Бастапқыда бұл материал соғыс туралы емес, Украинада тұратын қазақстандықтардың сол елдің оңтүстік-шығысындағы Мәскеу қолдайтын Луганск және Донецк "халық республикаларын" (ресейшіл сепаратистердің өзін өзі жариялап алған құрылымдары) Ресей билігі тәуелсіз мемлекеттік бірлік деп мойындайтыны туралы Кремль мәлімдемесіне қалай қарайтыны жөнінде болуы керек еді. Бірақ кейінгі күндері болған өзгерістерге байланысты Азаттық Украинадағы қазақстандықтардан өздері тұрып жатқан қаладағы жағдайды баяндап, елдегі ахуал жайлы әңгімелеп беруін сұрады.
Дәулет Бейсембаев, Киев. Ұлты қазақ Украина азаматы
– Жан-жақтан тарпа бас салып жатыр! Украина оқ пен оттың ортасында қалды: елді солтүстіктен, шығыстан, оңтүстіктен шабуылдап жатыр. Оккупант әскери инфрақұрылымдарды жоюға кірісті. Таңертең Киевтің іргесіндегі Броварыда орналасқан әскери бөлімдерге шабуыл жасады. Ресей зымырандары Украинаның орталығына дейін жетіп жатыр.
Ресейдің басып кіретініне моралдық тұрғыда дайын болдық. Ең қажет деген заттарды бір сөмкеге салып қойдым: ішінде алғашқы үш-төрт күнге жететін дүниелер бар. Енді тек әскери комиссияға барып, қолыма қару алып, жіберген жағына бет түзеп, инфрақұрылым нысандарын күзету ғана қалды. Елде жаппай мобилизация басталды, 65 жасқа дейінгі азаматтардың бәрін әскерге шақырып жатыр. Өңірлік қорғаныс бригадалары құрылды.
Киев мэрі Виталий Кличко қала әкімшілігі ғимаратының алдында ақпарат арналарының бәріне сұхбат берді. Ол танымал боксшы бауыры Владимирмен бірге Киевте қалып, қаланы қорғауға қатысатынын айтты. Метро мен дүкендер жұмыс істеп тұр, интернет байланысы бар, Днепр, Одесса, Харьков, Николаевтағы таныстарыммен сөйлесіп, хабар алып отырмын.
Қанша жерден қорқынышты естілсе де, сегіз жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыс кезінде кісі өлімі мен марқұмдарды жерлеуге етіміз үйреніп кетті. Не дегенмен соғысып жатқан елміз ғой. Күн сайын қаралы хабар естиміз. Әскери қимылдар сипатына қарай әр күні бір-екі не одан көп адам қаза табады. Ресей сепаратистік құрылымдарды заңсыз мойындады. Путин 2008 жылы Оңтүстік Осетия мен Абхазияда қолданған сценариімен әрекет етіп отырған сияқты.
Батыс елдері әскери-техникалық көмек берді: соғыс қару-жарағын алдық, енді танк шабуылына тойтарыс бере аламыз. Бүгін жау ұшақтары мен тікұшақтарын атып түсірдік. Иә, бізде қанатты зымыран не ядролық қару жоқ, бірақ өз әуе қорғаныс жүйеміз бар. НАТО физикалық тұрғыда көмек көрсете алмайды, өйткені одаққа мүше емеспіз. Бірақ барымызды салып қорғанамыз.
Любовь Запевалова. 2018 жылдан бері Украинада тұрады
– Тұрмысқа шығып, Украинаға көштім. Бірақ Қазақстан азаматы болып қалдым. Күйеуім Пашамен онлайн ойын арқылы танысқанбыз, 2014 жылы кездескіміз келген, бірақ Украинадағы жағдайға байланысты көрісе алмадық. Кейін Паша Қазақстанға келді, біраз уақыт бірге тұрдық. Ол тұрғылықты мекенжай анықтамасын ала алмай, Украинаға қайтуға мәжбүр болды. Сондықтан 2018 жылы Мариупольге бардым.
Мариуполь – өте жақсы қала, Донецк облысы аумағында орналасқан. Үйіміз майдан шебіне жақын болмаса да, жарылыс дауысы естіліп тұратын. Қаланың екінші шетінде тұратын адамдар атыс басталғанда "терезе дірілдейді" деп айтатын. Мариуполь – әдемі, дамушы қала. Бұл жаққа тыныш әрі бақытты өмір сүру үшін келдім. Енді Мариуполь кейінгі бірнеше жылда қалпына келтірілген дүниенің бәрін бір зымыранмен тас-талқан ететін "соғыс шырмауына" түсіп кеткен сияқты.
Жағдай қараша айында шиеленісе бастады: "Ресей шекараға әскерін әкеліп жатыр екен" деген сыбыстар тарады. Жаңа жылдың өзін қорқынышпен қарсы алдық. Міне, енді сол қауіп шындыққа айналып отыр.
Соғыс басталардан бір күн бұрын түнде (23 ақпан – ред.) әскери шабуыл туралы ешқандай сыбыс не ресми ақпарат болған жоқ. "Бізде бәрі жақсы, мықтымыз, төтеп береміз" деумен ғана шектелді. Адамдар мүлде дайын болмады. Бірақ дүкендерде азық-түлік бар, ешқандай қарбалас байқамадым.
