1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Совет одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізген. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Жергілікті халық өзін "сынақ материалы" деп атайды. Азаттық тілшісі Совет одағы тұсында ядролық сынақ алаңы болған жерлерді аралап, сарапшылармен сөйлесіп көрді.
Семей ядролық сынақ полигоны (сынақ кезінде СССР қарулы күштері министрлігінің № 2 оқу полигоны деп аталған) – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Оған төрт миллион халқы бар Кувейт те сыйып кетеді. Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.
Семей полигоны бірнеше аймаққа бөлінген. Олар: Курчатов қаласында орналасқан әкімшілік-тұрмыстық (ол кезде "М" алаңы немесе "Москва-400" деп аталған) аумақ, зертхана қалашығы және радиусы 10 шақырымға жететін "сынақ даласы". Соңғысының "Дегелен", "Балапан", "Телкем" секілді бөлімдері болған. Олардың бірінде жануарларға сынақ жүргізілген.
Ресми ақпарат бойынша, қазір полигон аумағында ешкім тұрмайды және онда тұруға тыйым салынған. Бірақ бұл тыйымға қарамастан, кей тұрғындар бұл аумаққа мал жаяды.
"БАСҚА ЖАҚТА ТҰРА АЛМАЙМЫЗ"
Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласынан (бұрын Семипалатинск деп аталған) оңтүстік-батыстағы Саржал ауылына қарай жүріп келеміз. "Қайнар синдромына" шалдыққан (Шығыс Қазақстан облысындағы Қайнар ауылының аты берілген) адамдардың көбі осы ауылда тұрады. Ядролық сынақ жылдары Қазақ ССР ғылым академиясы өлкелік патология институтының директоры болған Бахия Атшабаров радиацияға ұшыраған адамдардағы патологиялық өзгерістер жиынтығын "Қайнар синдромы" деп атаған.
Саржал – екі мыңға жуық халқы бар үлкендеу ауыл. Жергілікті халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылға жарық пен су тартылған, бірақ мобильді интернет жоқ. Тұрғындар үкіметке хат жазып, мәселені шешуді сұраған. Бірақ ауыл әлі күнге интернет желісіне қосылмаған. Дрон ұшыру үшін мәдениет үйіне баруға тура келді, күзетшіден мекемеге орнатылған wi-fi-дың құпиясөзін сұрап алдық.
Ауылда бұл жердің Семей полигонына жақын орналасқанынан хабар беретін не бір жазуы бар тақтайша не ескерткіш жоқ. Ауыл жастары жерасты сынақтары туралы ғана естіген. Олар мұны қалыпты жер сілкінісі деп қабылдаған. Ал егде жастағы адамдар жер үстінде жүргізілген сынақтарға куә болған: олар үлкен "саңырауқұлақ" көріп, адамдарды жерге құлатып, сарайлардың әлсіз шатырын қиратқан қуатты жылы толқын сезгенін айтады.
Саржал тұрғындары полигон туралы айтуға аса құлықты емес. 71 жастағы Гүлмира Құсайынова да басында басқа журналистерге сұхбат беріп қойғанын айтып, Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартқан. Бірақ кейін бұл ойынан айнып, сұхбат беруге келісті.
– 1950 жылы Саржал ауылында тудым. Бәрін өз көзімізбен көрдік, бәріміз осы мәселенің зардабын тартып келеміз. Жеті жасымда маған "анемия" деген диагноз қойды. Бұл полигонның салдарынан болды, соның салдарымен өмір сүріп жатырмыз. Бәріміздің сүйегіміз ауырады, тісіміз ерте түседі. Қан қысымымыз көтеріледі, содан жанымыз қиналады. Бірақ бұл жердің ауасына үйреніп қалғанбыз, басқа жақта тұра алмаймыз, – дейді Гүлмира Құсайынова.
Полигондағы бірінші жарылыс Гүлмира дүниеге келерден бір жыл бұрын, 1949 жылы жасалған.
