Лениннің Украинадағы ең үлкен ескерткіші Харьков қаласындағы Азаттық алаңында 60 жылдай тұрды. Оның жанына Антимайдан белсенділері жиналатын, ескерткішті алып тастау туралы дау талай айға созылған. Қала мэрі Геннадий Кернес пен жергілікті коммунистер ескерткішті қиратуға қарсы болған. Бірақ қыркүйектің 28-і күні түн ортасында ескерткіш тұғырынан құлатылды.
Харьков облысы губернаторы Игорь Балутаның «Тоталитаризм дәуірі ескерткіштеріне қатысты жағдайды реттеу туралы» жарлығына байланысты қозғалған қылмыстық іс бірден жабылды. Дүйсенбіге қараған түні Харьков облысы Дергачы қаласындағы Лениннің тағы бір ескерткіші алынып тасталды. Ал сейсенбіге (қыркүйектің 30-ы) қараған түні Изюме қаласындағы теполовоз жөндейтін зауыттың мәдениет үйі жанындағы, ал бейсенбіге (қазанның 2-сі) қараған түні Кривой Рог қаласындағы Ленин ескерткіші қиратылды.
Кривой Рог қалалық сайты Ленинді құлату сәтін былай сипаттайды: «Ленин ұйқыға кетті. Ильичті бірер қоғамдық ұйымнан келген 25 шақты тұрғын әлдилеп ұйықтатты. Биікке өрмелеймін деп әбден діңкесі құрыған екен, ақыры жалп етіп құлап тынды. Жазатайым жағдай кезінде қол-аяқтары оңбай сынып, көптеген сызат алды. Науқас тірі қалмады. 25 адам бесік жырын айтып, әлдилеп ұйықтатты. Бәрінің қолы орнында, әрі артық бензинсіз...»
Харьков облысы губернаторы Балутаны «Азаттық алаңындағы ескерткішті құлатуды құптады» деп айыптаған Харьков қаласы мэрі Геннадий Кернес монументті қайта қалпына келтіруге немесе оны қайта орнатуға уәде етті. Ал әзірше тұғырды құрылыс сатыларымен қоршап, тормен жауып қойды. Қазанның 4-і күні таңертең тұғырдың үстінде православ кресі пайда болды. Бұл Харьков епархиясының 215 жылдығын мерекелеу үшін Киев митрополиті Онуфрийдің қалаға келуіне байланысты жасалған болар деген болжам бар.
Харьковтегі ескерткішті қалпына келтіру мүмкін емес сияқты. Тоғыз метрге жуық мүсіннен түк қалмаған, ал кейбір сынықтарын АТО-ға қатысып жатқан әскери қызметшілердің пайдасына аукционда сатуды ұсынады. Оның жаңа қожайыны «Лениннің құлағының салмағы 35 килограмдай болады. Құлағы арқылы Донбасты естуге болады» деп хабарлайды.
Харьковтік журналист Владимир Носков Азаттықтың орыс редакциясына «Аукционда сатылатын лоттардың бірі - Лениннің құлағын қолыммен ұстадым. Геннадий Кернеске оны Т-80 танкіне ауыстыруды ұсынады. Кернес бұл ұсынысқа әлі жауап берген жоқ. Егер Кернес мұрынды ауыстыруға келіспесе, оны аукционда сатады. Онда жігіттер қысқы етік, әскери форма, жылылық сатып алатын ақша сұрамақ. Ал Лениннің құлағы үшін «Харьков-1» батальонына тепловизор сұрап отыр. Жалпы, Лениннің ескерткішін қаланың әр бұрышына ту-талақай етіп таратып әкетіпті. Жұрт үлкен сынықтардың қаланың әр жерінда - зауыттардың ауласында, парктерде шашылып жатқанын айтып жүр. Бірақ саусақ, құлақ, басының қасқасы сияқты көп бөлігін жұрт талап әкетті. Сондықтан әлгі лоттар кейін біртіндеп интернетте шығып, аукциондарда сатылатын шығар. Кернес мүсінші Александр Ридныйға ескерткіштің қалдығын қарап шығып, қалпына келтіруге бола ма анықтауды сұрады. Александр Ридный Лениннің болашақты көрсеткен қолы мен басы жоқ денені көргенін айтты. Ол «егер ниет болса, сынықтарын жинап, жетпеген тұстарын қайтадан жасап, қаңқаға кигізуге болады. Бірақ оны кім істейді? Ескерткішті жамап-жасқаймын деп таяқ жейтін жайым жоқ. Ал халықтың қаһарынан қорықпай батылы жетіп жамайтын мүсінші табыла қоюы екіталай» дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей телеарналары Харьковтегі ескерткішті құлатқаннан кейін жаңа азаматтық қақтығыс басталды деп хабарлады. Харьков қаласындағы орыс тілді гимназияның әдебиет пәні мұғалімі Владимир Осетинский «Апта қорытындылары» бағдарламасына былай дейді:
