Қазақ-өзбек шекарасындағы ауылдың 650-ден аса тұрғыны сыртпен қатынассыз қалды. Өзбекстандық шекара қызметінің жолды не себепті бөгеп тастағаны белгісіз. 2001 жылы қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезінде Арнасай ауылына апаратын жол өзбек жағында қалып қойған.
АУЫЛ – ҚАЗАҚТІКІ, ЖОЛ – ӨЗБЕКТІКІ
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арнасай ауылының күнделікті азық-түлік сатып әкелуге шыға алмай отырған тұрғындары сәрсенбі күні дабыл қағып, оқшауланып қалғандарын айтып шағымданды. Арнасай тұрғындарының бірі Жұмағали Ошанов Азаттық радиосына телефон арқылы былай деді:
«Халықтың шыға алмай қалғанына 4 күн болды. Оқитындары емтихан тапсыратын кезде оқуына бара алмай қалды. Проблема көп. Су жоқ, ішетін қазір. Тасып ішетін едік. Бірлі-жарым ауырғандар ауруханаға жете алмай жатыр. Жан- жақтың бәрін жауып тастады. Тек солдаттар тұр. Оларға барып айтсаң, "біз білмейміз, бізге бұйрық берді өткізбеңдер деп" дегенді айтып, өзбекстандық солдаттар өткізбейді. Біздің өзіміздің Арнасайдың ресми өкілдері де жоқ қой мұнда, әкімдерден ешкім жоқ. Неғып жатырсыңдар деп те келмейді ғой ешкім, бұларға халық керегі жоқ».
Осыған қатысты Азаттық радиосының тілшілері Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласқанда, ресми өкіл Асқар Әбдірахманов бұл жағдай туралы білетіндіктерін айтқанымен, қандай іс-шаралар жасалып жатқаны жайлы мәлімет бере алмайтынын алға тартты.
Ал Шардара ауданы әкімінің орынбасары Ораз Бердешов «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтақановпен бірге Өзбекстан тарапымен келіссөздер өткізіп жатқанын мәлімдеген.
Әзірге өзбекстандық шекарашылардың Арнасай ауылының жолын не себепті жауып тастағаны белгісіз қалып отыр.
ТҰРҒЫНДАР АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕН ҚЫСЫЛА БАСТАДЫ
Арнасай ауылының оқшауланып, ондағы 68 отбасының ауыз су мен азық-түлікке қол жеткізе алмай тығырықта отырғанына тоқталған Шардара ауданының азаматы Оспан Асанов Арнасай ауылы 1963 жылға дейін қазақ жері болған еді дейді.
– Арнасайдың тұрған жері кезінде өзбекке қараған дейді. Негізінен ол 1963 жылға дейін өзіміздің жеріміз болған. Қайтадан 1971 жылға дейін өзбектерде болып, 2001 жылғы делимитация болған кезінде Арнасай жалғыз өзі Қазақстанға қарап, айналасы Өзбекстан болып қалған. Арнасайдағы тұрғындарды үкімет тарапынан қазақ жеріне көшіру жағы қарастырылған еді, енді не болғанынан хабар ала алмай қалдық, – дейді ол.
Қазақстан Арнасай аулының тұрғындарын өз аумағына көшіріп алуға міндеттеме алғанымен, әлі күнге бұл мәселе шешімін таппағандығын айтқан Көшербай Сағымов былай дейді:
«Арнасай тұрғындарын ақша беріп, көшіріп аламыз деген бір алдау әңгіме сияқты болып қалды қазір біздің ауылға. Не сомасын айтпайды. Ертең келіп, мысалы 500 000 беріп, көшіңдер десе, біз қайда барамыз онымен. Бұл жағдай тағы бар. Енді Өзбекстан шекарашылары бұл ауылдағы 68 отбасының біреуінің де көшін өткізбейміз депті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ол не жанжал екенін ауылда отырған біздер біле бермейміз. Қара халық не біледі бұл жерде отырған?»
Арнасай тұрғындарының айтуынша, жергілікті халық азық-түлікті күнделікті сатып әкеліп жүрген. Күтпеген жерден жолдың жабылуы тамақ қорын жинап қоймаған жұртқа қиындық туғызып отыр.