СССР-дің ішкі саясатындағы репрессия 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жеткені мәлім. СССР-дің өзінде әлгі кезең ішкі істер халық комиссары Николай Ежовтың (бұл қызметті ол 1936 жылғы қыркүйектің 26-сынан 1938 жылғы қарашаның 25-іне дейін атқарған) тегі бойынша «ежовшылдық» деп аталып кетті. Шетелде бұл кезеңді тарихшылар «Үлкен террор» атап, әлгі термин қазір постсоветтік елдерде де орныға бастады. «Ежовшылдыққа» көптеген мақала арналған. «Халық жауларының» ашық сот процестері - әлгі тарихи кезеңнің елеулі парақтарының бірі.
МӘКЕУДЕН БАСТАЛДЫ
Үлкен террор кезінде және оның қарсаңында большевиктер партиясының бұрынғы жоғары лауазымды мүшелеріне қатысты, әрі өткен жеріне байланысты «мәскеулік» деп аталған үш сот процесі туралы советтің орталық және аймақтық баспасөзінде көп жазылды.
1936 жылғы тамызда «бірлескен антисоветтік троцкийшіл-зиновьевшіл орталықтың» 16 мүшесіне қарсы процесс болды. Басты айыпталушылар – Григорий Зиновьев пен Лев Каменев. Екінші ашық сотқа (1937 жылғы қаңтар) 17 партия функционері тартылды. Әлгі сот процесі «параллель антисоветтік троцкийшілдер орталығы» ісі ретінде белгілі. Бас айыпталушы Николай Бухарин болған үшінші мәскеулік процестің құрбаны «оңшыл троцкийшіл блок» құрды деп айыпталған 21 адам болды.
1920 жылдардың екінші жартысында өткен әлгі үш процесте соттаушылардың көбі партия ішіндегі оппозиция мүшелері болып, ол кезде Иосиф Сталиннің ішкі саясаттағы әлдебір әрекеттеріне қарсы шыққанымен, оларға 1930 жылдардың ортасында тағылған «троцкийшіл ұйымның Совет Одағындағы опасыздық, диверсиялық-зиянкестік, тыңшылық және террорлық әрекеттері» айыптары ойдан шығарылған болатын.
Жария түрде өткен әлгі үш процесте айыпталушылардың көбі ату жазасына кесілді. Бірақ көп жылдарға түрмеге кесілген санаулы адамдар да кейінгі бірер жыл ішінде атылып кетті. Генрих Ягодадан (1934-1936 жылдары СССР ішкі істер халық комиссары болған, өзі де жаппай репрессия ұйымдастырған) өзгелердің бәрі әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, 1986-1988 жылдары ақталды.
Совет баспасөзінде әлгі процестерге қатысты стенографиялық дәлдікпен хабар таратумен қатар, сот процестері мен үкімдерді еңбекшілердің «мақұлдағаны» жайлы насихат науқаны жүргізілді. Сол кездегі науқандардың көп тараған тақырыптары - «Сұмырайды таптайық!», «Жер бетінен жойылсын!», «Колхозшылар даңқты чекистерге алғыс айтады!» тіпті «Даңқты чекистерге – Рахмет!» болды.
ОРТАЛЫҚТЫҢ ТЕЛЕГРАММАСЫ
1937 жылы орталықтың тиісті жарлығынан кейін аймақтар өздерінің ашық сот процестерін өткізді. 1937 жылғы тамыздың 3-і күні облыстық, өлкелік комитеттер мен ұлттық компартия орталық комитеттері хатшыларына ВКП(б) орталық комитеті хатшысы Иосиф Сталиннің қолы қойылған № 11/c-1178/ш телеграммасы жолданды. Әлгі телеграммада «зиянкестерді жою НКВД органдары арқылы жабық тәртіп түрінде ғана жүргізіліп жатыр, ал колхозшылар зиянкестік пен оны ұйымдастырушыларға қарсы күреске жұмылмай отыр» деген наразылық білдірілген.
«Колхозшыларды ауыл шаруашылығындағы зиянкестерді талқандау жұмысына саяси тұрғыда жұмылдыру» мақсатында әр облыстың аудандарында«халық жаулары» - «аудандық партия, совет және жер органдарына (МТС және аудандық жер бөлімдері қызметкерлері, аудандық атқарушы комитет төрағалары, аудандық комитет хатшылары және т.с.с.) еніп кеткен», ауыл шаруашылығына қастық жасап жүрген «зиянкестердің» екі-үш ашық сот процесін ұйымдастыруға нұсқау берілді. Жергілікті баспасөзде әлгі процестерге қатысты жан-жақты хабар тарату тапсырылды.
