Киевтегі Визуалды мәдениет орталығында Мельничук-Бурлака көркемөнер тобының көрмесі ашылды. Оның тақырыбы - Батыс пен Шығыс арасындағы тартыс. Көрме авторлары архитектура мен урбанистиканың негізгі ұғымдарын пайдалана отырып, қазіргі әлемде және Украинада болып жатқан әскери және саяси процестерге өз көзқарастарын ұсынады. Жоба идеясы Қырым мен Ресейді жалғауы тиіс Керчь көпірінен басталады.
Визуалды мәдениет орталығындағы көрменің атауы «Жақсы, жаман, одан бетер жаман» деп аталады. Авторлары – киевтік архитектор және суретшілер Александр Бурлака пен Иван Мельничук.
Бұл көрмені өткізу туралы алғашқы ой Мельничук-Бурлака тобы өткен жылы Кельнде Украинадағы соғыс туралы көрмеге қатысқанда туындаған.
Көрмеден түсірілген Крым.Реалии сайты видеосы (орыс тілінде):
Your browser doesn’t support HTML5
Жоба авторларының бірі Александр Бурлака Крым.Реалии сайтына «Біз Керчь көпірі тарихын мысал етіп алдық. Оны фашистер Кавказды жаулап алу үшін сала бастаған. Бірақ бітіре алмай кеткен. Оның құрылысын Сталин аяқтады. Алайда көпірді мұз бұзып кетті. Енді Ресей осы көпірді дәл сол жерге қайтадан салмақ. Біз «Гитлер – Сталин – Путин» тізбегін түсінікті әрі адамдарға әсер ететін дүние ретінде алып отырмыз» дейді.
СОҒЫС СИМВОЛЫ
Мельничук пен Бурлака көрмесі екі залға бөлінген. Бірінші павильонға әртүрлі әдеби шығармалардан алынған көпірлерге қатысты цитаталар коллаждары қойылған. Соның ішінде суретшілер скандинавиялық аңыздардың да сөйлемдерін пайдаланған. Ол аңыздарда құдайлар мен адамдарды жалғайтын көпірді сайтан сала бастайды, бірақ ол сайтан болғандықтан, құрылысты аяқтай алмайды. Мұнан бөлек, Мельничук пен Бурлака Александр Казанцевтің советтік заманда жазған, қырғиқабақ соғыс туралы «Арктика көпірі» ғылыми-фантастикалық романынан цитаталар алған. Онда СССР коммунистері АҚШ-қа көпір салуға тырысады, ал АҚШ капиталистері СССР-ға қарай туннель салады.
Коллаждар арасына макароннан жасалған шағын көпірлер қойылған.
Бурлака «Инженерлік жарыстардың осындай түрі бар, қатысушылар бірдей көлемде макарон, спагетти және желім алып, көпір жасайды. Түрлі құрылыммен жасалғандықтан, олар әртүрлі салмақ көтереді. Бірақ біз мына макарон көпірлерді желімдеп, сосын пісірдік. Яғни, бұл көпірлер -өтіріктен құрылған (өтірікті орыс тілінде «құлаққа кеспе (лапша) ілу» деп бейнелеп айтады – ред.) идеологиялық конструкциялар» дейді.
Авторлар көпір бір жағынан инженерлік конструкция, бір жағынан әсерлі образ екенін түсіндіргісі келген. Олардың ойынша, «күнделікті өмірде көпір достық пен бауырмалдықты білдіруі мүмкін, бірақ іс жүзінде көпірлер жаңа аймақтарды отарлау үшін әскери мақсаттарға да пайдаланылады».
«Бұл тұрғыда Рим империясынан бері ештеңе өзгермеді. Троян император Дунай үстінен көпір салып, дактарды жаулап алды» дейді Бурлака.
...көпірлер жаңа аймақтарды отарлау үшін әскери мақсаттарға да пайдаланылады.
Керчь көпірі де авторлардың ойынша достық белгісі емес, отарлау мен соғыс символы. Иван Мельничук Гитлер СССР-ге шабуыл жасағанда Украинада рейхскомиссариат құрғысы келгенін айтады. Қырымды Гитлер готтар жері, яғни байырғы неміс жері деп түсінген. Бұл түбекті ол Үшінші Рейхқа қосып алуды жоспарлаған.
