Украина сайлауы олигархтардың үкіметке ықпалын шектей ме?

Киевте дауыс берген Украина президенті Петр Порошенко журналистерге сөйлеп тұр. 25 қазан 2015 жыл.

Украина жергілікті сайлауы қала мэрлері мен муниципалдық кеңес мүшелері кім болатынын анықтап қана қойған жоқ. «Олигархтардың саясатқа ықпалын шектеу керек пе?» деген сауалға да жауап берді.

Украина өңірлерінің негізгі бөлігінде өткен жергілікті сайлау Петр Порошенко үкіметінің аймақтарды еркін билеп-төстеп келген олигархтарға қарсы тұрарлық қауқарын сынап көретін құрал сияқты болды.

Қала мэрлері мен муниципалдық кеңес басшылары сайлауының қорытындысы тек ертең белгілі болады. Ал айқын жеңімпаздар анықталмаған аймақтарда қарашаның ортасында дауыс берудің екінші кезеңі өтеді.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылауында тұрған аудандарды, оған жақын маңайдағы үкіметке қарайтын кей өңірлерді және өткен жылы Ресей өзіне қосып алған Қырымды қоспағанда, қазанның 25-і күнгі муниципалдық сайлау Украинаның барлық аймақтарында өтуі тиіс болған.

МАРИУПОЛЬДЕГІ БЮЛЛЕТЕНЬ ДАУЫ

Алайда заңсыз жасақтар бақылауындағы аймақ, Қырымның екі ортасындағы стратегиялық маңызды жерде орналасқан ірі портты қала -Мариупольде сайлау учаскелері мүлде ашылған жоқ.

Оған сайлау бюллетендерінің дұрыс әзірленбеуі себеп болған. Мариупольдегі бұл жағдай орталық үкімет пен жергілікті бизнесмендер арасында билік үшін тартыс болып жатқанын аңғартады.

Киев демократияны нығайтып, Украинаны Еуропамен интеграциялауға құлшынып отыр, ал жергілікті бизнесмендер аймақтағы билікке деген ықпалынан ажырамай, керісінше онысын күшейте түскісі келеді. Бизнестері Ресеймен біте қайнасқан жергілікті олигархтар Мәскеудің мұндағы ішкі мәселелерге көбірек қол сұғуына мүмкіндік беріп келген еді.

Ринат Ахметов.

Үкіметке қарайтын сайлау комиссиясы «сайлау бюллетендерінің сапасы нашар болғандықтан әрі оларды басу, тиражын бақылау және сақтау кезінде олқылықтар жіберілгендіктен», Мариуполь қаласындағы сайлауды кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

Бұл жөнінде Порошенконың «Солидарность» партиясы хабарлады. Ал сайлау бюллетендерін Украинадағы ең бай адам – Ринат Ахметовке қарасты компания басқан.

Мариуполь қаласының мэрі қызметіне Ахметовтің «Метинвест» компаниясындағы лауазымды тұлғаны кандидат етіп ұсынған оппозициялық блок «үкімет додада жеңілетінін сезіп, сайлауды кейінгі қалдырды» деген пікір білдірді. Мариуполь қаласында сайлау өтетін күн әлі белгіленген жоқ.

ЕСКІ МЕН ЖАҢАНЫҢ ТАРТЫСЫ

Лондонда орналасқан Chatham House зерттеу орталығының Украина форумы басқару комитетінің төрағасы Роберт Бринкли:

- Украинада ескі мен жаңаның тартысы жүріп жатыр. Яғни, бұл - ірі бизнесмендердің үлкен ықпалы болатын һәм ескірген, жемқор әрі автократиялық жүйе мен «Қызғылт-сары революцияға», «Еуромайданға» қатысқан қалың бұқара қалаған ашық демократия мен еркін нарық жүйесі арасындағы қақтығыс, - дейді.

Украинада қазанның 25-і күні өткен жергілікті сайлауды қадағалаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары оны «жақсы ұйымдасқан демократиялық сайлау» деп бағалай келе, «Киев сайлауға олигархтар жасайтын ықпалға шек қоюы керек» деген кеңес берді.

ЕҚЫҰ бақылаушыларының есебінде: «Заңнамадағы осал тұстар, ықпалды экономикалық топтардың электоралдық процеске үстемдік жүргізуі және ақпарат құралдарындағы сайлау материалдарының іс жүзінде түгелдей ақылы болуы реформаларды жалғастыра беру қажеттігін дәлелдейді» деп жазылған.

Саша Боровик,

Ал Украинаның Қара теңіздегі ең ірі портты қаласы - Одессада реформашылдар қазіргі осы қаланың мэрі Геннадий Трухановты орнынан түсірмекке тырысып жатыр. Бұл – елдің олигархиялық элитасына тікелей төнген қауіп саналуы мүмкін.

Трухановқа президент Порошенко блогының қолдауына сүйенген, АҚШ-та білім алған заңгер Саша Боровик қарсы шықты. Ол Грузияның бұрынғы президенті, қазіргі Одесса облысының губернаторы болып отырған Михаил Саакашвилидің кеңесшісі қызметін атқарады.

ПОРОШЕНКОНЫ ҚОЛДАУШЫЛАР АЗАЙҒАН

Қалалардың көбіндегі мэр қызметі және аймақтағы депутаттық мандаттардың көпшілігі президенттің «Солидарность» блогына бұйырады деген болжамдар бар.

Алайда президент Порошенконы қолдайтындар саны 26 пайызға азайған. Бұған елдегі экономикалық қиындықтар мен соңғы апталарда белсенділіктері біраз бәсеңсіп қалған шығыстағы сепаратистердің әрекеттері себеп болып отыр.

Порошенконы қолдаушылардың азаюы көбіне Еуропамен интеграцияға қарсы болып, Ресеймен жақындасуды қалаған; бірнеше айға созылған халық толқуы кезінде Ресейге қашып кеткен экс-президент Януковичтің Аймақтар партиясының бұрынғы өкілдерінен құралған оппозиялық партияның қолайына жағып отыр. Януковичті биліктен тайдырған ол шерулерді жұрт «Еуромайдан» атап кеткен еді.

Бұрынғы Аймақтар партиясының негізгі тірегі саналатын Украинаның шығысындағы ресейшіл саясаткерлердің көпшілігі биліктегі бұрынғы орындарын сақтап қалған болатын.

Ел парламентіндегі орындардың 10 пайызын иеленген оппозициялық блок Порошенконың Украинаны НАТО құрамына қосу жоспарына қарсы, олар керісінше Ресей талап етіп келе жатқан «ешқандай одаққа қосылмау» саясатын жақтайды.

Егер оппозиция блогы көбіне орыс тілділер тұратын шығыс аудандарда жақсы нәтиже көрсетсе, онда Украина тәуелсіздігін алған 1991 жылдан қалыптасқан «көктер» мен «сарыларға» бөліну дәстүрі қайта жаңғырады деген сөз.

«КӨКТЕР» МЕН «САРЫЛАР»

Бұл бөлініс 2004 жылғы «Қызғылт сары төңкеріс» кезінде анық байқалды, сол тұста шығыстағы тұрғындардың көбі Украинаның Мәскеудің ықпалында қала беруін жақтаған. 2013 жылы Виктор Янукович Еуропа Одағымен (ЕО) ынтымақтастық келісіміне қол қоюдан бас тартқан соң, Киевте наразылық жиындары басталып, оның соңы президенттің биліктен кетуімен біткен еді.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұл жолы бұрынғыдай «көк пен сарыға» анық бөліну болмайды. Себебі, Ресей Қырымды өзіне қосып алып, 2014 жылдың сәуірінен бері 7 мың 900 адамның өмірін қиған қақтығыста сепаратистерді жақтағалы Украинаның шығысында еуропашылдар саны арта бастаған.

«Батьківщина» партиясы жетекшісі, Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко Днепропетровск қаласындағы жергілікті сайлауда дауыс беріп тұр.

Қазанның 25-і күнгі сайлауда біраз ұпай жинаған тағы бір тарап – оппозиция жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко басқаратын «Батьківщина» партиясы. Олар сайлауға «кәсіби армия құру және әділетті тарифтерді белгілеу» деген ұранмен қатысты.

Тимошенко партиясы коммуналдық қызмет түрлеріне – электр энергиясына, газ бен жылуға бағаны төмендетуді талап етіп келеді. Былтыр қазан айында болған сайлауда Тимошенконың партиясы бар болғаны 6-орын алған еді. Осы жолы бұл ұйым көбірек дауыс жинайды деген болжамдар айтылып жатыр.

Олардың күшейгені мынадан байқалады: экзит-пол нәтижелеріне қарағанда, Киевтің қазіргі мэрі әрі президенттің жақтасы, бокстан әлем чемпионы Виталий Кличко сайлаудың бірінші кезеңінде жеңіске жете алмаған.

Андрей Садовый.

Сарапшылар аз уақыт ішінде ешкім танымайтын ұйымнан елдегі үшінші ірі саяси күшке айналған Андрей Садовыйдың «Самопомощь» партиясына да ерекше назар салып отыр.

Садовыйдың өзі болса Львов қаласының мэрі қызметіне үшінші мерзімге сайлауға түсіп жатыр. Қарсыластары оны қаланы басқарғаннан гөрі үлкен саясатқа көбірек назар аударады деп жиі сынайды.

МИНСК КЕЛІСІМІН ОРЫНДАУ ҚИЫНҒА ТҮСУІ МҮМКІН

Луганск және Донецк аймақтарының кейбір бөліктерін бақылауда ұстап отырған сепаратистер ол өңірлерде сайлау өткізуге мүмкіндік бермеген.

Басында сепаратистер қазанның 18-і күні өздерінің аймақтық сайлауларын өткізбекке бекінген. Алайда ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Мәскеудің ықпалымен олар бұл сайлауды келесі ақпанға қалдырған.

Сепаратистер бақылауындағы аудандардың тұрғындарынан бөлек, соғыс кезінде Украинаның шығыс өңірлерінен басқа аймақтарға кетіп қалған адамдар, Қырым тұрғындары, яғни 1 миллион 500 мыңдай адам да дауыс бере алмаған.

Үкімет биліктің біраз бөлігін орталықтан алып, жергілікті билік орындары құзырына тапсыруды жоспарлап отыр.

Бұл сайлау - осы жоспарды орындаудың алғашқы қадамы. Жергілікті үкімет салықтан жиналған қаржының біршама бөлігін өзінде алып қалуға құзырлы болмақ. Алайда бұл өзгерісті жүзеге асыру оңай емес, себебі бөлінуді жақтайтын шығыс аймақтар көбірек автономия берілуін талап етіп отыр.

Минск бітім шартын талқылау барысында ресейшіл сепаратистер осындай талап қойған. Ал билікті орталықсыздандыру үшін ең алдымен конституцияға өзгеріс енгізу керек. Мұны шешетін бірден-бір орган парламент десек, бұл тақырып Жоғарғы Радада үлкен пікірталас туғызуы мүмкін.

Жергілікті сайлау Украинаның шығысындағы конфликтіні саяси жолмен реттеуге жол ашқан Минск келісімінің орындалуына бәлендей әсер ете қоймайды. Себебі Минск келісімін орындау – орталық үкіметтің мойнындағы міндет.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, оппозиция блогы мен «Батьківщина» партиясының күшеюі Порошенконың саяси ықпалын кемітіп, оның Минск келісімі аясындағы міндеттемелерін орындайтын құжаттарды парламенттен өткізу мүмкіндігін азайта түседі.