Украинаның шығыс аймақтарында әскери жағдай енгізу туралы парламент талабын ел президенті Петр Порошенко құптамады.
Президенттің айтуынша, әскери жағдай енгізілсе, Украинаға шетелдік қару кіргізуге тыйым салынады да, тиісті жабдығы жоқ армия соғысуға жарамай қалады. Екіншіден, елде әскери жағдай жарияланса, Халықаралық валюта қоры Украинаға беріп отырған қолдау қаржысын тоқтатады. Ал Киев сол несиенің арқасында экономика дағдарысынан шығамыз деп үміттеніп отыр.
«ӘСКЕРИ ЖАҒДАЙ ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ»
Билік айтқан бұл уәждерге қатысты қақтығыс аймағында соғысып жатқан жауынгерлер не ойлайды? «Днепр» батальонының 4-ротасының командирі Владимир Парасюк әскери жағдай енгізу қажет дейді.
- Себебі елімізде соғыс жүріп жатыр, адамдар қаза тауып жатыр. Енгізу керек. Экономиканың маңызды екеніне дауымыз жоқ, бірақ солдаттардың өмірі одан да қымбат. Әскери жағдай енгізілсе, солдаттарға соғыстағыдай қимылдауға рұқсат етіледі. Қазіргі террорға қарсы операцияда бюрократия көп, ал әскери жағдайда жаумен соғысудың сипаты толық өзгеретін еді. Ондай жағдайда, мәселен, біздің авиация белсенді әрекет етіп, қарсыласқа соққы беру мүмкіндігіне ие болады. Егер әскери жағдай енгізілсе, әлемдегі барлық елдер бізге көмектеседі деп сенемін, қару тасымалдауға тыйым салады деп ойламаймын, - дейді.
Шілденің 23-і күні президент Петр Порошенко парламент қабылдаған «жартылай мобилизация» туралы бұйрыққа қол қойды. Әскери сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы мобилизация антитеррорлық операция (АТО) жауынгерлерін 60 мың адамға жеткізеді. Яғни сепаратистермен соғысатын солдаттар саны екі есе көбейеді.
Ал Владимир Парасюктің ойынша, «қақтығыстар аумағына әскери қызметке жаңадан алынғандарды емес, депутаттарды жіберу керек».
- Билік пен жемқор генералдар украинашыл патриот солдаттың жай ресурс емес, жаны бар, сезімі бар адам екенін түсінулері керек. Қазір тағы мобилизация басталды, бірақ операцияны билік дұрыс басқара алмай отыр. Ресеймен шекаралас аймақты қарапайым солдаттар қорғап жатыр, олар бар міндетті өз мойындарына алған, шешімді де өздері қабылдайды. Солдатты қажет дүниелердің бәрімен - беренді кеудеше, дулыға мен аяқ киіммен билік қамтамасыз етуі тиіс. Мобилизациямен әскерге жаңадан алынғандарды соғысқа салу қажет емес, оларды тікелей өлімге айдауға болмайды. Солдаттардың ата-аналарының әскери комиссариатқа барып, әскерге барлығын - «мажорлардың» (әлеуметтік жағдайы жақсы топ - жаргон) да балаларын алсын деп наразылық білдіріп жатқаны бекер емес. Айтқым келгені - бұл соғыс біздің жеңіспен аяқталады, бірақ біз оралған кезде сол шенеуніктер мен парақорлар алдымызда жауап береді. Мен осы жерге, әскери ұрыс алаңына барлық депутаттар - Жоғарғы Рададан бастап жергілікті кеңес өкілдеріне дейін келсін деймін. Әрбір депутат – халық қызметшісі, дәл қазір оларға өздерінің кім екенін көрсететін сәт туды. Келіңдер, отандарыңды қорғаңдар! – дейді Парасюк.
- Ресейшіл БАҚ Донбаста украиналықтар бір-бірімен соғысып жатыр дейді. Ұрыс алаңында ресейлік жалдамалылар мен жауынгерлер бар ма?
- Ресей аумағынан келген әскерилер жетіп артылады. Олар тұтқынға да жиі түседі. Көбі - Ресей азаматтары мен Ресей армиясында әскери қызметін өтеп жүргендер. Тергеу кезінде командирлерін - Ресей армиясының қазіргі офицерлерін атайды. Ресей бұл жаққа қару-жарақ пен жалдамалы әскерилерді жіберіп жатыр. Жақында Ресей жақтан екі «Град» кешенінің өткенін көзімізбен көрдік, біздің позицияны атқылап, кері қайтып кетті. Әрине, мұнда Украина азаматтары да бар, олар ақшаға сатылып, өз халқына қарсы соғысып жатыр.
- Ресей Украина шекарасына әскери бөлімдерін жіберіп жатыр, оның ішінде әскер Байкал маңы мен Қиыр Шығыстан да келіп жатыр деген мәлімет бар. Террорға қарсы операция жүріп жатқан аймақта Ресей әскерінің Украина басып кіруі туралы болжамдар айтыла ма?
Ресей жақтан екі «Град» кешенінің өткенін көзімізбен көрдік, біздің позицияны атқылап, келген жағына қайтып кетті.
- Бізге Еуропа мен АҚШ-тың қолдауы керек. Бұл - Украинаның ғана емес, бүкіл әлемнің Путинге қарсы соғысы. Малайзияның Boeing 777 ұшағын атып түсіріп, соның кесірінен 300 адам опат болды. Оған Ресей президенті айыпты. Бүкіл әлем Украина халқының жаңа империя құрғысы келетін басқыншыға қарсы соғысып жатқанын түсінуі тиіс. Біз, украиналықтар, ешкімге шабуыл жасаған жоқпыз, өз жерімізді қорғап жатырмыз. Иә, Путин әскер кіргізіп, Украинаға соғыс ашуы мүмкін. Оның күші - мұнайы мен газы. Сондықтан соғыс аша алмайды деп ойлаймын. Себебі соғыс ашса, мұнай-газын Еуропа елдеріне сата алмайды, көп ақшадан қағылады. Украина да, Еуропа да бір нәрсені түсінуге тиіс - Ресейге қысым көрсету керек болған сәтте уақыт созбай, бірден іске кірісуі керек. Малайзиялық жолаушылар ұшағын ресейлік әскеридің басқаруымен ресейлік зымыран құрылғысымен атқаны бүкіл жұртқа белгілі болды. Қазір Батыс елдері Путинге экономикалық санкция салып, қысым жасауы керек. Ресей басшысы билік қолына тигеннен бері көптеген қателіктер жасады. Путин «Украинаның бір бөлігін оп-оңай тартып аламын» деп ойлаған шығар, Украина халқы осындай бірлік пен ұйымшылдық көрсетеді деп ойламаған болар, - дейді «Днепр» батальонының 4-ротасының командирі Владимир Парасюк.
ЕРІКТІЛЕР СОҒЫСҚА ДАЙЫН
Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Дмитрий Шурхало Луганск облысындағы «Айдар» еріктілер батальонына барды. Ол кейінгі күндері батальонның бірнеше жауынгері қаза тапқанын айтады.
- Бүгін батальон қаза тапқан жауынгерлерімен қоштасты. Бірақ сарбаздардың жігері мұқалған жоқ. Жаңадан келіп жатқан еріктілер де көп. Майданның алдыңғы шебінен қашқан адам көрмедім. Керісінше бәрі соған ұмтылады. Әрине, жаңадан келгендерді онда жібермейді, олар дайындықтан өтіп, қару ұстауды үйрену керек. Boeing ұшағының апаты мен әріптестерінің қазасы батальонның жауынгерлік рухын жасытты дей алмаймын. «Айдар» батальоны тек еріктілерден құралған. Мұндағылардың көбі - жергілікті тұрғындар. Украинаның басқа бөлігінен келгендер де көп, - дейді ол.
- Еріктілерді жас жағынан, әлеуметтік ортасына қарай белгілі бір топқа жіктеуге бола ма?
- Әртүрлі адамдар келеді. Негізгі екі топ – Донецк пен Луганск облысының тұрғындары. Олардың көбі - осы қыста Майданда (Киевтегі шеруді айтады – ред.) болған, одан соң Украина тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресуге шыққан жандар.
- Бұл екі топ бір-бірімен қалай араласады, араларында түсінбестік болмай ма?
- Түрлі мәселелер туындап жатады, бірақ түсінбестік жоқ. Жақын маңдағы елді мекеннен келгендер, сепаратистердің қарауында туыстары қалғандар өздерін камераға түсірмесе дейді. Туыстарының тағдырына қатты алаңдайды.
- Соңғы күндері сепаратистердің әрекетінде өзгеріс бар ма?
- Жауынгерлер сепаратистердің аяусыз қарсылыққа көшкенін айтады. Батальон командирінің орынбасары жауынгерлермен сөйлесіп, Лисичанск ұрысы ауыр болатынын ескертті. Жауынгерлерге тыңғылықты дайындалу қажет екенін айтты.
(Владимир Ивахненко мен Светлана Павлованың материалын аударған – Динара Әлімжан)