Иранда 19 мамырда өткен президент сайлауында дауыс беруге қатысқан ел азаматтарының 57 пайызы қолдау білдірген қазіргі президент Хасан Роухани бұл қызметке екінші мерзімге сайланды. Оның басты бәсекелесі – консерватор Ибрагим Раисиге сайлаушылардың 38,5 пайызы дауыс берген. Халқының саны 80 миллион деп есептелетін Иранда шамамен 55 миллион адам дауыс беру құқығына ие.
1979 жылғы ислам революциясынан бері есептегенде Иранда осымен 12 мәрте президент сайлауы өтті. Президент сайлауымен бірге ауылдық, қалалық ислам кеңестері сайлауы қатар өткізілді. Иранда президент сайлауы әр төрт жыл сайын өтеді. Конституция бойынша бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды.
Бұл жолғы сайлауға түскен төрт адамның ішінде негізгі бәсеке қазіргі президент реформа жолындағы 68 жастағы Хасан Роухани мен консерватор 56 жастағы Ибрагим Раисидің арасында өрбіген. Хасан Роухани 2015 жылы батыс елдерімен арада ядролық бағдарлама келіссөзіне қол жеткізген болатын. Мемлекетке салық төлемейтін, елдегі ірі қаржы мекемелерінің бірінен саналатын имам Риза мавзолейі қорының басшысы Ибрагим Раиси бұрын әртүрлі дәрежедегі прокурор қызметін атқарып бас инспекция басшысы болған. Оның режимнің саяси қарсыластарына өлім жазасын кесуімен аты шыққан.
Иранда президенттер сайлау жолымен ауысып жатқанымен жоғары билік бір адамның – ислам революциясы жетекшісінің қолына шоғырландырылған. Қазір бұл міндетті 77 жастағы аятолла Әли Хаменеи атқарып отыр. 1979 жылдан бері Иранда ислам революциясы жетекшісі бір-ақ рет ауысқан: 1989 жылы ислам революциясы жетекшісі аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін оның орнын аятолла Әли Хаменеи басқан. Содан бергі уақыт аралығында елде жеті президент үкімет басқарып, олардың кейбірі қатарынан екі мерзімге сайланып, кейбірі санаулы күндер ғана билікте отырған.
ИМПИЧМЕНТКЕ ҰШЫРАҒАН БӘНИ-СӘДР
Иран ислам республикасының алғашқы президенті Әбулхасан Бәни-Сәдр (президенттік мерзімі 1980 жылдың басы – 1981 жылдың ортасы) бір жарым жыл ғана билікте отырды. Ол ислам революциясының сол кездегі жетекшісі аятолла Рухолла Хомейниге жақын адамдардың бірі саналатын. Алайда кейіннен екеуінің арасында келіспеушілік пайда болды. Ол президент болып тұрған кезде Ирак Иранға шабуылдап, АҚШ Табас шөліне десант түсірді, елде мәдени төңкеріс болды. Ирандықтар тұтқындаған АҚШ дипломаттарын босату жөніндегі келіссөз басталды. Осы оқиғаларға аятолла Хомейни мен Бәни-Сәдрдің көзқарасы әртүрлі болды.
Президент қызметінен түсер алдында ол ел конституциясындағы талаптардың орындалмай жатқанын айтып жүрді. Оның дегендері бұрынғы шах режимінен айырмашылығымыз жоқ дегенге сайды. Ақыр соңында мәжілісте импичмент мәселесі қозғалып, үлкен тартыспен ол қызметінен кетті.
Саяси сарапшы Әли Кешткардың Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын «Фарда» радиосына айтуынша, Бәни-Сәдр Иранның дінге негізделген жүйесі мен республикашылдықты үйлестіре алмады және сол замандағы Иранның саяси ортасындағы бағытты жеткілікті танымады.
Әбулхасан Бәни-Сәдр қазір Францияда тұрады.
28 КҮН ПРЕЗИДЕНТ БОЛҒАН РАДЖАИ
Мұхаммад Әли Раджаи Бәни-Сәдр билігі тұсында бір-бірімен келіспей қалса да премьер-министр болып тағайындалған еді. Ол Бәни-Сәдрден кейін президент болып сайланды. Тұтқында жатқан АҚШ дипломаттары 444 күндік қамаудан Раджаидың бір айға жетпейтін президенттігі кезінде босатылды. Раджаи қарапайым өмір сүруді, революцияшыл болуды қолдады. Тиісінше имам Хомейнидің сеніміне кірді.