Ұлттық ядролық орталыққа қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Асан Айдарханов бірінші жарылыстың зардабы мол болғанын айтады.
– Жер үстінде жасалған сынақтардан өте көп шығын келді. Бірінші ядролық сынақ. Әлем ядролық соғыстың алдында тұрды, АҚШ пен оның одақтастары Совет одағына ядролық соққы беруге дайын болды. Сондықтан бірінші жарылыс кезінде ештеңеге, тіпті, ауа-райына да қарамады. Ол күні ауа-райы қолайсыз болған: жел тұрып, жаңбыр жауған. Соған қарамастан, ядролық сынақты іске қосқан. Жарылыстан кейін жел айдаған бұлттар полигон шекарасынан шығып кеткен. Қоршаған ортаны едәуір ластаған екінші жарылыс кезінде алғашқы термоядролық құрылғы сынақтан өткен. Бұл – жаппай қаруланудан жарыс жүріп жатқан кез еді. Сондықтан Совет одағының билігі үшін аталған зарядты америкалықтардан бұрын жару өте маңызды болды.
Термоядролық қару (сутегі бомбасын) ойлап тапқан академик Андрей Сахаров сутегі бомбасын сынақтан өткізу үшін Семей полигонына барған. Ол өз естелігінде "ғалымдар сынақтан үлкен қауіп болады деп ойлаған жоқ, бірақ соған қарамастан, адамдарды эвакуциялады" деп жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Андрей Сахаровтың жойқын қару жасаушыдан "адамгершілік шыңына" дейінгі өмір жолыҚолда бар деректерге қарағанда, 1953 жылғы жарылыстан соң Саржал тұрғындары 16 күннен кейін ғана үйлеріне оралуға рұқсат алған.
Гүлмира "Ересек адамдар бұл сынақтың қауіпті екенін түсінді ме?" деген сұраққа басын шайқап, "Жоқ, ол кезде мұның адамдарға кесірі тиеді деп ойлаған жоқпыз. Бұл – мемлекет мүлкі, сынақ жүріп жатыр деп ойладық. Адамдар ештеңе түсінбеді, қорықпады, ешкім қарсыласқан жоқ. Халық 1991 жылы полигон жабылған кезде ғана түсіне бастады. Ол кезде өлім-жітім, әртүрлі аурулар мен қатерлі ісік жиілеп, жастар арасында суицид, анемия көбейіп кетті. Семейде радиологиялық орталық бар, 1957 жылы зертханалық тәжірибеге қатысу үшін сол жаққа барып жүрдім. Бізді орталыққа бір-бірлеп апаратын. Бұл құпия мекеме болған екен. Кейін бізді он күн тексеруден өткізіп, аурудың алдын-алу үшін апаратын болды. Ол жерді "онкүндік аурухана" деп атайтынбыз. Бізді ол жақта ядролық сынақтан зардап шеккен адам есебінде қарап жүргенін қайдан білейік? Бәрі үшін мемлекетке өкпеліміз. Мемлекет адамдарды емес, тек өзін ғана ойлайды. Біздің есте сақтау қабілетіміз, қан қысымымыз нашар. Бұрын жасы 90-ға келген аталарымыздың өзі ештеңені ұмытпайтын, – дейді Гүлмира Құсайынова.
АТОМ КӨЛІ: БІРНЕШЕ САҒАТТА БІР ЖЫЛДЫҚ РАДИАЦИЯ АЛАТЫН ЖЕР
Сапарымыздағы келесі нүкте – Шаған, Атомкөл, Атом көлі деген әртүрлі атауы бар су айдыны.
1965 жылы Шаған және Ащысу өзендерінің қосылған жерінде қуаты 140 килотоннаға жететін бомба жарылып, нәтижесінде көл пайда болған. Жарылыстан тереңдігі – жүз метр, диаметрі – 430 метр болатын шұңқыр пайда болған. Ал дүмпу салдарынан үйілген ондаған миллион тонна топырақ үлкен төбеге айналған.
