Қара теңізде Ресейдің "Москва" крейсері суға батты. Оған не болды?

"Москва" крейсері Ресейдің Қара теңіздегі әскери флотының флагманы болған.

14 сәуір кешке Ресей қорғаныс министрлігі елдің Қара теңіздегі әскери флотының флагманы – "Москва" крейсері суға батқанын хабарлады. Сарапшылар зымыран қаруы бар крейсерден айырылу Ресей флотына елеулі соққы болып тиетінін айтады.

13 сәуір кешке Украинаның Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы, полковник Максим Марченко telegram-каналына Ресейдің Қара теңіз флотының флагманы (жолбасшы кеме) саналатын, зымыранмен жабдықталған "Москва" крейсеріне Украинаның кемеге қарсы екі "Нептун" зымыраны тигенін жазды. Бірнеше сағаттан кейін Ресей қорғаныс министрлігі ТАСС агенттігіне кемеде өрт болғанын растады. Әскери ведомство "Өрт салдарынан "Москва" зымыран крейсерінде оқ-дәрі қоры жарылды. Кемеге едәуір зақым келді. Экипаж толықтай эвакуацияланды" деп мәлімдеп, өрттің шығу себебі анықталып жатқанын айтқан.

Украинаға қарсы соғысқа белсене қатысқан крейсерге не болғаны әзірге белгісіз: көп нұсқаның біріне сәйкес, "Москва" зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі "Байрактар" дронына соққы беруге тырысып жатқанда, кемеге "Нептун" зымырандары тиген; тағы бір дерекке сенсек, крейсерге америкалық кемеге қарсы "Гарпун" зымыраны соққы берген (Украина бұл зымыранды Ұлыбританиядан алған болуы мүмкін); үшінші нұсқада кемедегі оқ-дәрінің жарылуы мен өрттің Украина шабуылына еш қатысы жоғы айтылады.

Бейсенбіде Пентагон өкілі Джон Кирби CNN-ге берген сұхбатында "АҚШ-тың қолындағы деректер "Москва" крейсерінің жүзе алатынын көрсетті" деген. Кирбидің сөзінше, крейсерге зақым келген, бірақ оның Украина шабуылының нәтижесінде пайда болғанын Пентагон растай да, жоққа шығара да алмайды.

Ал сол күні кешке Ресей қорғаныс министрлігі "өрт салдарынан оқ-дәрі жарылғанда корпусы зақымданған "Москва" крейсерін тіркеп алып, порттағы тұрағына әкеле жатқан кезде теңіздегі дауылдан тепе-теңдік сақтай алмай, суға батты деп хабарлады.

"УКРАИНА СОҚҚЫСЫ ДЕГЕН СӨЗ ШЫНДЫҚҚА КЕЛЕДІ"

Ресей әскери министрлігі "Москва" крейсерінің су батқанын хабарлардан біраз бұрын Азаттықтың Орыс қызметі "Ресей кемесіне не болуы мүмкін?" деген сұраққа жауап іздеп, Ресей әскери-теңіз күштері бойынша сарапшы, "Құпия жағалаулар" сайтының негізін қалаған және Ресей флоты жайлы кітаптардың авторы Эйч Ай Саттонмен (H I Sutton) сөйлескен еді.

Азаттық: "Москва" – Қара теңіз флотының флагманы. Оның символикалық мәнінен басқа, әскери маңызы бар ма?

Эйч Ай Саттон: "Москва" крейсерінің Украинаға қарсы соғыста сөзсіз әскери рөлі болды. Тіпті басқа кемелерге қолбасшылық жасаған болуы да мүмкін. Бірақ арасында бұл рөл Ресейдің қазіргі заманғы басқа әскери кемелеріне өтіп отырды. "Москва" крейсері әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне қатысқан сияқты. Кемеде екі негізгі қару жүйесі бар. Біреуі – кемеге қарсы қорғаныс: ол бұл соғыста көп қолданылмады, өйткені Ресей шамалы уақыт ішінде Украина флотын тықсырып үлгерді, екіншісі – аса алыстан жасалатын әуе шабуылына қарсы қорғаныс: бұл "Москваның" негізгі активі болды, крейсердің қайда болуы керегі де осыған байланысты анықталып отырды.

