Өзбекстаннан биыл наурыз айында Қазақстанға қашып келген 51 жастағы Әбдірешид Кушаев тағы қашқан - бұл жолы ол Қазақстаннан Ресейге өткен. Ғұмырының көбін Өзбекстанда өткізген Әбдірешид Кушаев ол жақта азаматтығы жоқ адамға айналып, екі мәрте (1990 жылдардың басы және 2000 жылдардың басы) Ресейге кетіп, сол жақта қалуға тырысқанымен, бұл әрекетінен ештеңе шықаған.
Қазақстанның көші-қон полициясы Әбдірешид Кушаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқаны туралы Азаттық бұдан ертеректе жазған. Кушаев көші-қон полициясы шешіміне қатысты Алматы соттарына шағымданғанымен, бұл әрекетінен ештеңе шықпаған.
ҚАЗАҚСТАННАН ҚАШУ
Әбдірешид Кушаевқа Қазақстаннан Ресейге қашудың екінші жолы ғана сәті түскен. Шілденің 14-і күні түс кезінде ол екі ел шекарасын Павлодар облысы Успенский ауданы арқылы кесіп өтпек болған. Бірақ «Жетісу» шекара заставасы тұсында оны ұстап алып, келесі күні сот бес тәулікке әкімшілік қамауға жапқан.
Ол небәрі бес тәулікке қамалып, оңай құтылғанына, ең бастысы Өзбекстанға депортациялап жібермегеніне қуанады.
- Әсіресе Өзбекстанға депортациялай ма деп қатты қорықтым. Шекарашылар «әкімшілік қамау мерзімін өтегеннен кейін қайтып келесің» деген. Бірақ үстімнен іс қозғап, Өзбекстанға депортациялап жібере ме деп қорықтым. Сондықтан босаған күннің ертеңінде Қазақстаннан Ресейге қаштым, бірақ басқа жолмен кеттім, - дейді Әбдірешид Кушаев.
Екінші мәрте оның жолы болған. Бұл жолы ол Павлодардан «Газель» шағын автобусына отырып, Ертіс ауданындағы Северное ауылына жеткен. Ал кешкісін, шамамен сағат 20-лар кезінде шекара жаққа жаяу беттеген. Шекараны түнде шекара бекетінен аулағырақ тұстан кесіп өткендіктен, кейбір тұстарда батпақ арқылы жүруіне тура келген. Жолда үсті су болып, қатты тоңған, бірақ Қазақстан жағынан да, Ресей жағынан да шекарашылар жасағы ұшыраспаған.
Кушаев шамамен түнгі сағат екіде Омбы облысы Нововаршавский ауданының Большегривское кентіне жеткен. Ол жерде үш қабатты үйдің есігі ашық қалған подъезін тауып, құрғақ киім ауыстырып киіп, сол жерде түнеп шыққан. Таңертең кенттен Омбы қаласына электричка жүретінін естіп, қалған-құтқан теңгені Ресей рубліне айырбастап, билет сатып алған. Кушаев шілденің 22-сі күні түске таман Омбы қалсына келіп, билік орындарына берілген.
РЕСЕЙДЕ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ
Әбдірешид Кушаевты Омбы қаласындағы мемлекеттік әлеуметтік бейімдеу орталығына тамыздың 19-ы күні кешкісін орналастырған. Бұл маскүнемдер, наркомандар мен бұрынғы сотталғандарды бейімдеу орталығы болғанымен, ол мұндағы жағдайына риза.
- Мұнда үш рет тамақ береді. Шаруаларыммен сыртқа еркін шығып келемін. Ешқандай жұмысістетпейді, - дейді Әбдірешид Кушаев Азаттыққа.
Бұған дейін Әбдірешид Кушаев бір айдай вокзалдар мен жеке меншік бейімдеу орталықтарын кезіп, сандалған. Әлгі паналау орындары оған қала көшелерін тазалау сияқты лас жұмыстар тапсырған. Сондықтан, ол бұл орталықтардан кетіп қалып отырған.
Омбы қаласына келгеннен кейін азаматтығы жоқ тұлға ретінде Әбдірешид Кушаевқа Ресей территориясында қарашаның 5–іне дейін болуға рұқсат беретін куәлік алудың сәті түскен. Оған дейін Қазақстанда ала алмаған босқын мәртебесі туралы да шешім шығуы тиіс.
Facebook әлеуметтік желісінде «тәжірибелі босқын» Әбдірешид Кушаевтың жеке парақшасы бар. Жазбаларында Қазақстан мен Өзбекстан режимдерін салыстырып, екі саяси жүйеде де тұра алмайтынын мәлімдейді.