Ауылдың аты – Чорқишлоқ. Қазір мұнда әдеттегі ауылға тән мамыражай көңіл-күй жоқ. Тұрғындар етек-жеңін жинап, сақ отыр. Бейтаныс адам көрсе, жылыстап, теріс айналып кетеді. Жұрт көлденең кісіден күдіктенетін жағдайға жеткен - ауласына кіргізбей, қоршаудың сыртынан сөйлеседі.
«Жиһадшылар» жөнінде ақпарат шыққалы ауылдың тыныс-тіршілігі осындай кепке түскен.
Чорқишлоқ - Исфара қаласынан жеті километр жердегі ауыл. Үш мыңдай тұрғыны бар. Мұндағы үйлердің бәрі саман кірпіштен салынған. Бұл ауылға жұрт назары «Сирия мен Иракқа соғысқа аттанғандар арасында осы ауылдың 20 жігіті бар» деген ақпараттан кейін ауды. Тәжік билігі қыркүйек айында Сирия мен Ирактағы «жиһадқа» Тәжікстаннан 200-дей адам кеткенін хабарлаған еді.
Жаңағы «жиырма жігіттің» туыстары, көршілері, осындағы имам, тіпті ауыл әкімдігі қызметкерлері де «жиһадшылар» туралы әңгімеге құлықсыз, айтқылары келмейді.
Алайда жағдай онсыз да белгілі. Былтыр жиырма-отыз жас аралығындағы бір топ жігіт Сирия пен Иракқа аттанған. Бірлі-жарымы әйел-баласын бірге әкеткен. Кеткендердің екеуі қаза тапқаны туралы да ауыл жұрты естіп алған.
Ауылдағы бұл жайт жарияға шықпай жата беретін де еді. Бірақ қыркүйек айында Чорқишлоқта тұратын бір әйел Сирияға кетпек болып жүрген жерінен ұсталып қалған. Бірер күн өткен соң Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «жиһадшылар қаупінің күшейіп келе жатқанын» мәлімдейді.
Ауылдарының «жиһадшылар мекеніне» айналғаны тұрғындар көңілін күпті етіп қойған.
Жергілікті мемлекеттік қызметкер Мубашира Мирзахуджаева Сирияға кетпек болған әйелдің күйеуі «Ресейде гастарбайтер болып жүрген жерінен Сирияға соғысқа аттанғанын» айтады.
Чорқишлоқтағы жалғыз мешіттің имамы Садриддин Содиқовтың айтуынша, «ауылдағы намаз оқитын жамағаттың «жиһадшылармен» байланысы жоқ».
Имам «Олардың («жиһадшыларды» айтады – ред.) көпшілігі мешітке келмейтін. Дін ұстайтындарын да білмейді екем. Тіпті «жиһад» сөзінің мағынасын түсінетіндеріне де күмәнім бар» дейді.
Чорқишлоқтан өзге тағы бірнеше ауыл қарайтын Шахрак ауданының басшысы Мехри Иброхимова да ақпарат беруден ат-тонын ала қашты. Айтқаны тек «Бұл 20 жігіт Сирияға тікелей Тәжікстаннан кетпеген. Туыстары да [олардың Сирияға кеткендерін] білген жоқ» деген бір ауыз сөз болды.
Мәселенің мән-жайын анықтауға келген шенеуніктер мен журналистер жергілікті халықты мезі еткенге ұқсайды. Әсіресе «жиһадқа аттанғандардың» туыстары зәрезап болған.
Йосинхон Ешоновтың ұлы Йоқуб әйелі мен екі баласын тастап, Сирияға мамыр айында кеткен.
Ешоновтың айтуынша, «ұлын Ресейде жүрген жерінен біреулер азғырып, Сирияға сол жақтан алып кеткен». Жұбайы оны «алып қайтамын» деп артынан аттанған.
«Келінім оны қайтуға көндірді. Қазір олар Түркияда. Душанбе не Мәскеуге кетуге тырысып жатыр» дейді ол.
Ешонов «ұлымды біреулер азғырған» десе, басқа ата-аналар ұл-қыздарының жиһадқа кетуінің өзге де себептерін болжайды.
Сирияда қаза тапқан бір жігіттің әкесі «ұлым - шейіт, қасиетті соғыста қаза тапты» деп мақтанып отыр. Ол аты-жөнін жариялаудан бас тартты, себебі ұлдың шешесіне қаралы хабарды әлі естіртпеген.
Ал көршілер сөзіне қарағанда, «соғысқа аттануға сіңірі шыққан кедейшілік себеп».
70 жастағы қария Низомиддин Ерматов «Ұлдарымыз жұмыс таппаған соң Ресейге кетіп жатыр» дейді.
Чорқишлоқтағы жергілікті билік өкілдері «әлгі 20 күдіктіні Сирия мен Ирактан қайтаруға тырысып жатқандарын» айтады.
«Ата-аналарымен сөйлесіп отырмыз. Олар балаларына «елге оралыңдар» деп жалынып жатыр. Кейбірі анда-санда үйіне телефон соғады. Одан басқа байланыс жоқ» дейді аудан басшысы Иброхимова.
Алайда ол «ендігі жұмыс – қалған жұртты жиһадқа аттанудан сақтандыру» екенін айтты.
Осы шаруаны атқару үшін шенеуніктер мен діни қызметкерлер мектептерде, мешіттерде үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткен. Жұртпен жұмысты күшейту үшін олар тіпті шайханаларға да барып тұрады.
Жергілікті имам Содиқов «Құтпаларда жастарға Сирия мен Ирактағы қақтығыстардың олар ойлағандай қасиетті соғыс емес екенін айтып отырамын» дейді.
Имамның айтуынша, «Шариғатта мұсылманға, басқа да монотеистік дін өкілдеріне қарсы соғыс жиһад деп саналмайды».
Чорқишлоқ ауылы (фотогалерея):
(Фарангиз Наджибулла мен Масум Мухаммадраджабтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)