«Ленин мәңгі тірі» деген тіркес советтік кезеңде мәтелге айналып кеткен еді. Совет Одағы құлағалы ширек ғасыр өтсе де, бұл тіркес мәнін жоймаған сияқты. 2013 жылы Аскольд Куров түсірген «Ленинленд» деректі фильмі осыны аңғартады.
«РЕСЕЙ ӘЛІ ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢДЕ ЖҮР»
Фильм Санкт-Петербургтің «Кресты» уақытша абақтысында «Адамзатқа жолдау» кинофестивалі аясында көрсетілді.
Куровтің өзі Азаттыққа «Ең алғаш «Горки Ленинские» мұражайына барғанымда (Мәскеудің шетінде орналасқан Ленин мұражайы - ред.) есеңгіреп қалдым. Совет Одағы мұнда сол күйі тұр. Сипатын, қалыбын сәл өзгерткен шығар, бірақ әлі де сақталған. Еліміздегі жағдайларды ескере келе, басқару үлгісі, қоғам үлгісі, олардың негізгі құрылымдары ешқашан жойылмайды деген пікірге келесің» дейді.
Екі жыл бойы түсірілген «Ленинленд» фильмі Совет Одағының негізін қалаған адам соңғы уақытын өткізіп, өмірден өткен мекеннің (Мәскеудің шетіндегі мұражай - ред.) қазіргі тыныс-тіршілігін сипаттайды. Музей кешені 1987 жылы – сол кездегі совет басшысы Михаил Горбачевтің қайта құру кезеңі басталғаннан кейін салынған.
Куров Азаттықтың Орыс қызметіне «Фильм «Горки Ленинские» мұражайы мен онда тұратын, жұмыс істейтін және сол заманның рухын, тыныс-тіршілігін сақтауға тырысатын адамдар туралы баяндайды. Онда барсаңыз, уақыт тоқтап қалғандай сезімде боласыз» дейді.
«Ленинленд» фильмінің трейлері:
Куров «Уақыт машинасына отырып, саяхат жасағандай болдым. Солайша, қазіргі Ресейде болып жатқан жағдайларды түсіне бастадым, біз әлі өтпелі кезеңде жүр екенбіз – Совет Одағынан алысқа ұзамаппыз» деген пікірін де айтты.
СОВЕТТІК МҰРАЛАРДЫ ЖАНДАНДЫРУ
«Ленинленд» фильмінде Евгения есімді музей қызметкері өзінің жұмысы туралы баяндайды. Музейде Ленин бейнесі Иисус Христос пен Будда мүсіндерімен қатар қойылған. Ол Куровқа «Бұл Ленинді немесе нақты бір адамды қорғау емес. Расымен де Махатма Ленин тамаша, ерекше тұлға болатын. Бұл жұмыс адамдардың болашағы үшін жасалып жатыр, адамдар соны (Лениннің тамаша адам болғанын – ред.) мойындауы тиіс» дейді.
Музей директорының орынбасары Ленин тұрған үйдің маңынан әлі күнге дейін «Иисус Христостың әсерін» сезетінін айтады. Шын мәнінде Лениннің атеист болғанын, Политбюроға шіркеу мүлкін тәркілеу мен дін қызметкерлерін жаппай қудалауға бұйрық бергенін ол ұмытып қалғандай.
Тағы бір көріністе Ресейдің арнайы жасағы – ОМОН қатарына жаңадан қабылданып жатқан сарбаздардың мұражайдағы Лениннің алып ескерткіші алдында әнұран тыңдап тұрып, ант беріп, диплом алып жатқандары бейнеленген.
Советтік мұраларды қайта жандандыру мен Ресейдің сол кезеңді аңсайтынын көрсететін белгілер соңғы аптада жиі байқалды.
Қыркүйектің 22-сі күні Ресей президенті Владимир Путин ішкі істер министрлігінің таңдаулы әскери бөліміне СССР құпия полициясының негізін қалаған Феликс Дзержинскийдің есімін қайтарды. Путин СССР ақпарат агенттігінің ТАСС атауын да қайта тірілтті.
Осы айдың басында Ресей коммунистік партиясы – КПРФ жетекшісі Геннадий Зюганов пен басқа да белсенділер жиналып, бұрынғы КГБ штаб-пәтері алдында Дзержинский ескерткішінің шағын көшірмесін орнатты.
1991 жылы Совет Одағы тарағанда халық ол ескерткішті алып тастаған еді. Енді Дзержинский бейнесін Ресей астанасынан қайтадан көруге болады.
(Виктор Резунковтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)