Универсиада құрбандары

Николаевкадағы құрылыс краны.

Красноярск қаласы 2019 жылы өтуі тиіс қысқы Универсиадаға дайындалып жатыр. Қалада стадиондар, шаңғы және шана жолдарын, ауруханалар салып, ескілерін жаңартып жатыр. Бірақ құрылыс орындарындағы үйлері сүрілетін адамдардың құқығын ескеретін билік көрінбейді.

Красноярск қаласындағы Волочаевская көшесі бойымен салынатын жол да Универсиада нысандарының бірі, ол Енисей өзені үстіндегі жаңа көпірді Красноярск автожолдарының бірі - Копылов көшесімен жалғайды.

Жобаның жалпы құны – алты миллиард рубльден асады. Бұл сомаға құрылыс құны ғана емес, территорияны абаттандыру, жол салуға байланысты үйлері сүрілетін адамдарды жаңа баспаналарына қоныстандыру да кіреді. Осының ішінде үлкен құрылыс жүріп жатқан жерде тұратын адамдарды көшіру үшін екі миллиард рубльден асатын сома бөлінген.

Алайда үйлері жол құрылысы алаңының тура ортасында қалып қойған бірнеше отбасы мүлде ескерусіз қалған. Мұндағы жұрт үйінді басып қалады деген қорқыныштан түнде ұйықтауға қорқады. Тұрғындар құзырлы мекемелерге шағым түсірген, бірақ олардың мұң-зарын ешкім елемейді. Ал ең бастысы, олардың ендігі тағдыры не болатыны, бір жаққа көшіре ме, жоқ па - түсініксіз.

Тұрғын үйлердің тура іргесіндегі алып құрылыс (2-фото).

"ОЯНСАҚ – ҚҰРЫЛЫС ЖҮРІП ЖАТЫР"

Үлкен тас жол Красноярск қаласының ескі ауданы - жүздеген жер үйлері бар Николаевка арқылы өтеді. Николаевка ауданы бір миллион халық тұратын қаланың орта тұсында орналасқан, бірақ оны деревня деуге болады. Жергілікті тұрғындардың үлкен бау-бақшасы бар, біреулері тіпті тауық, қаз, күркетауық өсіреді. Тұрғындардың тұрмысы әрқилы. Біреулері екі-үш қабатты зәулім коттеждерде тұрса, енді біреулерінің атам заманда салынған үйлері құлайын деп тұр. Николаевка тұрғыны Лариса Сабаеваның айтуынша, ол өзі тұратын ауданда құрылыс техникасы қаптайды деп мүлде ойламаған.

– Үйіміз сүрілетінін, дәл жанымызда құрылыс жүретінін бізге мүлде ешкім ескерткен жоқ. Біз тұратын Юбилейная көшесіне бағалаушы мамандар да, шенеуніктер де, құрылыс фирмасы өкілдері де келген жоқ, ешқандай ескерту қағаз да алғанымыз жоқ. Бақшамыздың жартысына топырақ үйіп тастағанын, ал тура сол жерде кран, экскаваторлар жұмыс істеп жатқанын бір күні ұйқыдан оянған кезде бір-ақ көрдік. Бақшамыздағы бұталар мен қарақат түптерінің бәрі құрыды әрине. Ал өзіміз болсақ, әлдебір үңгірде өмір сүріп жатқандаймыз. Шұңқырда десеңіз де болады. Бір жағымызда - үйімізден де биік етіп үйілген топырақ, екінші жағымызда – ары-бері ағылған ауыр техника. Біз ортасында отырмыз. Ең бастысы, үйіміз сүріле ме, сүрілмей ме, енді не істеуіміз керектігін бізге сол күйі ешкім айтқан жоқ қой. Бақшамда кран тұрғанын көрген бетте жан-жаққа телефон соға бастадым. Еш жерден жауап ала алмадым. Бәрінің айтатыны - «бұл біздің құзырымызда емес». Сонда, ешкімнің құзырында емес болып тұр ғой, - дейді Лариса.

Лариса Сабаева.

