Accessibility links

"Өтірік айтқаны ашындырады". Қайта өршіген Covid ауруханалардағы келеңсіздікті әшкереледі


Ресейдің Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырған науқастар жатқан аурухананың дәлізі. Владимир Костериннің Facebook-тегі парақшасында жарияланған сурет.
Ресейдің Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырған науқастар жатқан аурухананың дәлізі. Владимир Костериннің Facebook-тегі парақшасында жарияланған сурет.

Ресейдің солтүстігінде қайта өршіген Covid-19 індеті жұртқа көктемдегі алғашқы толқыннан да ауыр тиді. Тұрғындар жедел жәрдем қызметін ұзақ күтіп, компьютерлік томографияға түсу үшін сағаттап кезекте тұратынын, ауруханада науқастар дәлізде жатқанын, ал биліктің шынайы жағдайды жасыратынын айтады.

Ресейдің солтүстігіндегі Вологда қаласының тұрғыны Алексей Крашенининді 1 қарашада үйінен жедел жәрдем көлігі алып кеткен. Қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындаған науқастың бойында Covid-19 симптомына ұқсайтын белгілер байқалған.

– Олар жедел жәрдемді төрт сағат күтті, – дейді Азаттыққа Алексейдің қызы Надежда Крашенинина. – Гипоксияның (ағзада оттегінің жетіспеуі – ред.) ауыр түріне шалдыққан әкемді үйден зембілге салып әкетті. Сосын жедел жәрдемде компьютерлік томографияға түсуге кезек күттік.

Алексей Крашенинин.
Алексей Крашенинин.

Алексей Крашенининді Вологда қалалық №1 ауруханасына жеткізіп, палатада орын болмағандықтан, оны-мұны зат сақтайтын бір бөлмеге жатқызған. Қызының сөзінше, әлгі жерде қараусыз, ауыр халде жатқан әкесіне ешкім ем жасамаған, оттегі аппаратына қоспаған. Тіпті сол бөлмеде жатқан басқа бір науқас дәрігерді іздеп тауып келгенге дейін тамақ та бермеген.

– [3 қараша күні] маған шұғыл желі арқылы әкеме дәрі құйғанын айтты, – дейді Крашенинина. – Олар әкемнің тамақ ішіп жатқанын және көңіл-күйі жақсы екенін жеткізді. Әкеме қоңырау шалғанымызда ол әрең сөйлеп тұрды. Тамырына ешкім дәрі салмағанын, тіпті дәрігер де келмегенін айтты.

Мәскеуде тұратын Надежда Крашенинина дәрігермен сөйлесу үшін Вологдадағы ауруханаға тынбай қоңырау шалғанын айтады. Ал Вологдада тұратын анасы карантинде болғандықтан күйеуіне бара алмаған. Аурухана өкілі Крашенининаға шұғыл желі арқылы әкесінің оңалып келе жатқанын айтқан. Бірақ ол жолын тауып, әкесімен сөйлескенде оның өлім аузында жатқанын аңғарған.

5 қараша күні Надежда Крашенинина Мәскеуден Вологдаға барып, аурухана бас дәрігерінің орынбасары Алевтина Осиповамен кездескен. Осипова өзінің компьютерінен Крашенининаның әкесінің жағдайы туралы жазбаларды тексеріп, "зертханалық талдауларының барлығының қорытындысы жақсы екенін" айтқан.

– Мен туыстарыма қайтып кеткен едім, 20 минут өткенде Осипова қоңырау шалды. Ол әкемді өзі барып көргенін, сатурация (қан құрамындағы оттегі мөлшері – ред.) деңгейі төмендеп кеткенін күмілжіп айтты, – дейді Крашенинина.

Науқасты дереу жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосқан. Бірақ ол кезде тым кеш еді. 6 қараша күні сағат 10:40-та Алексей Крашенинин 66 жасында қайтыс болды.

– Ол ешкім келіп көмек көрсетпегеннен көз жұмды, – дейді марқұмның қызы Надежда Крашенинина. – Мұны қылмыс деп есептеймін.

Аурухана бұл жағдай туралы комментарий беруден бас тартып, журналистерге облыстық денсаулық сақтау департаменті таратқан баспасөз релизі мен мәлімдемесіне сілтейді.

"МЕДИЦИНА ҚАУҚАРСЫЗ БОЛЫП ТҰР"

300 мыңға жуық адам тұратын Вологда қаласында ауруханада қайтыс болған жалғыз Алексей Крашенинин емес. Әлеуметтік желіде мұндай жағдай басынан өткенін айтқан тұрғындар жетерлік. Ал жергілікті билік өкілдерінің проблема барын үзілді-кесілді жоққа шығаруы не науқастардың өзін кінәлауы көп жағдайда мәселені одан ары ушықтырды.