24 ақпан таңғы төртте жарылысқа ұқсас оқыс дауыстан оянып кеттік. Әйнектер дірілдей бастады. Соған қарағанда, Мариупольдің іргесін бомбалап жатқандай көрінді. Кейін сәл әріректе тағы бір жарылыс болды. Қазір үйден шықпай отырмыз, еш жоспарымыз жоқ. Әрине, кез келген сәтте жиналып, кетіп қалуға бекініп, буынып-түйініп отырмыз. Бірақ қайда баратынымызды білмейміз. Оның үстіне, Украинаның шығысын жан-жақтан қоршап тұрса, бір жаққа кетуге талпынудан еш пайда жоқ сияқты.
Андрей Пашкин, Киев. 2007 жылдан бері Украинада тұрады
– Таңғы алтылар шамасында шырт ұйқыда жатқан кезімізде тарс еткен оқыс дауыс шықты… Ұйқылы-ояу не болғанын түсінбедік, артынша бұл дыбыс тағы бірнеше рет қайталанды. Теледидарды қоссақ, Ресейден бізге қарай зымыран ұшырылғанын көрсетіп жатыр екен.
Тереземнің түбінде үлкен дүкен, банкомат пен базар бар. Таңертеңнен бастап банкомат алдында қалың кезек, дүкенге келушілердің де қарасы көбейген. Өйткені дүкен ішінде де банкомат бар. Дүкендерде азық-түлік жеткілікті, тек нан таусылып кетіпті.
Пәтерімнің терезесінен айналма жол көрінеді. Таңғы алтыдан бастап айналма жолдың үсті бос болатын, тек бірен-саран жеңіл көлік ғана жүр еді. Кейін жолаушы күрт көбейіп, минутына бір метрден артық жылжи алмайтын кептеліс басталды. Түске қарай оларға жүк көліктері қосылды. Бәрі қаладан кетіп жатыр.
Бүгін таныстарыммен, туыстарыммен сөйлестім. Кім қайда кететінін талқыладық. Көбі Батыс Украинаға, Львов, Закарпатье, Тернополь қалаларына кетіп жатыр… Бірақ қашқанда баратын жеріміз де, туған үйімізді тастап кетуге ниетіміз де жоқ. Тереземнің түбінде жарылыс басталмайынша, Киевтен кетпеймін. Қашатын күн туса, Еуропаға бет түзейміз. Өйткені кейін қарай қашу ақымақтық болар еді. Мысалы, қазір Австрия босқындарды қабылдап жатыр. Қазақстанға кіре алмаймыз, ол үшін бүкіл Ресей арқылы өту керек.
Лелия Мурано, Киев. Украинада 2018 жылдан бері тұрады
– Қазақстаннан төрт жыл бұрын көштім. Тұрмысқа шығып, күйеуімнің жанына Киевке қоныс аудардым. Қазақстандық төлқұжатымды өзгерткен жоқпын, бірақ Украина азаматтығын алуға тырысып жатырмын, қазір тұрғылықты мекенжай анықтамасымен жүрмін.
Басында жаңалық оқымауға тырыстым. Өйткені эмоцияға салынатын адаммын, жүйкемді жұқартқым келмеді. Шекараға әскери техника әкеліп жатқанын білдім, бірақ өзімді барынша бұл тақырыптан аулақ ұстауға тырыстым. Өйткені қанша көп білсем де, жағдайға әсер ете алмаймын. Кейін бұл туралы бәрі айта бастағанда "саясатқа араласпаймын" деп, шет қалу мүмкін болмады. Шекараның арғы бетіне жау жиналып жатқанын естігенде тынышымыз кетіп, бейбіт күннің ауылы алыс екенін түсіне бастаймыз.
24 ақпанда таңғы бестерде жылап оянған баламды жұбатуға тұрғанда жарылыс дауысын естідім. Толық ақпарат оқып үлгерген жоқпыз, соғыс басталғаны онсыз да түсінікті еді. Көлікке отырып, Киевтен кетіп қалдық. Әзірге қаланың шетіндегі ауылда тұрамыз. Білуімше, көбі Украинаның батысына кетіп жатыр.
* * *
Қазақстанның Украинадағы елшілігінің консулдық есебінде екі мыңға жуық қазақстандық тіркелген. 24 ақпанда Киевтегі дипломатиялық өкілдік Украинадан кетуге ниетті Қазақстан азаматтарын елге қайтару жоспарын дайындап жатқанын хабарлады. Бұл үшін қазақстандықтарға "өз күшімен" Украинаның батысындағы Львов қаласына жетуге кеңес берілген. Елшілік өкілдері азаматтарды Львовтан алып, Венгрия мен Польша арқылы Қазақстанға жеткізуге уәде берген. Қазір Украинаның әуе кеңістігі жабық. Қазақстан сыртқы істер министрлігі де азаматтарды қауіпсіз эвакуациялау жолын іздеп жатыр. Қазақстан билігі әзірге Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты нақты ұстанымын білдірген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?Путин Украинаның жікшіл екі аймағын "тәуелсіз мемлекет" деп танып, әскер кіргізуді бұйырдыЕсі ауысты ма, әлде стратегия ма? Путиннің Украина облыстары жөніндегі шешімі және оның қисыныПутин "тәуелсіз" деп таныған аумаққа Донбастағы жікшілдерге бағынбайтын жер де кіредіПутиннің "ЛХР" мен "ДХР" тәуелсіздігін мойындауы Қазақстанға қалай әсер етеді?