Тәжікстанның дінді қудалауы - ИМ-ге пайда

Сарапшылар «Тәжікстандағы ислам дінін қудалау ИМ содырлар ұйымы үгітшілеріне тиімді» дейді.

Ресейдегі тәжік диаспорасы жетекшісі Тәжікстан үкіметінің діни саясатын сынайды. Оның пікірінше, үкіметтің саяси және діни топтарға қарсы әрекеті «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы насихатшыларына тиімді.

Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «Сомон» тәжік мәдениеті қоғамы төрағасы Фарух Мирзоев осы айдың басында «Тәжікстан тәрізді мұсылман елдерінен шыққан жастар ИМ-ге сауатсыздықтан емес, өз елінде діннің дамуына тыйым салынғандықтан қосылатынын» айтқан еді. «ИМ идеологтары мұны шебер пайдаланады» дейді ол.

«БІРДЕН «ВАХХАБИТ», «САЛАФИТ» ДЕП БАҒАЛАЙДЫ»

Мирзоевтың айтуынша, Тәжікстанның рухани жетекшілері дін талаптарын қатаң орындайтын мұсылманды көрсе бірден «ваххабит», «салафит» және «ИМ өкілі» деп бағалайды. «Ваххабит» термині бұрынғы совет елдерінің бірқатарында қолданылады. Соның ішінде Ресей, атап айтқанда Солтүстік Кавказда жиі айтылады.

Әдетте бұл термин мемлекет мақұлдамаған, көбіне салафилік ислам ағымына қатысты айтылады. Сонымен қатар, саяси және әлеуметтік пиғылы күмәнді саналатын немесе елдегі режимге қауіп төндіреді деген мұсылмандарға да таңылады. Тәжікстанда және постсоветтік елдерде, атап айтқанда Шешенстанда, «ваххабит» термині саяси таңба (ерекшелеу тәсілі) ретінде қолданылады.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Сожида Джахфарова.

Азаттықтың Тәжік қызметінің өкілі Сожида Джахфарова «Тәжіктер - Ханафи мазхабының өкілдері, сондықтан басқа сунниттік ағымдарды үкімет әлеуметтік тұтастыққа зиянды деп санайды. Салафи («ваххабит» – авт.) ағымға Тәжікстанда ресми түрде тыйым салынған. Үкімет «ваххабиттер» тәжіктердің дәстүрлі сенімін бұзады, зайырлы мемлекет негіздеріне қайшы келеді деп қорқады» дейді.

ИМ-нің пайда болуы және кейбір тәжіктердің осы ұйымға қосылуы үкіметтің Тәжікстандағы белгілі бір ағымдарды, әсіресе «салафизмді» ИМ тобымен байланыстыруына, сөйтіп «ИМ-мен қатысы бар» деген ағымдарды «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп санауына мүмкіндік берді.

Қыркүйек айында ел астанасында және оның сыртында қарулы қақтығыстар болған соң, Тәжікстан үкіметі Орталық Азия елдеріндегі ресми тіркелген жалғыз діни-саяси ұйым – Тәжікстан Ислам өркендеу партиясы қызметіне тыйым салды. Тәжікстанның ішкі істер министрлігі полиция бөлімшесіне жасалған шабуыл жетекшісін атады, ол басында Ислам өркендеу мүшесі деп саналған Зиораддин (кей жазбаларда Зиёруддин – ред.) Абдуллоев болып шыққан.

Тәжікстан Ислам өркендеу партиясының жетекшісі Мұхиддин Кабири.

Тәжікстанның жоғарғы соты кейін Ислам өркендеу партиясын (бір кездерде елдің саяси сахнасында ықпалы болған ұйым – авт.) экстремистік және террористік топтар қатарына жатқызды. Жақында Тәжікстан билігі партияны «ИМ-мен байланыс жасаған» деп айыптады.

Фарух Мирзоев «Олар көптеген мүшесі ИМ насихатшысына айналды деп Ислам өркендеу партиясын жауып тастады» дейді. Оның пікірінше, «ваххабизмге» қарсы операция халықтың аса сақ қимылдауына ықпал еткен. «Әркім айтқан сөзіне сақ болуға тырысады. Әсіредіншіл үндеулер тоқтады» дейді Ресейдегі тәжік диаспорасы жетекшісі.

«ТӘЖІК ХАЛҚЫНЫҢ ДІНИ САУАТЫН КҮШЕЙТУ КЕРЕК»

Сонымен, үкіметтің ислам діні өкілдерін қудалауы, елдегі ислам ағымдарына «экстремист» деген айдар тағуы ИМ-ге қосылам деушілерге кедергі бола алды ма?

Мирзоевтің айтуынша, «керісінше ИМ насихатшылары осы жағдайды пайдаланып, Сириядағы экстремистік топқа кейбір адамдарды қосып алып жатыр. Оған көбіне Ресейде жүрген еңбек мигранттары ілінеді».

«Ислам дініне қызығушылығы бар тәжіктер Тәжікстанда өзін мазалайтын сұрақтарды қоя алмайды, дінге деген қызығушылығын білдіре алмайды» дейді ол. Оның ойынша «осы жағдайда ИМ насихатшылары пайдаланып отыр».

ИМ сапындағы тәжік содыры. (Көрнекі сурет)

Мирзоевтің пікірінше, «Тәжікстанның діни жетекшілеріне қарағанда ИМ насихатшыларының пікірі ұтымды, дәлелді шығып жатады». «ИМ біздің имамдардың араб тілін немесе теологиясын жақсы білмейтінін пайдаланады. Олар имамдарға сауал қойып, тығырыққа тіреп қояды» дейді ол.

Барлық діни әрекеттерді бақылауға алған Тәжікстан үкіметі ИМ-нен шығып, елге оралғысы келетін тәжік азаматтарына «рақымшылық» жасайтынын мәлімдеді.

Елге оралғандар жазаланбайды, бірақ келген соң олар қоғамдық жерде, соның ішінде Душанбедегі үлкен мешітте ИМ-нің теріс ықпалы туралы, өзінің қандай қателік жасағанын айтуы керек.

Солайша «діни себеппен» ИМ-ге барып, дін үшін күреспек болғандар ИМ-нің ислам дінін бұрмалап, қатыгез әрекеттер жасап жатқанын естісе, содырларға қосылғысы келетін басқа тәжіктер райынан қайтар деп үміттенеді. Мұндай тәжірибені кезінде Кремль Шешенстанда жасаған еді.

Бірақ тәжік диаспорасының жетекшісі Мирзоев «ИМ үгіт-насихатына қарсы тұру үшін Тәжікстан діни сауатын күшейтуі тиіс, үкімет дін ұстаушыларды басып-жаншуға тырыспауы керек» дейді.

«Елде медреселер ашылып, ол жерде білікті имамдар мен дінтанушылар оқуы керек. ИМ-нің исламға еш қатысы жоқ, бірақ дінді өздерінше түсіндіргенде түрлендіріп, дайындығы аз адамдарды шатастырып жібереді» дейді ол.

ИМ сапындағы тәжік содыры деп жарияланған сурет.

Мирзоевтің айтуынша, «мемлекеттің діннен бөлек болғаны дұрыс». «Діни басшылар адамды туғаннан өлгенге дейін бақылағысы келеді» дейді ол.

Тәжікстан үкіметі Сирия мен Иракта соғысып жүрген тәжіктердің саны көбейгенін мойындайды. Осы елдің Ішкі істер министрі Рамазан Рахимзода маусым айында «ИМ сапында 500 тәжік соғысып жүр» деп мәлімдеді. Бірақ Сириядағы тәжіктердің бәрі ИМ қатарында деуге болмайды. Олардың «Джайш әл-Мухажирин уәл-Ансар» және «Қырым жамағаты» тәрізді сириялық «Әл-Қаиданың» филиалы - «әл-Нусраға» қарайтын топтар ішінде де бар екені анықталған.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.