Қазақстанда кәсіподақтар жұмысшылар мүддесін қорғай ма?

Үш ай бойына жалақыларын алмаған метро жұмысшыларының ереуілі. Алматы, 10 тамыз, 2010 жыл.

Жұмысшылар құқығын қорғауға тиіс кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының емес, жұмыс берушінің құқығын қорғаумен айналысады деп шағымданады Азаттық радиосына пікір білдірген түрлі сала жұмысшылары. Ал кәсіподақ ұйымдарының төрағалары дағдарысқа қарамастан, оларға қолдан келгенше жағдай жасап отырмыз дейді.




Қазақстанда бірқатар ұйымдар мен қозғалыс өкілдері соңғы уақыттары жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың ереуілге шығу оқиғасының жиі тіркеліп отырғанын және еңбекақысын төлеуді талап еткен жұмысшылар құқық қорғау орындары мен билік тарапынан қысым көріп отырғанын алға тартады. Ал жұмысшылар құқығын қорғауға тиіс кәсіподақ ұйымдары олардың айтуынша, еңбек адамының емес, керісінше жұмыс берушінің құқығын қорғаумен айналысады.


Алматының жұмысшылар кәсіподағы қауымдастығының төрағасы Марат Молдабеков Қазақстан бойынша 26 кәсіподақ ұйымына 2 млн адам, ал тәуелсіз кәсіподақ ұйымына мүше адамдар саны 500 мыңға жуық деген дерек келтіреді.