«Еуромайдан» белсенділері Радаға барудан үмітті

Украина парламенті сайлауына түсіп жатқан Мұстафа Найем (ортада).

Сегіз ай бұрын Януковичті биліктен кетірген «Еуромайдан» белсенділері қазіргі реформалардың баяу жүріп жатқанына наразы. Енді олар істі өз қолдарына алу үшін Рада сайлауына түспек.

Бұл жігіттің Facebook желісіндегі бір ғана жазбасы «Еуромайдан» қозғалысының басталуына түрткі болып, оның соңы президент Виктор Януковичтің елден қашуымен біткен.

Кейін ол жаңа стильдегі онлайн телеарна құрып, ондағы «Восток» хабарында Донбасс өңіріндегі қақтығыстардан репортаж беріп танылды. Енді парламент сайлауына түсіп, елдің жоғары заң шығарушы органы – Жоғарғы Радада кәсіби саясатпен айналыспақ.

Бұл жігіттің есімі – Мұстафа Найем. «Еуромайданда» ел назарына іліккен ондаған белсенді сияқты ол да көшедегі талаптарын биліктің «жоспарына» енгізуді қалайды. Ол реформаларды билікке барып өзі жүргізуді, сөйтіп Украинаны Еуропаның гүлденген мемлекетіне айналдыруды көздейді. Азаттық радиосына берген сұхбатында Найем:

- Елімізде кейінгі 10 жылда жасалған дүниенің бәрін жамандаумен келдік. Әрі қарай екі жол бар - не сынауды жалғастыра береміз, не жағдайды шынымен өзгертуге әрекет жасаймыз, - деді.

КЕШЕГІ ШЕРУШІЛЕРДІҢ РАДАҒА ӨТУІНЕ МҮМКІНДІК БАР МА?

Қазанның 26-сы күні өтетін парламент сайлауы «Еуромайдан» белсенділерінің саясатқа жолын ашатын сияқты. Януковичтің «Аймақтар партиясының» кетеуі кетіп, сайлаудан шет қалды. Ал Юлия Тимошенконың «Батьківщинасы» сияқты «ескі» партияларды қолдаушылар аз. Бұл жағдай парламентке ұмтылған жаңа тұлғаларға тиімді болып тұр.

Жаңа саяси элита саны көп, сапасы төмен мемлекеттік бюрократияны реформалап, мемлекетті меңдеп алған сыбайлас жемқорлықты тыя ала ма, жоқ па - ол осы шешуші сайлаудың нәтижесіне байланысты болмақ.

Институт көшесіндегі "Еуромайдан" шерушілері құрған баррикадалар. Киев, 14 ақпан 2014 жыл.

Найем сияқты «Еуромайдан» белсенділерінің көбі Янукович биліктен кеткен сегіз айдан бері реформалардың баяу жүргеніне наразы.

Олардың кейбірі 450 орындық парламент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде түсіп жатса, біреулері билікке түрлі партиялық тізімдер арқылы баруға тырысып отыр. Сайлауға президент Порошенконың блогынан түсіп жатқан Мұстафа Найем:

- Біз Раданың ішіндегі ықпалды лобби боламыз, - дейді.

«ЕУРОМАЙДАН» МЕН ПАРТИЯЛАР «ОДАҒЫ»

Президент партиясының тізіміне еніп, сайлауға қатысып жатқандардың арасында «Украинская правда» басылымының журналисі Сергей Лещенко мен Киевтегі қысқы наразылық кезінде жүздеген адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер Ольга Богомолец те бар.

Биліктегі жемқорлық жөнінде мақалалар жазған журналист, былтыр желтоқсанда Харьковте аяусыз соққыға жығылған Татьяна Чорновил парламент сайлауына Украина премьер-министрі Арсений Яценюк жетекшілік ететін «Халық майданы» партиясының тізімімен түсіп жатыр.

Владимир Парасюк "Еуромайдан" шеруінде сөйлеп тұр. Киев, 21 ақпан 2014 жыл.

Владимир Парасюктің снайперлер оғынан өлген шерушілер туралы ақпанның 21-і айтқан жалынды сөзі Янукович режимінің жаназасы іспетті болды. Сол күннен бастап мұқым елге танылған Парасюк елдің батысындағы Львов қаласында тәуелсіз кандидат ретінде бағын сынап жатыр.

Ал Мұстафа Найем - 24 жыл бұрын Украинаға көшіп келген ауған жігіті. Ол «Коммерсант Украины» және «Украинская правда» басылымдарында журналист болды. «Осы жігіттің жазбалары халықтың «Еуромайдан» шеруіне шығуына түрткі болды» деген пікір бар.

2013 жылы қарашаның 21-і күні сол кездегі Украина президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен интеграциялық процестердің орнына Ресеймен жақындасуға бет бұрғанын хабарлады. Мұстафа Найем осы күні Facebook парақшасына «Достар, бұған салмақты түрде қарайықшы. Шынымен бір әрекет жасағыларың келсе, бұл постқа жай ғана «лайк» басып отыра бермеңдер. Дайын екендеріңді жазыңдар, сосын әрекет жасап көреміз» деп жазған.

Қарша бораған жауаптардан соң ол белсенділерді Киевтегі «Майданға» (Тәуелсіздік алаңы) жиналуға шақырды. Кейіннен бұл жер тарихи оқиғалардың қайнаған «қазанына» айналды.

НАЙЕМНІҢ ЕҢБЕГІ

Мұстафа Найем сол жазбасынан кейін Януковичке тиесілі ақпарат құралдарынан шығарылған журналистердің басын қосып, Hromadske онлайн телеарнасын құрды. Редактор ретінде наразылық шараларынан тікелей репортаждар ұйымдастыруға қатысты.

«Петр Порошенко блогы» партиясының сайлау насихатында «Бірігетін кез келді» деп жазылып тұр. Киев, 4 қазан 2014 жыл.

Еуропа Одағының адам құқықтары бойынша ең жоғарғы жүлдесі – Сахаров сыйлығына «Еуромайдан» шерушілері төрт адам ұсынғанда, сол кандидаттың бірі Мұстафа Найем болды. Қазанның 21-і күні Сахаров сыйлығы конголық дәрігер Денис Муквегеге берілді. Ал «еуромайданшылар» 2-орын алды.

Қыркүйектің 13-і күні ол Порошенко блогының атынан сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Көп сауалнама нәтижелері бойынша президенттің блогы қарсыластарынан алда келеді.

«ОРТАҚ ПРИНЦИПТЕР»

«Еуромайдан» белсенділерінің түрлі партиялардың етегінен ұстауы олардың реформа жасауға деген ұмтылыстарын бәсеңдетпей ме?» деген сұраққа Найем оптимистік тұрғыда жауап беріп:

- Дәл қазір бізді ортақ принциптер біріктіріп тұр. Азаматтық қоғамның талаптарын қолдаймыз. Осы тұрғыда өз «күн тәртібіміз» бар, ненің қалай атқарылуы керек екенін білеміз. Бізді біріктіретін де – осы, - деді.

Алайда киевтік саяси сарапшы Виталий Бала «Еуромайдан» белсенділері Радаға жаңа серпін береді дегенге сенбейді.

- Рададағы қазіргі депутаттардың көпшілігі сияқты олар да саясаткер дегеннің мамандық екенін түсінбейді. Саясатта тәжірибесі жоқ адамдар ахуалды өзгерте қояды дегенге сенбеймін, - дейді ол.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей)