Әйтпесе автокөлікке көлік қауіпсіздігі куәлігі мен техникалық паспорт берілмейді. Қазір Приморьедегі кеденде әлгі модулі жоқ, бұрын қолданылған жүздеген көлік жиналып тұр, оларды ары қарай қалай рәсімдеу керектігін ешкім білмейді.
Ашуға булыққан өлке тұрғындары бір рет наразылық шеруіне шықты, ЭРА-ГЛОНАСС модулін орнату туралы талап күшін жоймаса, олар тағы алаңға шығуға даяр.
ЭРА-ГЛОНАСС федералдық желілік операторының сайтында жүйенің елдегі барлық автокөлік жолын қамтитыны, автокөліктің (конвейерде немесе сертификатталған сервис орталығында) ГЛОНАСС/GPS навигациялық байланыс терминалымен жабдықталатыны айтылған.
Сайтта «Авария кезінде терминал оқиғаны автоматты түрде анықтап, операторға нақты координаттарды, апат уақыты мен жол-көлік оқиғасының сипатын хабарлайды, оны тексерген соң шұғыл көмек көрсету орындарына ақпарат түседі (112 жүйесі немесе ІІМ кезекші бөлімдері). Жүргізушілер мен жолаушылар «ЭРА-ГЛОНАСС» жүйесінің операторымен арнайы түймені басу арқылы да байланыса алады» деп жазылған. Ешкімді мәжбүрлемесе және жақсы жұмыс істеп тұрса, негізі жүйе жаман емес.
«ЖҮРЕК - СОЛ ЖАҚТА, АЛ РУЛЬ - ОҢ ЖАҚТА»
Бірақ SOS түймесі жаңа көліктерге өндіруші елде орнатылады. Ал Приморье өлкесіне келетін автокөліктердің көбі – бұрын қолданыста болған жапон машиналары. Оларда мұндай модуль жоқ. Модульді Ресейде сатып алып, орнату керек және сертификаттау қажет (бұл екі түрлі процесс, кейде фирма модульді орнатып береді, бірақ сертификат бере алмайды). Модульді сатып алу немесе оған интернет арқылы тапсырыс беру қиын емес, «қорабы» 4 мың рубль шамасында, бірақ орнатуға шамамен 30 мың рубль қаражат кетеді.
Оның үстіне Приморьеде модульдерді орнатып, сертификаттайтын фирмалар жоқ. Қатер дабылын орнатқысы келетін, бірақ қазір оған шамасы келмейтін көлік иелері де бар.
- Көлігім кеденде тұр, әзірге алған жоқпын. Қаңтарда әкелдім. Жақында техникалық паспорт береді деп үміттенемін. Өз ойымша, менің көлігіме ЭРА-ГЛОНАСС қажет емес. Әлдене болып жатса, төтенше жағдайлар бөлімі немесе жедел жәрдемге өзім хабарласа аламын. Көліктің кеденде тұрған уақыты үшін тәулігіне 200 рубль, белгілі бір уақыттан соң 250 рубль төлейміз. Модульді орнату туралы ақпарат жоқ, оның қанша тұратынын білмеймін, - дейді Владивосток тұрғыны Ольга.
Ольга сияқты сенделіп жүргендер көп. Қиыр Шығыс кеден басқармасы басшысы Юрий Ладыгиннің айтуынша, жыл басынан бері мыңға жуық көлік Приморье кеден қоймасында тұр. 400-ге жуығы Жапония тұрақтарында қалған. Оларды аукционнан сатып алған, бірақ Ресейге әкелу үшін кемеге тиемеген.
Оларда аукцион таза өтеді, шамаң келетін көлікті сатып алуға болады. Біз көлікті таңдап, сатып алдық, ақшасын төледік. Енді осындай жағдайға тап болдық.
- Отбасымызға үлкен көлік қажет болды. Ескісін сатып, Жапониядағы аукционнан басқасын алдық. Оларда аукцион таза өтеді, шамаң келетін көлікті сатып алуға болады. Біз көлікті таңдап, сатып алдық, ақшасын төледік. Енді осындай жағдайға тап болдық. Білетіндер сол жақта ұстай тұрыңдар, солай арзан болады деді. Ақпанның 15-іне дейін алғандарға құжаттарын береді. Біздің жағдайымыз белгісіз, - дейді сатып алған көлігі шетелде қалған Иван.