– Медицина жүйесі проблеманы еңсеруге қауқарсыз, – дейді Вологда тұрғыны Владимир Костерин Азаттыққа. – Жағдай қиын екенін бәрі түсінеді. Бірақ өтірік айтқаны ашындырады. Проблема бары рас, оны шешуге тырысып жатырмыз десе болады ғой. Бұдан шығатын бір ғана қорытынды – үнсіз қалмай, барлық проблеманы айтуымыз керек. Сол кезде ғана өзгеріс болады. Шу болғаны оларға ұнамайды. Шудан кейін ғана олар қозғалып, жағдай жақсара бастайды.

Ресейдің Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырған науқастарды емдейтін аурухана.
Ресейдің Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырған науқастарды емдейтін аурухана.

Ресей мен өзге елдерде өршіген коронавирустың екінші толқыны Вологда мен елдің солтүстігіндегі өзге өңірлерге биыл көктемде болған бірінші толқыннан да ауыр тиіп отыр.

Ресми статистикаға сай, Вологда облысында көктемдегі алғашқы толқын кезінде тәулік сайын вирус жұқтырған 25-тей науқас тіркелген. Ал қыркүйектен бері көрсеткіш тоқтаусыз ұлғайып барады. Қазан айында аймақта коронавирус кесірінен 25 адам қайтыс болған. Қыркүйекте бұдан екі еседен артық көбейген.

Костерин қазан айында әпкесі Марина мен жездесінің коронавируспен ауырып, одан қалай емделгені жайлы Facebook-те көлемді жазба жариялап, елдің назарын аударған.

Желі қолданушы "жұт жеті ағайынды деген. Олар өмірінде Covid-пен бірге Вологданың денсаулық сақтау жүйесімен де бетпе-бет кезікті" деп жазды.

Марина мен күйеуі әуелде жедел жәрдем шақырғанда дәрігерлер оларға "жай ғана тұмау тигенін" айтып, ауруханаға апарудан бас тартқан. Екінші күні жағдайы күрт нашарлаған соң ерлі-зайыпты тағы да дәрігер шақыртқан. Жедел жәрдем тек 12 сағаттан кейін келіп, оларды компьютерлік томографияға түсіруге апарған. Бұл жерде олар төрт сағат кезек күтіп, содан кейін ғана оларды қалалық №1 ауруханаға жеткізген.

Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырғандарды емдейтін аурухананың дәлізінде жерде жатқан науқас.
Вологда қаласындағы Covid-19 жұқтырғандарды емдейтін аурухананың дәлізінде жерде жатқан науқас.

"Оларды басқа орын болмаған соң дәлізге жатқызған. Әлбетте, ол жер суық әрі жел ұрып тұратындықтан, олар жаураған. Оларға не жайма, не көрпе бермеген. Дәлізде жылжымалы төсекте жатқан" деп жазды Костерин.

Бұл жазба жарияланған соң Вологда мэрі Сергей Воропанов оны жоққа шығарды.

"Адамдар дәлізде жатқан жоқ. [Жазбадағы] ескі суреттер" деген мэр тұрғындарды "қаңқу сөзге" сенбеуге шақырды.

Бірақ Вологда облысының губернаторы Олег Кувшинников "Вологда тұрғындары "дәлізде жатпауы тиіс екенін" мәлімдеген. Жұрт губернатордың сөзі аурухана басшыларының ауруханада тым болмағанда аз уақыт болса да тәртіп орнатуына түрткі болғанын айтады.

Алайда Марина бауырына ауруханадағы ахуалды үздіксіз хабарлап отырған. "Құдды тылдағы барлаушы сияқты болды" дейді бауыры. Владимир Маринаның суреттері мен комментарийлерін Facebook-те жариялауын жалғастырып, ауруханадағы проблемалар әшкере болған соң ғана ақырындап шешіле бастаған.

3 қарашада ол науқастардың дәлізде ғана емес, кейбірі тіпті еденде жатқан суреттерін жариялады.

"БАРЛЫҒЫ ШАРШАП, ҚАЖЫҒАН"

Вологда қаласының билік өкілдері бұған жауап ретінде науқастардың палаталарында көркейту жұмыстары жүргізіліп жатқанына "қарсылық танытып отырғанын" айтты. Екі күннен соң Костерин Facebook-те аурухананың бас дәрігерінің "науқастарды дәрігерлері оларды бақылап тұруы үшін дәлізге жатқызды" деп айтқанын жазды.

