10 мамырда Ресей президенті Владимир Путин коронавирус пандемиясы кезіндегі жағдайға қатысты оптимистік пікір білдірді. Сочиде сөйлеген сөзінде ол "мамандардың пікірінше, елдегі жағдай тұрақты" деп мәлімдеп, халықты вакцина салдыруға үндеді.
12 мамырдағы ресми статистикаға сәйкес, осы уақытқа дейін елде коронавирус жұқтырған 4 905 059 науқас тіркеліп, 114 331 адам көз жұмған. Бірақ көп адам мемлекет ресми статистиканы едәуір азайтып көрсетіп отыр деп есептейді.
Желтоқсан айында вице-премьер Татьяна Голикова елдегі коронавирусқа қатысты деректердің күмән туғызатынын айтқан. Оның есебінше, 2020 жылдың 11 айында болжағаннан көп өлім тіркелген (229 700), оның 81 пайызына Covid-19 вирусы себеп болған. Бұл Росстат статистика агенттігі пандемия кезінде вирустан 57 мың адам көз жұмды деп жариялаған кезде, елдегі шынайы өлім көрсеткіші 186 мың адам болғанын көрсетеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Спутник V": Ресейдің қайшылыққа толы Covid вакцинасы жайлы не белгілі?Ресейдің белгілі демографы Алексей Ракша бұл деректердің өзі шындыққа жанаспайтынын, елдегі пандемияның шынайы ауқымын анықтау мүмкін емесін айтады.
– Жай ғана факт, біз қанша адамның коронавирус инфекциясымен ауырғанын білмейміз. Бұл жай болжам ғана. Ресейде кем дегенде халықтың үштен біріне вирус жұқты деп ойлаймын… Мәскеу мен Санкт-Петербургте бұл көрсеткіш 40 пайызға жуық. Менің бағалауымша солай, – дейді Ракша.
Осылайша, пандемия басталған 2020 жылдың басынан бері елде коронавирус инфекциясын жұқтырып ауырғандар саны 47 миллионнан асқан болып шығады.
САЯСИ МҮДДЕ VS ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Ракшаның пікірінше, үкімет 2020 жылдың бірінші жартысындағы шешуші кезеңде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды жеңуге қарағанда саяси мақсатқа жетуге басымдық берген. Былтыр маусым, шілде айларында Кремль конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыұлттық референдум өткізді. Бұл өзгерістер Путинге 2036 жылға дейін билікте қалып, алтыжылдық президент мерзімін әлі екі рет атқаруға мүмкіндік береді.
– Мәселе Ресейде қанша адам өлгенінде емес, қанша адамға вирус жұққанында болып отыр. Көп адамға вирус жұқты, себебі бізде пропаганда күшті болды, елді алдады, патшаға "нөлдену" (осыған дейінгі сайланған президенттік мерзімінің бәрін жою - ред.) қажет болды. Біздің басты мәселеміз – осы, – дейді демограф. Бұл сөзінде ол 2024 жылы төртінші президенттік мерзімі аяқталатын Владимир Путинге "екі мерзімнен артық президент болуға болмайды" деген заң шектеуіне қарамастан, қайтадан сайлауға түсуге мүмкіндік беретін конституциялық өзгерісті меңзеді.
– Біздің үкімет өз мақсатына бола 300 мың адамды құрбандыққа шалды. Әрине, олардың көбі – қарт адамдар, бірақ бәрібір олардың өмірі қиылды. Бәрі дұрыс болса, біздегі шектен тыс өлім көрсеткіші жарты миллион емес, ең көп дегенде 150 000 – 200 000 аралығында болар еді, – дейді Ракша.
Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда, референдум біраз қиындық туғызды. Осыдан кейін бүкіл ел аумағында наразылық акциялары басталды.
Ракша 2020 жылы шілдеде Ресейдің коронавирустан көз жұмған науқастар есебін жүргізу әдісін сынағаннан кейін Росстаттың денсаулық сақтау саласындағы демографы қызметінен босатылған. Ресми дерек бойынша, ол кезде Ресейде коронавирустан 11 439 адам көз жұмған. Шенеуніктер бұл көрсеткішті мемлекеттің төтенше жағдайға реакциясы тиімді болды дегенді көрсету үшін пайдаланған. Ракша бұл дерекпен келіспей, "коронавирустан кемінде 30 мың адам көз жұмды" деп мәлімдеген.
Ол үкімет ұсынған ресми деректерді әлі күнге сынап келеді.
– Мен кәсіби мамандардан басқа адамдарға "Стопкоронавирус" пен "Роспотребнадзор" деректерін қарамауға кеңес беремін. Мұндай деректер барын ұмытқан жөн, өйткені бұл қауіпті. Бұл – жалған ақпарат, – дейді үкіметтің пандемияға байланысты деректер жариялайтын ресми сайты мен коронавирус туралы ақпарат беріп отыратын тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттікті атаған Ракша.
Демограф аймақтардағы шенеуніктер Росстаттың қысымымен статистиканы "қолдан жасап отыр" деп есептейді.
– Олардың күн сайын коронавирус инфекциясы туралы бірдей дерек жариялауынан бұл статистиканы Мәскеуге немесе көрші облысқа хабарласып, деректерді нақтылап алған шенеуніктер "қолдан жасағанын" аңғаруға болады. Бұл мәлімет түгелдей ойдан шығарылған, – дейді Росстаттың деректерді жарияламас бұрын тағы бір түзетіп шығатынын айтқан Ракша.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ
Алексей Ракшаның айтуынша, пандемия Путиннің елдегі демография ахуалын жақсартамын деген ескі мақсатын жүзеге асыру жолында кезіккен елеулі кедергіге айналған. Үкімет 2006-2019 жылдары Ресейдегі өмір сүру ұзақтығын 8,5 жылға ұзартуға күш салған еді.
Бірақ пандемия салдарынан өмір сүру ұзақтығы 1,8 жылға қысқарып, Ресей 2014-2015 жылдардағы көрсеткішіне оралған. Демографтың айтуынша, коронавирустан ерлерге қарағанда әйелдер көп зардап шеккен. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және көтерме сауда саласында жұмыс істеп жүргендердің көбі әйел болғандықтан дейді маман.
– Олардың вирус жұқтырып, содан өліп кету ықтималдығы жоғары болды, – дейді Ракша.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қабірді экскаватормен қазып көмектестік". Елде маусым-шілдеде жерленгендер бірнеше есе өскенЕлдегі шектен тыс өлім көрсеткішін есептеу кезінде халық санының өсімі ескерілуі керек. Ракша "2020 жылы тіркелген өлім санын 2019 жылғы көрсеткішпен салыстыру арқылы шектен тыс өлім көрсеткішіне дұрыс баға бере алмаймыз" дейді.
Демографтың дерегінше, 2020 жылдың бірінші жартысында тіркелген өлім көрсеткіші 2019 жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда 13 мыңға аз. Осылай пандемия алдында Ресейде демография ахуалы жақсарған. Ракшаның айтуынша, 2020 жылы 355 мың адам, ал пандемия басталғалы осы кезге дейін 500 мың адам көз жұмған.
Ол шектен тыс өлім көрсеткішін тікелей немесе жанама түрде Covid-19 вирусымен байланыстырады. Үкімет 2019 жылы пандемияға қатысы жоқ оқыс оқиға, суицид, кісі өлтіру, улану, қатерлік ісік, СПИД, туберкулез және басқа да себептерден болған өлім көрсеткіші мен бала өлімі азайғанын хабарлаған.
– Бірақ біз дәрігерлердің сөзінен [Covid-19] вирусының жүрек-қан тамыры, тыныс алу және ас қорыту жүйесіне әсер ететінін білеміз. Алайда Голикова аталған санатқа жататын өлім себептерінің өсу динамикасы туралы ештеңе айтқан жоқ. Демек бұл көрсеткіштер өскен. Денсаулық сақтау министрлігі Covid-19 вирусынан көз жұмған көп науқастың өлімін басқа себептен болды деп көрсеткен. Бізді ақымақ көріп, өтірік айтады. Олар бізге "тәйірі, құлдар өледі де, қалады" деп қарайтын сияқты, – дейді ол.
Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Светлана Прокопьеваның репортажы бойынша жазылған мақала ағылшын тілінен аударылды.