Петр Афанасенко АҚШ-та өзін азаптауға қарсы күрескер ретінде таныстырды

Петр Афанасенко, саяси эммигрант. Вашингтон, маусым, 2011 жыл

ҰҚК-нің бұрынғы полковнигі Петр Афанасенко осы аптада Вашингтонда бірқатар ресми және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесті. Ол бұған дейін «моральдық зардап шектіргені үшін» Рахат Әлиевті сотқа беретіні туралы мәлімдеген еді.

Петр Афанасенко - 1994-1997 жылдары Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин күзет бастығы болып қызмет атқарды. Әкежан Қажыгелдин орнынан алынған кезде оның аппаратындағы бірнеше қызметкерлермен бірге ол да мемлекеттік қызметтен кеткен еді. Кейіннен Қажыгелдинмен бірге қуғын-сүргінге ұшырап, «қарулы көтеріліс жасамақ» болды деген айыппен түрмеге қамалды.

Түрмеде бір жыл жеті ай отырған соң Петр Афанасенко кешірім жасау жөнінде өтініш жазып, рақымшылық бойынша босады. Қазір саяси босқын ретінде Бельгияда тұрады.

Петр Афанасенко өзін қуғын-сүргінге салған - ҰҚК-нің Алматы облыстық департаментінің сол кездегі басшысы Рахат Әлиев деп біледі.
Ал Рахат Әлиев Петр Афанасенконы «өзіне қарсы кезекті арандатулардың» қолшоқпары деп санайды. Бір кездері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдыретті күйеу баласы болған Рахат Әлиевтің бүгінде оның ең күшті сыншысына айналғаны мәлім. Рахат Әлиев Петр Афанасенконың қуғындалуына өзінің еш қатысы жоқтығын айтады.

Осы аптада Вашингтонға барған Петр Афанасенконың айутына қарағанда, ол АҚШ Конгресі мен мемлекеттік департаментінің және құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен кездескен.

Дәл осы аптада, 29 мамыр күні «Нью-Йорк таймс» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қарсыласы Рахат Әлиевтің арасындағы тартыстың Вашингтонға ауысқанын жазған еді. Екі тарап та америкалық лоббистерді мейлінше пайдаланып, олардың септесуі арқылы Барак Обама әкімшілігі мен АҚШ-тың ықпалды саясаткерлерін өз жағына қарай тартуға тырысып жатыр деп жазады «Нью-Йорк таймс».
Бейсенбі, 2 маусымда Петр Афанасенко Азаттық радиосына сұқбат берді. Петр Афанасенконың Вашингтонға сапарының мән-жайын көбірек білгіміз келді.

«НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ»

- Вашингтонда не істеп жүрсіз? Қандай мақсатпен келдіңіз?

- Мақсатым құқық қорғау ұйымдары мен мемлекеттік департамент өкілдерімен, сондай-ақ кейбір конгресмендермен кездесу болатын. Кездесу ойдағыдай өтті. Кездесуде соңғы кездері өз елінен қуғындалғандар да, қуғындағандар да Еуропадан саяси баспана алып жатқаны сөз болды.

- Кімді меңзедіңіз?

- Рахат Әлиевті айтып тұрмын. Құныкерім де сол. Оның маған жасаған істерінің барлығын айтып бердім. Хельсинки ұйымының, «Амнести интернешнл», тағы да басқа құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен кездестік. Мен Рахат Әлиевті «қолдан қылмыстық іс жасады», «азаптап, зорлық-зомбылық көрсетті» деп айыптадым. Ол талайдың тағдырын тәлкекке айналдырған адам.
Рахат Әлиев «өзінің Қазақстанға келуге қорқатынын, өйткені онда әділ сот жоқтығын» бірнеше рет мәлімдеді. Иә, онысы рас. Бірақ, Әлиев мырза, осындай соттарды құрудың арғы жағында өзіңіз де тұрмап па едіңіз? «Не ексең, соны орасың» деген осы!

- Нақты қандай азаптау әрекеттерін айтасыз?

- Бұл мәселені дәл қазір қозғағым жоқ, өйткені адвокаттарым сотқа талап-арыз түсіріп қойды. Соттан кейін кездескеніміз дұрыс болар. Менің талап-арызым бойынша адвокаттарым сотқа шағым беру үшін бір жарым жылға жуық шұғылданды. Ақыры биыл мамыр айында Вена сотында талап-арызымыз қабылданды.

- Талап-арызда не айтылады?

- Асықпай қоя тұрайық. Әуелі адвокаттар іске кіріссін. Осы іс бойынша Әлиевке қандай да бір ақпарат жеткенін қаламаймын.

- Бұрынырақта «өзіңізді азаптағаны үшін лайықты өтемақы алғыңыз келетінін» айтып едіңіз. «Лайықты өтемақы» деп нені меңзедіңіз?

- Ең әуелі моральдық тұрғыдан қанағаттануды айтар едім. Рахат Әлиев «өзінің Қазақстанға келуге қорқатынын, өйткені онда әділ сот жоқтығын» бірнеше рет мәлімдеді. Иә, онысы рас. Бірақ, Әлиев мырза, осындай соттарды құрудың арғы жағында өзіңіз де тұрмап па едіңіз? «Не ексең, соны орасың» деген осы!

- Яғни Рахат Әлиевтің өзіңізден кешірім сұрағанын қалайсыз ғой?

- Мен кішкентай адаммын. Мүмкін оны іштей баяғыда-ақ кешірген де шығармын. Бірақ ақшаға құнығып, тәубесін ұмытқан адамдардың күн сайын көбейіп келе жатқаны да рас қой. Оларда жазаға тартыламын-ау деген қорқыныш жоқ.

- Осы талап-арызыңыз арқылы тағы нені көздеп отырсыз?

- Еуропа Рахат Әлиевтің кім екенін білсін. Талай адамның тағдырының талқанын шығарғанын ұмытқан ол бүгін құқық қорғаушы, демократ бола қалыпты. Бірақ ештеңе де ұмытылмайды. Әр ісіне жауап беруі тиіс.

- Рахат Әлиевтен қалай зардап шектіңіз?

- Мұны әзірге сөз етіп, дабыралатпай-ақ қояйық... Оның маған жасаған істерін конгресмендерге де, мемлекеттік департаменте де, Хельсинки конференциясында да айттым. Дәлеліміз жеткілікті.

- Қандай дәлеліңіз бар?

- Соттан кейін айтамын.

ҚОЛАЙЛЫ CӘТ ТУЫП ТҰР

- Вена сотынан қандай шешім күтіп отырсыз?

- Әділ шешім. Әділдікті талап етемін. Қолындағы билігі мен ақшасын пайдаланып, өз отанында адамдарды азаптап, қорлаумен шұғылданған және «мені ешкім жазалай алмайды» деген адамның әрекеті ашық айтылсын. Әділдік орнасын.

- Сіздің «әділдігіңіз» қайтсе орнайды? Рахат Әлиевті Қазақстанға
экстрадициялау керек пе?


- Өз басым, адам ретінде оның да Қазақстан сотын өз басынан өткізгенін қалаймын. Бірақ шешімді сот шығарады. Адвокаттарды бекерге жалдаған жоқпын. Бірінші кезекте олар көрсетіп отырған қызметтің қайтарымы болуы қажет.

- Рахат Әлиев сіздің адвокаттарыңызға төлеуі тиіс пе?

- Менің адвокаттарым да адам шығар.

- Қанша төлегенін қалайсыз?

- Бұл сауалға адвокаттар өздері жауап берсін. Мен білмеймін. Азаматтық іс. Келіссөз жүргізер, талқылар, әйтеуір адвокаттар өздері шешер. Олар Рахат Әлиевтің не қалайтынын маған айтады, сол сияқты мен де оған айтып жіберемін. Онымен сотта кездесіп, сөйлесуім керек. Көрсеткен қорлығы үшін кешірім сұрай салып, құтыла алмайтын болар.

- Моральдық қорлық деп нені айтасыз?

- Мұны соттан кейін айтып берейін. Қазіргі сізге айтқан сөздерімнің адвокаттарға зарары тиюі мүмкін.

- Баспасөзде бұған дейін де біршама айтқан едіңіз ғой.

- Ең әуелі азаптау дегеніміздің не екенін анықтап алайық. Азаптау дегеніміз - адамға қасақана қарсы әрекет жасау, ұрып-соғу, моральдық қорлау. Міне, осының барлығын бастан өткіздім мен. Вена сотында осы мәселені дәлелдейміз. Дәлел жеткілікті екеніне сене беріңіз.

- Сотқа не ұсынасыздар?

- Өте қызықты материалдар.

- Сіздің Рахат Әлиев пен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арасы шиеленіскен кезде, ойда жоқта сап ете қалуыңызды қалай түсінуге болады?

- Аралары шиеленіскен жоқ. 2007 жылға дейін оған кім қарсы сөйлей алатын еді? Маған соған дейін қайда жүрдіңіз дейді. Басыма әртүрлі ойлар келді. Гаага сотына берейін десем, Қазақстанмен арасында келісім жоқ. Сондықтан дәл қазір қолайлы сәт туып тұр. Рахат Әлиев сазайын тартуы тиіс.

- Рахат Әлиев «сіздің ісіңізге қатысым жоқ, сіз Ақорданың тапсырысын орындап жүр» деп отыр. Оның сөзіне қарағанда, билік Рахат Әлиевті Қазақстанға алдыру үшін сізді пайдаланып отыр. Бұл сөзге не дейсіз?

- Мен Бельгиядан саяси баспана алған адаммын. Мені Ақорданың мүддесі қызықтырмайды.

- Түрмеде қанша отырдыңыз?

- Бір жыл жеті ай.

- Қандай шартпен мерзімінен бұрын шықтыңыз?

- Рақымшылық жасалды.

- Рақымшылық жасау жөнінде өтінішті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жаздыңыз ба?

- Иә, президентке жаздым. Мені «Қазақстанда қарулы төңкеріс жасауға дайындық жасады» деп айыптады ғой. Кешірім беру жөніндегі өтінішімде қарулы төңкеріс жасаудың үш ұйықтасам түсіме де кірмегенін жаздым.

- «Мені негізсіз айыптап отыр, дұрысы, азаптағаны туралы талап-арызын Қазақстан билігінің үстінен жасасын» деген Рахат Әлиевтің сөзіне не дейсіз?

- Ол кезде Рахат Әлиевтің кім болғанын ұмытпау керек. Ол ҰҚК-нің Алматы облыстық департаментінің төрағасы болатын. Менің ісімді ол жеке өз басы қадағалады. Істі әуел бастан бұрмалаған соның нақ өзі. Сценарийді ойлап тауып, «Петр, маған сен емес, Қажыгелдин керек» деген де сол. Мені сұраққа алған да өзі, күні-түні тергеген де соның адамдары.

- Сізді қалай азаптады?

- Бұл сұрақты осымен үшінші рет қойып отырсыз.

- Өйткені сіз тура жауаптан жалтара бердіңіз. Ал онсыз талап-арызыңыз жалаң сөз сияқтанады.

- Қалай түсінгіңіз келсе, солай түсініңіз.

АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС БЕЛСЕНДІСІ

- Қазір азаптауларға қарсы күрес белсендісісіз бе?

- Иә, құқық қорғаушы ұйымдармен кездестім. Мені жұмысқа шақырды. Жұмыс істейміз.

- Қазақстандағы азаптаулар туралы білетін боларсыз?

- Өз басынан кешкен адам білетін шығар деп ойлаймын. Менің ойымша Қазақстанда азаптау, қорлау әрекеттері әлі де бар.

- Қазақстандағы қандай азаптау оқиғаларын білесіз?

- Сәтжан Ибраев екеуміздің бастан кешкенімізден өзге азаптауды білмеймін.

- Онда өзіңізді не себептен азаптауларға қарсы күрестің белсендісі деп таныстырасыз?

- Өйткені ондай азаптаулар бар, онымен күресу керек.

- Державинка кентіндегі түрмедегі азаптаулар туралы іс бойынша сотқа тартылып жатқан КУИС-тің жеті офицерінің ісі туралы не айтасыз?

- Жоқ, оларды білмеймін. Бұл істі бастағаным енді ғана. Вашингтонға келгендегі мақсатымның да бірі өзімнің осы салаға қажетім бар ма, жоқ па, соны білу еді. Қажет екенмін. Жұмысқа енді кірісеміз, жұмыс жоспарын реттеп, адамдармен, құқық қорғаушылармен кездесеміз.

- Қазақстандағы азаптаулар туралы жалпы жағдайды талқылайсыздар ма?

- Жалпы жағдай, әрине, белгілі. Адамды мойындату үшін бәрін жасайды. Қазақстан қоғамы да, үкіметі де, депутаттары да үнсіз. Олай болмау керек.

- Есесіне құқық қорғаушылар үнсіз емес қой. Мамыр айында «Амнести Интернешнл» Қазақстандағы азаптаулар туралы есебін жариялады. Онымен таныс па едіңіз?

- Оқыдым.

- Осы есептен қандай аты-шулы фактілер есіңізде қалды?

- Уақытша оқшаулау камерасында ҰҚК генералының өлгені. Бұл бір жағдай... Бұл сауалға жауап беруге әзірге дайын емеспін. Жұмысты енді бастадым.

«РАХАТТЫҢ ӨЗІ КЕЛІП МЕНІ ҰРҒАН ЖОҚ»

- Әзірге тек өз ісіңізді ғана талқылап жүрсіз бе?

- Өзімді азаптағаннан өзге жайтты білмеймін.

- Ал сізді қалай азаптады?

- Азаптаудың жолдары көп. Соттан кейін айтамын.

- Онда ол туралы несіне мәлімдедіңіз?

- Бұл әңгіме Рахат Әлиевтің ісі тоқтап қалмағанын қоғамға білдіру үшін айтылды. Бұл істі аяғына дейін жеткізу үшін бар күшімді саламын.

- Рахат Әлиев сіздің айыптауларыңыздың артында Қазақстан билігінің мүддесі тұр деп мәлімдеді.

- Жоқ, олай емес.

- Сіздің ойыңызша Рахат Әлиевтің өз басы сізді қалай азаптады?

- Бір мысал келтірейін. 2000 жылы әкем өлді. Мен Гранитный түрмесінде болатынмын. Маған әкемнің қайтыс болғаны туралы хабарлады. Заң бойынша қысқа мерзімді демалыс алуға әрбір сотталушының құқығы бар. Мен өтініш бердім. Олар келісті, сөйтіп, мені суретке түсіріп, құжаттарымды дайындады.

Содан соң бірде «барасың», бірде «бармайсың» деп үш күн алдаусыратты. Ал сол үш күн бойы мені күтіп, әкемді жерлей алмады. Ақтық сапарға шығарып салуға әркімнің де құқығы бар.

- Сізді түрмеден шығармауды бұйырған кім?

- Оның барлығы да сотқа тапсырылған құжатта бар.

- Сізді ұрып-соқты ма?

- Ішкі істер министрлігінің уақытша оқшаулау камерасында ұрды.

- Кім ұрды?

- Аты-жөндері есімде жоқ.

- Олардың арасында Рахат Әлиев болды ма?

- Жоқ. Ол жер ішкі істер министрлігінің изоляторы болатын. Мен оның өзі ұрып-соқты деп тұрғаным жоқ.

- Сіз оны азаптады деп шағымданып отырсыз ғой.

- Мен оның «моральдық тұрғыдан қорлағанын» айтып отырмын. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді. Көрген қорлығым есіме түссе, тамағыма тас тұрғандай болады.

- Рахат Әлиевті тек моральдық қысым көрсеткені үшін ғана айыптайсыз ба?

- Иә. Моральдық қысымы үшін. Рахат мені ұрып-соқты деп тұрғам жоқ.

- Өзіңізді ұрып-соққан адамдарды да жауапқа тарту ойыңызда бар ма?

- Әр нәрсенің уақыты келеді.

- Афанасенко мырза, сұқбатыңызға рақмет.