Костериннің әпкесі сонымен бірге тұтас бір қабатта науқастарға қызмет көрсететін жалғыз мейіргер барын және оның ауысым бойы бір ғана қорғаныш құралымен жүргенін хабарлады.

"Барлығы қажыған. Ешнәрсеге үлгермейді. Күніне үш мезгіл берілуі тиіс дәріні кешке жақын бір-ақ әкелді. Оған қоса, біресе киім, біресе дәрі-дәрмек, дәрі тамызғыш жетіспейді. Бейберекет жайлаған" дейді Костерин.

Ауруханада екі апта жатқан Маринаны жергілікті журналиске комментарий берген соң бірден емдеу мекемесінен шығарып жіберді.

Маринаның бауырына айтуынша, дәрігерлер науқасқа "Сізді бас дәрігердің бұйрығымен ауруханадан шығарамыз" деген. Олар кешкі сағат 8-де Маринаға такси шақыртып, үйіне қайтарған.

Марина ауруханадан шығып бара жатып, ол жерден соңғы видеосын түсіріп үлгеріпті. Видеода аурухана маңында науқастарға әкелінген сәлем-сауқаттың жерде үйіліп жатқаны байқалады. Осы видео жарияланған соң қала билігінің өкілі Костериннің жазбасына комментарий жазып, сәлем-сауқат қоятын арнайы орын дайындалғанын хабарлаған.

Бұл дау көпке тарап, Вологодск облысы үкіметінің төрағасы Антон Кольцов ауруханаға барып, науқастардың "арыз-шағымы жоғын" мәлімдеді.

Марина мен күйеуі коронавирустан айықты. Бірақ олар сияқты емделіп кете алмай, дерттен қайтыс болып кеткендер де көп. Солардың бірі Наталья Фролова Азаттыққа әкесі Виталий Москвиннің індеттен қалай көз жұмғанын баяндап берді.

Виталий Москвин 25 қыркүйек күні пневмония деген диагнозбен ауруханаға түскен. Бірақ Covid тесті теріс нәтиже көрсетіп, шамамен екі аптадан кейін оны ауруханадан шығарған. Алайда арада тоғыз күн өткенде ол қайтадан ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Бұл жолғы Covid тесті оған коронавирус жұққанын анықтаған.

Наталья Фролова әкесін "күнде телефон соғып, жылайтын, бізден көмек көрсетуімізді сұрайтын. Ол ешкім келмейтінін, тіпті ешкім су да бермегенін айтқан еді" деп еске алады.

16 қазан күні Виталий Москвин тыныс алуы қиындап, басы мен кеуде тұсы ауыратынын айтып шағымданған.

22 қазанда Москвиннің Covid-ке тапсырған тесті тағы да теріс нәтиже көрсеткен. Дәрігер ол туралы "жағдайы бір қалыпты, ауруханадан шығаруға болады. Қызуы көтерілмейді. Қабыну байқалмайды. Өздігінен жақсы тыныс ала алады. Сатурация деңгейі – 96 пайыз" деп жазып берген.

"ДӘМ-ТҰЗЫ ТАУСЫЛДЫ"

Келесі күні Виталий Москвинді ауруханадан үйіне шығарған. Туыстары түгел карантинде болғандықтан оны ауруханадан әкете алмаған. Сондықтан, дәрігер оған өзінің танысын шақыртып, ол науқасты 1800 рубль (24 доллар) ақшаға үйіне жеткізген.

Виталий Москвин.
Виталий Москвин.

– Ол өз бетінше жүре алмады. Жүргізуші оны пәтерге дейін алып келді. Біз оны әзер таныдық. Көз алдымызда әбден жүдеп, өңі қашқан адам тұрды. Оны ауруханада болған күндері уайым-қайғы жүдетіп жіберген екен, – дейді Наталья Фролова.

Ол әкесінің өкпесінде қырыл пайда болып, қызуы 39 градустан түспей қойғанын айтады.

24 қазан күні үй-іші оған қайтадан жедел жәрдем шақыртқан. Келесі күні таң ата дәрігерлер келген.

– Оның жағдайы тым аянышты еді. Дәрігерлер кірді де, "оны әкетудің мәні жоқ. Біткен екен" деді. Дәрігерлер оны әкетпеді, оның өзі де барғысы келмеді, – дейді Фролова.

Ертесіне таңертеңгі сағат 9-да Виталий Москвин қайтыс болған.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Кирилл Кругликовтың мақаласы бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG