Hromadske.tv телеарнасының ашылғанына әлі бір ай да толмады.
ШЕРУГЕ ҚАТЫСТЫ ШЫНАЙЫ ДЕРЕКТЕР
Шерушілер арасында "Януковичке қарсы көтерілісті басу үшін Киевке танкілер келе жатыр екен" деген сыбыс тарап, мұны естіген жұрт қобалжыды. Кейбір ақпарат агенттіктері мен Twitter сияқты әлеуметтік желілер бұны іліп әкетіп, одан әрі таратты. Желтоқсанның 1-і күні біреу Twitter-ге «Танкілер келді!» деп жазды. Бірақ бұл жалған дерек болып шықты.
Елдің құтын қашырған бұл сыбыстың шын-өтірігін анықтап, байбаламды тоқтатқан жаңадан ашылған интернет-телеарна болды.
Hromadske.tv-дің негізін қалаушы Людмила Янкина шағын ғана онлайн телеарнаның хабарлары тез арада танымал болғанын айтады.
"Танкілер жетіпті" деген ақпарат тарағанда Янкина олар жүріп өтетін теміржол қиылысына тілшілер жіберген. Олар теміржол қызметкерлерімен сөйлеседі. Ақыры деректің жалған екені белгілі болады.
- Біз танкілердің келген-келмегенін тексердік. Хабар жалған болып шықты. Көпшілік бізге алғысын айтты, өйткені жұрт қобалжып, тіпті шетелдегі украин диаспоралары да алаңдаған екен, - дейді ол.
"Громадске" (hromadske - ред.) сөзі украин тілінде «қоғамдық телеарна» деген мағына береді. Жаңа телеарна шағын жобадан үш аптаның ішінде жаңалықты жылдам ұсынатын сенімді дереккөзге айналып үлгерді.
Мәскеумен жақын қарым-қатынас орнату үшін Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне қол қоюдан бас тартқан Януковичке қарсы шыққан шерушілер арасында жалған деректер, түрлі сыбыстар, арандатушы ақпараттар тарап отырды.
Наразылық шеруінен тікелей хабар таратқан Hromadske.tv соңғы оқиғаларды шұғыл хабарлайтын ақпарат көзі ретінде таныла бастады. Осы жұмыстың бәрін шағын ғана тілшілер тобы атқарады, олардың бюджеті де көп емес. Тегін жұмыс істейтін 150 еріктісі де бар.
Шеруге шыққан Киев тұрғыны, 24 жастағы кәсіпкер Евгений Полищук:
- Олар ең қиын сәтте қасымызда болды, елге соңғы ақпараттарды ұсынып отырды. "Беркут" жасағы журналистерді ұрып-соғыпты дегенді естігенде, олардың да жұмысы өте маңызды екенін түсінесің. Олар ең сенімді деректі ұсыну үшін жұмыс істейді, - дейді.
Hromadske.tv негізін қалаушылар интернет-телеарна осынша танымал болады деп ойламаған еді.
БИЛІККЕ НАРАЗЫ ЖУРНАЛИСТЕР
Бұл онлайн-телеарнаны құруды алғаш 18 жуналист жоспарлаған. Олар Украинадағы журналистика сапасына көңілдері толмай, саяси кедергілерге наразы болып жүрген.
Бұрын Украинаның ықпалды телеарналарының бірі "Интер-ТВ"-да қызмет еткен Наталья Гуменюк жаңа медиаресурстың негізін қалаушылардың бірі.
- BBC, NPR және басқа ақпарат құралдары сияқты халықаралық журналистика қағидаларымен жұмыс істейтін телеарна ашқымыз келді. Украинада ондай станциялар жоқ. Барлығы - мемлекетке тәуелді телеарналар. Осында әртүрлі себептермен мемлекеттік телеарналардан кеткен, саяси себеппен қудаланған немесе маңызды ақпарат таратпайтын коммерциялық телеарналардан кеткен журналистер жиналды, - дейді ол.
Телеарна құрылтайшыларының арасында оппозициялық "Украинская правда" газетінің танымал тілшісі Мустафа Найем мен "қызғылт-сары төңкеріс" кезінде "Бесінші арнаны" құрған Роман Скрыпин бар.
Басында олар қарашаның 18-інен бастап онлайн-режимде шағын бейне көріністер беруді жоспарлайды. Бірақ саяси дағдарыс, Януковичтің әрекетінен кейін туған көшедегі шеру олардың жұмысын тездетеді. Қарашаның 22-cі күні Hromadske.tv Киевтегі шеруден тікелей трансляция бере бастайды. Тәулік бойы сұхбаттар өткізіп, видео таратып тұрады. Сол кезден бастап бұл телеарна ағылшын тілінде де хабар тарата бастады.
Станция басшылығы 2014 жылы 1 миллион 500 мың доллар мөлшеріндегі бюджетпен жарыққа шығуды жоспарлағандарын айтады. Гранттар мен сайттағы жарнамалар, басқа да ерікті жарналар нәтижесінде бюджетті көтерерміз деп ойлаған.
Онлайн режимге ауысқан соң Hromadske.tv-ге 100 мың доллардай қайырымдылық қаражат аударылады. Қаржыгер әрі филантроп Джордж Сорос негізін қалаған Украинадағы үкіметтік емес ұйым - "Халықаралық өрлеу қоры" да грант (қайтарымсыз қаражат - ред.) бөлген.
Киевтегі АҚШ елшілігі құрал-жабдық алуға қаржы берсе, Нидерланд елшілігі сайттың жұмыс істеуіне қажетті қаржыны тапқан. Жариялылық мақсатында Hromadske.tv қаржы көздерін сайтта көрсетіп қояды.
Желтоқсанның 1-і күні 500 мың украиндық елдегі ең ірі шеруге шыққан кезде Hromadske.tv көрермені жарты миллион адамға жетті. Ал сайт оқырманы екі миллион адамнан асқан.
Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.