Көлік және байланыс министрі жаңадан тағайындалып, оның командасы іске кіріссе де, қаңтардың 31-і өтуі тиіс тендер өтпеген күйі қалды. Бұл жолы да ақылы жол салу жобасы бойынша жоспарланған тендерге қатысуға ешкім өтініш бермеген.
«АСТАНА - ҚАРАҒАНДЫ» ТЕНДЕРІ
Өткен жылы көлік және байланыс министрлігі Қостанай, Астана, Қарағанды арқылы өтетін «Екатеринбург - Алматы» жолының (Ресей шекарасында) «Астана - Қарағанды» бөлігін қайта құру және игеру туралы» жобаға ашық байқау
жариялады. Бірақ жұмыс тендер жариялаудан әріге бармай, тоқырап қалды. 2011 жылы қазан айында жобаның жүзеге аспауы туралы «ешкім бұл тендерге тапсырыс бермегендіктен осындай жағдай болды» деген ұйғарым жасалды.
Бұл байқау биылғы жылғы қаңтардың 31-і екінші рет өтетін болды. Бірақ мұндай шешім бұрынғы министр Берік Камалиевтің тұсында қабылданған. Камалиев мәжіліс сайлауынан кейін үкімет қайта жасақталғанда, «басқа қызметке ауысуына байланысты» министр қызметінен босатылған.
Көлік және байланыс саласына министр болып 40 жастағы Асқар Жұмағалиев тағайындалды. Ол бұған дейін ақпарат және байланыс министрлігін басқарды. Жұмағалиев министрлік басына келген бетте жаңа команда жасақтауға кірісті. Министрлікке жаңа топ-менеджерлер келе бастады.
Бірақ жаңа министр «Астана - Қарағанды» жобасының байқауын өткізуге асықпады. Азаттық радиосына көлік және байланыс министрлігі: «Ешкім тапсырыс бермеген соң, конкурс өтпеді» деген жауап айтты. Енді олар жобаға қатысты мәселені үкімет отырысында талқылауды ұсынбақшы. Енді бұл тендер осы жылдың соңына қарай жариялануы мүмкін. Министрліктегілер жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін қайта қарамақшы.
Өткен жылдың желтоқсан айында жария болғандай, бұл жобаның құны – шамамен 910 миллион АҚШ доллары. Сонда жолдың әр шақырымының құны 3,9 миллион АҚШ доллары болады.
Негізгі концессионерлер мұндай бағадан қорқып отырғанға ұқсайды және жобаға салған қаржыларын қайтарып алатындарына сенбейді. Себебі таяудағы 20-25 жыл ішінде Қазақстандағы саяси жағдайдың өзгермейтініне кепілдік жоқ. Оның үстіне, әлемдік дағдарыс та бұл жобаға оң әсерін тигізе қоймасы анық.
АҚЫЛЫ ЖОЛДАР ТУРАЛЫ ИДЕЯ
Қазақстанда министрлер жиі ауысады. Көлік және байланыс саласының бұрынғы министрлері тұсында 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бағдарламасының осы салаға қатысты тұстары туралы көп мәлімет ашық айтылмайтын. Бұл жерде сөз «Астана - Қарағанды», «Алматы - Қорғас», «Ташкент - Шымкент» (Жамбыл облысының шекарасы), «Алматы - Қапшағай», «Орал - Каменка» (Ресей шекарасы), «Астана - Шучинск» бағыттарындағы жолдарды жеке меншікке беріп, оларды ақылы жолдарға айналдыру туралы болып отыр. Бағдарламаға сәйкес бұл жолдар жедел түрде, бірінен соң бірі жеке меншікке берілуі тиіс. Бұл - көлік жүргізушілері ақылы жолмен жүріп өткен сайын ақша төлейді деген сөз.
2008 жылы парламент Қазақстанда қандай жолдардың ақылы болатыны туралы заң қабылдады. Ол бойынша, белгілі бір компания жол салу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар меншіктеу құқын байқау арқылы жеңіп алса, тендерге шығарылған жол 25 жылға жеңген компанияға жалға беріледі. Жалға беру мерзімі аяқталысымен жолдар мемлекетке қайтарылады. Бұл тәсіл арқылы үкімет бұл салаға қосымша қаржы тартпақ.
Қазіргі бірінші вице-премьер, 2008 жылы көлік және байланыс министрі болған Серік Ахметов парламент отырысында: «Жобаға салынған қаржыны қайтарып, одан табыс табу үшін, бұл жолдармен күніне 20 мың автокөлік өтуі тиіс» деп есеп жасаған болатын. Осы уәжден соң, ақысыз, яғни балама жолдар туралы бап заңнан сызылып тасталды. Бірқатар депутаттар бұған наразылық танытқанмен, бұл ұсыныс заңға енгізілген болатын.
Ақылы жолдар осы салаға жұмсалған қаржыны қайтарудың бір әдісі екені белгілі. Жол үшін ақы төленсе жүк тасымалының бағасы мен жолаушылардың жолақысы да өседі. Бұл қызмет түрлері мен азық-түліктің бағасына да әсер етеді.
Қазақстандықтардың қалтасы ондай қымбатшылықты көтере ме? Бұл туралы осы мәселеге қатысы бар шенеуніктер мен парламент депутаттары не ойлайды?
АЛҒАШҚЫ АҚЫЛЫ ЖОЛ
Өткен жылдың басында көлік және байланыс министрлігі «Астана-Шучинск» автомагистралінің Қазақстандағы алғашқы ақылы жол болатынын айтты. Бұл жолдың ұзындығы - 211,8 шақырым.
Үкімет осы жолды 20 жылға жалға беру туралы қаулының жобасын да әзірледі. Ол жобада жеңіл автокөліктерден бір сапарға 220 теңге, шағын автобустардан – 1050 теңге, жолаушылар таситын үлкен автобустардан – 2110 теңге, жүк тоннасына қарай жүк көліктерінен 3160 пен 5270 теңге алу белгіленді. Осы ақылы жолдың бойында орналасқан 16 шағын елді мекенді ақы төлеуден босату туралы да шешім шыққан.
2011 жылдың сәуір айында, сол кездегі министр Берік Камалиев Астана мен Щучинск арасындағы жолға төлем жасау жүйесін енгізу туралы арнайы жиын өткізіп те үлгерді. Бірақ ақылы жолдар туралы жобаны іске асыру 2012 жылға шегерілді.
Көлік және байланыс министрлігі «Астана - Петропавловск» жолының құрамына кіретін Астана мен Щучинск арасындағы 223 шақырымды ақылы жолға айналдыру жобасын жасау үшін 2012 жылғы ақпанның 13-і күні мемлекеттік тапсырыс негізінде конкурс өткізді.
Әзірге, концессиондық (уақытша иемдену туралы келісім-шарт - ред.) құжат құпия күйде сақталып тұр. Министрліктің ресми сайтында конкурс қорытындысы толық жарияланады деп үміттенуден өзге амал жоқ.
МИНИСТРЛІКТІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Көлік және байланыс министрлігі 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама туралы Азаттық радиосына жан-жақты түсініктеме берді.
Вице-министр Роман Скляр қол қойған хатта көрсетілгендей, 2010 жылдың наурыз айында бекітілген бағдарлама бойынша жеті мың шақырым жол қайта жөндеуден өтеді. Республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол, жергілікті маңызға ие 12 мың шақырым жолға реконструкция жасалады. Осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызының, жергілікті жолдардың 70 пайызының сапасы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайға жетуі керек.
Болашақта ақылы болады деп жоспарланған жолдардың ішінде «Астана - Шучинск», «Ташкент - Шымкент», «Алматы - Қорғас», «Алматы - Қапшағай», «Астана - Қарағанды», «БАКАД» сияқты жобалар бар. Министрлік жіберген хатта айтылғандай, «Ташкент - Шымкент» және «Алматы - Қорғас» жобасынан өзге жобаларға әлі ешкім тапсырыс бермеген. Яғни, концессионер жоқ.
Осы екі жоба бойынша қазір халықаралық банктерден қарыз алу мәселесі қарастырылып жатыр. «Ташкент - Шымкент» және «Алматы - Қорғас» бағыттар бойынша құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына қарай басталады. «БАКАД» және «Алматы - Қапшағай» жобасы бойынша Алматы облысының әкімшілігі жол құрылысы өтетін жердегі елді мекендерден жер телімдерін сатып ала бастады.
Өзге жобаларға қатысты жарияланған тендерлер бойынша айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Министрлік «оның себебі – әлемдік қаржы дағдарысының кесірінен шетелдік инвесторларды тартудың және пайыздық өсімі аз әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесінің қиындауы» дейді.
Көлік және байланыс министрлігі концессиялық жобаларды тартымды ету үшін түрлі амалдар жасалып жатқанын, оның ішінде кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін хабарлайды.
Министрліктің Азаттық радиосына жіберген жауап хатында жолдардың кейбір бөлігі жеке кәсіпкерлер қаражатына, жолды ақылы ету арқылы салынатыны айтылған. Мәселен, Астана мен Щучинск арасындағы жол ақысын алғашқы кезде жаңадан құрылған ақылы автөкөлік жолдары департаменті жинайтын болады. Ақылы жолдардағы төлем мәселесі талқыланып, бірте-бірте республика бойынша жүзеге аспақшы. «Бұл әдіс кейінірек «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолына да енгізіледі» дейді министрлік.
ЕУРОПАДА ДА АҚЫЛЫ ЖОЛДАР БАР
Еуропаның 28 елінде ақылы жолдар бар. Олардың бәрі жоғары жылдамдықпен жүруге арналған жолдар. Бірақ жылдам жүруге болатын ақылы жолдармен бірге, мұнда ортақол, бірақ ақысыз, балама жолдар да бар. Бұл бұлжымайтын ереже - Еуропа ғана емес, бүкіл дүние жүзі үшін заңды қағида. Еуропа елдерінде кім қалай жүреді: сағатына 50 - 90 шақырым ба, әлде сағатына 110 - 130 шақырым жүргісі келе ме, - әрбір көлік жүргізуші адам өзі шешеді. Біздің Қазақстанда бұл қағида сақтала ма? Билік бұл туралы тіс жарып, ешнәрсе демейді.
Бүгінде Италия мен Францияның барлық жолдарын ақылы деуге болады. Италияда жолдардың 80 пайызы, Францияда барлық жолдары – автобан (ортасы бөлінген жоғары жылдамдыққа арналған жолдар - ред.). Орта есеппен алғанда, бұл елдерде жүргізушілер әр 100 шақырым үшін 5-10 еуро төлейді.
Кейбір еуропалық елдерде, ақылы жол басталған жерде жол ақысы төленгені туралы түбіртек сатылады. Оны жүргізуші алдыңғы терезесіне жапсырып қояды. Мұндай ақылы жүру билеті бір аптаға, 10 күнге, бір ай немесе бір тоқсанға, тіпті бір жылға арналған болуы мүмкін. Ақы төлеу мерзімі ұзақ болған сайын, құны да төмендей береді.
Бельгия, Германия, Люксембург пен Финляндияда ақылы жолдар мүлдем жоқ. Бірақ немістер мен бельгиялықтарда арнайы төлем түрі бар. Ол – жер асты жолдары – туннельдер үшін төленетін ақы. Германияда ең жоғары жылдамдықпен жүруге болатын жолдардың өзі тегін әрі сапалы.
P.S. Ақпанның 16-сы көлік және байланыс министрлігінің баспасөз қызметі автомобиль жолдары комитетінің басшылары мен бірқатар қызметкерлері «жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты туған ескертпелер» бойынша дисциплинарлық жазаға тартылды деген ақпарат таратты.