«Еуромайдан» дәрігері Ольга Богомолец Киевтегі үкіметке қарсы шеру кезінде жаралыларды емдеп, Украина қаһарманына айналды. Енді ол президент сайлауына түспек.
Шерушілерді емдеп, жұртқа танылған дәрігер Ольга Богомолец Украинаның «қауіпті дертке шалдыққанын» айтады. Ол елін емдеп жазуды көздейді.
ДӘРІГЕР КАНДИДАТ
Киевтегі наразылық шерулері кезінде бірнеше ай бойы жаралыларды емдеген Богомолец енді мамырдың 25-і күні өтетін президент сайлауына түспек. Ол «жемқорлыққа қарсы күресем, үкімет жұмысын халық бақылайтындай етем» дейді.
Азаттыққа берген сұхбатында ол «Қазір біздің елдің қауіпті сыртқы жауы бар. Бірақ дәл сондай мықты жау ішімізде де отыр, ол - коррупция» дейді. Дәрігер мұны қауіпті дертке теңеп, «Украинаны емдеу керек екенін» айтты.
48 жастағы Богомолецтің пікірінше, «Еуромайдан» шерушілері Виктор Януковичті биліктен кетірген соң, оның орнына келген жаңа үкімет қарапайым украиналықтардың үмітін ақтай алмай жатыр. «Уақытша үкімет жемқорлыққа құныққан шенеуніктерге кедергі бола алмайды, Януковичтің билігі тұсында қалыптасқан алаяқтықты да тоқтата алмайды» дейді ол.
Богомолец президент болған бетте азаматтық қоғамның рөлін күшейтетінін, шенеуніктерді жұмысқа жауапты қарауға мәжбүрлейтінін айтты.
«Егер президент болсам, азаматтық қоғам билікке ықпал ететіндей тетіктер жасайтын едім. Қазір қоғамның қолында жанғыш зат құйылған шөлмек пен тас лақтырудан басқа билікке әсер ету тетігі жоқ» дейді ол.
Украина президенті сайлауына 46 кандидат тіркелді. Олардың ішінде еуромайданшыл олигарх Петр Порошенко мен бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко да бар. Сайлау комиссиясы өтініштерді сәуірдің 4-іне дейін қарайды.
Сауалнама көрсеткендей, әзірге қолдаушылар саны жағынан кандидаттар арасындағы лидер - Петр Порошенко, ол шамамен 25 пайыз дауыс жинауы мүмкін. Респонденттер Ольга Богомолецті аса көп атай қоймағанымен, оның Украинадағы танымалдылығына күмән келтіру қиын.
Ол мұның алдында жаңа үкіметтің екі ұсынысын қабылдамай тастады. Әуелі ол денсаулық министрі болудан, кейін гуманитарлық мәселелер бойынша вице-премьер болудан бас тартты.
Богомолецтің айтуынша, үкімет оның шарттарын қабылдамаған - ол өзінің жаңа командасын құрып, жариялылық үшін ЕО стандарттарын қабылдайық, министрлікке аудит жасайық деген.
Богомолец президент сайлауына түсетінін өткен аптада мәлімдеді. Кандидатты тіркеу жарнасына қажетті 220 мың долларды жинауға көмек сұраған кезде оны қолдайтындар қаржыны екі күнде тауып берді.
Қызғылт-сары төңкерістің жетекшісі және бұрынғы президент Виктор Ющенконың жеке докторы болған Богомолец дәрігерлер әулетінен шыққан. Елдегі танымал медициналық оқу орнына оның арғы атасының аты берілген.
«ЖАҢА ҮКІМЕТ ЖАУАП БЕРСІН»
Богомолец - украин романстарын шырқайтын танымал әнші, коллекционер, қайырымдылық шараларымен де айналысады. Ол Украинаның солтүстігінде мәдени кешеннің де негізін қалаған.
Киевтегі үкіметке қарсы шеру кезінде тәулік бойы тегін медициналық көмек көрсеткен топты құрғаны үшін ол халық ықыласына бөленді. Жұрт оны «Ақ періште» атап кетті. Ақпанның 20-сы күнгі қантөгіс кезінде Богомолец ондаған жаралыны уақытша ауруханаға айналған қонақүйде өзі күтіп-бақты.
Сол күні Богомолецтің мәйіттердің қасында тұрып, ашуға булығып сөйлеген сөзі бүкіл әлемге тарады. Содан бері бес апта өткенмен, ашуы әлі тарқамаған. Ол қазіргі билікті адам қазасының себебін тексеруге асықпай отыр деп айыптайды.
«Біз оқ атуға кімнің бұйрық бергенін әлі білмейміз. Тергеушілер Украина халқына әлі күнге есеп бермеді. Бұл іске жауапты адамдар мүлде біліксіз, тергеу жүргізуге құлқы жоқ, немесе жаңа үкімет болған жағдайды жасырғысы келеді» дейді ол.
Осы айдың басында Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы істер ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон мен Эстонияның сыртқы істер министрі Урмас Паэттің телефон әңгімесі интернетке жарияланып кетті. Онда Паэт Богомолецті атап, дәрігердің «мергендерді «Еуромайдан» жетекшілері жалдауы мүмкін» деген пікірін келтіреді.
Богомолец кейін полиция мен шерушілерді бір мерген атты деген пікірінен бас тартып, «мен тек шерушілерді ғана емдедім» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұқият тексеру арқылы ғана айыптыларды тауып, жауапқа тартуға болады.
Ол «билік өкілдері құрбандардың мәйітін тексергеннен кейінгі деректерді жасырып отыр» дейді. Ал тергеушілер әлі күнге дейін «Еуромайдан» дәрігерлерінен түсініктеме алмаған.
«Олар бірде-бір медициналық қызметкерге хабарласпады, бізден куәгер ретінде жауап алмады. Мен халықаралық құқық қорғау топтарына мергендердің бейбіт адамдарды атқанын айттым. Олар шерушілердің жүрегін, басын, миын көздеп атқан, дәрігерлердің жаралылардың өмірін сақтап қалуына мүмкіндік қалдырмаған. Сондықтан да осы істі зерттеп, жауымыздың кім екенін анықтауымыз керек» дейді ол.
Үкімет дерегі бойынша, қақтығыс кезінде жүзден астам адам қаза тапқан, олардың көбі – шерушілер. Мыңдаған адам жараланды, 200 адам із-түссіз жоғалып кетті.
«Қазіргі жүйені тұтасымен өзгерту қажет, биліктің түрін, сыртын өзгерткеннен еш пайда жоқ. Егер жүйе өз ішінен өзгермесе, шерушілер бекер қаза тапқан болып шығады. Халық оны жақсы түсінеді» дейді Богомолец.
(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)