Accessibility links

Қытай тауары Еуропаға жету үшін Ұлы Жібек жолының ескі сүрлеуін қайта жаңғыртады


Қазақстанның көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен Халықаралық көлік одағының бас хатшысы Мартин Морме меморандумға қол қоюда. Ақтөбе, қыркүйек, 2009 жыл.
Қазақстанның көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен Халықаралық көлік одағының бас хатшысы Мартин Морме меморандумға қол қоюда. Ақтөбе, қыркүйек, 2009 жыл.

Ақтөбе қаласының іргесінде құрлықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» аутокөлік жолының тұсауы кесілді. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының ескі сүрлеуімен жобаланған көлік дәлізінің ұзындығы 8 мың 445 шақырым. Ресейдің ірі 5 қаласын, Қазақстанның 5 облысын, Қытайдың 4 провинциясын басып өтеді.

ЕУРОПА МЕН ҚЫТАЙДЫ ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛДЫҢ ТҰСАУЫ АҚТӨБЕДЕ КЕСІЛДІ

Көлік және коммуникация министрлігінің Ақтөбеде ұйымдастырған конференциясында 21-ғасырдың геосаяси жобасының жай-жапсары талқыланды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының Ресей Федерациясы аумағымен 2233 шақырым, Қазақстаннан 2787 шақырымы, Қытай мемлекетінен 3425 шақырымы өтеді.

Мегажобаның барлық бюджеті 7 миллиард АҚШ доллларына жуық, оның 3,4 миллиардын халықаралық қаржы институттары – Еуропалық қайта құру және даму банкі (180 миллион доллар), Халықаралық қайта құру мен даму банкі (2 миллиард 125 миллион), Ислам даму банкі (398 миллион доллар) ұзақ мерзімді займ түрінде ұсынған.

Қазақстан республикалық бюджеттен 136 миллиард теңгені Ақтөбе облысы жолдарын жөндеуге, Шымкент қаласынан айналма жол салуға бөлген. 267 миллиард қаражат салуға жекеменшік құрылымдар ықыласты болғанымен, олар қазақстандық компаниялар ма, әлде шетелдік құрылымдар ма, осы арасы белгісіз.

ЖОЛ ЖОБАСЫНА НЕГІЗГІ ҚАТЫСУШЫЛАР РЕСЕЙ, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Тауардың негізгі тұтынушылары Еуропа рыногы. Еуропа Үрімжі тауарларын емес, Қытайдың оңтүстік порты мен өндірісті аймақтары Ланьчжоу, Чжэнчжоу, Ляньюньган провинцияларының тауарын сатып алуға мүдделі. Ендеше ауыр контейнерлер тиелген аутокөлік колонналары тауар тасуды Қытайдың оңтүстігінен бастайды. Қазақстан арқылы 3 мың шақырымдай жүре отырып, Ресейдің Санкт-Петербургіне тіреледі де, әрі қарай тауарлар теңіз жолымен кетеді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының Арал ауданы аралығындағы осы жол бөлігін жергілікті жұрт "өлім жолы" атап кеткен.



Осыдан көрініп тұрғандай, Кавказ не Украина Ұлы Жібек Жолының 21-ғасырдағы жаңа дәлізінен көзге түспейді. Қытай тарапынан тауарларды Қырғызстанға, Өзбекстанға тасу жоспары да бар. Алайда, Ақтөбедегі конференцияда өзбек, не тәжік үкіметінің өкілдері көрінген жоқ.

Ресей Федерациясы көлік вице-министрі Олег Белозеровтің хабарлауынша, Татарстанда жолды кеңейту жұмыстары басталып, Кама өзенінен өтетін көпір қайтадан салынып жатыр. Орынбор қаласында көлік логистикалық кешен қайта жарақтандырыла бастады. Көлік тығыны үзілмейтін Мәскеуді айналып өтетін жол салынбақ.

Өткен ғасырдың ортасынан бері халықаралық тауар тасымалының негізгі жолы – Суэц каналы болғанымен, қазіргі кезде осы каналдың мүмкіндігі шектелгенін жеткізді Белозеров. Су жолы арзан, Суэц каналымен жіберілген 1 фут контейнердің құны 3 мың АҚШ доллары, ол Еуропаға 30-40 күнде әзер жетеді. Жылына Суэц каналы арқылы 220 миллион тонна контейнер тасымалданады. Қазақстан мен Ресейдің аутокөлік жолымен тауар Еуропаға 10 күнде жетеді, бірақ контейнер құны қымбат.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК ДӘЛІЗІНДЕ БЮРОКРАТТЫҚ КЕДЕРГІЛЕР КӨП КЕЗДЕСЕДІ

Халықаралық көлік дәлізінде алда пайда болатын бюрократтық кедергілер де еуропалық қаржы институтарын ерекше алаңдатып отыр. Кедендік рәсімдеудегі іркілісті жойып, контейнерлерді түсіріп-қабылдайтын орталықтардың жұмысын ретке келтіру қажет. Тауар тасушыларды тосып тұратын жемқорлық, қауіпсіздік, сапалы жанармай, сервистік қызметті ретке келтіру сияқты толып жатқан жұмыстар бар.

Қазіргі жағдайда не Ресей, не Қазақстан жағы мұндай сапалы сервиспен мақтана алмайды. Жолдағы көліктерді тоқтатып, ақша бопсалау үйреншікті құбылысқа айналып кеткен. Қазақстан мен Ресейден көкөніс, бау-бақша өнімдерін тасымалдаудың қандай азап екендігін өзбекстандық жүргізушілерден сұрасаңыз жеткілікті. Қытайдың контейнерлерін қазіргі жолдың қожайындары қалай қабылдайды? Бұл үлкен сұрақ.

Еуропалық қаржы институттарын жол салудан гөрі халықаралық деңгейде жұмыс істейтін мамандар даярлау мәселесі алаңдатады. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевский осы ұйым Душенбеде кеден және шекара қызметтері үшін мамандар даярлайтын колледж ашатындығын хабарлады.

Ресей көлік вице-министрі Олег Белозеров қазір аутокөкөлік жолының 1 пайызын да пайдаланбай жатқандығын, 5 пайызын пайдаланған күннің өзінде жыл сайын мемлекет қазынасы 3 миллион доллар табыс түсіретіндігін айтты. Демек, Ресей жағын жолдан түсетін пайда және тасымал жолын уысында ұстау жағы көбірек алаңдатады.

Қытай өз тауарының Батыс Еуропаға тезірек жетуіне мүдделі. Дүниежүзілік Банктің Қазақстадағы тұрақты өкілі Сергей Шаталов ұзақ мерзімге берілген несиені қадағалайтын арнайы жүйе құрылатындығын хабарлады.

XS
SM
MD
LG