Ол бар болғаны 28 күн президент болды. Мұхаммад Әли Раджаи сол кездегі премьер-министр Мұхаммад Жавад Бахонармен бірге премьер-министр кеңсесіндегі жарылыста қаза тапты. Иран билігі қуғындағы оппозиция – «Иранды азат ету армиясы» (Mujahedin-e-Khalq) ұйымын осы жарылысты ұйымдастырды деп айыптады. Бірақ олар жарылысқа жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
ДІНБАСЫ ПРЕЗИДЕНТ – ӘЛИ ХАМАНЕИ
Әли Хаменеи Иран ислам республикасының үшінші президенті (1981-1989 жылдар аралығында) болды. Ол президенттікке келер алдында Тегеран жұма намазының имамы болатын. Сөйтіп Әли Хаменеи Ирандағы дінбасылардан шыққан алғашқы президентке айналды. Ол өзінің президенттігі кезінде қарсыластарын барынша шектеп, билікті толықтай уысына жинақтады. Оның аты үкіметті бір бағытқа жұмылдыра білуімен шықты. Алайда ол сол кездегі премьер-министр Мирхусейн Мусавимен келісе алмады. Хаменеи оны қанша ауыстырғысы келгенімен, аятолла Хомейни президенттің ұсынысымен келіспеді.
Бұрынғы саяси белсенді Фаррух Негахдардың айтуынша, Хаменеидің президенттігі тұсында ел ішінде де билікке жақпағандар өлім жазасына кесіліп, басып-жаншу әрекеті өріс алды. Хаменеи президенттігі аяқталар кезде аятолла Хомейни қайтыс болды. Сол кездегі мәжіліс төрағасы Әли Акбар Хашеми Рафсанджанидің ұсынысымен Әли Хаменеи Рухолла Хомейнидің орнына ислам революциясының жетекшісі болып тағайындалды.
ӨЗІН «САРДАР» АТАҒАН РАФСАНДЖАНИ
Үш рет Иран мәжілісінің төрағасы болған Әли Акбар Хашеми Рафсанджани (1989-1997 жылдарғы президент) аятолла Хомейнидің жақын адамдарының бірі саналады. Оның президенттігі Иран-Ирак соғысының аяқталған кезімен тұспа-тұс келді.
Бұрынғы саяси белсенді Фаррух Негахдардың айтуынша, осы кезеңде бұрынғыға керісінше елдегі негізгі шешімдерді президент қабылдады да, ислам революциясының жетекшісі оны тек қолдап отырды.
Рафсанджани соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру және экономиканы дамыту бағытында жұмыс жасады. Бұл кезде ел ішінде билікті сынаушылар репрессияға ұшырап, елдің сыртындағы наразы ирандықтарды өлтіру әрекеттері байқалды. Инфляция күшейіп, Иран валютасы қатты құнсызданды.
Саяси сарапшы Тәқи Рахмони Рафсанджани ислам республикасын мызғымайтындай ету үшін Қытайдың тәжірибесіне жүгінді деп санайды. Өзін «мемлекеттік құрылыстың сардары» атаған Рафсанджани тұсында коррупция белең алды.
Қатарынан екі мәрте президент болып сайланған Рафсанджани бертінге дейін елдегі ықпалды саяси тұлға болып қала берді. Ол кейіннен екі рет президенттікке кандидат болғанымен бірінде дауыс жинай алмай қалса, екіншісінде тіпті біліктілігі кандидат болып тіркелуге де жарамайды деп танылды. Өмірінің соңына қарай аятолла Хаменеимен арасы да алшақтай түсті. Ол президенттік мерзімі аяқталған соң атқарған Тегеран жұма намазы хатибі және эксперттер кеңесі төрағасы қызметінен де кейін шеттетілді. Жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесі басшысы қызметін атқарып жүріп Хашеми Рафсанджани биыл 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
ХАТАМИ – «АЯТОЛЛА ГОРБАЧЕВ»
Бұрын мәдениет министрі, одан кейін ұлттық кітапхана директоры болған Мұхаммад Хатамидің (1997-2005 жылдар аралығындағы президент) алғашқы сайлаудағы жеңісін көптеген саясаткерлер оқыс оқиға ретінде бағалады. Ол реформа және азаматтық қоғам ұранымен президент болып сайланды.
Хатами діни бағыттағы билікті басқаратын жаңа тұлға бейнесін қалыптастыруға тырысты. Ол президент құзырын арттыруға әрекет жасады. Хатамидің талпынысы аятолла Хаменеидің қатты қарсылығын туғызды. Оның билігі кезінде белгілі тұлғалардың бірінен соң бірінің өлтірілуі, баспасөздің топтап жабылуы және Тегеран университеті қалашығына шабуыл оқиғалары өріс алды.
Журналист Мұхаммад Рәхбар Хатамидің талпынысы кейін де саяси ортаға әсер етті деп санайды.
Президенттік қызметі аяқталған соң Мұхаммад Хатамиге үкіметтен орын тимеді. Тіпті оның елден сыртқа шығуына және баспасөзде суреті мен сөзін жариялауға, әрі-беріден соң баспасөзде оның атын атауға дейін тыйым салынды. Ел ішінде «аятолла Горбачев» аталған Хатами бұның алдында, аятолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін мәдениет министрі қызметінен кеткен кезде де «батысқа бейім» бағыты үшін қысымға ұшыраған болатын.
«САЯСИ БАЗАСЫН» ТАППАҒАН АХМАДИНЕЖАД
Тегеран қаласының әкімі болып тұрған кезінде президенттіке сайланған Махмұд Ахмадинежад (2005-2013 жылдарғы президент) алғашқы сайлауында екінші турда ғана жеңіске жетті деп есептеледі. Екінші сайлаудың да нәтижесі даулы болған. Сол кезде Ахмадинежадпен бәсекелес болып сайлауға түсіп, дауыс нәтижесімен келіспеген Мирхусейн Мусави (бұрынғы премьер-министр) мен Мехди Кәрруби (мәжілістің бұрынғы төрағасы) әлі күнге үйқамақта отыр.
Хатамидан кейін аятолла Хаменеи қолдауындағы кабинетті басқарған Ахмадинежад өзі басқарған тұсты әуелде жаңа кезеңнің басы деп жариялаған. Бірақ бұл кезең Иран сыртқы саясаты мен экономикасындағы қиындықтарымен есте қалды. Кейіннен аятолла Хаменеи мен Ахмадинежадтың арасы ашыла түсті. Ол таңдаған кейбір вице-президенті мен министрі аятолла Хаменеидің қарсылығын тудырған. Әуелде Ахмадинежадты қолдаған Хаманеидің маңындағылар кейін Ахмадинежад тобындағыларды «жолдан шыққандар ағымы» ретінде атады.
Журналист Хақиқатнежадтың айтуынша, әуелде консерваторлар ортасынан табылған Ахмадинежад кейін де өзінің «саяси базасын» қалыптастыра алмаған.
Ахмадинежад президенттік қызметі аяқталған соң жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің мүшесі болды. Биылғы президент сайлауында ол өз кандидатурасын ұсынғанымен Конституциялық қадағалау кеңесі оны біліксіз деп тауып, сайлауға тіркемей қойды.
ХАСАН РОУХАНИ – ЖЕТІНШІ ПРЕЗИДЕНТ
Алғаш рет «Шектен шығудан сақтану» ұранымен 2013 жылы президент болып сайланған Хасан Роухани ядролық келісімге қол жеткізіп, Иранға қарсы бағытталған халықаралық санкцияны тоқтатты.
Хасан Роухани ислам революциясынан кейін телефон арқылы болса да, АҚШ президентімен алғаш рет тікелей сөйлескен ирандық саясаткер. Содан кейін Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз басталған еді. Бұндай халықаралық шиеленіскен мәселе аятолла Хаменеи рұқсат берген соң барып қолға алынғаны анық. Бірақ Хаменеи соңынан жанама түрде президенттің осы әрекетін сынап жүрді.
Роуханидың Ахмадинежад даулы жеңіске жеткен алдыңғы президенттік екі сайлауынан бері үйқамақта отырған саясаткерлерді босату ұмтылысы әзірге нәтиже бермей келеді.