Жаңа технологияны наразыларға қарсы қолдану. Белсендінің күресі

Фотосуреті бойынша адамның тұлғасын анықтайтын компьютерлік бағдарламадан скриншот. Көрнекі сурет.

Ресейлік құқық қорғаушы Алена Попова адамды бет әлпетінің кескінінен анықтайтын технологияларды наразыларды қудалауға заңсыз қолданып отыр деп билікті сотқа берді. Белсенді аталған технологиялар азаматтардың құқығын өрескел бұзып, пікір еркіндігін шектеуге мүмкіндік береді деп санайды.

"КАФКА МЕН ОРУЭЛЛ СУРЕТТЕГЕН ӘЛЕМДЕ ТҰРАМЫЗ"

Мәскеулік заңгер әрі азаматтық белсенді Алена Попова 2018 жылғы сәуірде Ресей мемлекеттік думасы ғимаратының алдына бірнеше әйелге жыныстық бопсалау жасаған деген айыпқа қалған депутатқа қарсы наразылық акциясына шыққаны үшін сотқа тартылған. Сот отырысы кезінде белсендінің кінәсінің дәлелі ретінде көшедегі бейнебақылау камерасына түскен оның суреті 32 есе ұлғайтылып көрсетілген. Сот Поповаға "қоғамдық орынға жиналу тәртібін бұзғаны" үшін 20 мың рубль ($310) айыппұл салған.

Алена Попова адамның тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер биометрикалық дерекке жатады, ал ондай деректерді өңдеу үшін (қорғаныс, қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес туралы заңдарда көрсетілген жағдайлардан басқа кездері) әуелі сол азаматтың жазбаша келісімі болуы тиіс деп санайды. Бұған қоса ол Ресей Конституциясы адамның жеке өмірінің құпиялығы қорғалатындығына кепілдік береді, ал Мәскеу билігі заңды өрескел бұзып, азаматтардың құқығын таптады деп біледі.

Ресейлік "Зомбылықты тоқтатайық" қозғалысының негізін қалаған белсенді Алена Попова.

Заңгер Попова құқық қорғау органдары өзінің түр-тұлғасын бақылау камералары арқылы анықтағанын білгеннен кейін Мәскеу билігін сотқа берді. Белсенді биліктің бейнекамера арқылы адамдарды анықтауы – заңға қайшы іс-әрекет деп бағалап, соттан ондай технологияны пайдалануға федералды деңгейде тыйым салуын сұрайды.

"Сот кезінде видеобақылау камераларының жазбасын зерттеу барысында мені пикет өтетін жерге жетпей жатып ұлғайтып көрсеткенін анықтадық. Сол кезде маған адамды бет әлпетінен анықтайтын заңсыз жүйеге қарсы науқан бастау туралы ой келді" деп жазды Алена Попова қазанның 7-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Соңғы жылдары Ресейде билік органдары адамның тұлғасын видео мен фотодағы кескіні бойынша анықтайтын технологияларды қолдануға көшіп жатқаны байқалады. 2017 жылы Мәскеу мэриясы қалада адамның түр-тұлғасын ажырата алатын үш мыңға жуық камера қосылған арнайы жүйе іске қосылғанын хабарлаған. 2018 жылы футболдан әлем чемпионаты өткен кезде ақпараттық жүйе сынақтан өткізіліп, кейін қолданысқа енген. Мәскеу билігі іздеудегі қылмыскерлерді ұстау мақсатын алға тартып, 2019 жылдың соңына дейін қаладағы 162 мың камераның 40 пайызын жаңартуды жоспарлап отыр.

Кремльге жақын маңдағы көше шамының бағанына ілінген бақылау камералары. Көрнекі сурет.

Қарқынды дамып жатқан бақылау технологияларына әлемде бірқатар мемлекеттің, соның ішінде авторитарлы билік жүйесі орнаған елдердің аңсары ауып отырғаны байқалады. Кремльдің қарсыластары мен құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай технологияларды Ресейде 2012 жылы Владимир Путин премьер-министр қызметінен кейін президент лауазымына қайта оралған кезде азаматтық қоғамның наразылығын басуға қолдана бастаған.

"Біз Кафка мен Оруэлл суреттеген әлемде тұрып жатқандаймыз. Қалай болғанда да құпиялығымыз бен дербестігімізді сақтап қалу мақсатымен күресу үшін қазір бізге шегінерге жер жоқ" деді Алена Попова "Настоящее время" сайтына.

АЗАМАТТЫҚ БАСТАМА

Биліктің аталған технологияларды наразы азаматтарға қарсы қолдануды арттырғанына қарсылық білдіріп, мемлекеттің үстінен сотқа түсірген шағымынан нәтиже шықпауы мүмкін деп қауіптенген Алена Попова бұл мәселеге қоғам назарын аударған жөн деп шешкен.

"Сот процесінен бөлек, бұл технологияларға қарсы қоғамдық науқан бастаймыз деп шештік. Біздегі құқықтық жүйенің көмегімен Мәскеу билігі сотта жеңіп шықса да істі бұлай қалдырмаймыз. Бұл технологияны қолдануға федералды деңгейде тыйым салуды талап етеміз" деп жазды ол.

Бақылау камераларына түскен Мәскеу тұрғындарын өзінен үлгі алып, сотқа талап арыз түсіруге шақырған Алена Попова қазанның 7-сі күні онлайн петиция жариялап, бірнеше сағат ішінде 500 қол жинаған. Ресейдегі онлайн цензура мен бақылауды қадағалайтын "Роскомсвобода" үкіметтік емес ұйымы Попованың әлгіндей технологиялық жүйелерді қолданудың ашықтығы мен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейінше оған мораторий жариялау туралы талабын қолдайтыны туралы мәлімдеме жариялады.

Путин үкіметі адамды бет әлпетінің кескіні бойынша анықтай алатын технологияларды әлемдік тәжірибеде бар қылмысқа қарсы күрес шараларының бірі етіп көрсетуге тырысқанымен, биыл Мәскеуде өткен митингілерге байланысты қоғамда бұл технологиялар ерекше назарға алынып отыр.

Құқық қорғаушылар мұндай бақылау технологиялары биліктің рұқсатынсыз өткен митингіге қатысушылардың тұлғасын анықтауға қолданылатынын айтады. Наразылық акцияларына қатысқан жеті адам түрмеге жабылып, қалғандарына айыппұл салынған. Бақылау технологияларын сынаушылардың пікірінше, полиция көліктеріне орнатылған, адамды кескіні бойынша анықтайтын мұндай камералар билікке наразы азаматтарды аңдып, ұстауға көмектеседі.

"Мәскеуліктерді бақылайтын жүйе". "Настоящее время" видеосы (орысша)

Мәскеуде шілденің 27-сі күні биліктің рұқсатынсыз өткен шеру кезінде арнаулы қызмет өкіліне қағаздан жасалған стақан лақтырған 25 жастағы Сергей Абаничевті акциядан бір аптадан кейін үйінен ұстап, бір айға түрмеге қамаған. Жігіттің әкесі Вячеслав Абаничев ұлын құқық қызметкерлері бақылау камераларының көмегімен ұстаған деп санайды.

"Настоящее время" сайтына берген сұхбатында ол: "Бұл - қылмыскерлер мен тыңшыларды ұстауға арналған жоғары деңгейлі технология. Оның көмегімен азаматтарды толықтай бақылауға алуға болатыны қауіпті" деген.

Батыс елдерінде адамдарды бейнебақылау жүйелерінің көмегімен жаппай аңдуды адам құқығын өрескел бұзатын қауіпті іс-әрекетке жатқызады, ондай құралдарды пайдалануға шектеу қойылған. Ал Қытай тәрізді кей мемлекеттерде адамды биометрикалық деректер бойынша тани алатын технологиялық жүйелердің көмегімен тұрғындарды жаппай бақылауда ұстап, жүріс-тұрысын толық қадағалау (Шыңжаң аймағындағыдай) қалыпты жағдай саналады. Қытай компанияларының бақылау камераларын маңайындағы өзге елдер де сатып алады. Өткен айда Қырғызстанда "Қауіпсіз қала" жобасын жүзеге асыру бойынша жарияланған тендерде қытайлық компания жеңіске жетті.

Қазанның 7-і күні АҚШ билігі Қытайдың 28 компаниясы мен фирмасына санкция салды. Енді АҚШ компаниялары оларға Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатпайды. АҚШ қаржы министрлігінің бұл жайлы мәлімдемесінде "санкция салынған компаниялар Қытайдың ұйғырларға, қазақтарға және басқа да діни азшылық топтарға қарсы репрессия науқанына, жаппай ұстауға және оларды жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан" деп жазылған. АҚШ санкция салған компаниялар арасында өткен айда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге барған сапарында штаб-пәтерін аралаған видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы және адамды бет әлпеті бойынша анықтайтын технологиялық құрылғылар дайындайтын өзге компаниялар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Қытай фирмаларына санкция салды. Арасында Тоқаев барған компания да бар

(Азаттық тілшісі Мэтью Люксмурдың мақаласынан аударылды.)