Украина президенті Петр Порошенко мен олигарх Игорь Коломойский арасындағы келіспеушілік Украинаның постсоветтік тарихындағы қауіпті кезең саналады. Оған Коломойскийдің Днепропетровск облысы губернаторының қызметінен алынғаны себеп болды деу жеткіліксіз.
Украинадағы саяси, геосаяси және экономикалық мүдделердің аражігін ажырату қиын, оның үстіне ел де «олигархтар билейтін мемлекет» болудан шаршаған. Майдан қозғалысы жұрттың олигархтарға қарсы екенін көрсетті, Ресеймен шиеленіс шешілген жоқ, бірақ елде олигархтарға қарсы күрес басталып кетті.
МАЙДАН ЖӘНЕ ОЛИГАРХТАР
Киевтегі «Үшінші сектор» сараптамалық орталығының сарапшысы Андрей Золотарев Майдан олигархтардың ықпалын әлсіретті деп санайды.
«Кейбір олигархтар беделі мен қаржысының біраз бөлігін жоғалтқан. Басқалары керісінше, материалдық шығынға қарамастан күш жинап, қауіпсіздікке ие болды. Игорь Коломойский соңғы топқа жатады. Бұның бәрі қайта бөлісу ғой» дейді Золотарев.
Оның пікірінше, «Порошенко Украина экономикасын олигархтардан тазартпақ, оларды саяси биліктен қумақ» деуге әлі ерте. Украина үкіметі Майдан шеруі кезінде қатты әлсіреді, соның нәтижесінде президент Виктор Янукович биліктен кетуге мәжбүр болды.
Бірақ, Майдан олигархтар құрған жүйені бұза алмады, оған Порошенконың өзі де сол топқа жататыны дәлел.
Орыс журналисі Леонид Бершидский жақында Bloomberg сайтына «Украина қатыгез адамдардың шағын тобы басқаратын олигархтар билеген ел болып қалды» деп жазды. «Әлі күнге дейін украиндар оларды жеңудің жолын таппады» деп жазады Бершидский.
Коломойский Майдан қозғалысын қолдап, шығыстағы өзі туған Днепропетровск облысын қорғау үшін және Донецк пен Луганскідегі сепаратистерге қарсы соғысу үшін өз қаржысына бірнеше ерікті әскерилер тобын құрды. Золотаревтің айтуынша, ол «үкімет маған қарыздар» деп сенеді.
Украинадағы ең табысты банктің қожайыны болып отырған Коломойскийдің банкрот болуы екіталай.
«Сондықтан да ол басын тәуекелге тігеді. Бәсекелестерім ешқашан басып өте алмайтын қорғанышым бар деп ойлайды» дейді Киевтік журналист және саяси сарапшы Виталий Портников.
Бірақ Портников ондай қорғаныштың шын мәнінде бар екеніне күмәнданады. «Бұлардың бәрі – олигархтар клубы, қазіргі үкімет – ондай мызғымас қорғаныш жоқ екенін сан мәрте көрсетті, себебі олар алдағыны 24 сағат бұрын ойлап отырады» дейді ол.
Ринат Ахметов, Дмитрий Фирташ, Виктор Пинчук тәрізді олигархтар Украина экономикасының көптеген секторларын басқарып келеді. «Олигархия әлі ықпалын жоғалтқан жоқ» дейді Украина мемлекеттік мүлік қорының бұрынғы басшысы Александр Бондарь.
«Ахметов энергетика саласын, металлургия өнеркәсібін, ақпараттық технологиялар мен телекоммуникацияны бақылайды. Фирташ химиялық заттар секторын қадағалап отыр. Олар өз билігін жалғастырады және билікті бопсалауын қоймайды. Жалғыз Коломойский ғана осындай әрекетке барады деуге келмес» дейді ол.
БИЛІККЕ ЫҚПАЛ ЕТУ
Сарапшы Виталий Портников Украинаның «олигархтар клубы өздерінің саяси беделі мен медиа ресурстарын пайдаланып, қазіргі олигархтардың сөзі жүретін жүйені сақтап қалуға тырысады» дейді. Оның пікірінше, Ресей осыны өз мүддесіне пайдалануға тырысады.
«Украинаны жікке бөлетін, орталық билікті әлсірететін кез келген әрекет Ресейге тиімді. Порошенко мен Коломойский арасындағы дау екі мемлекеттік мұнай компаниясына қатысты шықты. Бірақ, Ресейдің "ЛУКОЙЛ" компаниясын да олигарх Вагит Алекперов бақылайды, ол да осы компанияларға қызығушылық танытады. Порошенко бұндай шиеленістерде Ресейдің мүддесін ескеруі тиіс» дейді Портников.
«Ол әркез Ресейдің саяси билігімен келіссөздер жүргізіп келеді, бірақ Путин мен оны қолдайтын олигархтардың бизнес мүддесіне қатысты мәселені қозғағанда Путиннің ымыраға келмейтінін біледі» дейді сарапшы.
Мәскеу Украинаның федералды мемлекет болғанын қалайды. Портниковтың пікірінше, қазіргідей «олигархтар мен үкімет арасындағы тартыс Украинаның феодалдануына апарып соғуы мүмкін».
Сарапшылардың барлығы Украинадағы олигархтар билігі оп-оңай, келісіммен аяқталуы күмәнді екенін айтады. Әсіресе, қазіргі Ресеймен ашық шиеленіске шығып, экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқан кезеңде бұл мүмкін емес.
«Біз реформалану мүмкіндігін жоғалтамыз» дейді бұрынғы шенеунік Бондарь
«Экономиканы бақылауды қоямыз. Банктер, айырбас бағамы, т.б. бәрін ұмытамыз. Инвесторлардың тілегіне құлақ асқанның орнына, олардың сенімінен айрылдық. Гривен құлдырап барады. Енді Путин алаңсыз отыра берсе болады – оның арманын біздің үкімет пен олигархтар жүзеге асырады» дейді ол.
Роберт Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.