Украина парламенті даулы заңдардан бас тартты

Депутат, оппозиция жетекшілерінің бірі Виталий Кличко (ортада) парламентте тұр. Киев, 28 қаңтар 2014 жыл.

Украина парламенті - Жоғарғы Рада 16 қаңтарда қабылданған, азаматтық бостандықты шектеген 12 заңның 9-ынан бас тартты. Мұны парламентте отырған 412 депутаттың 361-і (Аймақтар партиясы - 167, «Батькивщина» - 81, УДАР - 39, «Свобода» - 35, КПУ - 0, фракцияда жоқ депутаттар - 39 ) қолдады, коммунистер фракциясы ғана дауыс бермей қойды.

Бұл заңнан бас тарту жайы оппозиция өкілдері мен президент Виктор Януковичтің 27 қаңтардағы кездесуінде талқыланып, президент талапқа көнген еді.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Президент Янукович қолданыстағы заңдарға енгізген ондаған түзетулердің көбі көшедегі шерушілерді ауыздықтауға бағытталған. Заң жобасын президент мақұлдардан бір күн бұрын парламент көпшілік дауыспен қабылдаған еді.

Халықаралық қауымдастық сынаған бұл заңға Януковичтің қол қоюы Украинадағы онсыз да шиеленіскен жағдайды тіпті ушықтырып жіберген.

Билік қабылдаған жаңа заң бойынша, Азаматтық қауымдастықтар туралы заң, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі, Телекоммуникациялар туралы заң және Салық кодексі сияқты бірнеше заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізілген.

Украина қоғамында дау туғызған жаңа заңға сәйкес мынадай жазалар тағайындалуы тиіс болған:

  • Ғайбат айту, жала жабушыларды қылмыстық жауапқа тартып, олардың әрекетін «экстремистік әрекет» деп тану көзделген. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе басқа жолмен «бұқаралық бас көтеруге» шақыратын «экстремистік қағаздарды» шығару немесе бірлесіп қолдану іс-әрекеттері үшін айыппұл салынады және үш жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
  • Қоғамдық шеруде бетперде немесе шлем киюге тыйым енгізілді, оларды кигені үшін 520 доллар мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 күнге қамалады.
  • Полицияның рұқсатынсыз бес автокөліктен көп көлікпен шеруге шығу құқық бұзу болып саналады. Бұндай іс-әрекет үшін 100 доллар шамасында айыппұл салудан бастап автокөлікті тәркілеу, жүргізуші куәлігінен екі жылға дейін айыру сияқты жазалар қолданылады.
  • Шеру кезінде рұқсат етілмеген сахналар мен шатырлар құруға тыйым салынады, заңды бұзғандарға 620 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады.
  • Белгілі бір заң бұзушылық түрлеріне қатысты жауапкершілік қатаңдай түсті. Мысалы, тұрғын үйге кіруге бөгет жасау қылмыс саналады, ол үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
  • Тұрғындарға хабар-ошар жеткізетін барлық бұқаралық ақпарат құралдары бұдан былай «ақпараттық агенттік» деп тіркелуі тиіс. Сарапшылар "қылмыстық астары бар" деп тапқан ақпаратты таратқан интернет пайдаланушылар енді интернетті пайдалана алмайды.
  • Шетелдік қорлар, ұйымдар қаржыландыратын, «саяси шараларға» қатысатын үкіметтік емес ұйымдар «шетелдік агенттер» деп тіркелуге тиіс. Бұндай топтар өз атауы мен барлық материалдарында «шетелдік агент» дегенді көрсетіп, кіріс салығын төлеуге міндетті. «Шетелдік агенттер» үш ай ішінде тіркеле алады, талапты орындамаған жағдайда ұйым таратылады.
  • Парламент депутатты дербес құқығынан арнайы парламенттік комиссияның келісімінсіз айыра алады.

Украина Жоғарғы Радасының бұл заңнан бас тарту жайлы шешім қабылдаған 28 қаңтар күнгі отырысында ел премьер-министрі Николай Азаров отставкаға кетуге өтініш берді. Ол саяси ымыра үшін, Украинаның тұтастығын сақтау үшін осындай қадамға барғанын айтты. Азаровтың қызметінен кетуін оппозиция жақтастары талап еткен еді.

Парламенттің елдегі саяси дағдарысты реттеу жайлы кезектен тыс отырысы қаза тапқан бес шерушіні еске алумен басталды.