Азаттық: Кемеге зымыран тиген болса, неге "Москваның" зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі іске қосылмады?

Эйч Ай Саттон: Болған оқиғаның жай-жапсарын білмейміз. "Москва" зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің үш деңгейімен жабдықталған. Біріншісі – ЗРК С-300Ф "Форт", ол жердегі кәдімгі С-300 жүйесіне ұқсайды. С-300 параметрлері бойынша америкалық алыс радиустан әрекет ету жүйесі – "Патриотқа" келеді. Одан бөлек, "Москвада" орташа радиуста әрекет етуге арналған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі және жақын радиустан қолданылатын, жылдамдығы жоғары артиллерия құрылғылары бар. Бұл үш жүйе де біраз ескірген, олар [өткен ғасырдың] 70-80-жылдары жасалған. Көп нәрсе ішкі жағдайға – жүйенің қалай басқарылғанына, радарлардың қосылуына және басқа да факторларға байланысты.

Азаттық: Крейсерге Украина зымырандары соққы берді деген мәлімдемеге сенесіз бе?

Эйч Ай Саттон: Иә. Украина шабуылы – шындыққа жанасатын нұсқа. Кей ресейлік ақпарат құралдары жағдайды басқаша көрсетуге тырысып, апатқа әскери қимылдардың қатысы жоқ деп жазып жатыр. Иә, Украинада кемеге қарсы миналар бар, бірақ зымыран соққысы туралы нұсқа әлдеқайда сенімді көрінеді. Дегенмен әзірге кемеге зымыран тиді деп нақты айта алмаймыз.

Азаттық: "Москваға" жасалған шабуылға байланысты украиналық "Нептун" және Украинаға Ұлыбританиядан жіберілді делінген америкалық "Гарпун" зымырандары аталды. Шабуылға осы зымырандардың қайсысы қолданылды деп ойлайсыз?

Эйч Ай Саттон: Білмеймін. Қазірге дейін Украинада аталған зымырандарды ұшыратын кешен бары расталмаған. Сондықтан әртүрлі сыбысқа сүйенуге тура келеді. "Нептун" – Совет одағы зымыранының жетілдірілген түрі, бірақ оның жаппай өндірісі әлі басталмауы керек еді, енді бұған соғыс кедергі болып отыр. "Гарпун" зымыраны туралы да түрлі қауесет тараған, бірақ олардың Украинаға жеткізілгенін растайтын ақпарат жоқ. Крейсердің қаншалық үлкен екенін ескерсек, кемеге қарсы зымырандар қолданылған сияқты. Теориялық тұрғыдан алғанда, басқа зымырандар болуы да мүмкін, бірақ теңіздегі нысанды дәл көздеудің қиындығына байланысты оларды пайдалану ықтималдығы төмен. Бұл ұшқышсыз басқарылатын аппараттан ұшырылған шағын зымыран деп ойламаймын.

"Нептун" Украинаның ​кемеге қарсы зымыран қаруы (орыс тілінде):

Азаттық: "Москва" – шынымен өте ірі кеме. Бір жағынан, бұл оны қолайлы нысанаға айналдырады, екінші жағынан теңіздегі құрылғыларға соққы беру, оның дәл координатын анықтау өте қиын. Украинаға "Москва" крейсеріне соққы беруге НАТО-ның барлау деректері көмектесуі мүмкін бе?

Эйч Ай Саттон: Еш хабарым жоқ. Бұл туралы ештеңе білмеймін.

Азаттық: Теориялық тұрғыдан алғанда, Украина әскері кеменің орнын дәл тауып, оған соққы беруге қауқарлы ма?

Эйч Ай Саттон: Теңіздегі нысананы көздеп ату – шынымен қиын, ауа-райы нашар, ал кеме алыста болса, операция тіпті күрделене түседі. Бұл жерде Бердянск портында өртенген "Саратов" десант кемесінің жағдайы сияқты тағы да сәті түсе кетті деп ойлаймын. Яғни, екі жағдайда да оқиға басқаша өрбіп, Украинаның жолы болмауы мүмкін еді. Теңіздегі нысанаға соққы беру өте қиын, бірақ кейде оның координатын анықтауға ашық дереккөздер де пайдаланылады. Мысалы, қолда бар деректерге қарап, кеменің әдетте қалай жүзгенін бақылап, оның болжалды бағытын анықтауға болады. "Москваға" Қара теңіздің қай тұсында шабуыл жасалғанын білмейміз, бірақ ерте ме, кеш пе, бәрі анықталады. Сол кезде крейсердің ол жерде болатынын алдын-ала болжау мүмкін бе, жоқ па деген сұрақтың жауабын табамыз. Қара теңіздің солтүстік бөлігі үлкен емес, бірақ соның өзінде зымыран ұшырып, нысанаға дөп тигізу қиын.