Қаңтардың 1-інен кейін автокөлік әкелген адамдарға кеденде техникалық паспорт ақпанның 17-сіне дейін берілмеді. Ақпанның 19-ы күні бастамашыл топ Владивосток орталық алаңында митинг өткізетінін білдіріп, ескерту жолдады (бірақ ол жерде емес, вокзал маңында өткізуге рұқсат алды).
Ақпанның 16-сы күні губернатор Владимир Миклушевский, өлке прокуроры Сергей Бессчастный және бас кеденші Юлий Ладыгин осы топ өкілдерімен кездесті. Губернатор Кеден Одағының техникалық регламентін айыптап, «көлік иесіне шетелден әкелген көлікті рәсімдеу және беру тәртібін қайта қарастыру керек, қолданыста болған көліктерге ЭРА-ГЛОНАСС орнататын құрылымды да анықтау қажет» деді.
Ол Қиыр Шығыс федералдық округіндегі президент өкілі Юрий Трутневтен ЭРА-ГЛОНАСС жүйесін орнату жөніндегі техникалық регламенттің мерзімін ұзартуды сұрады. Бұған дейін бір жарым ай бойы автокөлік иелері машиналарын не істерін білмей жүрген еді. Өлке жаңалыққа дайын болуы үшін тағы бірнеше ай керек болды.
Ақпанның 17-сі күні Владивосток кедені қаңтардың 1-інен соң әкелінген көліктерге ЭРА-ГЛОНАСС қауіпсіздік модулінсіз техникалық паспорт бере бастады. Федералдық округтің баспасөз қызметі «Владивосток кеден басқармасы 12 сағаттық жұмыс режиміне көшеді. Азаматтарды таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қабылдаймыз. Техникалық паспорт рәсімдеу үшін көлік иелері толтырылған кеден декларациясын көрсетіп, мемлекеттік баж салығын төлеуі керек» деген ақпарат таратты. Енді жол қозғалысы қауіпсіздігі инспекциясы бекеттері де осындай режимде жұмыс істейді, автокөлікті ол жерде де тіркеуге болады.
ХАЛЫҚТЫҢТАЛАБЫ
Ақпанның 19-ы күні Приморье тұрғындары Владивостокта наразылық шеруіне бәрібір жиналды. Бірақ оны «жиын» деп атады, себебі ұйымдастырушысы, коммунист депутат Андрей Галицких ақпанның 17-сі күні минингіге берген өтінішін қайтарып алды. Бейресми деректерге қарағанда, онымен Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өкілдері мен өлке басшылары сөйлескен. Галицкихтің өзі былай түсіндірді:
- Митингіде қойған талаптарымыздың бірі толықтай орындалды – техникалық паспорт бере бастады. Көліктерді жол қозғалысы қауіпсіздігінің мемлекеттік инспекциясы есепке алып жатыр. Екіншіден жүйені ерікті түрде орнатуды сұраған едік. Бұған қатысты айтқандары: Кеден Одағы солай талап еткен, тез арада бұл істі шешу мүмкін емес. Бұл жерге көп адам жиналса, арандату болуы мүмкін. Олар да бақылап отыр, кедергі жасаулары мүмкін. Бір адамдар келіп, машиналарын жолға қойып тастайды, бәрін түсіріп алады, кейін монтаж жасайды да, шетелде жаман жағынан көрсетеді. Оның керегі не? Еліміздің патриоты емеспіз бе? Наурыздың 13-іне қарай мәселе шешіледі. Ақпанның 15-іне дейін келген көліктерге техникалық паспорт береді. Ал ақпанның 15-і мен наурыздың 15-і аралығында келгендердің жағдайы түсініксіз. Себебі түймені орнату режимі белгісіз. Модульді автобустардағы SOS түймесі тәрізді жеңілдетіп орнатамыз деді. Қондырғыны адамдардың қалауымен орнату керек деп санаймын, келіп қойған көліктерге күштеп орнатуға болмайды, - деді Галицких белгісіз жаулар туралы сөз қозғап.
Митинг өтер алдында қалаға кірер жерде және негізгі жолдарда полиция қызметкерлері көп тұрды. Олар әрбір екінші көлікті тексерді, әсіресе Усурийскіден Вольно-Надеждинскийге бара жатқандарды жіті қадағалады.
Федералдық арналардың ешбірі митинг туралы айтпады. Приморье ішкі істер басқармасының дерегінше, Владивостоктағы вокзал маңына «100 шақты адам жиналған». Митингіге қатысушылар мұны «бес есе азайтып көрсеткен» дейді. Андрей Галицких «ресми митингіні тоқтатпағанда халық саны көп болар еді» деген пікірін айтты. Ал Ресей компартиясының Владивостоктағы бөлімшесінің жетекшісі Максим Шинкаренко:
– Трибунадан сөйлегендер ақпанның 15-іне дейін машинасын әкеп үлгергендердің мәселесі шешілді деді. Қалғандары ше? Оның үстіне техникалық паспорт берулері қалай оңай болса, солай тез қайтарып алады екен. Жиынды арнайы белгіленген жерде өткізуге рұқсат берді. Оның митингіден не айырмасы бар екенін білмеймін. Бұл жерге ЭРА-ГЛОНАСС-қа деген көзқарасымызды білдіруге келдік. Оны ерікті түрде орнату қажет дейміз. Осы түйме кесірінен техникалық паспорт ала алмай отырмын. Техникалық паспортты ақпанның 15-іне дейін келген көліктерге ғана береді. Басқалары ше? Сүйек лақтырып, соған қарап көлікті рәсімдеу дұрыс емес, - дейді.
Депутат Галицких журналистер митинг туралы дұрыс жеткізуі керек, бұл «саясат емес, экономика» деген пікірін білдірді. Алайда жиындағы ұранның көбі саяси сарында болды: адамдар ЭРА-ГЛОНАСС модулімен қоса аймақтық және федералдық билікке қарсы сөйледі.
– Губернатор Қиыр Шығысқа қарайтын вице-премьерге жеткізді (президент өкілі Юрий Трутневті айтады – ред.). Одан не өзгерді? Мерзімді тек жарты жылға ұзартты. Ары қарай не болмақ? Бұдан түк шықпайды! – деп ашуланады Владимир көлік иесі.
Қазір Приморьеде мың адамға (емшектегі сәбилер мен қарттарды қосқанда) 437 көліктен келеді. Владивостоктың өзінде 422 600 автокөлік тіркелген – Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск және Екатеринбург сияқты миллион көлікті қалалардан кейінгі бесінші орында тұр.
1990 жылдары Владивосток ашық қалаға айналғанда көптеген жандар «теңізге шығып», Жапониядан көлік әкеле бастады. Ол кездегі Ресейдегі валюта бағамымен алғанда көлік өте арзан еді, 300 долларға жол талғамайтын көліктің жақсысын алуға болатын. Теңізшілер Жапонияға кемемен ағаш апарып, қайтарда көліктер тиеп қайтатын. Қазір солардың көбі Ресей жолдарында жүйткіп жүр.
Аймақ астанасында «Жасыл бұрыш» атты қолданыста болған жапон көліктерінің нарығы бар, жүздеген адам сол арқылы жұмыс тауып отыр (бәрі бірдей жеке кәсіпкер ретінде тіркелді деуге болмас, бірақ қожайынға жалға алу құнын төлейді). Алыпсатарлар тұрғындардан қолданылған көлікті сатып алып, жеңіл-желпі (кейде кұрделі) жөндеу жасап, қымбатқа қайта сатады. Мәселен, сүйікті жұмысын тастамау үшін автобизнеспен айналысқан Сергей:
Президентіміз «автокөліктермен айналысатын алыпсатарлар толып жатыр, олар төлейтін баж салығы – теңізге түскен тамшыдай» деген еді. Олай болса, бізді неге жайымызға қалдырмайды?
– Жапониядан көліктер әкеліп, осы жақта сатамын. Құдай сақтады, қазір кеденде тұрған машиналарым жоқ. Бұл іспен аса құлшынып айналысқаным жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкері болғым келді, соның оқуын бітірдім, алты жылдан бері істеп келемін. Үш күн демалып бір тәулік істеймін, 15 000 рубль аламын. Ол пәтер мен тұраққа төлеуге жетеді. Төтенше жағдайлар министрлігінде қысқарту болады деп жатыр... Билікке үндеу жасағым келеді. Президентіміз «автокөліктермен айналысатын алыпсатарлар толып жатыр, олар төлейтін баж салығы – теңізге түскен тамшыдай» деген еді. Олай болса, бізді неге жайымызға қалдырмайды? Біз ешкімді алдамаймыз, ұрламаймыз. Аламыз – сатамыз. Бәрі заңды. Адамдар «Лада-Калина» алғысы келмейді, олар сол ақшаға сенімді көлік алғылары келеді - дейді.
Владивосток тұрғындары «Жүрек - сол жақта, руль - оң жақта» дейді. Бұл жақта жапон көліктерін жақсы көреді, сонымен жүреді. Тіпті 2012 жылы кореялық көліктер мен рөлі сол жақта орналасқан машиналар құрастыратын «Соллерс» зауыты ашылса да, Владивостоктағы жағдай қатты өзгермеді, приморьелік жүргізушілердің көбі әлі көліктің оң жағында отыр.
– ЭРА-ГЛОНАСС орнату – мемлекеттік бағдарлама, оған қаржы салынған. Азаматтардың қауіпсіздігіне арналған. Қиыр Шығыс үшін автобизнестің маңызын білетіндер бұған алаңдайды. Бізге қамқорлық жаса деген ешкім жоқ. Бізге тегіс жол мен сапалы бензин керек. Мемлекеттің қамқорлығын сезінсек дейміз. ЭРА-ГЛОНАСС түймесі қосымша орнатылса, тіпті алғыс айтамыз. Бірақ орнатуға міндеттеу керек емес. Мемлекет бизнесімізге үлес қосқан жоқ, бәрін өзіміз жасадық. Соның арқасында жақсы өмір сүріп, балаларымызды оқытып, үй алдық, шетел араладық. Мемлекет модульді орнатуды заңға сай өңдеп, техникалық база құрсын. Мен жапа шеккен 1400 адамның арасында емеспін, кеденде көлігім қалған жоқ. Бірақ азаматтық ұстанымым осындай. Бұл жағдай маған да қатысты, - дейді көлік сатушы Ирина Костенко.
Бізге тегіс жол мен сапалы бензин керек. Мемлекеттің қамқорлығын сезінсек дейміз.
Ал митингіге қатысқан Олег:
– ЭРА-ГЛОНАСС – жеке тұлғаларға арналған «Платон» жүйесінің бірінші қадамы. Әр автокөлік иесін, Ресей жолындағы әр километрді бақылау. ГЛОНАСС жүйесіне қарсы емеспін! Кімге ұнайды, сол орнатсын. Өмірді сақтандыру ерікті ғой, - деген пікірін айтты.
Приморьеде бұл жағдайдың әр адамға қатысы бар сияқты. Мәселен Андрей атты азамат:
– Автобизнеске қатысым жоқ, бірақ митингіге келдім. Бүгін бұған ауыз ашпасақ, ертең оң жақ рульге тыйым салады. Күрделі жөндеуге төлем енгізді, ешкім үндемеді. Митингіге келу керек, билік осыдан сескенеді, санасады. Оң жақ рульге тыйым салу туралы айтқанда мәскеулік ОМОН келіп, бәрін қуды, бірақ тыйым салған жоқ. Мәскеу Владивосток тұрғындарының шеруге шыққалы жатқанын түсінді, - дейді.
Наразылық «жиынынан» кейін полиция Фрунзе ауданына алты адамды әкелді – төрт жігіт плакат жаймақ болған еді. Коммунист Максим Шинкаренконы рұқсат етілмеген митингіні ұйымдастырушы ретінде ұстады, оның партиялас әріптесі, өлке депутаты Артем Самсоновты «түсініктеме алу үшін» қамады.
Олардың бәріне әкімшілік хаттама жасады. Екі адамды рұқсатсыз митингіге қатысқаны үшін соттады (әрқайсына 10 мың рубль айыппұл салынды), тағы үш адамды кейінірек тұратын елді мекендерінде соттайды. Шинкаренконы шараны ұйымдастырғаны үшін соттамақ. Бірақ митингіге қатысушылар «билік наразылыққа құлақ аспаса, тағы алаңға шығамыз» дейді.
Валерия Федоренконың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.