Accessibility links

«Полицияға шабуыл жасаған» тәжік генералы


Тәжікстан қорғаныс министрі орынбасары Абдухалим Назарзода қыркүйектің 4-і күнгі оқиғадан кейін қашып кетті.
Тәжікстан қорғаныс министрі орынбасары Абдухалим Назарзода қыркүйектің 4-і күнгі оқиғадан кейін қашып кетті.

Халық арасында үрей тудырып, кем дегенде тоғыз полицейдің өліміне себепкер саналған ауқатты тәжік генералы қазір қашып жүр.

«Мемлекетке опасыздық жасады» және «терроршы» деп айыпталған бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасарына қыркүйектің 4-і күнгі оқиғадан соң іздеу жарияланды.

АЗАМАТ СОҒЫСЫН ЕСКЕ САЛДЫ

51 жастағы Абдухалим Назарзода төрт құбыласы түгел адам тәрізді көрінетін. Өткен жылы ол қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Назарзода жұмыстан бөлек, ауқымды кәсіппен айналысып; наубайханалардан бастап, кафе, дүкендер ұстап; жылжымайтын мүлік, жылқы фермасы және басқа да ауыл шаруашылығы бизнестерін жүргізген.

Биліктің айтуынша, үш әйелі бар генерал үкімет «террорлық шабуыл» деп атаған бүлікті басқарған. Шабуыл кезінде кем дегенде тоғыз полиция қызметкері опат болды. Бұл оқиға жұрттың есіне 1992-1997 жылғы азамат соғысын түсіріп, үрей тарады.

Полицияның мәлімдеуінше, Назарзода бастаған әскерилер тобы Душанбенің шығысындағы Вахдат қаласында қыркүйектің 4-і күні таң алдында полиция ғимаратына шабуылдаған. Сол күннің кешінде Душанбедегі халықаралық әуежай қасындағы қорғаныс министрлігі ғимараты жанында қауіпсіздік күштерімен соғысқан.

Билік дерегі бойынша, Назарзода мен оның «әріптесі» полковник Жухайдулло Умаров және басқа да қарулы адамдар Вахдат маңындағы Ромит шатқалына қашып кеткен, қазір ол жерде «кең көлемді» іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Полиция «топтың қаруы мен көлік құралдарын қолға түсірдік», «олардың ондаған өкілі тұтқындалды және өлді» деп хабарлады.

Әуежай жанындағы қарулы топпен полиция қақтығысы болған жерде жүрген полицейлер. Душанбе, 4 қыркүйек 2015 жыл.
Әуежай жанындағы қарулы топпен полиция қақтығысы болған жерде жүрген полицейлер. Душанбе, 4 қыркүйек 2015 жыл.

Шабуылдан аз уақыт өткен соң Назарзода «қылмыс жасағаны үшін» қызметінен алынды, содан соң оған «мемлекетке опасыздық жасау», «терроризм», «бүлік ұйымдастыру» және «экстремистік топ құру» баптары бойынша айып тағылды. Осы шабуылдан соң кедей мемлекет Тәжікстан мен оның автократ билеушісі Эмомали Рахмонға әлем назары ауып тұр, азамат соғысынан соң жасалған саяси келісімдер шатқаяқтай бастағандай көрінді.

ОЛ ИСЛАМ ПАРТИЯСЫН ҚОЛДАДЫ МА?

Рахмонның зайырлы үкіметі жақында Тәжікстанның Ислам өркендеу партиясының жұмысын тоқтатқан еді. Бұл ұйым - елдегі ірі саяси партия және Орталық Азияның бұрынғы советтік бес мемлекеті арасында ресми тіркелген жалғыз ислам партиясы еді. Генералдың шабуылы осы жағдайдан кейін болған соң партияның тарауы да түрткі болған тәрізді деген сөздер шықты.

Ислам өркендеу партиясы «сатқын» генералдың бізге еш қатысы жоқ деп мәлімдеп, «қақтығыс Тәжікстанның құқық қорғау мекемелерінің ішкі қақтығысынан шығуы мүмкін» деген болжам айтты.

Назарзода қорғаныс министрлігіне қызметке 1997 жылы барған еді. Бұл кезде үкімет исламистер басқаратын оппозициямен мәмілеге келіп, бес жылға созылған азамат соғысы тоқтаған болатын.

Назарзода шиеленіс басталған кезде бірнеше ай бойы оппозицияны қолдады, Душанбе мен Вахш аудандарында қарулы жасақтарға жетекшілік етіп, үкімет әскерімен соғысты.

Абдухалим Назарзоданікі деген үй.
Абдухалим Назарзоданікі деген үй.

