Accessibility links

Батыс «Еуромайданды» күшпен таратуды сынады


Украина арнайы жасағы шерушіні тұтқындап жатыр. Киев, 11 желтоқсан 2013 жыл.
Украина арнайы жасағы шерушіні тұтқындап жатыр. Киев, 11 желтоқсан 2013 жыл.

Киевте желтоқсанның 11-і күні бірнеше жүз милиция жасағы Тәуелсіздік алаңын қоршады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, украин милициясы Киевтегі бірнеше баррикаданы бұзғанымен, наразылар қарсылық көрсеткеннен кейін шегінген. Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиылған жұрт "Масқара!", "Біз кетпейміз!" деп айғайлап, Украинаның гимнін айтты.

Милиция жасақтары Киев қаласы әкімдігі алдында наразылар орнатқан баррикадаларды да алып тастаған. Бірақ ол жерде милиция мен наразылар арасында тірес болмаған.

Адамдар бір-бірімен қол ұстасып, милицияны алаңға өткізбеуге тырысқан. Олардың ішінде оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк пен Виталий Кличко да бар. Бірақ милиция шерушілерді баррикада жанынан итеріп, топ-топқа бөліп жіберген. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, милиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.

Осыдан кейін милиция Институт көшесіндегі баррикадаларды алып тастаған. Шерушілер бұл оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын азаматтарды көмекке келуге шақырды. Шатырлы лагерьді қорғап тұрған наразылар саны - қазір шамамен 20 мың адам. Орталық көшеге келіп жатқан адамдар да көп. Тәуелсіздік алаңындағы белсенділер бұзылған баррикадаларды қайта қалпына келтіріп жатыр. Олардың кейбірін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері бұзған еді.

Киев метросының "Крещатик" "Тәуелсіздік алаңы" бекеттері ғана істеп тұр. Қала орталығындағы көше қозғалысы тоқтаған. Киевтің орталық аудандарына баратын жолдарды МАИ және коммуналдық шаруашылық көліктері жауып, милиция алаңға бара жатқан адамдарды жібермей тұр. Кәсіподақтар үйі мен Киев әкімдігін шерушілер басып алған.

Екі тарап та жаралылар бар екенін хабарлады. Украина ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі 10 әскери қызметкердің жараланғанын айтады. Зардап шеккен шерушілердің саны белгісіз.

Милиция он шақты шерушіні ұстаған. Билік наразыларға "милицияға қарсы әрекеттердің жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру болып саналатынын" ескертті.

Виталий Кличконың айтуынша, "Еуромайдан" шеруін күшпен тарату арқылы Украина президенті Виктор Янукович мәмілеге келмейтінін білдірді". Кейбір саясаткерлер мен қоғамдық қайраткерлер үкіметті оппозициямен мәмілеге келуге шақырған еді. Украинаның УДАР оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко:

- Диктатормен, баскесерлермен мәмілеге келу мүмкін емес. Олардан құтылу керек. Бүгінгі ең басты мәселе - Януковичті биліктен кетіру және оның шіріген режимін құлату, - дейді.

Украиналық "Бесінші арнаның" хабарлауынша, "Еуропа Одағы (ЕО) өкілдері Украина билігімен тілдесуге тырысқан. Олар билікті алаңдағы халыққа күш қолданбауға шақырмақ болған".

ЕО-ның сыртқы саясат комиссары Кэтрин Эштон мен АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуландтың Киевке келгені хабарланды. Олар саяси дағдарысты шешу жолдарын қарастыру үшін үкімет және оппозиция өкілдерімен келіссөздер жүргізуге келген.

Кэтрин Эштон өзінің Facebook парақшасында Киевтің ортасында милицияның бейбіт азаматтарды таратуға қалай күш қолданғанын "мұңая бақылағанын" жазды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Украинадағы соңғы күндердегі оқиғаларға қатысты "АҚШ Украина билігінің бейбіт қарсылықты арнайы жасақпен, бульдозермен, күшпен таратуға шешім қабылдағанын, адамдардың қадір-қасиеті мен демократиялық құқықтарын құрметтемегінін сөгіп, сынайды" деп мәлімдеді.

Киевтегі Тәуелсіздік алаңынан тікелей трансляция:




Live streaming video by UstreamҚарсылық акциялары Киевте және Украинаның басқа да қалаларында қарашаның аяғында басталды. Шерушілер үкіметтің ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қоймағанына наразы. Олар ел премеьер-министрі Николай Азаров үкіметінің отставкаға кетуін, кезектен тыс парламент және президент сайлауын өткізуді талап етеді.
XS
SM
MD
LG