Тәжікстандағы "Исламдық жаңғыру" партиясы басшысы Интерполдың іздеу салғандар тізімінен алынып тасталды. Бұл оқиға Human Rights Watch ұйымының хабарлауынша, осыдан екі апта бұрын ғана «Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясының» (ТИЖП) сыртта қуғында жүрген көп мүшелерінің бірін «Стамбұлдан Тәжікстанға заңсыз әрі күштеп алып келген» жағдайда өрістеп отыр. Сол кезде осы партияның белсендісі Нумнжон Шариповты Түркия Тәжікстанға табыстаған болатын
Дегенмен Кабиридің Интерпол тізімінен алынуы халықаралық құқық қорғау органдарының үкіметтерден түскен өтініштердің саяси кек алу емес, шынымен қауіпсіздік мақсатын көздегеніне көбірек назар аудара бастағанын аңғартады.
ТИЖП баспасөз хатшысы Махмуджон Файзрахманов «Интерполдың бейбіт те салмақты саясаткер Кабириді Интерпол тізімінен алып тастау туралы» шешімін құп алғанын айта келе мұны билікке меңзеп, «өз қарсыластарын содыр не террорист етіп көрсету әрекеттерінің сәтсіз болғанын дәлелдейді» деді.
Тәжік үкіметі біраздан бері "Исламдық жаңғыру" партиясын шынымен «содырлар мен террористер ұйымы» атап келген еді. Экстремистік топ деп танылғаннан көп өтпестен, 2015 жылғы қыркүйекте бұл партияға мүлде тыйым салынған.
Бұған дейін 18 жыл бойы ТИЖП мен үкімет бір-бірімен жақсы тіл табысып, қатар жұмыс істеп келген. 1992-97 жылдардағы азамат соғысы кезінде екеуі бір-біріне қарсы соғысты. Кейін қабылданған бейбіт келісім бойынша, ТИЖП мен оның соғыс кезіндегі одақтастарына үкіметтен орын берілді.
"Тәжікстанның Исламдық жаңғыру партиясы" – Орталық Азиядағы бірден-бір исламдық партия болатын. Олар Ауғанстан, Пәкістан, Ирак пен Сириядағы радикал исламшыл топтарды қатты сынап келген.
Партияның бұл ұстанымы президент Эмомали Рахмонның зайырлы үкіметі үшін өте қажет еді. Себебі, үкімет мүшелерінің немесе билік тағайындаған имамдардың айтқанына қарағанда, ислам партиясының көршілес Ауғанстандағы экстремизмге қарсы пікірлеріне халық көбірек ұйып, соларға иланатын.
Алайда, партияның үкіметтегі орындар саны біртіндеп азая берді де, 2015 жылғы 1 наурызда болған соңғы сайлауда партия парламенттегі қалған екі орнынан айырылды. Сол жылғы маусым айында оны тіркеуден шығарып тастады. Ал қыркүйекте Қорғаныс министрінің орынбасары Абдулхалим Назарзода билікке қарсы шықты деген әңгіме тарап еді, тәжік үкіметі оны бірден ТИЖП-мен байланыстыра қойды.
Турасын айтқанда, Назарзода азамат соғысы кезінде оппозиция жағында болған. Бірақ ол соғыс басталғанда олардан кетіп, тек қақтығыс біткенде ғана сапқа оралған. Соғыс біткеннен бері ол Тәжікстанның қорғаныс саласында жұмыс істеп, 2005 жылдан жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Сондықтан ол бүлік шығарды деген ақпарат түрлі әңгіме тудырып, үкімет оны ТИЖП-мен байланыстырып, партияны «Әл-Қайда», «Ислам мемлекеті» тәрізді террорлық ұйымдардың қатарындағы экстремистік топтардың санатына кіргізді.
Бұл кезде Кабири шетелде болатын. Партияның елде болған 14 басшысы тұтқынға алынып, ұзақ жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Арасында екеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. HRW адам құқықтарын қорғау ұйымы «қате шешім» деп атады. Партияның қатардағы ондаған мүшесі қамауға алынды, үкімет Интерполға партияның сыртта жүрген басшыларын іздеу салынғандар тізіміне енгізу туралы өтініш берді.
Кабири бостандықта жүрген болса, HRW-ның айтуынша, ТИЖП-ның басқа бір мүшесі Намунжон Шариповқа «Тәжікстан түрмесінде азаптау қаупі төнді».
Шарипов – Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғд аймағынан шыққан, аталған партияның жоғары лауазымды басшысы. Ол 2015 жылғы тамыздан бері Стамбұлда тұрып, сонда шайхана ашып, соны басқарып келген. Бірақ, биыл ақпанның 20-сында Азаттықтың Тәжік қызметіне қоңырау шалған ол Тәжікстанға «өз еркімен қайтып келгенін» айтты.