Бірақ 1993 жылы ол Қазақстанға кетіп қалды. Онда өзін саудамен айналысатын табысты кәсіпкер ретінде көрсетті, бірақ нақты қандай бизнеспен айналысқаны белгісіз. Исламшыл оппозицияға жақын дереккөздің айтуынша, ол Тәжікстанға 1997 жылдың маусымында мәміле жасалып, келісімге қол қойылған соң, мол қаржымен және жол талғамайтын көліктер күзетімен оралған.

Жорамал бойынша, Назарзода сол кездегі оппозиция басшысы Саид Абдулло Нуриге 10 джип сыйлаған. Нури оны бұрынғы оппозиция күштері мен үкімет жауынгерлері біріккен 25-батальонға командир етіп сайлайды. Бұған оппозиция командирлері наразы болып, Назарзода әділетсіз тағайындалды деп ренжиді.

Бірақ полковник шеніне көтерілген Назарзода өткенге жалтақтайтын адам емес еді. Қорғаныс министрі лауазымына жақындап, бизнес саласын кеңейте береді.

БИЗНЕСІНЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛДЫ МА?

Қыркүйектің 4-і күнгі оқиғадан соң «Назарзоданы ықпалды адамдар аяқтан шалған, бизнесін тартып алу үшін жала жапқан» деген болжамдар да айтылды. Оны түрмеде жатқан магнат Зайд Саидовпен салыстырғандар да болды. Қомақты бизнесі, көптеген кәсіпорындары бар Саидовты 2013 жылы «көп әйел алды», «әйел зорлады», «қаржылық алаяқтық жасады» деп айыптап, соттаған еді. Кәсіпкердің өзі бұл айыптарды мойындамайды.

Дегенмен Назарзоданың бизнес ауқымы Саидовқа қарағанда әлдеқайда шағын. Саидов құрылыс, тоқыма, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік тәрізді көптеген саланы қамтитын бизнес-империя құрған еді. Шабуыл алдында Назарзоданың бизнес мүддесіне қауіп төнгені жөнінде болмашы белгілер болғаны рас.

Бұл шабуыл Тәжікстан ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы командирі, полковник Гулмурод Халимов «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына қосылуға аттанғаннан бір айдан кейін болды. Халимов YouTube сайтына салынған бейне көріністе Рахмонның ислам дініне қарсы әрекеттерін сынайды.

ХАЛИМОВПЕН САЛЫСТЫРУ

Кейбіреулер Назарзоданы сол Халимовпен салыстырады. Назарзоданы діндар адам деу қиын, бірақ 1990-жылдардың басында қажылыққа барып, қажы атанып кеткен.

Ромит шатқалындағы іздеу шараларына жұмылдылылған Тәжікстан ІІМ-інің жауынгерлері. Билік дерегінше, Абдухалим Назарзода мен оның жақтастары осы шатқалға тығылған. 7 қыркүйек 2015 жыл.
Ромит шатқалындағы іздеу шараларына жұмылдылылған Тәжікстан ІІМ-інің жауынгерлері. Билік дерегінше, Абдухалим Назарзода мен оның жақтастары осы шатқалға тығылған. 7 қыркүйек 2015 жыл.

«Егер ол үкіметтің дінге қатысты саясатына наразы болса, неліктен ауылдағы полиция бөлімшесіне шабуылдады?» деген сауал туады.

Назарзоданы айыпты деп отырған шенеуніктер «ол Вахдатты бекер таңдаған жоқ» дейді. Азаттықтың Тәжік қызметіне аты-жөнін атамауды өтінген полиция қызметкері «Назарзода мен оның жақтастары қыркүйектің 6-сы күні Рахмон осы ауданға келгенде оған қарсы теракт жасамақ болған» дейді.

Оның сөзіне қарағанда, қыркүйектің 3-і күні полиция топ мүшелері арасында хабар тасып жүрген Вахдат қаласында тұратын әйелді «кездейсоқ» ұстап алады. Әйел тұтқындалған соң Назарзода жоспардың ашылғанын біліп, полиция қызметкерлерінің қаруын тартып алып, тұтқындалмау үшін полицияның штаб-пәтеріне шабуылдайды.

Тәжікстанда жоғары лауазымды офицердің «үкіметке шабуыл жасамақ болды» деп айыпталғаны бірінші рет емес. Соңғы 20 жылда төрт тәжік генералы мен екі полковникке осындай айып тағылды. Жақында берген сұхбатында Назарзода «ешкім де мен тұтқындалмаймын деп айта алмайды», «өмірде бәрі болуы мүмкін» деген еді.

Фарангис Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG