Белгілі орыс экономисі сыны үшін жұмыссыз қалды

Сергей Алексашенко, АҚШ-та тұратын ресейлік белгілі экономист

Танымал орыс экономисі Сергей Алексашенко Ресей үкіметінің экономикалық саясатын сынаймын деп беделді ақпараттық басылымдағы редакторлық қызметінен айырылды.

Кремльдің экономикалық саясатын сынаған экономист Мәскеу жоғарғы оқу орны жанынан шығатын ақпараттық бюллетеньдегі редакторлық жұмысын тастауға мәжбүр болғанын айтады.

«МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫ БӨЛМЕЙМІЗ ДЕП ҚОРҚЫТТЫ»

Президент Борис Ельциннің тұсында қаржы министрінің орынбасары болған Сергей Алексашенконың Азаттыққа айтуынша, Мәскеу жоғарғы экономикалық мектебінің (ЖЭМ) зерттеу орталығындағы басшылары «Мемлекет пен бизнес туралы кооментарий» атты басылымдағы редакторлық жұмысына биліктегілердің наразы екенін жеткізген.

Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында ол қызметінен кетпесе, басылымға бюджеттен қаржы бөлінбеуі мүмкін деген ескерту алғанын айтады.

- Анығын айтқанда: не Алексашенко жұмыстан кетеді, оны көрмеуіміз де, естімеуіміз де керек, не сендердің жұмыстарың қаржыландырылмайды деген сөз, - деді ол.

Ол бюллетеньді жапқызбай аман сақтап қалу үшін қызметтен кету туралы шешім қабылдаған.

- Адамдарға кесірімді тигізуге дәтім бармады» деді Алексашенко.

Валюта айырбастау пунктінің қасында тұрған мәскеулік. 29 қаңтар 2014 жыл

Қысқарған атауы «КГБ» деген аббревиатурамен танымал, екі аптада бір рет шығатын ақпараттық бюллетеньді Ресейде маңызды шешім қабылдайтын тұлғалардың көбі оқиды, өз саласы бойынша елдегі ең ықпалды басылым саналады.

Ресей орталық банкі басқармасының бұрынғы орынбасары Алексашенко - елдегі құрметті экономистердің бірі. Ол әртүрлі БАҚ беттерінде Кремльдің экономикалық саясатын жиі сынайды. Тәуелсіз «Эхо Москвы» радиостанциясына жиі қонақ болып, пікірімен бөліседі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ПУТИНДІ СЫНАЙМЫН ДЕП ЖҰМЫСЫНАН АЙЫРЫЛА ЖАЗДАҒАН МГИМО ПРОФЕССОРЫ

Бюллетеньді жариялайтын ЖЭМ-ге қарасты ғылыми-зерттеу институтының басшылары Алексашенконың жұмыстан кеткені жайлы ресейлік бизнес ақпарат агенттігі РБК қазанның 7-сі күні жазған мақалаға түсініктеме бермеді.

РБК дерегі бойынша, қазір Вашингтонда тұратын Алексашенко өз хатында «біреулерге менің жазғаным, істеген ісім мен тұрған мекенім ұнамайды» деп сол үшін жұмысын тастағанын баяндайды.

ЭКОНОМИСТ ӘЗІР ЕЛІНЕ ОРАЛМАЙДЫ

Алексашенко былтыр Вашингтонға келіп, Джорджтаун университетінің шақыруымен дәріс оқи бастаған, бірақ бюллетеньдегі жұмысын жалғастыра берген.

Президент те, үкімет те экономиканың траекториясын жақсарту үшін ештеңе істемей отыр. Жағдай нашарлай береді.

- Бірде бір мақаланы менің атымнан авторлық дүние деп жарияламадық. Дегенмен мәселе менің жазған материалдарымның мазмұнына тіреліп тұрған жоқ. Оларға менің фамилиямның бірінші бетте тұрғаны ұнамайды, - деді ол Азаттыққа.

Алексашенко 2009 жылдан бері ЖЭМ макроэкономикалық зерттеулер бөлімінде директор болып қызмет істеп келген еді. Экономист бұл қызметтен кету туралы шешіміне саясаттың қатысы жоқ екенін, қашықтан жұмыс істеудің қиынға тигенін айтады. Ол алдағы уақытта Вашингтонда қала беруге ниетті.

Алексашенконың экономикалық бюллетеннен кеткен кезі Ресейге АҚШ пен Еуропа Одағы экономикалық санкция алып, соққы тиген тұсына сай келді. Қазанның 7-сі күні Bloomberg Ресей үкіметі соңғы екі сауда күнінде рубльді қолдау үшін 1,75 миллиард доллар жұмсағанын жазды.

Санкт-Петербургтегі Сбербанк кеңсесі

Bloomberg-тің хабарлауынша, Сбербанк дерегіне сай, мұнай бағасының құбылып тұрғандықтан келер жылы Ресейдің бюджет тапшылығы 1,2 пайыз көлемінде қала береді деген қауіп бар.

Алексашенко Ресейдегі экономикалық жағдай жақсарады деуге негіз жоқ деп біледі.

- Президент те, үкімет те экономиканың траекториясын жақсарту үшін ештеңе істемей отыр. Жағдай нашарлай береді, бірақ 2008 жылғыдай бірден күрт түсіп, кенеттен 10 пайызға құлдырамайды. Бұл жолы ахуал біртіндеп қиындай береді, - дейді ол Азаттыққа.

Карл Шректің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.