"МОСКВАНЫҢ" ОРНЫН БАСАТЫН КЕМЕ ЖОҚ"

Азаттық: Экипаж назары "Байрактар" дронында болып, негізгі соққыны жіберіп алған деген нұсқаға қалай қарайсыз?

Эйч Ай Саттон: Сенімді естіледі, бірақ тым қашықта болғанын ескеру керек. Сондықтан кеменің үстінде дронның ұшып жүруі екіталай. Ресей Қара теңізде кемеге қауіп аз деп ойлаған сияқты. Кремль Украинаның кемеге қарсы зымырандары, авиациясы барын білді, бірақ кемелерін Севастополь портына ашық түрде қойып жүрді. Әрине, "Москваға" портта шабуыл жасалған жоқ, бірақ бұл Ресейдің Украина тарапынан болуы мүмкін қауіпке мән беріп қарамағанын көрсетеді. Енді олар Украинаның дрон қолданғаны расталмаса да, басқа әдіске көшеді. Дрон қолданылып, Ресей Украина құрған "тұзаққа" түсіп қалған болса, бұл Киев үшін жағымды жаңалық болмақ. Демек Украина қазіргідей әрекет ете алады, ал Ресей кемелері дронға баса назар аударудан қорқатын болады. Басқаша айтқанда, Ресей өзін бұрынғыдай еркін сезіне алмайды.

"Москва" крейсері Қара теңіздегі жаттығу кезінде. 18 ақпан 2022 жыл.

Азаттық: Флагман крейсердің соққыға ұшырауына байланысты Ресейдің Қара теңіздегі флоты әлсіреді деуге бола ма?

Эйч Ай Саттон: Иә. "Москва" крейсері қатардан шықса, басқа кемелердің әлсіз тұстары көбейеді. Әсіресе, олар бұрынғыдай алаңсыз жүруін жалғастыра берсе, сөзсіз солай болады. "Москва" бірден көзге түсетін нысана емес. Бұл Украинада дәл осы кемеге шабуыл жасауға негіз болған жоқ дегенді білдірмейді. "Москваның" соққыға ұшырауы Украина үшін джекпот ұтып алғанмен бірдей. Бірақ Ресейдің басқа да жақсы қорғалған, қазіргі заманғы әскери кемелері бар. Украина үшін ірі десант кемесі, барлау қайықтары, минаны іздеп тауып, жоятын кеме және басқа да теңіз құралдары оңай олжа болады. Кейінгі кездері Ресей десант кемесін "демонстрация" үшін бірнеше рет Украина жағалауына жіберді. Олар Украинаға десант әскерін жеткізуге барғандай сыңай танытып, жағалауға жақындап, кері қайтып жүрді. Украина кемеге қарсы зымыран кешенін іске қосса, мұндай кемелердің жою қиын емес. Олар жағалауға жақын маңда қорғансыз күйде қалады. Украина маңында жүрген барлау кемелері туралы да осыны айтуға болады.

Азаттық: "Москва" жарты ғасыр бұрын жасалған. Крейсерді бірнеше рет қатардан шығарып тастамақ болды. Ресей бұл кемені неге әлі күнге пайдаланып келеді, оған балама жоқ па?

Эйч Ай Саттон: Ресейдің мұндай үлкен кеме құрастыруға мүмкіндігі жоқ. Мұндай кемелерді жобалау кезінің өзінде үлкен мәселелер болған. Яғни, Ресей фрегаттан үлкен кеме жасауға талпынып көрмеді. Ресейде екі ауыр крейсер бар, олар "Москвадан" әлдеқайда үлкен, қазір олардың бірі модернизациядан өтіп жатыр. Сондықтан Ресейде "Москваның" орнын басатын кеме жоқ.

Азаттық: Қара теңіздегі Ресей флоты Украина үшін қаншалық қауіпті? Ресей әскері әлдеқайда белсенді әрекетке көшуі мүмкін бе? Соғысқа дейін "Ресей бірден Украина жағалауына әскер жібере қоймас" деген едіңіз, айтқаныңыз келді, әзірге десант әскері жеткізілген жоқ. Бірақ Ресей кемелерінен қанатты зымырандар ұшырылып жатыр.

Эйч Ай Саттон: Екі сценарий бар деп ойлаймын. Бір жағынан, Ресей теңіздегі әскери іс-қимылын үдетпейтінін көріп отырмыз. Бердянск портындағы өрт пен жарылысты еске алып көріңізші. Бұл порт кемелерге қор жинау үшін маңызды стратегиялық нысан болатын. Ресей Азов теңізіндегі десант кемесін әскер жіберу үшін емес, алдыңғы шептегі құрлықтағы күштерді қамтамасыз ету үшін пайдаланғысы келген. Жартылай суға батқан десант кемесі әлі күнге сол жерде тұр. Ресейдің Бердянск портына басқа десант кемесін жібергенін көрген жоқпыз.

Ресей әскери теңіз флотының "Саратов" үлкен десант кемесі Бердянск портында суға жартылай батқан күйі тұр. 30 наурыз 2022 жыл.

Ресей шарасыз күйде отырса, тәуекелге барып, соғыс қимылдарын тоқтатпау үшін тағы бірнеше кемесін құрбандыққа шалар еді. Кез келген соғыста мұндай қауіп болады. Бірақ Ресей ондай қадамға бармай, консервативті тактика қолданып отыр. Бұл соғыстағы Ресей флотының әрекетін жоғарыдан белгіленген соғыс жүргізу стратегиясына қарамастан, басшылыққа өзінің маңызын көрсетуге талпыныс деп бағалауға болады. Енді жол бастаушы крейсер соққыға ұшырағаннан кейін Ресей флоты кемеге қарсы зымырандардан қорғану үшін қауіпті қадамға баруы мүмкін. Сонымен қатар Ресей Севастопольдегі "меншік" акваториясынан қанатты зымыран ұшыруды жалғастырады, – дейді сарапшы.

"АТЛАНТ" ЖОБАСЫНЫҢ ТАРИХЫ

"Москва" зымыран крейсері 1976 жылы Николаев кеме құрастыру зауытында жасалған. 18-ғасырдың соңында негізі қаланған зауытта әйгілі "Потемкин" әскери кемесі де құрастырылған. 1979 жылы теңізге түсіріліп, бастапқыда "Слава" деп аталған жаңа крейсер Совет одағындағы 1164 "Атлант" жобасының бас кемесі болған. Бұл жобаға кіретін қарулы крейсерлер әлемдік мұхиттағы СССР үшін маңызды аумақтарды бақылауда ұстап, соққы беру топтары мен әуе шабуылдарына қарсы күрескен. "Атлант" жобасы арзан болғанымен, тиімділігі жағынан "Орлан" атомдық крейсер жобасынан (әлі қатарда жүрген "Петр Великий" кемесі осы топқа жатады) қалыспайтын бастама еді.

Ресей әскери флотының зымыран қаруы бар "Петр Великий" атом крейсері.

Бастапқыда 1164 жобасы аясында он крейсер жасалады деп күтілген. Бірақ төрт кеменің негізі қаланған, үшеуі толық құрастырылған. Үш кеме де Ресейдің әскери-теңіз флотына кіреді: "Варяг" – Тынық мұхит флотындағы жол бастаушы кеме, "Маршал Устинов" – Солтүстік флот құрамында, үшеуінің ішіндегі ең ескісі – "Москва" (бұрынғы "Слава") – Қара теңіз флотының флагманы.