Төбенің үстіне шығу қиын емес. Бастысы, түнде жүрмеу керек. Өйткені төбенің басында ашық үңгірлер бар. Онда көгершіндер ұя салған. Айналадан бұл маңға адамдардың көп келетіні байқалады: көл жағалауында сыра бөтелкелері мен тіскебасар заттардың қаптамалары шашылып жатыр. Бір жерден кәуап пісіруге арналған мангалдың орны да кездесті.
Көл жанында төңкерілген тастар мен бұрынғы құрылғылардың ескірген бөлшектері жатыр.
Атом көлінен жүз метр жердегі Шаған өзенінің жағалауында жандарына балаларын ерткен екі балықшы отыр. Олардың бірінің жүзінен ашулы екені байқалды. Көп ұзамай олардың қармағына балық ілінбей, қабағы түсіп отырғаны, журналистерді ұнатпайтыны белгілі болды. Балықшылар Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартып, өзен маңы мен Атом көлі қауіпсіз екенін, онда баруға тыйым салынбағанын айтты.
Ұлттық ядролық орталыққа қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Асан Айдарханов Атом көлінен балық аулап, шомылу дұрыс емес деп санайды.
– Ол жерден балық аулау қауіпсіз дей алмаймын. Көлде радиация мөлшері жоғары. Әсіресе, топырақ үйіндісі қауіпті. Бұл топырақ радиоактивті заттармен ластанған. Ол жерде бірнеше сағат тұрған адам бір жылдық радиация алуы мүмкін. Бірақ ең қауіптісі: қарапайым нормаларды сақтамай (ал балықшылар арнайы костюм, тыныс жолдарын қорғайтын құралдар, қолғап кимейді), ағзаға радиация түссе немесе адам ол жерде ұзақ отырса, ішкі сәулелену басталады. Бұл әлдеқайда қауіпті. Сондықтан ол жерге барып, балық ауламауға кеңес беремін. Қажет болған жағдайда, арнайы қорғаныш костюмін киіп, радиациялық бақылау құрылғысын алып жүру керек. Өздері радиация қабылдағанымен қоймай, киімі мен аяқ киімі арқылы радиоактивті заттарды үйіне де алып барады. Біз осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз, бірақ өкінішке қарай, көбіне сөзіміз далада қалады. Ең сорақысы, олар радиациялық аумаққа балаларын да ертіп барады, – дейді ол.
Гүлмира Құсайынова мектеп қабырғасында жүргенде достарымен бірге Атом көліне барғанын, ол кезде радиациялық аумаққа кіруге тыйым салу былай тұрсын, бұл сапарды мұғалімдердің өзі ұйымдастырғанын айтады.
– 15–16 жастағы балаларды шөп оруға жіберетін. Сол жақтағы құдықтан су ішіп, ұйықтап, шомылатынбыз. Теледидардан бұл жердің "Атом көлі" деп аталатынын көрмей тұрып, оны "жарылған көл" деп атайтынбыз. Біз сол жерде жұмыс істедік. Қазір де көлге баратын адам көп. Ешкім тыйым салмаған соң, бара береді. 1990-жылдары халықтың жағдайы қиын кезде адамдар шахтадан мыс жинап, Қытайға өткізіп жүрді. Біздің ауылдың төрт жігіті шахтаның ішінде қалып қойды. Оларды құтқаруға барған ауыл тұрғындары шахтаға кезекпен түсіп көрді. Бірақ шахтаға түскендердің қан қысымы көтерілді. Шахтадан әлгі жігіттердің мәйітін әзер алып шықты. Олардың арасынан тірі шыққан бір жігіт те кейін есінен айырылып, асылып өлді. Шахтаға түскендерді қалаға әкетіп, 20 күнге ауруханаға жатқызды. Мемлекет осындай салдары барын біле тұра, неге ол аумаққа кіруге тыйым салмаған? Бұл туралы ешкім ойламаған ба? Халық ол жаққа кабель жинауға да барды, қыста да адамдар жүретін. Осылай күн көруге тырысты, – дейді Саржал тұрғыны.
