Украинадағы қарсылық басында жүргендер

Украина оппозициясының жетекшілері Виталий Кличко (сол жақта) мен Арсений Яценюк (оң жақта) үкімет үйі алдындағы қарсылық акциясында. Киев, 27 қараша 2013 жыл.

Украина президенті Виктор Януковичтің Мәскеу қысымымен Еуропалық одақпен сауда келісімінен бас тартуы Киевте «Евромайдан» деп аталатын қарсылық туғызды. Оны кімдер бастап жүр?
ЕГОР СОБОЛЕВ

Еуромайдан жетекшілерінің бірі Егор Соболев Януковичті президент болғаннан бері назарда ұстап келеді. Бұрын тәуелсіз журналист ретінде зерттеулер жүргізіп, Янукович пен оның қызметкерлері туралы сирек мәліметтерді тауып алған Соболев президенттің Донецкідегі өмірінен бастап, қызғылт-сары төңкеріске дейінгі әр қадамын жіті бақылап отырды.

Украина орталық телеарнасында киевтік медиа кәсіподақтың басшысы ретінде және танымал «Время» бағдарламасының жүргізушісі болған кезінде Соболев цензураны нысанаға алды. Бірақ 5-арнаның иесі олигарх Петр Порошенко оны қызметтен шығарды. Ал «Украина» телеарнасына бас редактор етіп алған Ринат Ахметов екі сағаттан соң онымен жасасқан келісім-шартын жыртып тастады. (Соболевтің әйелі Маричка Падалка да танымал тележүргізуші).

Азаматтық белсенді, блогер Егор Соболев.

Соболев журналистердің тәуелсіз зерттеу орталығын құрмақ болды, бірақ аяғында «Воля» деп аталатын саяси топ құрып, журналистикадан қол үзді. Олар биыл жазда қала мэрін сайлау шарасының өткізілмей қалғанына қарсы шығып, Киевтің қала әкімшілігі алдына наразылық акциясына шықты. «Еуромайдан» әрекетке көшкеннен бері Соболев өзінің қабілетті стратег екенін дәлелдеп келеді.

«Тас лақтыру адамдарды жаралайды және бізді моральдық үстемдіктен айырады. Билік ешкімді лақтыруға болмайтынын түсінсін. Тіпті Януковичтің өзі де кетуге мүмкіндік барын сезінсін. Тым кеш болмай тұрғанда халықпен тізе қос деп министрлер мен жергілікті басшыларды шақырайық. Көшелерде қозғалыс тоқтаса, үкімет құлайды» деп жазды ол желтоқсанның 2-і күні блогына.

ДМИТРИЙ КОРЧИНСКИЙ

Еуромайдан әуелі бейбіт шерумен басталған еді, бірақ бетперде киген шерушілердің бір тобы 1-желтоқсан күні президент әкімшілігі қасында бүлік шығарып, милиция жасағына қарсы күш қолданған. Милиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке таяқпен ұрды. Кейбіреулер бұл жағдайға «Братство» партиясының жетекшісі Дмитрий Корчинский айыпты дейді.

«Братство» ұйымының жетекшісі Дмитрий Корчинский.

Өзін «православтық ұлтшыл анархизм» бағытын ұстанушы ретінде сипаттайтын Корчинский семсер мен қаламды қатар ұстаған саясаткер. Ол ақын әрі философ, 1990 жылдары әсіре радикалды Украина ұлттық ассамблеясын (УНА) құрып, оның әскери қанатын басқарған. Сол кезде ол «өзіңді танудың жалғыз жолы – өлім» деген қатал ұстанынымен ерекшеленсе, қазір саясатты әдебиет пен музыканың арасындағы «көңілді» кәсіп деп сипаттайды.