ПРЕСНОВ АУДАНЫНДАҒЫ «ӘШКЕРЕЛЕУЛЕР»
Преснов ауданындағы (Солтүстік Қазақстан облысы) «троцкийшілдердің контрреволюциялық бандасы мен ұлтшыл фашистер» соты «Казахстанская правда» газеті жазып, бүкіл Қазақстанға белгілі болған алғашқы ашық процеске айналды. Басты айыпталушылар - облыстық жер басқармасына қарасты қаржы-жоспарлау бөлімінің бастығы Василий Конюхов, дәріханалар басқармасы инспекторы Кәрім Қапаров, аудандық халықтық білім бөлімі меңгерушісі Нияз Оразбаев, аудандық прокурор Қасен Фазылов. «Сыбайластар» ретінде тағы алты адам сотталды.
1937 жылғы газет мақалаларына қарағанда, өзара байланысты екі банда – «троцкийшілдер» (Василий Конюхов басқарған) және «ұлтшыл фашистер» (Кәрім Қапаров) сотқа тартылған. Айыпталушыларға әдеттегідей троцкийшілдермен байланысы бар; зиянкестік; тыңшылық ету; совет үкіметін құлатуды көздеген әрекеттер; СССР-де капитализмді қалпына келтіруге тырысу сияқты айыптар тағылды.
Василий Конюховқа бұған қоса, «С.М.Кировты, Кемеров стахановшыларын, қызыл әскерлерді, темір жолшыларды қастандықпен өлтірген жексұрын бандамен» байланысы болған деген айып тақты. 1934 жылы Ленинград обкомы мен қалалық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Кировты қастандықпен өлтіру Сталин тұсында репрессияға сылтау ретінде пайдаланылғаны мәлім. Оның үстіне, Конюхов Ленинград облысының тумасы, ертеректе Ленинградта тұрған.
Василий Конюховты «халық жауларын» маңызды қызметтерге қоюда, троцкийшілдердің пайдасына тыңшылық етуде, сауда және еңбекшілерді жабдықтау саласында зиянкестікті ұйымдастыруда жетекші рөл атқарған деп айыптады. Мысалы, оны мемлекет пен колхоз есебінен орынды-орынсыз банкеттер ұйымдастырған деп айыптады.
Аудандық халыққа білім беру бөлімін басқарған Нияз Оразбаевты аудандағы халыққа білім беру саласындағы келеңсіз істерге шара қолданбай немесе босаңдық танытып, «зиянкестік» жасады деп айыптады. Мысалы сала қызметкерлерінің бірінің қазақ қыздары 16 жасқа дейін оқыса да жетеді, сосын оларды күйеуге беру керек деген «теориясына» немесе бір мектептегі мұғалімнің отбасы оқушылар еңбегін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін шара қолданбаған. Мұғалімдер кішкентай қыздарды қалың малға сату, мектепте оқушыларды ұрып-соғу оқиғаларына қатысты түскен сигналдарды елемеген.
Процесс жиналыста колхозшылардың сотты «құптаған» үгіт-насихат науқанына, «троцкийшіл банда, ұлтшыл фашист төбеттер жер бетінен құртылсын» қарарларына ұласты. 1937 жылғы қазанның 3-інде төрт айыпталушыны ату жазасына, тағы төртеуін түрмеге кесіп, екеуіне ақтау үкімі шықты. Газеттің хабарлауынша, үкімді сот залындағы 500-ден астам еңбекші «терең қанағаттанарлық сезіммен» қабылдаған. Сол күні Преснов станицасы алаңында газеттің хабарлауынша, «Отанын сатқан жексұрын опасыздарға, троцкийшілдер мен ұлтшыл фашист қарақшыларға шыққан үкімді толық құптаған» еңбекшілердің мыңдаған адам қатысқан митингісі өткен.
Сталиннің жеке басына табыну әшкереленгеннен кейін Преснов ауданындағы іс қайта қаралып,айыпталғандар 1959 жылғы қазанның 23-інде қылмыс құрамы жоқ деген негізде ақталды.
Мақала «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы материалдары, «Мемориал» қоғамының СССР-дегі саяси репрессия құрбандары тізімдері және Қазақстан ІІМ бөлімі бойынша – Мемориал тізімі бойынша жазылды.