«Гитлер жоспары бойынша, Қырымға Үшінші Рейхтің ең озат офицерлері қоныстануы тиіс болды. Бұл оларға адал қызметі үшін берілетін марапат сияқты еді. Ол идеяны Сталин іске асырды. Өйткені, СССР флоты офицерлері Қырымнан үй алатын. Яғни, Совет Одағының (СССР) ең үздік офицерлері Қырымға қоныстандырылды. Сөйтіп Қырымдағы жағдай одан сайын күрделене берді. Ал офицерлер мен олардың балалары идеологияға берілген адамдар болғандықтан, НАТО - олардың ата жауы. Бұл жағдай Қырымның болашағына да әсер етті» дейді Мельничук.
УКАИНДАР МЕН РЕСЕЙЛІКТЕР АРМАНЫ
Жоба авторлары Гитлер Қырымды солдаттардың жұмағы атаса, Путин де Қырымды Ресейдің ірі жобаларының іске асатын орны ретінде елестетеді. Путин үшін Қырым бүкілресейлік курорт, православие бастау алған «киелі мекен».
«Біресе Ресей көпдінді қоғам ретінде айтылады. Бірақ идеология Қырымды басқаша көреді» дейді Бурлака.
Көрме авторлары Керчь көпірін салуға болады, бірақ ол шынымен салына ма, жоқ па – ол жағы белгісіз екенін айтады. Иван Мельничук көпір құрылысы кезінде археологиялық жәдігерлер табылғанын, мұның да құрылысты біраз уақытқа шегеретінін айтады.
«Олар қырымдықтарға бұл көпірдің неге соншама жыл салынып бітпей келе жатқанын түсіндіру үшін Антлантиданың қалдықтарын тауып алса да таңғалмаймын» дейді Мельничук.
Көрменің бірінші залында коллаждардан басқа, көптеген фотолар да қойылған. Олар Киевтегі салынып бітпей жатқан көпірдің астында түсірілген. Сөйтіп, суретшілер Киевте де өзінің «Керчь көпірі» бар екенін ымдайды. Олардың айтуынша, сайлау өткен сайын саясаткерлер осы көпірді аяқтауға уәде береді. Бірақ көпір құрылысы басталғалы 20 жылдан асып кеткен.
Екінші залда Еуразияның бірнеше картасы ілінген подиум бар. Онда Ресей мен Еуропа қарым-қатынасының маңызды кезеңдері бейнеленген. Авторлар империялар арасындағы соғыстарға қарап, Украина және әлемде қазір не болып жатқанын түсінуге болады дейді. Топографиялық карталарда тарихтың әртұрлі кезеңдерін бейнелеген авторлар Ресей мен еуропалық империялар әрқашан территориялары мен ықпалдарын кеңейтіп отыруға тырысқанын көрсеткен. Ал Қырым мен Украина әрқашан олардың саяси тәбеттерін аятып отырған.
«Империализм жоғалып кеткен жоқ, ол қазіргі заманда да 200 немесе 400 жыл бұрынғыдай тұр, бірақ сырт келбеті сәл басқаша болып көрінеді. Ресей әлсіз ел болғандықтан, ол әскери агрессиядан басқа тәсілдермен жауап бере алмайды. Еуропа соғысты қазіргі жаңа әдістермен жүргізуі мүмкін, ал Ресей өткен ғасырдағы дөрекі әскери күшті пайдалануы мүмкін» дейді Мельничук.
Карталардың бірінде Украина мен Ресейдің ұсақ мемлекеттерге ыдырап кеткені бейнеленген. Мұнымен суретшілер қазіргі ресейліктердің Украина ыдырап кетсе деген, ал қазіргі украиналықтардың Ресей тарап кетсе деген арманын көрсеткен. Мельничук пен Бурлака украиналықтардың Ресейдің орнында көптеген тәуелсіз мемлекеттер пайда болады деп, ал УкраинаЕуропа Одағы қолдауының арқасында дамыған елге айналады деп армандайтынын бейнелеген.
«Жақсы, жаман, одан бетер жаман»көрмесі наурыздың 27-сіне дейін болады.
Азаттықтың Қырым қызметі тілшісі Иван Путиловтың мақаласы орыс тілінен аударылды.