1164 жобасына кіретін крейсерлер 550 километрге дейін жететін "Базальт" типті кемеге қарсы қанатты зымырандармен жабдықталған. "Әскери ұшақтың көзін жоюшы" атағына ие болған "Атлант" кемелерінде қорғаныс жүйесімен салыстырғанда, шабуыл механизмі жақсырақ дамыған. Бұл крейсерлерде (олардың қатарында "Москва" да бар) әуе шабуылынан қорғану жүйесінің үш эшелоны бар (бір ЗРК С-300 "Форт", екі орташа қашықтағы "Оса-МА" зенит-зымыран құрылғысы және жақын қашықтан жылдам оқ жаудыратын алты АК-630 артиллерия құрылғысы). "Оса-МА" кешені 1980-жылдардың ортасында ескірген, ол теңіз деңгейінен 25 метрден төмен ұшатын зымырандарға төтеп бере алмайды, ал "Форттың" бір ғана радиолокациялық жүйесі бар, ол істен шықса, кеме ұзақ қашықтағы әуе шабуылынан қорғану мүмкіндігінен айырылады.

1989 жылдың аяғында СССР прзиденті Михаил Горбачев пен АҚШ президенті Джордж Буш Мальта жағалауында "Слава" крейсерінде кездеседі деп жоспарланған. Бірақ дауыл басталып, келіссөздер "Максим Горький" жолаушылар лайнерінде өткен. Осыдан кейін крейсер Николаевқа жөндеуге жіберілген. Бұл кезде СССР тарап, кемені жетілдіруге қаржы болмаған. 1990-жылдардың ортасында Қара теңіз флоты басшылығы Мәскеуден рұқсат сұрап, кемені өз қарауына алған. Осылай крейсердің атауы өзгеріп, жөндеуден өткен.

Севастополь портында тұрған "Москва" крейсері. 13 сәуір 2022 жыл.

Жөндеу барысныда крейсерге "Базальттың" орнына "Вулкан" кемеге қарсы зымырандар кешені қойылып, "Москва" 1999 жылы қайта іске қосылған. Бірнеше оқу жаттығуынан кейін 2008 жылы кеме Грузиядағы соғысқа қатысты. Қара теңіз флотының жол бастаушы кемесі Грузия жағалауына "демонстрация" үшін ғана барған, крейсер теңізде үш грузин катерінің көзін жоюға қатыспаған.

2015 жылдың аяғында "Москва" крейсері Сирия жағалауындағы Латакия ауданына барған. Кеменің міндеті – Ресейдің әуе-ғарыш күштерін жасырып, қорғау болатын. Бір жылдан кейін Жерорта теңізіне "Москваның" орнына осы жобаға кіретін "Варяг" крейсері барды. Ал "Москва" Севастопольге оралған. 2016 жылы әскери кеме әскери-теңіз флотының шеруіне қатысқан. "Москваның" ары қарайғы жайы талқыланғанда, крейсерді ескірген кеме ретінде жою, "Звездочка" зауытында жаңарту және Севастополь зауытында жөндеу сияқты үш түрлі нұсқа қарастырылған. Әскери-теңіз флотында крейсерді қазіргі заманғы зымырандармен және радиолокация құрылғысымен жабдықтап, жетілдіруге ақша болмаған, бірақ "Москваны" флот құрамынан шығарып тастау туралы да шешім қабылданбаған. Нәтижесінде кемені Севастопольде күрделі жөндеуден өткізген.

Ресей ғылым академиясы Е.М.Примаков атындағы әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының қызметкері, Ресей флоты бойынша сарапшы Илья Крамник РБК басылымына берген сұхбатында, "Москва" модернизация элементтері бар жөндеуден өтті. Кемеге осы заманғы қару-жарақ және өрт сөндіру жүйесі орнатылған жоқ" деген.

2020 жылғы шілдеде Севастопольдегі №13 кеме жөндеу зауыты "Москва" крейсері әлі ондаған жыл бойы қызмет етеді" деп уәде берген. Жөндеу кезінде кемеге қырық жыл бұрын орнатылған әуе шабуылынан қорғану жүйесінің құрамы жаңартылмаған. "Москва" жөндеуден өткен соң 2021 жылы жазда теңізге шыққан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚШ-тың "найзасы". Ресей танкілерін "жойып жатқан" Javelin қандай қару?Ресей әскері Донбассқа шоғырланды. Украина соғыстың жаңа кезеңіне қалай дайындалып жатыр?"Байланыс, жарық жоқ, дәрі-дәрмек қат". Ресей басып алған Бердянск қаласының жай-күйіКремльдің бұрынғы кеңесшісі Глеб Павловский: Путин тығырыққа тірелдіШашылған мәйіттер, өртенген көліктер, көшедегі қырғын. Бучада не болды?