Азаттық тілшісі Сириядағы үкімет әскерлері мен көтерілісшілер арасында жүріп жатқан қарулы қақтығыс пен қантөгісті тоқтату үшін сыртқы әлем әскер кіргізсе, оның қандай оң, я теріс әсері болады деген сауалға жауап іздейді.
Үкімет күштерінің халық толқуын басу кезінде өлген адамдардың саны 8 мыңға жетті. Сырттан әскер кіргізуді жақтайтындар мұндай қантөгісті әлем енді қанша уақыт бақылап қана отыра бермек деп сұрайды.
ӘСКЕР КІРГІЗУДІ ЖАҚТАУ
- Менің ұсынып отырған коалициям - тек АҚШ-тың жалғыз өзі емес - ойы бір жерден шығатын елдердің коалициясы. Оған Қатар, БАӘ сияқты Таяу Шығыстың біраз елдері кіреді. Бұлар бірлескен әуе шабуылын жасай алар еді. Өйткені танкілер мен артиллерияны тоқтататын бірден-бір жол - осы. Әйтпесе қантөгіс өте әділетсіз (тепе-теңдік сақталмаған жағдайда - ред.) жүріп жатыр, - деді әскер кіргізу ұсынысын жақтаушылардың бірі АҚШ сенаторы Джон Маккейн.
Сириядағы оопозицияның басын біріктіруші ұйым болып саналатын Сирияның ұлттық кеңесі сыртқы әлемді көтерілісшілерді қаруландыруға үндеді. Бір де бір шетелдік үкімет әлі бұл үндеуге жауап берген жоқ. Тек Сауд Арабиясы мен Қатар ғана бұны тамаша идея деп атады.
Әскер кіргізуді жақтаушылардың ең басты көзірі - адам құқықтарын қорғау туралы моральдық міндеттеме.
Ұлыбританиядағы Гринвич Мэритайм институтының профессоры Крис Белами қайсы бір елді гуманитарлық апатқа ұшыраудан құтқару мәселесі оның егемендігінен де гөрі маңызды бола бастағанын айтады. Оның ойынша бұл үрдіс 1990 жылдары БҰҰ Боснияға әскер кіргізгенде басталған.
- Соңғы жылдары БҰҰ қатыспаған, БҰҰ қарары бойынша өкілет берілген, я берілмеген түрлі коалициялардың өз бетімен ұйымдастырған әскер кіргізу операциялары жүріп жатыр. Сирияға қатысты интервенцияны жақтаушылар осы мысалды негізге алмақ, - дейді профессор Белами.
Сирияға әскер кіргізуді жақтаушылар тегеурінді қарсылыққа ұшырауы мүмкін.
НАТО-ның Босния мен Косовоға әскер кіргізуіне түрткі болған АҚШ-та халық Ирак пен Ауғанстандағы қақтығыстардан қалжыраған.
Еуропада Сирия оппозициясын жергілікті халықтың "легитимді өкілі" деп таныған тек Лондон ғана. Ал Ливияға бірінші болып әскер кіргізген Франция Сирияға келгенде көтерілісшілерді қаруландыруға қарсы болып отыр.
Дегенмен әскер кіргізуді жақтаушылардың пікірі алдағы айларда кең қолдауға ие болуы да мүмкін.
Егер Сириядағы қантөгіс тоқтамаса, НАТО-ны әскери қимылға көшуге итермелеуі мүмкін. Ливияда адам шығыны ұлғайған кезде НАТО Ливия халқын Каддафи әскерінің бомбалауынан қорғау туралы БҰҰ-ның қарарын орындауға асықпай, басында интервенцияға қарсы болған еді.
ӘСКЕР КІРГІЗУГЕ ҚАРСЫЛАР
Сирияға әскери интервенция жасауға қарсы шығушылар бұл әрекеттің теріс салдары болуы мүмкін деп алаңдайды.
Өткен апта (16 наурыз) Әл-Хурра телеарнасына сұқбат берген АҚШ қорғаныс министрі Леон Панетта:
- Әскери қимылға шақыратын жұрт ондай қадам жасалмастан бұрын бұл әрекеттің неге апарып соқтыратынын түсінуі тиіс, - деді.
Ливиядағы сияқты Сирияда да белгісіз топтарды қаруландыру бүкіл елді шарпитын азаматтық соғысты тұтандыруы мүмкін деген қауіп бар.
Бірақ одан да қатты алаң туғызатын жайт - Сириядағы Батыс интервенциясы Башар Асадтың үш одақтасы - Иран, Ресей мен Қытайды қобалжытып, зорырақ қақтығысқа соқтыруы мүмкін.
Royal United Services Institute ұйымының саяси сарапшысы Шахшанк Джоши Сирияны Таяу Шығыстағы ең маңызды әріптесі деп танитын Ресей көбірек қатер төндіреді деп санайды.
- Ресейліктер Сирияға жетілдірілген қару-жарақ беріп, әскери интервенцияны шығыны зор әрекетке айналдыруы мүмкін. Олар онсыз да Сирияға белгілі бір әуе қорғанысы жүйелерін беріп отыр. Сондықтан интервенцияны мүлдем болдыртпай тастауға да жақын тұр. Шынайы соғыс басталса, Сирия мемлекеті сәл-пәл шегінгенмен ешқашан бүтіндей талқандалмайтын ахуалмен бетпе-бет келуіңіз мүмкін, - дейді Шахшанк Джоши.
Мәскеу Сириядағы режимді өзгерту туралы талаптарды "қақтығыс тудыра беретін геосаяси ойындардың қатерлі рецепті" деп атады. Қытай "гуманитаризмді желеу етіп ішкі істерге араласуға" қарсы екенін мәлімдеді.
Әлі бір де бір мемлекет Сирияға әскер кіргізуге ресми түрде шақырған жоқ. Оның орнына санкция салу мен дипломатиялық қысым жасау ғана бар.
Наурыздың 21-і БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-Араб лигасының өкілі Кофи Аннанның алты шарттан тұратын Сирияда бейбітшілік орнату жоспарын мақұлдады. Жоспар оқ атуды тоқтатуға, үкімет пен оппозиция арасында келіссөз бастауға және халықаралық гуманитарлық көмек кіргізуге шақырады.