Мәскеудің «ұзын қолы» Белградқа жетіп тұр

Серб карикатурашысы Предраг Кораксич (Коракс) салған "Путин мен Вучич". "Путин" "Вучичке" социалистер жетекшісі "Дачичті" ұсынып тұр.

Сербияның ескі де жаңа премьер-министрі Александр Вучич қызметіне қайта сайланып, маусымның ортасына дейін жаңа үкімет жасақтаймын деп уәде бергенде ешкім бәлендей жаңалық күтпеген. Негізгі министрлік креслоларды кімдердің иеленетіні анық болғандықтан, кандидатуралар туралы көп әңгіме де болмаған еді. Алайда мамырдың 26-сы күні Вучич Мәскеуге барып, Путинмен кездесіп қайтқан соң жаңа үкімет құрамы бұл елде қызу талқыланатын тақырыпқа айналды.

КРЕМЛЬГЕ ЖАҚҚА ҚИСАЙҒАН БЕЛГРАД

Әу баста Вучичтің бұл сапары жеке сапар деп хабарланған. Белградта (Сербия астанасы) шығатын Blic басылымы ресми ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Сербия премьер-министрінің Мәскеуге медициналық тексеруден өту үшін бара жатқанын жазды.

Ал Мәскеу бұл сапарды мүлде басқаша сипаттады. Ресей президентінің ресми сайты Путиннің Вучичті сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Сербияның жаңа үкіметінің құрамына қатысты пікір білдіргенін хабарлады. Бұдан Вучичтің осыған дейінгі Батыс пен Ресейге «тең қарау» саясаты Кремль жаққа ауып кетті ме деген болжам туды.

Сербия премьері Александр Вучич.

Вучич «Еуропа Одағы (ЕО) алдындағы Сербия міндеттемелері мен Ресеймен достық арасында ешқандай қайшылық жоқ» дегенге иландырып келеді. Алайда жаңа үкімет құрамына қатысты жауапсыз сұрақтар көп. Сербия Мәскеудің дегенімен жүруге міндеттеме алды ма? Мәскеудің Белградта қандай мүдделері бар және ол жаңа үкіметтің жұмысына қаншалық ықпал етпек? Вучич Мәскеу мен Брюссель ортасында тепе-теңдік сақтап тұра ала ма?

ПУТИННІҢ АСТАРЛЫ НҰСҚАУЫ

2012 жылы да сайлауда жеңіске жете салысымен Вучич дәл осылай Мәскеуге бейресми сапармен барып қайтқан. Ол жолы да Сербия премьері «дәрігерге қаралуға» барған болатын. Сол кезде Белградта шығатын Danas саяси журналының бас редакторы Драза Петрович «Мүмкін ЕО Вучичтің қан қысымын көтеріп, Путин оны қайта түсіріп отыратын шығар?» деген астарлы сауал тастаған еді.

Кремльде Вучичпен кездескен соң Путин «Жаңа үкіметтің құрамы қандай болса да, оның ішінен Ресей-Сербия қарым-қатынасының дамуына ерекше мән беретін тұлғаларға лайықты орын табылады деп үміттенемін» деп мәлімдеді.

Осы арқылы Ресей президенті Сербия үкіметіндегі басты креслолар – сыртқы істер, қорғаныс және энергетика министрліктерін басқаруға ресейшіл адам тағайындалса дегенді астарлап жеткізген сияқты.

Солдан оңға қарай: Сербия премьер-министрі Александр Вучич пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 29 қазан 2015 жыл.

Ресей жөніндегі маман Драган Петрович Азаттықтың Белградтағы тілшісіне берген сұхбатында «Мәскеу Сербияда және бүкіл аймақта өз мүддесін қорғау үшін бар күшін салып жатыр» деді. «Меніңше, Ресей кейбір партияларды, мәселен [оңшыл бағыттағы] «Двери» партиясы өкілдерін үкіметтен көргісі келеді. Әзірге бұл мүмкін емес болғандықтан, олар Ресей мүдделерін қорғаудың кепілі ретінде тым құрығанда Дачичтің Социалистік партиясы мен Поповичтің Серб халықтық партиясы өкілдерінің үкімет құрамына енгенін қалайды» дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Сербияны ЕО-ға Ресей «жіберер» ме екен?

Венада тұратын экономист Владимир Глигоровтың айтуынша, Вучич пен Путин кездесуінің «нәтижесінде» социалистер Сербия үкіметі құрамына енуі мүмкін. Сербия үкіметінің Кремльге жалтақтайтын себебін сарапшы «Вучичтің партиясына Ресей ықпалы күшті. Вучич Ресей басшыларының қолдауы қажет екенін жақсы біледі, және бұл қолдаудың өтеуі де бар» деп түсіндіреді.

Сербиядағы еуропашыл қозғалыс өкілі Джелика Минич премьердің әр сайлаудан соң Мәскеуден «бата алып» келетін әдетін құптамайды. «Бұл туралы кім не десе де, Сербия үкіметін жасақтауға Ресейдің ықпал етіп отырғанын анық байқауға болады» дейді ол.

Солдан оңға қарай: Сербия премьер-министрі Александр Вучич пен ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини. Брюссель, 9 ақпан 2015 жыл.

Минич Ресейдің Сербиядағы экономикалық мүдделерін айтты. Бірақ бұл елде Кремльдің саяси мүдделері де бар. Ал ЕО Сербияның Ресейге тәуелділігін азайту үшін оның энергетика саласын дамытуға уәде берген, алайда бұл процесс өте баяу жүріп жатыр. ЕО бұл тәуелділіктен өзін де құтқаруы тиіс.

Егер Вучич Ресей нұсқаған жолмен жүргеннен басқа амал жоқ деп санайтын болса, онда оның «дәрігерге қаралу» сапарының зияны мол болмақ.

Егер Путин шынымен де Сербия үкіметінің құрамын анықтауға тікелей ықпал еткен болса, онда бұл ел егемендігінен айырылды деген сөз. Демек елдің ЕО-ға қосылу жоспары да бұлдыраған сағымға айналуы мүмкін.

Гордана Кнежевичтің блогы ағылшын тілінен аударылды.