Ресей сайлаушылары кімнің «жеңетінін» басынан білді

Манежный алаңындағы өзін қолдаушылар митингісіне келген Владимир Путин көзіне жас алды. Мәскеу, 4 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 4-і Ресейде президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы жария еткен әуелгі сайлау қорытындысы бойынша Владимир Путин 64 пайыздан астам дауыс жинап тұр.

Мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 21.00-де елдің ең батыс бөлігіндегі Калининград облысының сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Ресейдің орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуров түн ортасына дейін саналып үлгірген 45 пайыз дауыстың 64 пайыздан астамы Владимир Путинге берілген деп мәлімдеді.

Ресейдің ресми орындары мен сауалнама жасаушы ұйымдарының мәлімдеуінше, қалған кандидаттардың ішінде ең көп дауыс жинағаны коммунистердің жетекшісі - Геннадий Зюганов. Ол 18 пайызға жуық дауысты иеленіп тұр.

Наурыздың 4-і кеш қарая Мәскеудің Манежный алаңына 100 мыңға жуық Владимир Путиннің қолдаушысы жиналды. Жақтаушылардың алдына шығып көзіне жас ала сөз сөйлеген Владимир Путин сайлау нәтижесін "таза жеңіс" деп сипаттады. Путинмен бірге көп алдына шыққан Дмитрий Медведев: "Бұл жеңіс бәріміз үшін қажет болды, оны ешкімге қолдан бермейміз" деді. Путиннің сайлау штабы мен "Единая Россия" партиясының басшылығы сайлауды әділ өтті деп санайды.

Мәскеудің Манежный алаңындағы Владимир Путинді қолдаушылар митингісі. 4 наурыз 2012 жыл


Ал оппозициялық және тәуелсіз саясаткерлер "дөрекі түрде заң бұзылғаны" себепті сайлау нәтижесін мүлдем мойындамауға шақырады. Мысалы, Михаил Касьяновтың айтуынша, Владимир Путин тұтас Ресей халқының президенті бола алмайды, ал қазіргі Дума барша ресейліктердің саяси көзқарасын білдіріп отырған жоқ.

- Ертең жаңа кезең басталады, сөйтіп ертең елде болып жатқан жағдайға байланысты наразылықтың жаңа толқыны көтеріледі. Біз мерзімінен бұрын қайта сайлау өткізуді талап етеміз, - деді Касьянов.

Михаил Горбачев те президенттік сайлау нәтижелері Ресей қоғамындағы көңіл-күйге сәйкес емес деген пікір айтты.

Қарапайым ресейліктер «бес кандидаттың ішіндегі президенттікке ең лайықтысы - Путин» деген кең тараған тұжырымды бейіл көреді.

«ВЛАДИМИР ВЛАДИМИРОВИЧТЕН БАСҚА КІМ БАР?»

Қатардағы Мәскеу тұрғындарының бірі Сергей есімді жігіт учаскеден шыққан бойы Рейтер агенттігіне былай деді:

- Басқа кімге дауыс береміз? Кім бар басқа? Владимир Владимировичтен (Путин – ред.) басқа кім бар дауыс беретін?

Путин 2000-2008 жылдар арасында екі мерзім бойы Ресей президенті болды. Қатарынан үшінші мерзімге сайлануына конституциялық шектеу кедергі келтірді. Соңғы төрт жыл бойы ол президент Дмитрий Медведевтің қол астында премьер-министр қызметін атқарып келген болатын.

Кандидаттардың платформасын оқып тұрған сайлаушы. Санкт-Петербург, 4 наурыз 2012 жыл


Былтыры желтоқсанның 4-інде өткен парламент сайлауы кезінде Путин жетекшісі деп саналатын «Единая Россия» партиясы ресми түрде жеңімпаз атанған.

Бірақ сайлау өте салысымен бұл нәтижеге наразы болып, жүздеген мың адам үкіметке қарсы митингілер мен шерулерге шыққан еді. Демонстранттар парламент сайлауы әділетсіз түрде өтті деп санайды және Путиннің келесі мерзімге президент болып сайлануына қарсы екендерін білдіреді.

Премьер-министрдің жақтаушылары да былтырғы желтоқсаннан бері жаппай қолдау шараларын өткізіп, Путинді Ресейдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін бірден-бір кепіл деп санайтындарын мәлімдеумен келеді.

ПУТИННІҢ ТӨРТ «ҚАРСЫЛАСЫ»

Путинмен саяси бәсекеге түсіп жатқан төрт кандидаттың ішіндегі ең «қауіптісі» 67 жастағы коммунистердің жетекшісі Геннадий Зюганов деген пікір жиі айтылады. Ресми сауалнама жасаушы ұйымдар төртінші мәрте сайлауға түсіп жатқан саясаткер 15 пайыз дауыс жинауы мүмкін деп болжайды.

ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновский мен олигарх Михаил Прохоров үшінші орынға таласуы мүмкін. «Справедливая Россия» партиясының атынан түсіп жатқан Сергей Миронов – көш соңында. Миронов осының алдындағы бір сайлауға түскенінде халықты өзінің қарсыласы Путинге дауыс беруге шақырып көптің есінде қалған.

Михаил Прохоров баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Мәскеу, 20 ақпан 2012 жыл


Бұлардың ішінде бірінші рет сайлауға қатысып отырған – Михаил Прохоров. Ол Ресейдегі «орта таптың», яғни либералдық саясатты қолдайтын іскер адамдардың Кремльге қарсы наразылығын пайдаланып, қажетті дауыс жинап қалармын деп үміттенеді.

Наурыздың 4-і Красноярскідегі сайлау учаскесінде дауыс беріп тұрып ол журналистерге орта тап партиясын құру туралы жоспары бар екенін айтты.

- Азаматтарымыз саяси күреске белсенді түрде қатыса бастады, сондықтан мен жаңа саяси күш қалыптастыруды ойлап отырмын. Бұл – мүлдем жаңа, азаматтық жауапкершілігі бар адамдарды біріктіретін күш болмақ, - деді Прохоров.

АЗАМАТТЫҚ БАҚЫЛАУ

Ресейдің территориясы тоғыз уақыт белдеуінен тұрады. Сондықтан 91 мың сайлау учаскесіндегі дауыс беру 21 сағатқа созылмақ. Қиыр Шығыстағы учаскелерде дауыс санау басталып та кетті.

Ресми әлеуметтік сауалнама жүргізушілер Владимир Путин бірінші айналымда-ақ 60 пайыз дауыс алып, таза жеңіске жетеді деп болжап келді. Егер Путин 50 пайыздан аз дауыс жинап қалса, онда қалған төрт кандидаттың ішінде ең көп дауыс алғанымен екінші айналымда қайта бәсекеге түсер еді.

Ресей бойынша ондаған мың ерікті бақылаушылар сайлаудың өту барысын қадағалауға тілек білдірген. Олар былтырғы желтоқсан айында өткен парламенттік сайлаудың «бұрмаланған нәтижесі» президенттік сайлау кезінде қайталанбас үшін осындай белсенділік көрсетті.

Сайлау учаскелеріндегі веб-камералардың трансляциясы. Мәскеу, 4 наурыз 2012 жыл


Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауы бойынша, сайлау учаскелерін 685 тіркелген бақылаушы қадағалап тұрды. Олардың 219-ы – ЕҚЫҰ-ның өкілдері. Учаскелердің көпшілігіне веб-камералар орнатылған. 90 мыңнан астам веб-камера арқылы дауыс беру процесі интернетпен бақыланды.

Забайкалье аймағында адам құқығын қорғаушы ұйымдар солдаттардың қайтара дауыс берген әрекеттерін байқағанын айтып шағым түсірді. «Голос» тәуелсіз бақылаушылар ұйымының өкілі де дәл осындай жағдайдың Мәскеу облысында болғанын мәлімдеді. Коммунистік партияның бақылаушылары Орловск облысында сайлау хаттамаларының бұрмаланғанын хабарлады. «Выборы-2012» тақырыбы бойынша Twitter қолданушыларының сайлау кезіндегі заң бұзу әрекеттерін сипаттайтын хабарламаларды белсенді түрде жіберіп жатқанын байқауға болады.

"Голос" ұйымы үш мыңға жуық шағым алғанын хабарлады. Ал тәуелсіз блогер Алексей Навальный өте көп мөлшерде есептен шығару талонын (открепительный талон) алып, Мәскеуге аймақтардан автобуспен келіп дауыс берген жастардың көптігін айтады. Төмендегі "Дождь" телеарнасы мен Slon.ru вебсайты Youtube арқылы таратқан видео "карусель" тәсіліне қатысушы жастарды бейнелейді.

http://www.youtube.com/embed/CJCf0vabdzw?feature=player_embedded

Ресей билігі сайлау кезіндегі тәртіп сақтау шараларына бүкіл ел бойынша 380 мың полицейді жұмылдырды.