Президент әкімшілігі кеңсесінің маңында болғандардың арасында Корчинскийдің жүргенін көрген куәгерлер де табылды, бірақ көп ұзамай ол көзден таса болған. Кейін ішкі істер министрлігі «Братство» ұйымының 300 мүшесі әкімшілікті қоршауға алуға қатысты деп жариялады. Корчинский өзінің бүлікке қатысы бар екенін жоққа шығарып, жағдайдың осындайға жеткеніне Януковичті айыптады.

- Украина халқы кеше оны әшейін ұнатпаған болса, бүгін оны жек көреді. Бұл көпшіліктің жай наразылығы емес, бұны көтеріліс деп қабылдау керек, - дейді ол.

ОЛЕГ ТЯГНИБОК, ВИТАЛИЙ КЛИЧКО ЖӘНЕ АРСЕНИЙ ЯЦЕНЮК

Майданға қатысушылардың кейбірі батыс құндылықтарына жақын болуға ұмтылса, Олег Тягнибок сияқты ұлтшылдар «шығысты жек көргендіктен осындай қадамға бардық» дейді. «Свобода» қозғалысының 45 жастағы жетекшісі 1-желтоқсан күні Киевтегі қала әкімшілігін шабуылдап, ұлттық ереуілге шақырды.

«Украинада төңкеріс басталды» деп жариялаған Тягнибок Украинамен «виртуалды соғыс жүргізіп отырған» Ресейді айыптады. Ол Ресеймен визалық режим орнатуға және орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін бермеуге шақырды.

Саясатта ауыр әрі бұралаң жолмен келе жатқан Тягнибок наразылық шеруін саяси мүмкіндік ретінде пайдалануы ықтимал. Ол 1998 жылы парламентке сайланып, Виктор Ющенконың «Наша Украина» саяси блогының мүшесі ретінде жеңіске жеткен еді. Бірақ ұлтшылдық көзқарасы үшін партиядан шығып қалды, сыншылар оны «антисемитизм бағытын қолдайды» деп айыптайды.

«Свобода» қозғалысының басшысы Олег Тягнибок.

2012 жылы президенттік сайлау мен мэр сайлауында жеңілген Тягнибок «Свобода» фракциясының жетекшісі ретінде Жоғарғы Радаға мүше болды. Бірақ оның Майдандағы шерушілерді қолдағаны парламенттегі әріптестеріне ұнамады.

Қазір Тягнибок оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк және Виталий Кличкомен күш біріктіріп, бірге әрекет етіп жүр. Кличко сияқты Тягнибоктың да әкесі танымал боксшы болған.

42 жастағы ауыр салмақтағы әйгілі боксшы Виталий Кличко қарсылық шарасының жалғаса бергенін қалайды. Украина президенті болудан үміткер екенін жасырмайтын Кличко осыдан біраз уақыт бұрын, 2010 жылы «Удар» партиясын 2015 жылы өтетін президенттік сайлауға түсу үшін құрған еді. Януковичтің мәртебесі төмендеген сайын Кличконың дәрежесі де өсіп барады.

Еуропашыл әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымымен танымал Кличко 21-қарашадағы оқиғадан соң президент Януковичтің қызметінен кетуін талап етті.

- Егер Кличко расымен де президент болатын болса, Путин онымен бірге баспасөз мәслихатын өткізуге қорқатын шығар, - деп жазады «Guardian» басылымының тілшісі Шон Уолкер.

Бұрын Украина экономика және сыртқы істер министрлері қызметін атқарған, парламент спикері болған 39 жастағы Арсений Яценюк - Украинадағы ең ықпалды оппозициялық саясаткерлердің бірі. Ол басқаратын «Батькивщина» партиясы Януковичтің «Аймақтар партиясына» қарсы тұратын бірден-бір мықты топ саналады. Арсений Яценюк Украина премьер-министрі Николай Азаровты үкіметтің отставкаға кетуіне «алғашқы қадам» жасауға шақырған.

Азаттық радиосының мақаласын аударған – Динара Әлімжан.