Сәрсенбіде Тегеранда Иран парламенті мен қала шетіндегі аятолла Хомейни кесенесіне шабуыл жасалды. Салдарынан үштен жеті адамға дейін қаза тапқаны туралы әртүрлі мәлімет айтылады. "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының ақпараттық ресурсы саналатын AMAQ сайтында ұйым Тегерандағы шабуылдар жауапкершілігін мойнына алатыны және парламенттегі шабуыл жалғасып жатқаны хабарланды.
Тағы бір мәлімдемеде Хомейнидің мавзолейіне шабуылды екі жанкешті жасағаны айтылады.
IRNA агенттігінің хабарлауынша, шабуылдардан қауіпсіздік күштерінің екі сарбазы оққа ұшып, 30-ден астам адам жараланған. Басқа ақпараттар бойынша, шабуылдардан жеті адам қаза тапқан. Иран БАҚ-тары Тегеранның оңтүстік шетіндегі аятолла Хомейнидің мавзолейіне кем дегенде үш адам шабуылдап, сол жердегі адамдарға оқ атқаны туралы хабарлаған.
Тегерандағы парламент ғимаратына шабуыл туралы видео:
Your browser doesn’t support HTML5
Тегеран губернаторы Хоссейн Хашемидің мемлекеттік БАҚ-қа айтуынша, қауіпсіздік күштері шабуылдағандардың бірінің көзін жойған, қалғаны ұсталған. Губернатордың сөзінше, шабуылдан жұмысшы оққа ұшып, бірнеше адам жараланған. Жартылай ресми ILNA агенттігі шабуылдаған екі адамның ұсталғанын айтады.
Депутат Ильяс Хазрати мемлекеттік телеарнаға сұхбатында тапаншалы бір адам және Калашников автоматымен қаруланған екі адамның парламент ғимаратына баса-көктеп кіргенін айтқан. Мұнда сегіз адам жараланып, қауіпсіздік күштерінің сарбазы оққа ұшқаны хабарланды.
Кейін парламентке басып кіргендердің бірі ғимараттың төртінші қабатында өзін жарып жібергені туралы ақпарат тарады.
Tasmin агенттігі ғимаратта төрт адамның кепілге алынғанын хабарлады
Екі шабуыл сәрсенбі күні таңертең жасалды. Иранның барлау министрлігі шабуылдарды "террористік топтар" жасағанын мәлімдеді.
"Үшінші топтың мүшелері шабуыл жасамас бұрын ұсталды" деп хабарлады министрлікке сілтеме жасаған мемлекеттік телеарна.
Жоғарғы билік елдің рухани көсемі саналатын аятолла Әли Хаменеидің қолына шоғырландырылған Иранда бұл шабуылдар реформашыл саясаткер саналатын Хассан Роухани ел президенті қызметіне екінші мерзімге сайланғаннан кейін бір ай өтпей жасалып отыр.
Иран парламентіне шабуыл туралы фотогалерея:
Азаттық бұған дейін ИМ-нің өз қатарына ирандықтарды көбірек тартуға тырысып, Иранға, әсіресе елдегі азшылықты құрайтын сунниттерге бағытталған парсы тіліндегі пропаганданы көбейткені туралы жазған.
1979 жылы Иранда ислам революциясын жасап, теократиялық режим орнатқан аятолла Рухолла Хомейни 1989 жылы дүние салған.