«Work and travel» бағдарламасына өзгеріс енгізілді

"Work and Travel" бағдарламасының белгісі. (Көрнекі сурет)

АҚШ мемлекеттік департаменті «Work and travel» бағдарламасына қатысты маңызды өзгерістерді жариялады. Тергеу барысында осы бағдарламаға байланысты заң көп бұзылғаны анықталған.
Жазғы демалыс кезінде «Work and travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа жыл сайын жүз мыңнан астам студент барады. Осы бағдарлама арқылы шетелдік студенттер АҚШ-та төрт айға дейін жұмыс істеп, америка мәдениетімен таныса алады. «Жазғы жұмыс және саяхат» категориясымен берілетін J-1 визасының мерзімі төрт айдан аспайды.

Өткен жылы шетелдік студенттер АҚШ мемлекеттік департаментіне осы бағдарламаға бірқатар шағым түсіріп, «жұмыс жағдайы нашар» деп арызданған. Тергеу барысында кейбір студенттердің қауіпті жағдайда тұрып, жұмыс істегені анықталған.

Осыдан кейін мамыр айында АҚШ мемлекеттік департаменті «Work and travel» бағдарламасына өзгерістер енгізді.

Департаменттің хабарламасында «АҚШ мемлекеттік департаменті Summer Work and Travel USA бағдарламасын жетілдіру үшін бірқатар шаралар қолданды» деп жазылған.

ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР

Мемлекеттік департамент өкілі Робин Лернердің мәліметінше, бағдарламаға жасалған өзгерістер Америкаға келген адамдардың денсаулығын қорғап, қауіпсіздігін сақтауға арналған.

Жаңа ережелер бойынша шетел студенттерінің түнгі уақытта (кешкі сағат 10-нан таңғы сағат 6-ға дейін) жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұған қоса

Студенттер көше тазалап жүр. Тараз қаласы. (Көрнекі сурет).

студенттер құмар ойындар мен саяхат жәрмеңкесі саласында, массаж және татуировка (денені әшекейлеу) қызметінде жұмыс істемеуі тиіс.

Ал биыл қарашаның 1-інен кейін студенттер өнеркәсіп пен құрылыста, ауыл шаруашылығында жұмыс істемейді.

АҚШ мемлекеттік департаменті мәдени шаралар туралы студенттерді хабардар ету үшін демеушілерге де жаңа талаптар қойып отыр. Демеушілер енді АҚШ-қа келген студенттердің америкалық жұмыс тәжірибесін үйренулері үшін АҚШ азаматтарымен жақын араласуға жағдай жасауы тиіс.

«Work and travel» бағдарламасы аясында студенттердің көбісі негізінен курорттық жерлерде, қонақ үй мен мейрамханаларда даяшы болып істейді. Кейбіреулері ұлттық саябақтарға жұмысқа тұрады.

АҚШ-қа аталмыш бағдарлама арқылы негізінен Ресей, Украина, Қазақстан сияқты ТМД елдерінен, Шығыс Еуропа мемлекеттерінен, Бразилия, Түркиядан студенттер барады.

ҚАЗАҚСТАН МИНИСТРЛІГІНІҢ ЕСКЕРТУІ

Мамырдың 14-інде Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-қа «Work and travel» бағдарламасы бойынша баратын қазақстандық студенттерді «болуы мүмкін қауіп-қатерлер» туралы ескертті.

– Америкалық виза мерзімі аяқталған соң қазақстандық азаматтар ол елдегі заңды

"Work and Travel" бағдарламасына қатысушы әзербайжан студенті. (Көрнекі сурет)

мәртебесінен айырылады. Бағдарламадағы ең негізгі проблемалардың бірі - осы, – дейді министрлік өкілі Алтай Абибуллаев.

Оның айтуынша, жұмысқа шақырылған кейбір студенттерді алдап кеткен жағдайлар да болған. «АҚШ әуежайларына түнде барған студенттердің далада түнеген оқиғалары де тіркелген» дейді Алтай Абибуллаев.

АҚШ-қа осы бағдарлама бойынша барып, түрлі проблемаларға душар болған бірқатар қазақстандық студенттер туралы бұдан бұрын да жазылған еді.

2011 жылы 8 тамызда АҚШ-қа «Work and Travel» бағдарламасымен барған Қазақстан азаматы, студент Айнұр Ахметова Массачусетс штатында, бассейннің жанында ес-түссіз жатқаны жерінен табылған.

Америкалық дәрігерлер оның миы жұмыс істеуін тоқтатты деген диагноз қойған. Айнұрдың туыстарының тілегі бойынша жасанды тыныс алу аппаратын үзбестен, студент қызды Қазақстанға жеткізген. Айнұр Ахметова 2011 жылы 21 тамызда Астана ауруханасында қайтыс болды.