– Ленин ескерткішін алаңнан алып тастауға ақпанның аяғында алғаш рет әрекеттенген. Ол кез Янукович Киевтен қашып, революцияның жеңісін тойлап жатқан шаттыққа толы күндер болатын. Сол күні Харьковтегі қалалық спорт сарайында губернатор Добкиннің шақыруымен аймақтар партиясының Украинаның шығыс облыстарындағы өкілдерінің съезі сияқты қызу оқиғалар болып жатқан. Харьковте өтетін съезге Янукович қатысады деп жоспарланған, съезде шығыс облыстардың Украинадан бөлінетінін жариялайды деген үлкен қауіп болған. Бірақ сарайға мыңдаған наразылар келіп, сепаратистердің ештеңе жариялауға батылы жетпей, съезд ештеңе тындырмай аяқталған. Ал шерушілер лек-легімен қаланы аралап, алаңға келіп Ленин ескерткішін сол кезде қиратпақ болған.
Бірақ бұл әрекеттері осындағы антимайданның қарсылығын тудырып, келесі күндері енді олар алаңға жинала бастады. Бұл жаппай қақтығысқа, қанды қырғынға ұласып кететін болғандықтан, Харьков еуромайданы жағдай реттелсін деп бұл әрекетінен бас тартты. Оның үстіне, қала билігі «мәселені талқылап, ескерткішті өркениетті жолмен алып тастаймыз» деп уәде берген. Украинаның саяси репрессия құрбандары мен Голодомор құрбандарын еске алу туралы заңдары бұған мүмкіндік береді. Ал қазір болған жағдай жарты жылдан бері ештеңе тындырмаған қала билігінің кінәсі. Оның үстіне, соғыс жүріп жатыр, адамдар радикалданып барады. Билік ештеңе істемеген соң қызуқанды жастар, қолдарына қару-сайманын ұстап өздері іске кірісті.
– Украинада совет ескерткіштерін неліктен қиратып жатқанын Ресейдегі көп адам шынымен түсінбейді. Оның үстіне, ескерткішті қиратқандардың көбі - совет заманын көрмеген жастар ғой.
– Иә, өте дұрыс айтасыз. Жастармен жұмыс істейтін болғандықтан, олардың Лениннің кім екенін білмейтінінен хабарым бар. Бұл жағынан алғанда, мына жағдай 1991 жылғы жағдайдан өзгешерек. Ол кезде Ленин совет мифінің тірі кейіпкері болды, оны жақсы көретіндер де, жек көретіндер де көп болды. Ал қазір оны зейнеткерлер ғана қатты жақсы көреді. Қазір нақты тарихи кейіпкер ретінде Лениннің жеке басы емес, Лениннің ескеткіші маңыздырақ болып кетті. Болып жатқан өзгерістердің жақтастары да, олардан қорқатындар да қаланың қақ ортасында тұрған ескерткішті бұрынғы совет империясының, Совет Одағының, өткеннің символы ретінде қабылдайды. Меніңше, қазір ескерткіштің өзі емес, оған деген көзқарас маңыздырақ сияқты. Украинадағы жағдай тұсында әлгі ескерткішті алып тастау немесе қалдыру – адамдардың символикалық ишарасы.
Нақты тарихи кейіпкер ретінде Лениннің жеке басы емес, Лениннің ескеткіші маңыздырақ болып кетті.
Айтпақшы, қала билігі Ленинді қиратуға болмайды, өйткені ол қоладан тұтас құйылған, салмағы да ауыр - 40 тонна, құласа метроға зақым келтіруі мүмкін деген болатын. Ал мүсін құлап еді, ештеңе қираған жоқ. Сөйтсек, іші қуыс болып шықты. Совет коммунизмінің тамаша бейнесі. Қазір Харьковте «Лениннің іші қуыс болып шықты» деген сөз мақалға айналып кетті.
– Қала жұрты «Ленинді құлату» акциясын қалай қабылдады? Қаладағы атмосфера өзгерді деп айтуға бола ма? Әлде бұл тым романтикалық болжам ба?
– Қала жұрты бұған әр қилы қарады. Қуанғандар да, ашуланғандар да көп. Көбін ескерткіштің қиратылғаны емес, жастардың ешкіммен ақылдаспай, аяқ астынан «ленинше» қирата салғанына наразы. Бірақ ең бастысы қалада тыныштық. Кеше шетелде тұратын анам хабарласып, уайымдап отырғанын айтты. Ресей телевизиясын көретін ол Харьков көшелерінде қырғын басталды дегенге сеніп қалған. Егер құдай шынымен бар болса, тозақтың ең төменгі сатысында Ресей телевизиясын жасайтын адамдар орналасатын болар деп ойладым.
Харьковте «Лениннің іші қуыс болып шықты» деген сөз мақалға айналып кетті.
Ал шындығында қазір қала қалыпты тіршілігін жасап, тыныш өмір сүріп жатыр. Кеше де, екі күн бұрын да алаң жаққа барып қайттым. Жұрт бос қалған тұғырдың жанында фотоға түсіп, алаңсыз серуендеп жүр. Іргедегі бақта алаңқайда балалар асыр салып ойнап жүр. Тұғырдың жанынан жиналып, әңгімелесіп тұрған отыз шақты ашулы зейнеткерді көрдім. Құдайға шүкір, ешқандай қақтығыс жоқ. Кешегі күнге дейін ескерткіш сюрреалистік инсталляция сияқты көрінген. Тұғырда қалған екі кебіске Украина туларын іліп қойыпты. Екі ту өзіміздің сүйікті Госпромның қарсысында желбіреп тұр. Жұмаға қараған түні тұғырды құрылыс сатыларымен қоршап, жасыл түсті тормен жауып тастаған, бір қарағанда жасыл түсті текше сияқты болып қалды. Оны жұрт қазірден «біздің Қағбамыз» деп атай бастады. Бірақ жүрегімізде аздаған алаңдаушылық пайда болды. Өйткені қала мэрі «ескерткішті қайтадан қалпына келтіреміз» деп мәлімдеді. Бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін, сондықтан ескерткішті қалпына келтіруге тырыспайды деп үміттенемін.
Тирандарға сабақ болсын деп ескерткіш тұғырын кебісімен, туымен сол күйі қалдырар едім.
Өйткені белсенділер бұған жол бермейді де, қақтығыс басталады. Ал бұл құдай басқа салмасын Ресей агрессиясына желеу болуы мүмкін. Мұндағылар осыдан қатты қорқады. Жұрт Ресейден және Антимайдан майдандықтарды ұрып-соғып, қалалық әкімшілікті басып алған наурыз-сәуірдегі сияқты қырғын-бүлкіктің қайталануынан қатты қорқады. Өйткені ондаған шақырым жерде Донбасс жатыр, қалада босқындар толып жүр, мұндағы халықтың жартысынан көбінің туыстары Донбаста тұрады, сондықтан ол жақтағы жағдайдан жақсы хабардармыз. Ондағы соғыстың бізде басталғанын қаламаймыз. Харьков онсыз да майдан шебіне жақын қала, қазір құдайға шүкір Харьков халық республикасын құрамыз деген әңгімелер тиылды. Сондықтан бойымызда онша оптимизм жоқ, іштей қорқыныш бар. Іште жағдай ушығып кете ме деген қорқыныш бар.
– Азаттық алаңы үлкен ғой, онда әлдебір ескерткіш тұруы тиіс сияқты. Алаңға басқа ескерткіш қою туралы ұсыныс-нұсқалар жоқ па?
– Алаңның 1960 жылдардың басында түсірілген фотосуреттерін көргенмін, мына екерткішсіз-ақ тәп-тәуір көрінеді екен. Кезінде алаңды мына ескерткішті орнату үшін кеңейткен. Арасында шағын гүлзары бар екі алаңды біріктіріп мына алаңды жасаған. Сарапшылар деңгейінде талқыланып жатқан-жатпағанын білмеймін, бірақ Facebook желісінде біреулер фонтан орнатуды ұсыныпты. Меніңше, бұл ұсыныстары ВДНХ эстетикасы сияқты өрескел. Менің еркіме салса, тирандарға сабақ болсын деп ескерткіш тұғырын кебісімен, туымен сол күйі қалдырар едім.
(Дмитрий Волчектің мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазы)