АҚШ өлім жазасына федералдық деңгейде мораторий енгізді

Меррик Гарланд өз кандидатурасы АҚШ бас прокуроры қызметіне ұсынылған кезде өткен Сенат тыңдауында отыр. Вашингтон, 22 ақпан 2021 жыл.

АҚШ өлім жазасын кесуге федералдық деңгейде мораторий жариялады. Бұл - өз аумағында әлі күнге дейін өлім жазасы орындалып келе жатқан жалғыз Батыс елі. Amnesty International ұйымы әлемде өлім жазасының азаю тенденциясы байқалатынын айтады.

"ӘДІЛ ЖӘНЕ АДАМГЕРШІЛІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС"

АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд өлім жазасына кесуге федералдық деңгейде мораторий жариялады. Бұл туралы АҚШ әділет министрлігі хабарлады.

"Әділет министрлігі (жасаған іс-әрекеті) федералдық қылмыстық сот жүйесінің (құзіретіне) кіретіндердің барлығына тек АҚШ Конституциясы мен заңдары арқылы кепілдендірілген құқықтар ғана беріліп қоймай, сонымен бірге оларға әділ және адамгершілік қарым-қатынас жасалуын қамтамасыз етуі керек" делінген Гарланд мәлімдемесінде.

Бұған қоса АҚШ бас прокуроры "бұл міндеттеме, әсіресе, өлім жазасымен байланысты істерге қатысты ерекше күшке ие" деп мәлімдеді.

Биыл ақпанда Гарланд өз кандидатурасы бас прокурор лауазымына ұсынылған кезде өткен Сенат тыңдауында "жазықсыз адамдардың жазалануына" байланысты алаңдайтынын айтқан.

АҚШ-та федералдық деңгейде 70 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет өлім жазасына кесілген әйелдің үкімі орындалуына қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Индиана штаты, 12 қаңтар 2021 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден былтыр өз сайлау науқаны кезінде елде өлім жазасын жоюды көздейтін заңнаманы қолдауға уәде берген болатын.

Жоғарғы Сот өлім жазасын "дискрециялық жаза" деп танығаннан кейін, 1972 жылы АҚШ-та федералдық деңгейде өлім жазасын қолдануға тыйым салынған еді деп жазады "Америка дауысы" радиосы. Бірақ 1988 жылы оның қолданысы ішінара қалпына келтірілген.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫН ҚОЛДАНАТЫН ЕЛДЕР ӘЛІ ДЕ БАР

Бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің биліктегі соңғы айларында елде өлім жазасына кесілгендердің 13-інің сот үкімі орындалғанына назар аударады. Трамп өлім жазасына жарияланған мораторийдің күшін жойған 2020 жылдың шілдесіне дейін 17 жыл бойы АҚШ-та федералдық деңгейде өлім жазасы туралы үкім орындалмаған еді.

Америка Құрама Штаттары өз аумағында әлі күнге дейін өлім жазасы орындалып келе жатқан Батыстағы жалғыз ел. Беларусьтен басқа Еуропаның барлық елінде өлім жазасы іс жүзінде қолданыста жоқ. Беларусь мемлекетінде былтыр сот үш адамға өлім жазасын кесті.

Беларусьтегі өлім жазасы туралы көрмеге келген адамдар. Беларусь – Еуропадағы әлі күнге дейін өлім жазасын қолданып келе жатқан жалғыз мемлекет.

Amnesty International (АІ) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының биылғы есебінде 2020 жылы өлім жазасын қолдану бойынша кейінгі он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш тіркелген. 2020 жылы әлемде 483 адамның өлім жазасы туралы үкімі орындалған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз.

АІ сарапшылары әлемде кейінгі бес жылда өлім жазасының азаю тенденциясы байқалғанын айтады. Бірақ оған өлім жазасы жайлы ақпарат мемлекеттік құпия болып саналатын Қытай, Солтүстік Корея, Сирия, Вьетнам сияқты елдердегі мәліметтер енбеген.

Құқық қорғау ұйымының дерегінше, былтыр коронавирус індетіне қарамастан Иран мен тағы 17 мемлекетте өлім жазасы жиі қолданылған. Иран (кемінде 246), Египет (кемінде 107), Сауд Арабиясында (27) орындалған үкімдер бүкіл әлемде тіркелген өлім жазасы көрсеткішінің 88 пайызына тең.

Тегеранның өлім жазасын қолдануына наразылық білдіріп, Иранның Бельгиядағы елшілігі алдында акцияда тұрған адамдар. Бельгия, 10 қазан 2019 жыл.

2020 жылы кемінде 1477 өлім жазасы қоғам назарын аудартқан, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36 пайызға аз.

Қазақстан былтыр қыркүйекте Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасына қосылған. Былтыр желтоқсанда елдің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан хаттаманы толық ратификациялағаннан кейін тек бір жағдайда - "соғыс уақытында жасалған әскери ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғандарға, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады" деп мәлімдеген.

Биыл қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасын ратификациялау туралы қол қойды.

Қазақстан заңында әскери қылмыс пен теракт жасағандарға өлім жазасын қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Былтыр қыркүйекте Тоқаев Қазақстан қосылатын хаттамаға байланысты ел Конституциясына түзету енгізудің қажеті жоқ деп мәлімдеген. 2004 жылдың қаңтар айынан бері елде өлім жазасына енгізілген мораторий күшінде.