Ол елдің солтүстігіндегі Исфара қаласына барып, «бір аптаның ішінде» Стамбұлға қайтпақ болған. Наурыз келді, бірақ оның Түркияға ұшып кеткені туралы ешқандай ақпар болған жоқ.
HRW-тың есебіне қарағанда, Шариповтың ұлының айтуынша, “Тәжікстанның Стамбұлдағы консулы 2 ақпаннан бастап Шариповтың шайханасына үш күн қатарынан келіп, оны Тәжікстанға өз еркімен баруға үгіттеген».
Ақпанның 5-інде түрік полициясы Шариповты ұстаған. Отбасы мүшелерінің онымен бірнеше рет кездесуге мүмкіндігі болған. Алайда, ақпанның 16-сында оны Душанбеге ұшатын ұшаққа отырғызған-мыс.
Шарипов әулеті адвокатының айтуынша, Шариповты Тәжікстанда қамауда ұстап, оны Азаттыққа айтқаны сияқты мәлімдемелер жасауға мәжбүрлеген. HRW-тың айтуынша, “ елге күштеп әкелінген тәжік белсенділерін баспасөзге осы сияқты мәлімдеме жасауға мұның алдында бірнеше рет мәжбүрлеген».
Джон Хезершоу мен Эдуард Лемон 2017 жылғы қазанда шыққан мақалаларында Кабири мен Шарипов сияқты оппозиция өкілдерінің тағдырын сипаттап берген.
Авторлардың айтуынша, тәжік үкіметі қуғындағы саясаткерлерді «Интерпол арқылы не Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты аймақтық ұйымдар арқылы халықаралық іздеудегі адамдар тізіміне енгізіп» нысанаға алады. Мұнымен қоса, сырттағыларды күшпен елге қайтару оқиғалары да кездеседі.
Колумбия университетінің Харриман институтында постдокторантура зерттеуін жүргізіп жатқан Лемон Азаттықтың Тәжік қызметіне: «Кісіні саяси яки діни ұстанымы бойынша қудалау – Интерполдың заңына қайшы, бірақ бұл Тәжікстан сияқты авторитарлық елдер үкіметтерінің саяси қарсыластарын қуғындауға тосқауыл болар емес», - деді.
- Бірақ, Интерпол реформаланып жатыр. 2015 жылы олар «босқын» мәртебесін алғандарды іздеу салғандар тізіміне қоспайтынын жариялады. Тіпті Интерпол адамды қызыл түсті іздеуден алып тастаған күннің өзінде кей елдердің полициялары оларды өздерінің базасынан алып тастауға асықпауы мүмкін, оның үстіне, үкіметтер Интерполға айтпастан, оған мүше мемлекеттерге тікелей қолқа салу арқылы өз азаматтарын тұтқындауға өтініш беруі мүмкін, - дейді сарапшы.
"Исламдық жаңғыру партиясы" ресми тіркеуде болған кезінде ол 40 мың мүшесі бар елдегі екінші ірі саяси партия еді. Мүше болмаса да, бұл ұйымды қолдайтындар саны тіпті бұдан екі есе көп болатын. Ол нағыз оппозициялық саяси партия саналатын.
Өзіне қарсылық көрсетер саяси партия қалмағандықтан, президент Эмомали Рахмон таңқалдырар шешімдер қабылдап жатыр.
2015 жылы түгелдей президент партиясынан құралған Тәжікстан парламенті Эмомали Рахмонға «бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы» деген атақ берді.
Рахмонның қызы Озода 2016 жылдың қаңтар айында Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2016 жылғы мамырда болған референдум нәтижесінде конституцияға өзгерістер енгізіліп, президенттің екі мерзімнен артық сайлануына қойылған шектеу алынып тасталды және президенттікке кандидаттың шекті жасы 35 жастан 30-ға төмендетілді. Рахмонның үлкен ұлы Рустам Эмомали желтоқсан айында 30 жасқа толды. Ол 2017 жылдың қаңтар айынан бері Тәжікстан астанасы – Душанбенің мэрі қызметін атқарады.
Forum 18 деп аталатын норвегиялық діни ұйымның есебіне қарағанда Тәжікстанда былтыр «1938 мешіт күштеп жабылып, зайырлы мақсаттарға пайдалануға берілген».
Тәжікстанда пәрменді оппозициялық партия болса, биліктің мұндай шешімдер қабылдауына мүмкіндік берілмеген болар еді.
(Мақала ағылшын тілінен аударылды)