Үйлерінің тура үстінен мемлекеттік маңызы бар құрылыс жүретінін Николаевкадағы жұрттың көбі білмегені анықталды. Үйі сүріле ме, жоқ па, ал егер сүрілсе, қайда көшетінін мұнда тұратын адамдар әлі күнге дейін анық білмейді. Ал құрылысшылар – "Сибиряк" компаниясы еш қымсынбастан құрылысты әлі күнге дейін адамдар тұрып жатқан тұрғын үйлердің тура ауласында жүргізіп жатыр. Лариса Ивановна түнде бала-шағасының (күйеуі мен немересі) ұйықтай алмайтынын айтады. Біріншіден, үйден үш метр жерде тәулік бойы құрылыс жүріп жатыр. Екіншіден, қорқынышты. Сабаевтар бір күні үйімізді үйілген топырақ басып қалады деп қорқады.

Сабаевтар үйі ауласынан қарағандағы көрініс.

– Құрылысшыларға «жігіттер, өздерің ойлаңдаршы, мына қылықтарың жөн бе!» дедім. Ал олар маған «Бізге қазыңдар деген соң қазып жатырмыз» дейді, - дейді Сабаева.

Юбилейная көшесіндегі үйлердің тұрғындары суды аман қалған жалғыз колонкадан алады, ал ол да құрылыс алаңында қалған. Айтпақшы, құрылыс жүріп жатқаны ескертілген жазуы бар қаша (оны қоршау деуге де келмейді, биіктігі тізеден келеді, ұзындығы - бір метр, екі жағынан айналып өтуге болады) колонкаға жақын жерде ғана орнатылған. Өзге еш жерде ешқандай қоршау жоқ. Аулалар мен құрылыс алаңы арасындағы шекара қай тұста екенін анықтау мүмкін емес. Сабаевтар ауласының айналасындағы лентаны өздері тартып қойған.

Николаевкадағы құрылыс жұмыстары туралы жалғыз ескерту.

Лариса Ивановнаның көршісі, 80 жастағы Вера әжейдің де бақшасын бульдозерлер таптап, тегістеп тастаған. Құрылыс оның үйінің үш жағынан жүріп жатыр, көшеге шығатын жол ғана қалған. Сондықтан Вера әжейдің жедел жәрдем көлігінде жұмыс істейтін дәрігер баласы да ауысымнан кейін ұйықтай алмайды.

– Бізді қайда, қашан көшіретінін біз де мүлде білмейміз. Тіпті көшіре ме, жоқ па - белгісіз. Білесіз бе, бақшамды таптап тастағандарын көргенде, жүрегім ұстап қалды. Сосын көпке дейін ауырдым, тіпті төсек тартып жатып қалдым. Жасым болса 80-ге келді ғой, енді қанша өмірім қалды, жайыма қалдырса қайтеді, бізге тиіспесе болар еді ғой. Ал енді күні бойы қамалып іште отырғаным, сыртқа шығу да қорқынышты, іште отыру да қорқынышты, - дейді Вера әжей.

Вера әжей.

Енді Юбилейная көшесі тұрғындарында тағы бір уайым басталды. Олар бұл жаққа келген көлік жүргізушілерге (құрылыс жүріп жатқандықтан, көше тұйыққа тіреледі деген ескерту жазулар да жоқ) «қалаға дейін» (енді Николаевкада «қалаға дейін» деп сөйлейтін болған) қалай жетуге болатынын түсіндіреді. Ал көлігі жоқ тұрғындардың өздері қалаға дейін 40 минуттай жаяулатып жетеді - өзге амал жоқ. «Еуропалық заң қызметі» компаниясының өкілі Надежда Тенезбаева:

– Мынаған қайран қаламыз: жұртқа оларды алда не күтіп тұрғанын тіпті айтпаған, көшуді ұсынбаған, ештеңе деп ескертпеген, баспаналарын мүлде бағаламаған. Ал үйлері сүрілетіні жайлы ескертілген тұрғындардың үйіне бағалаушылар айналада құрылыс жүріп жатқан кезде барған, - дейді.

"АҢДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫРАҚ"

Овражная көшесіндегі үйде тұратын Татьяна Волкованың отбасы, нақтырақ айтқанда, енді оның отбасы – күйеуі екеуі, екі қызы, күйеубалалары мен төрт жиені - құрылыс алаңының ортасында тұрып жатыр.

Құрылыс тұрғын үйлерге таяп қалған.

– Тура жанымызда бірдеңе салатын түрлерін байқаған соң біз былтыр күзде алаңдай бастағанбыз. Бізге үйлерің сүріледі деп ешкім бір ауыз сөз айтқан жоқ. Құрылысшылардан «Қалай істейік - отын, көмірімізді түсіріп, қысқа қамдана берейік пе әлде буынып-түйініп даяр отырайық па? Көктемде бақша егейік пе әлде босқа әуре боламыз ба?» деп талай сұрадық. Бізге ешкім ештеңе деген жоқ. Ал биыл сәуірде құрылыс қызу жүріп жатқанда әкімшіліктен біреу келіп, үй мен жерді бағалағаны туралы есеп талап етіп тұр. Ал ол бізде жоқ қой. Сондықтан бізге бағалаушыны сәуірдің ортасында жіберді. Құрылыс жұмыстары нағыз қызған кезде, - дейді Татьяна.

Татьяна Волкова.

Жертөлесі, ауласында қора-қопсысы және 15 сотық жері бар екі қабатты көп бөлмелі үлкен үйді 2 миллион 400 мың рубль деп бағалаған. Красноярскіде бұл ақшаға бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Енді төрт кішкентай баласы бар үш отбасы сонда көшуі тиіс болатын сыңайлы.

Волковтар ауласы.

Волковтар отбасы баспана бағасына қатысты қарсылығымыз ескерілер деген үмітпен көшуге асықпай отыр. Бір жағынан олар не істерлерін білмей әзірше дағдарып та жүр. Есесіне құрылысшылар асығыс. Татьяна Волкова мамыр айының соңында бүкіл Красноярск жұртының назарын аударған бір оқиға жайлы айтып берді. Жасы келген ерлі-зайыптылар аз уақытқа бір жаққа кетіп, қайта оралса, олардың үйлерін сүріп тастаған. Үй жануарларымен, бүкіл дүние-мүлкімен қоса. Әлгі отбасының асықпай көшуіне ресми түрде әлі 11 күн қалған, сот сондай мерзім белгілеген.

Татьяна үйді қалай сүргендерін көрген.

– Кудиндер мына жерде, бізге қарама-қарсы үйде тұрған болатын. Бір-бірімізді танитынбыз әрине, бірақ онша аралас-құраластығымыз жоқ болатын. Мұңдас болған соң өзге көршілердің бәрімен қатты араласып кеттік, ал бұлар бізге қосылмай, бөлектеніп жүретін. Олар көшіп кетті ме, жоқ па – оны мен нақты білгенім де жоқ. Әйтеуір көшуі тиіс екенін білетінмін. Содан қарасам, бір бульдозер келіп, үйлерін бұза бастады. Ал ол жақтан қыңсылаған, шиқылдаған үндер шығып жатыр. Иттері бар болатын - құрылысшылар таптап тастапты... Кейін әлгі әйелге «Маша, мұның не, көшкеніміз жоқ деп маған ескерте салуға шамаң келмеді ме? Төңіректе не болып жатқанын білесің ғой» дедім. Сосын «Бәрін қиратпас бұрын үйде адамдар бар-жоғын тексеріп алсаңдар қайтер еді. Іште мүмкін ұйықтап жатқан адам бар шығар. Не болмаса, терезеден қарауға болады ғой, теледидар, кір жуғыш машина тұрса, көшкен кезде иелері тастап кетпейді ғой, демек мұнда біреу бар деп ойлар едіңдер» деп құрылысшыларға да әбден ұрыстым. Ал олардың жауабы біреу – «бізге айтты, біз орындадық». Бізде мынадай да жағдай болған: үшінші баласын босану үшін перзентханаға кеткен жас келіншек баласын көтеріп келсе, үй орнында үйінді тұрған, - дейді Татьяна Волкова.

Волковтар өздерін қоршауда қалғандай сезінеді. Тау-төбе болып үйілген топырақ пен тас үйлерінің іргесіне тиіп тұр, үйдің төбесінен кран төніп тұр. Жуырда Красноярскіде қатты дауыл соғып, бұршақ жауған кезде әлгі тастар Волковтардың терезесіне ұшқан.

– Бізде кішкентай балалар бар ғой, оларды байлап қоймайсың ғой. Олар ойнауға шыққан кезде зәреміз қалмайды, - дейді Татьяна.

Құрылыс шұңқырының шетінде ойнап жүрген балалар.

Жұрт құрылыс шаңына қақалып отыр. Татьянаның бір жасар ең кіші жиенін серуендету үшін қызы мен күйеубаласы арбаға отырғызып, алысырақ жаққа әкетеді. Нақтырақ айтқанда, қолдарына көтеріп алады, өйткені арбамен жүру мүмкін емес. Бұл жерде көлік те жүре алмайды, Татьянаның күйеубалаларының бірі көлігін шұңқырдың үстіңгі жағында қалдырады, ал қажет кезінде ол жаққа сазды жардан өздері ойып қойған баспалдақпен көтеріледі. Аптасына екі рет жеткізіп тұратын, бір сағаттың ішінде ыдыстарын толтырып алуға болатын суға да жұрт әлгі баспалдақ арқылы барады. Әлдебір жағдай бола қалса жедел жәрдем немесе өрт сөндіруші көліктер үйлердің жанына жылдам келетіндей мүмкіндік мүлде жоқ. Красноярск өлкесі Азаматтық ассамблеясының құқық қорғау ұйымдары палатасы төрайымы Елена Уляшева:

- Николаевка тұрғындары – Универсиада құрбандарымен кездесуден менде бір ғана әсер қалды – олардан хайуанаттар бағындағы жануарлардың жағдайы жақсы. Бізде бірдеңе салуды ұйғарған мемлекетіміздің жолына тап болғандардың бәрі осылай өмір сүріп жатыр. Адамдарға қатыгездік, доңыздық көрсетіледі, - дейді.

Бірнеше күн бұрын Азаматтық ассамблеяда Елена Уляшева Николаевка тұрғындарының қала шенеуніктері, құрылысшылар, қадағалау органдары өкілдерімен кездесуін ұйымдастырған. Жиынға кейбір органдардың өкілдері келген жоқ, мысалы, бала құқығы жөніндегі уәкіл Ирина Мирошникова шақыруды елемеген.

Николаевка тұрғындарының шенеуніктермен кездесуі.

Елена Уляшева аудандық, қалалық, аймақтық билікке және жол салып жатқан «Сибрияк» компаниясы басшылығына жолданатын үндеу әзірлеп қойған.

Үндеуде «Баспаналар сүрілетін аймақтағы әр адамға құқықтары мен оны алда күтіп тұрған іс-қимыл алгоритмі жайлы құрылыс басталмай тұрып хабарлау керек еді. Бұл шаруа істелген жоқ. Үйлердің бір бөлігін мүлде ұмытып кеткен, ал кейде жылжымайтын мүліктің құнын бағалау қажет екені кездейсоқ анықталған. Баспанасы сүрілгені үшін төленетін өтемақыны жұрттың айлап күтуіне тура келеді. Ал үйлерін сүріп тастаған, бірақ өтемақы төленбеген жұрт жаңа баспана сатып ала алмай далада қалып жатыр. Үйлерді сүруге қойылатын талаптарды дұрыс орындамау фактілері анықталды. Мемлекеттік тапсырысты орындаушы "Сибиряк" компаниясы көшуге сот белгілеген мерзімді күтпестен үйлерді қиратып әрі бүкіл заттарымен, тұрмыстық техникасымен және өзге де дүниесімен қоса күреп тастаған. Бұл - қылмыстық іс, сондықтан кінәлі адамдар жауапқа тартылуы тиіс» деп жазылған.

Құрылыс алаңы мен тұрғын үй ортасында ешқандай қоршау жоқ.

Қоғам белсенділері қарарда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, үйлеріне су жеткізуді ұйымдастыруды, төтенше қызмет көліктеріне жол ашуды талап етеді. Бұған қоса, құрылыс алаңдарында қоршаулар қоюды, ал егер аталған талаптар орындалмаса, жол құрылысын уақытша тоқтатуды талап етеді.

Қашадағы жазу: "Бұл үй сүрілмейді Тиіспеңдер".

Қарар авторлары талаптарын орындауға берілетін ең соңғы мерзімді шілденің 7-сі деп белгілеген. Николаевкада әлгі үндеудің оқылғаны және тиісті шара қолданылғанын білдіретін әзірше ешқандай белгі байқалмайды. Мемлекеттік құрылыс ешқайда көшірілмеген жергілікті тұрғындардың аулалары мен үйлерінің үстінен әрі іркіліссіз жүріп жатыр.

Юлия Старинованың мақаласы орыс тілінен аударылды.