Өзбекстандық босқын Эстонияны «жерұйыққа» балайды

Абдрешид Кушаевтың босқындар орталығы ғимараты алдында түскен суреті. Вао уезінің Ля́эне-Ви́румаа селосы. Эстония, 19 қаңтар 2016 жыл.

Өзбекстаннан әуелі Қазақстанға, кейін Ресейге жаяу-жалпылап қашқан босқын Әбдірешид Кушаев Эстонияға жетіп тұрақтаған. Енді оған ол жақ саяси баспана беруі мүмкін.

Босқын әрі протестант дінін ұстанатын азшылық өкілі Әбдірешид Кушаевты Эстонияға келген соң шекарадан заңсыз өткені үшін абақтыға қамамай, босқындар орталығына орналастырған әрі саяси баспана сұраған өтінішін дұрыс қарай бастаған. Әбдірешид Кушаев Эстония билігінің оң қабақ танытуына «азапқа толы сергелдеңі» жайлы интернет- жазбалары түрткі болды деп санайды.

ҮШ ШЕКАРА АСҚАН БОСҚЫН

Өзбекстандық босқын, діни азшылық өкілі, 51 жастағы жалғызбасты Әбдірешид Кушаевты айналдырған қырсықтың түйіні енді Еуропа Одағы территориясы - Эстонияда тарқатылуға таяған сияқты. Азаттық тілшісіне Facebook арқылы жазған хатында Әбдірешид Кушаев «жағдайым енді түзелді» деп хабарлайды.

Азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаев 2015 жылдың наурызында Өзбекстаннан жаяу-жалпылап Қазақстанға қашып, Алматы қаласына жеткен болатын. Совет паспортын Өзбекстан паспортына ауыстыра алмай қиналған Кушаевтың бұл - Өзбекстаннан екінші рет қашуы. Бірақ Алматыда оған босқын мәртебесін бермей қойған. Қазақстанның көші-қон билігі мәселесін қараған төрт айда Кушаев амалдап күн көрген. Кейін Өзбекстанға депортациялау қаупі төнген соң тағы да үйреншікті амалға басып, Өзбекстаннан тіпті алыс Ресейге қашуға мәжбүр болған.

Былтыр шілдеде Кушаев Солтүстік Қазақстан арқылы Ресейдің Омбы облысына қашып барған. Шекарадан өтудің екінші талпынысы ғана сәтті болған. Өзбекстаннан Қазақстанға қашқаны сияқты, ол Қазақстан-Ресей шекарасынан да заңсыз әрі жаяу өткен. Кейін Омбы қаласына жеткен. Бірақ Ресейде де босқын мәртебесін бермей, әбден қиналған соң көмек сұрап Мәскеуге дейін барған.

Қалған-құтқан ақшасын Ресейде ұстаған Әбдірешид Кушаевқа енді Ресейден Қазақстанға депортациялану қаупі төнген. Былтыр қазанда ол Финляндияға жету мақсатымен Ресейден Эстонияға қашқан. Бірақ Эстония ұнағаны соншалық, ол сонда қалуды ұйғарған.

«ЖЕРҰЙЫҚ»

Әбдірешид Кушаев Азаттық тілшісіне «Жағдайым «ертегіге бергісіз» жақсы. Эстонияға келіп ес жиып, тартқан бүкіл азабымның «өтеуін» алдым. Босқындар орталығы ауылдық жерде орналасқан. Мұнда шырша, қарағай көп. Табиғаты тамылжыған, ертегі әлеміндегідей жер екен. Жәрдемақы аламын, жылы бөлме берді. Мұның бәрін эстон жерұйығы атаймын» деп жазады.

Христиан соборы. Раквере қаласы. Эстония, 11 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Кушаев - протестант дінін уағыздайтын шіркеуге баратын адам. Оның үстіне, Кушаев «ТМД елдерінде діни азшылық өкілі ретінде көп қиындық көріп, құқықтарым бұзылды» деп санайды.

«Мұнда келіп, шағын шіркеу тауып алдым, бәрі жылы қабақ танытты. Орысша сөйлейтіндерге аудармашы берді. Шіркеуге жексенбі сайын шағын автобуспен апарып тұрады. Ол орталықтан 12 километр жерде орналасқан. Протестанттар шіркеуі, ешкімді бөліп-жармайды. Мұндағы христиандар баршаға ортақ дүниелерді уағыздап, онша бөлінбейді. Рождество мен Жаңа жыл мерекесін үйіміз - босқындар орталығында да, шіркеуде де тойладық. Эстондардың діни мәдениеті протестанттық, сондықтан маған бұл жер жайлы» деп хабарлайды Новоапостоль шіркеуінің адепті Әбдірешид Кушаев.

Босқындарға арналған мекеменің белгілі тәртібі бар, бірақ Кушаев оны орындау қиын емес дейді. Баспана сұраушы ретінде ол қазір казармада өмір сүріп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ мүлде олай емес. Босқындар орталығының екі қабатты ғимараты мен үш қабатты тұрғын үйде пәтерлері бар. Кушаев әлгі үш қабатты үйдегі жеке пәтерде тұрады.

Кушаев Өзбекстаннан қашқан кезде пәтерін азын-аулақ ақшаға сатқан. Қолында қалған ақшасын Қазақстан мен Ресейде жұмсап бітірген. Енді ол Эстониядан «жерұйыққа» бергісіз жағдайы жайлы жазып отыр.

«Мұнда тегін тұрамыз. Жәрдемақыны қаңтар айынан бастап 143 еуроға дейін көбейтті. Тамақты өзіміз пісіреміз. Тамағымызға жетеді. Киімге деп тағы 35 еуро береді. Төңіректі тазалау жұмыстарына жұмсамайды. Маңайымыз тап-таза. Қарды трактор күрейді. Уай-фай да бар. Бірақ өзіме ыңғайлы болған соң ұялы телефонды қолданамын. Бос уақытымызды үйде [Орталықта], бір отбасы сияқты өткіземіз. Қазанымыз ортақ, тамақты бәріміз қосылып әрі мол етіп пісіріп қоямыз. Ұлттық тағамдар әзірлеп, бәріміз дәм татамыз. Орталықта Украина, Грузия, Ирак, Судан сияқты елдерден келген 60 шақты босқын тұрады. Керек-жарағымызды супермаркеттен сатып аламыз, ақша бәріне жетеді. Киім-кешек жағынан да еш қиындық жоқ».

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІ ЕСКЕ АЛУ

Ол Эстонияға келген кезде оны өзгелер сияқты депортациялау түрмесіне жібермей, бірден босқындарды бейімдеу орталығына орналастыруды - Өзбекстан, Қазақстан және Ресейде көрген азаптары жайлы интернеттегі (ақпарат құралдары мен Facebook желісіндегі) жазбалардың арқасы деп санайды.

Эстония билігінің Кушаевқа берген босқын мәртебесін алуға үміткер куәлігі. Құжат 2016 жылдың сәуір айына дейін жарамды.

Кушаевқа берген құжат Эстонияда «Баспана күтушінің куәлігі» деп аталады. Оны полиция және шекара күзеті департаменті алты айға беріпті. Кушаевқа жарты жылдан кейін Эстонияда жұмысқа орналасуға рұқсат берген. Ал әзірше ол босқындарды бейімдеу орталығында тұрып, эстон тілін үйренеді. Кушаевтың айтуынша, босқын мәртебесіне қатысты мәселе өтініш жолдағаннан соң бір жылдан кейін, яғни қазан айында шешілуі мүмкін.

Кушаев Эстонияның құзырлы органдарының «мәдениеттілігі мен сыпайылығын» Қазақстан мен Ресейдің көші-қон қызметінің адамдарға деген көзқарасымен салыстырады.

«Өзбекстанда бүкіл құқығым аяққа тапталып, жазған арыздарымның бәрі, А4 форматындағы 10 килограмм парақ ескерусіз қалды. Қазақстан мен Ресей де сондай салқын қабақ байқадым. Мұнда христиан емес жандармен тіл табыса алмайтынымды айтып едім, канцеляриядан келіп, тілектерімді мұқият тыңдады. Кейін жеке бөлме берді. Сөйтіп бәрі тамаша аяқталды. Бұдан бөлек, бізге тегін медициналық қызмет көрсетеді. Кез келген өтінішіңді орындап, 30 километр жердегі уез орталығындағы дәрігерлерге апарып келеді. Киім-кешек, азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек келіп тұрады. Жуырда мұз айдынына бардық. Әйелдерді апта сайын автобуспен тігіншілік курсына апарады. Жуып-шаятын тұрмыстық заттармен толық жабдықтайды. Қысқасы, бізге әлдебір кіріптар келімсек ретінде емес, адам сияқты қарайды».

Өзбекстандағы діни азшылық өкілі Әбдірешид Кушаев Совет Одағы күйрегеннен кейін туған елінде де, ТМД-ның өзге елдерінде де азаматтық ала алмаған. Былтыр наурызда Өзбекстаннан Қазақстанға қашып келген, бірақ оған босқын мәртебесін бермеген. Шілде айында Қазақстаннан Ресейге қашып барған, бірақ ол жақтың билігі де босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ақыры ол қазанда Эстонияға аттанған. Енді оның босқын мәртебесі мен жағдайын түзеуге мүмкіндік алатыны яки алмайтыны биыл қазанда белгілі болуы тиіс.