Асан Айдарханов Семей полигонында Атом көліне ұқсас басқа да сынақтар болғанын айтады.
– Атом көлі – Совет одағындағы құрғақшылықтан зардап шегіп отырған аудандарды жасанды су қоймасымен қамтамасыз ету технологиясын тексеруге арналған алғашқы сынақтардың бірі. Ядролық жарылыс әдейі екі өзен қосылған жерде жасалған, осыдан су айдыны түзілген. Ғалымдар бұл тиімсіз деген қорытындыға келді, өйткені пайдасынан зияны көп болды. "Телкем" алаңында да дәл осындай сынақ жасалған. Ол жақтағы екі жарылыстың бірі су айдынын қалыптастыруға, екіншісі ("Телкем-2") топтық жарылыс арқылы топырақ қазып алуға бағытталған. Ол кезде ядролық құрылғылардың көмегімен канал салу мүмкіндігі қарастырылған. Осыған ұқсас сынақтар "Сарыөзек" алаңында да жүргізілген.
"Телкем-2" алаңындағы сынақ РСФСР территориясында жасанды канал жасау технологиясын байқап көру үшін қолға алынған. Бұл жобаға "Тайга" деген құпия атау берілген.
"ШЕКТІК НОРМАДАН АСПАЙДЫ"
Ұлттық ядролық орталық дерегінше, Саржал ауылының радионуклидтермен ластану деңгейі шектік мөлшерден аспайды. Бірақ зерттеушілер ауылда плутоний-241 бөлінуі нәтижесінде пайда болатын, америций-241 деп аталатын улы заттың белсенділігі жоғары жерлер барын анықтаған.
Ұлттық ядролық орталыққа қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология институтының 2014-2016 жылғы еңбектер жинағында "[Саржал ауылында] америцийдің белсенділігі жоғары (100 Бк/кг дейін) жерлер табылды. Бұл жерлер елдімекеннің барлық бөлігінде кездеседі. Сондықтан 1953 жылғы радиацияның ізі қалған аудандардан бөлек, тағы бір аумақты белгілеп, радиоактивті ластанудың қосымша көзі табылды деуге болмайды. Бұл белсенділікке 1953 жылғы термоядролық сынақ кезінде түзілген "ыстық" бөлшектер себеп болуы мүмкін" деп жазылған.
Америций Чернобыльден де табылған. Чернобыль апаты кезінде плутоний-241 (бұл зат 14 жылда жартылай ыдырайды) көп бөлінген. 14 жылдан кейін плутоний америций-241 (бұл заттың жартылай ыдырауына 433 жыл уақыт керек) затына айналған. Адамдар белсенділігі жоғары америций жерасты суларын ластап, адам ағзасына түсуі мүмкін деп қауіптенеді.
Асан Айдарханов улы заттар концентрациясы рұқсат етілген шектік мөлшерден аспайтынын айтады.
– Саржал, Долонский ауылдық округтері төтенше радиациялық қаупі бар аймаққа жатады. Яғни, ядролық сынақ кезінде аталған елдімекендердің үстінен радиациялық бұлт өткен. Біз зерттеу жүргізіп, бұл территорияда улы заттардың мөлшері жоғары екенін, бірақ олардың концентрациясы нормативті көрсеткіштерден аспайтынын білдік. Иә, радиация жоғары, бірақ бұл санитарлық ережелермен бекітілген нормалардан аспайды. Келер жылдан бастап бұл ауылдарды жан-жақты зерттеу бағдарламасын қолға алып отырмыз. Кешенді экологиялық тексеріс нәтижесінде улы заттар концентрациясы шектен тыс жоғары аумақтарды, радиоактивті заттардың басқа өңірлерге таралуына жол бермеу үшін шара қолдануды қажет ететін учаскелерді анықтаймыз, – дейді институт директоры.
Ұлттық ядролық орталықтың Семей полигонының жерін оңалтудан өткізу туралы жоспары бар. 2017 жылы ұлттық ядролық орталық директоры Ерлан Батырбеков 2023 жылға қарай бұрын ядролық сынақ алаңы болған аумақтың 85 пайызын ауыл шаруашылық жерлерінің қатарына қосып, Семей полигоны мәселесін толықтай шешу жоспарланып отырғанын айтқан.
2009 жылы бұған триллион теңге керегі айтылған, ал 2017 жылы жобаның құны тоғыз миллиард теңге деп белгіленді.
НЕМҚҰРАЙДЫ КӨЗҚАРАС
Семей полигонындағы ядролық сынақтан зардап шеккен халыққа (ресми дерек бойынша, бұл санатқа 1,3 миллион адам кіреді) кесірін тигізіп отырған мәселенің бірі – оңалту шараларының жоқтығы. Горбачевқа ядролық сынаққа қарсы құпия шифрограмма жіберген Кешірім Бозтаевтың бастамасымен құрылған "Полигон – 29 тамыз" халықаралық қорының кеңесшісі Николай Исаев үкімет халыққа көмектесу үшін қажет шараларды қолға алып отырған жоқ деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ядролық сынақтан зардап шеккендерге уәделі жеңілдік неге берілмейді?– Біріншіден, бұл (ядролық сынақтан зардап шеккендерге берілетін бір реттік төлемдер. – Ред.) қайыр тілеп алған тиын-тебен сияқты. Екіншіден, төлемдер емес, оңалту шаралары маңызды болса керек. Еңбек демалысына он күн қосып берумен ғана шектелмей, осы он күнге қандай да бір демалыс ұйымдастырып, сәулеленуден кейінгі оңалтуға көмектесетін, ағзаға пайдалы азық-түлік қорымен қамтамасыз ету керек. Қазір бізде бар нәрселерді болуы керек шаралармен салыстыруға да келмейді, – дейді Исаев.
Николай Исаев бұл мәселеге халықаралық қауымдастықты тарту керек деп есептейді. 2020 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы Қазақстан ұсынған Семей өңірінің экономикасын дамыту, қоршаған ортасын қалпына келтіру және халқын оңалту шараларынан өткізу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және іс-қимылды үйлестіру жөніндегі резолюцияны оныншы рет қабылдады. Бірақ әзірге бұдан еш нәтиже жоқ.
– Мәселе ақшада емес, салмақты бағдарламаның жоқтығында болып отыр. Бұл мәселемен ешкім айналыспайды, оларға қызық емес, бұған салмақты қарамайды, қарағысы да келмейді. Неге екенін білмеймін. Бұл қылмысқа жақын немқұрайды көзқарасқа ұқсайды. Оның үстіне, қанша рет БҰҰ-ға резолюция ұсынды. Халықаралық ұйымдарды тарту керек шығар. Бір кездері жанашыр адамдар бар еді, сол кезде қалай жұмыс істегенімізді көрсеңіз ғой! Жапониядан "Шөп тамыры" ұйымы жұмыс істеп, көмектесіп тұрды.
Исаев сәулеленудің салдары бірнеше ұрпақтан кейін де шығуы мүмкін екенін айтады.
– Бұл күпірлік шығар, бірақ біз сынақ материалы сияқтымыз, – дейді Николай Исаев.
Туғанынан Саржал ауылында тұратын, ядролық сынақ салдарынан денсаулығына едәуір зақым келген Гүлмира Құсайынова да осы пікірге қосылады. Саржал тұрғынының ондаған, жүздеген мың отандасы да осындай пікірде. Гүлмира "адам тағдыры әуелі Совет одағының, кейін жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттің қолындағы "ойыншыққа айналды" деп қынжылады.