттық тілшісі Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).