Accessibility links

Украинадағы ұшақ апаты қауіпті ұлғайтты


Малайзияның 17 шілдеде Украинада құлаған Boeing 777 ұшағы. Донецк, 18 шілде 2014 жыл.
Малайзияның 17 шілдеде Украинада құлаған Boeing 777 ұшағы. Донецк, 18 шілде 2014 жыл.

Украина аспанында Boeing 777 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған соң ол елдегі қарулы қақтығыстың бақылаудан шығып кеткені жайлы айтыла бастады.

Қазақстандық сарапшылар шілденің 17-сі күні Малайзияның Boeing 777 жолаушылар ұшағы Украинаның үстінен ұшып бара жатқанда апатқа ұрынғанын «бұл аймақтағы дағдарыстың халықаралық қауіпсіздікке әсер ете бастағаны» деп жориды.

«ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРГЕ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН»

Халықаралық экономика және саясат институтының жоба үйлестірушісі Асқар Нұрша Украинадағы жолаушылар ұшағы апаты ол елдің шығысындағы қарулы қақтығыстың қаупі аса зор екенін көрсетті деп біледі.

– Бұл трагедиялық жағдайдан кейін халықаралық қауымдастық алдағы уақытта тағы да құрбандар болмас үшін Украинадағы қақтығысты шешу мәселесіне белсенді түрде араласуы керек. Оқиға халықаралық зерттеуді қажет етеді, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «Украинадағы сепаратистік қақтығыс бақылаудан шығып, соның салдарынан оған мүлде қатысы жоқ адамдар құрбан бола бастады – мұның ақыры басқа постсоветтік елдерге де әсер етуі мүмкін» деп қауіптенеді.

– Украинадан басқа постсоветтік елдерде, мейлі, әлі жетілмеген түрде болса да, сепартистік көңіл-күй бары анық. Орталық Азия елдерін алсақ, бұл аймақта ылғи территориялық даулар, анклавтар арасындағы даулар болып жатады. Практика көрсеткендей бұл процестің басталуы – оңай да, бақылау – күрделі, – дейді ол.

ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ САҚТЫҒЫ

Украина билігі мен ресейшіл сепаратистер ұшақ апатына байланысты бір-бірін айыптап жатыр. «Boeing 777 ұшағына зымыран тиді, оны әскери ұшақ деп шатастырып атты» деген болжам да айтылды. Бірақ ғарышкер,

Құлаған Boeing 777 ұшағы жолаушыларының жүгі. Украина, 18 шілде 2014 жыл.
Құлаған Boeing 777 ұшағы жолаушыларының жүгі. Украина, 18 шілде 2014 жыл.

истребитель ұшқыш Айдын Айымбетов азаматтық ұшақты әскери ұшақпен шатастыру мүмкін емес екенін айтады.

– Азаматтық ұшақтарда қорғаныс жоқ. Бар амалы – Жердегілермен байланыс орнату, бортқа орнатылған аэронавигациялық оттармен жұмыс жасау. Азаматтық ұшақты атқандарға кешірім жоқ, – дейді Айдын Айымбетов.

Малайзия жолаушылар ұшағының Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында қақтығыс болып жатқан аймақтағы апатынан соң халықаралық әуе компаниялары Украина арқылы өтетін ұшақтарының бағытына өзгеріс енгізе бастады.

Қазақстандық Air Astana компаниясы да Украинаға рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Бұл компания Атыраудан Амстердамға ұшатын лайнері де енді Украина территориясын айналып өтетінін мәлімдеді.

Алматы-Киев бағытындағы рейс те Украинаның қақтығыс аймағын айналып өтіп, Ресейдің солтүстігі арқылы ұшады. Ал Астана-Киев бағытындағы әуе рейсі уақытша тоқтатылған. Жергілікті ақпарат агенттіктері қазақстандық тағы бірнеше авиакомпанияның Киев арқылы ұшатын рейстерін тоқтатқанын хабарлады.

Шілденің 17-сі күні Малайзияның Malaysia Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 777 ұшағы Украинаның үстінен ұшып бара жатқанда апатқа

Ресейшіл қарулы сепаратист Украинада құлаған Boeing 777 ұшағының қалдығын суретке түсіріп жүр. Донецк, 17 шілде 2014 жыл.
Ресейшіл қарулы сепаратист Украинада құлаған Boeing 777 ұшағының қалдығын суретке түсіріп жүр. Донецк, 17 шілде 2014 жыл.

ұрынып, Донецк облысындағы Торез қаласы маңына құлаған еді. Амстердамнан Куала-Лумпурға ұшып бара жатқан ұшақ құлаған маңға барған тілшілер ешбір адамның тірі қалуы мүмкін емесін айтып, борттағы 295 адам (280 жолаушы мен малайзиялық 15 экипаж мүшесі) түгел қаза тапқанын хабарлады.

Malaysia Airlines авиакомпаниясы мәліметінше, ұшақ бортында Нидерландтың – 154, Австралияның – 27, Малайзияның – 23, Индонезияның – 11, Германияның – төрт, Бельгияның – төрт, Филиппиннің – үш, Канаданың бір азаматы болған. 47 жолаушының қай ел азаматы екені әлі анықталмаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі қаза тапқан азаматтар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын әлі тексеріп жатқанын хабарлады. Алдын-ала ақпараттар ол ұшақта қазақстандықтар болмағанын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG