6 наурызда таңғы сағат 5-те Пермьдегі "Звезда" интернет-газетінің электрон поштасына хат келіп түсті.
"Роскомнадзор жіберген хатты бірден көрмедік" дейді "Звезда" газетінің бас редакторы Степан Хлопов. Ол Ресейдегі медианы бақылаумен айналысатын мемлекеттік агенттікті айтып отыр. Хлоповтың сөзінше, мемлекеттік орган хатында "тыйым салынған контентті" өшіруді талап еткен, бірақ қандай материал екенін нақтыламаған.
"Сол күні Пермь қаласының орталығында және басқа қалаларда бейбіт наразылық болып жатты, – дейді Степан Хлопов. – Онлайн-трансляция жасап сонда жүрдім. Біршама уақыт өткен соң әріптестерім әлгіндей хат келгенін айтты. Кейінірек сайттың бұғатталғанын жеткізді".
24 ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық жасады, содан бері бұл әрекетіне қарсы шыққандардың бәрін басып-жаншып жатыр. Роскомнадзор бұқаралық ақпарат құралдарына "соғыс", "басқыншылық" сөздерін қолдануға тыйым салып, биліктің ресми ақпаратын ғана таратуды бұйырды. Тіпті, "қарулы күштердің беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат" таратуға қарсы жаңа заң қабылдады. Бұл заңды бұзғандар он бес жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ресейде алдыңғы қатарлы тәуелсіз баспасөз құралдары бірінен соң бірі жабылып немесе шетелге көшіп жатыр. Билік Перьмдегі "Звезда" секілді аймаққа тарайтын басылымдарды да қудалауға көшті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мемлекеттік арналарының Украинадағы соғыс жайлы өтірігі"Енді бәрінен қорқамыз, себебі олар кез келген сылтаумен бізге де жетуі мүмкін" деді "Тайга.инфо" сайтының тілшісі Ярослав Власов наурызда берген сұхбатында.
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН СӨЗ
"Звезда" газетінің жағдайында биліктің сайтты нақты қандай себеппен бұғаттағаны ешқашан белгілі болмауы мүмкін, себебі Роскомнадзор редакцияның "Қандай материалды өшіру керек?" деген сұрағына жауап бермеген.
"Бірақ біз нені меңзегенін білеміз. 24 ақпанда "арнайы операция" басталғанда біз әр нәрсені өз атымен атайтынымызды мәлімдеген едік, – деді Хлопов. – [Сайтты] тыйым салынған сөзді қолданғанымыз үшін бұғаттаған болар".
"Олар бізге дейін де, бізден кейін де басқа сайттарға тыйым салды" деді Сергей Хлопов. Сонымен қатар газеттің ресейлік VK әлеуметтік желісіндегі парақшасы да бұғатталған.
Пермьдегі "Звезда" газеті 1917 жылы ашылып, постсоветтік кезеңнің басында Ресейдегі тәуелсіз аймақтық басылымның жарқын үлгісі болған. Бірақ 2016 жылы әртүрлі саяси және іскерлік себептермен газет иесі өзгерген дейді Хлопов. Газет Пермь облысы губернаторының медиа холдингіне кірген, ал басылым журналистері "Звезда" интернет-газетін ашқан.
Содан бері Хлопов басшылық еткен басылым жергілікті жаңалықтарға бағытталып, беделі артқан.
"Жергілікті бастамалар, қаладағы белсенділер, экологтар, суретшілер, адамдар туралы репортаждар жасаймыз, – деп түсіндірді ол. – Көп болмаса да, адал аудиториямыз бар".
Сайт бұғатталған соң журналистер "соғыс" сөзін алып тастап, жергілікті наразылықтар кезінде түсірілген бірнеше суретті өшіруге келіскен. Бірақ Роскомнадзорға бұл аздық еткен сыңайлы. Сайт Ресей аумағында әлі күнге ашылмайды, ал агенттік газеттің қандай да бір ақпарат беру жайлы сұрақтарына жауап бермейді. Бас прокуратура да басылымның өтінішін елеусіз қалдырған, сондықтан журналистер істі сотқа беруге дайындалып жатыр.
"Осы оқиғалар кезінде оқырмандар көп қолдау білдірді, – деді Хлопов. – Осылайша бізде миллиондаған болмаса да, бізді білетін және жұмысымызды бағалайтын мыңдаған оқырман бар".
Оның сөзінше, сайттың Telegram арнасына жазылушылар саны он есе өскен.
САМИЗДАТҚА КӨШУ
Сәуірде "Звезда" қызметкерлері Кремль цензурасынан айналып өту үшін жаңа идея ұсынған. Бұл бастама Совет одағындағы деспот үстемдігі кезеңдерін еске түсіреді. Ол кездері билік тыйым салған поэзия, проза, журналистика жасырын басылып, жұртқа таратылатын. Мұны орыс тілінде "самиздат" деп атайды.
"Звезда" ұжымы Telegram арнасында газеттің апталық самиздат нұсқасын жариялайды. А4 форматындағы басылымды кез келген принтерден шығарып алуға болады. Хлопов мұны "пропагандаға уланған" оқырманға объективті ақпарат жеткізудің амалы дейді.
"Қол қусырып отыруға болмайды, – деді Хлопов. – Бір ғана интернет басылым телеарна мен интернеттегі мемлекеттік пропаганданы жоя алмайды. Тіпті [тәуелсіз] интернет басылымдардың бәрі біріксе де, бұған шамасы жетуі екіталай".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей биыл мемлекеттік ақпарат құралдарына көп қаражат құйдыМұндай жағдайда "Звезда" қызметкерлері ақпарат жете қоймаған аудиторияға бағытталуы керек деп шешкен. "Құндылықтарымызды қолдайтын адамдарға жалғыз емес екенін, оларды ұмытпағанымызды көрсететін символикалық мәні де бар" дейді ол.
Совет одағында билік самиздат шығарғандарды қудалайтын. Президент Владимир Путин билеп-төстеп отырған Ресейде де осы жағдай қайталанып жатыр: сәуірде "Звезда" онлайн басылымының самиздат нұсқасын таратқаны үшін үш адамға әкімшілік жаза қолданған.
"Біз жұртты газетті таратуға шақырған жоқпыз, – деді Хлопов. – [Самиздатты] шығарып алып, үйіне апарып, басқа газеттердің жанына қойып қоюға болатынын айттық. Біреу-міреу көріп, теледидар секілді жан дүниесі мен ойына әсер еткенін қалаған едік".
Соған қарамастан ол газетті таратқаны үшін айыппұл салынған адамдар үшін жауапты екенін, сондықтан оларға қол ұшын беретінін айтады.
Сайт бұғатталғалы "Звезда" басылымы жарнамадан түсетін табысынан айырылған. Шығынын азайтуға мәжбүр болған сайт қазір жергілікті кәсіпкер, "Яблоко" партиясының мүшесі Надежда Агишеваның қолдауымен ғана күн көріп отыр.
"Бірақ мұндай жағдайда қаншалық ұзақ күн көре аламыз, ол жағын ешкім білмейді" дейді Хлопов.
"Мемлекет деңгейінде де, аймақ деңгейінде де онсыз да тәуелсіз баспасөз құралдарының көп бөлігінен айырылдық. Қуғын-сүргін де жалғасып жатыр" деді ол.
Idel.Реалии сайтында жарияланған мақала бойынша жазылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қазақстанда кремльшіл пропаганданың зәрлі даусы қатты шығады""Вова көкені шақырамыз", "Путин, Оралды қосып алшы". Желідегі тартыс және сепаратизм қаупі"Мәскеу шамданбасын деп..." Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізу машақаты"Камера алдында қуану, әскерден қашу және экономикалық тоқырау". Донбасс халқы соғысты қалай өткеріп жатыр?"Өзгенікіне тиіспейміз, бізге тиесіліні қайтарып аламыз". Ресейдегі балабақша мен мектептегі үгіт-насихат