Рахмон қызын президент аппаратына басшы етті

Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонға "Құрмет" орденін тапсырып тұр. 28 тамыз 2015 жыл.

Тәжікстанда "ұлт көшбасшысы" атағын алған президент Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонды аппаратының басшысы етіп тағайындады.

Тәжікстан президентінің қызы, оның аппаратының жаңа басшысы атанған 38 жастағы Озода Рахмон бұған дейін сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Президент аппаратын бұған дейін басқарған Худоерзода Бахтиер Таварды Тәжікстан парламенті сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссия төрағасы қызметіне ұсынған.

Тәжікстанда бүгін бұған қоса бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасалды. Премьер-министрдің орынбасары, президенттің бірнеше көмекшісі ауысты. Тәжікстанның Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы, Сауд Арабиясындағы елшілері де ауысты.

МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫЛАҒАН ПРЕЗИДЕНТ ӘУЛЕТІ

Соңғы кезде Тәжікстанда Эмомали Рахмонның билігін ұзартып, президент отбасы мүшелерінің мәртебесін жоғарылату жөнінде заң қабылданып, ұсыныстар жасалып жатыр. Қаңтардың басында Тәжікстан парламенті ел конституциясына Эмомали Рахмонға президенттікке шектеусіз сайлану мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдаған. Мұның алдында Эмомали Рахмонға "ұлт көшбасшысы" атағын беретін заң қабылданған.

16 баптан тұратын заң жобасында «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы», «ұлт көшбасшысы» ұғымдарына түсінік беріліп, «ұлт көшбасшысының» құзыреті, оның жеке басына қол сұғылмау құқығы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік беру, орден мен мемлекеттік сыйлық тағайындау ережелері бекітілген.

Тәжікстан парламенттың төменгі палатасы - Маджлис намояндагон спикері Шукурджон Зухуров бұған дейін Рахмонды "тәжік халқы үшін көп іс жасаған батыр" деп атаған. Ол «бұл тарихи заң Рахмон билігін сынайтындардың айтқанындай елдегі демократиялық процестерге қайшы келмейтінін» мәлімдеген.

Белгілі тәжік құқық қорғаушысы, 2013 жылы президент сайлауына түспек болған жерінен бәсекеден шеттетілген Ойнихол Бобоназарова бұл заңды «демократияны мазақ ету» деп бағалайды. Рахмонды сынайтын басқа да тұлғалар «Тәжікстан демократиядан тағы бір қадам алшақтады» деген сарындағы пікірлер білдірген.

Эмомали Рахмонның билікте Озода Рахмоннан басқа да баласы бар. Оның ұлы Рустам Эмомали мемлекеттік қаржыны бақылау және жемқорлықпен күрес агенттігін басқарады.

Қаңтардың ортасында Тәжікстандағы дін істері жөніндегі сарапшы Абдулло Мухаккик Эмомали Рахмонның әйелі Азизамо Рахмонованы "мұсылман әйелдердің лидері" деп атауды ұсынған. Абдулло Мухаккик «Ховар» мемлекеттік ақпарат агенттігінде жарияланған мақаласында Азизамо Рахмонованы Мұхаммед пайғамдардың жұбайы Айшамен салыстырып, оны «мұсылман әйелдердің лидері» деп жариялауды ұсынған.